Әдебиет • 11 Маусым, 2018

Ғибраты мол туынды

435 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елші – қайраткер, елшіл – қаламгер, белгілі түркітанушы ғалым Әділ Ахметовтің жаңа жинағының салтанатты тұсаукесері өтті. «Ғасыр ғибраты» деп аталатын бұл еңбекте автордың егемен еліміздің әлемдік геосаясаттағы дара жолын көрсететін сараптамалық мақалалары топтастырылған.

Ғибраты мол туынды

Тағылымды шараға Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өмір­бек Байгелди, Қазақстан Рес­пуб­­ликасы Президентінің Бас­пасөз хатшы­сы­ның орынбасары Бауыржан Омаров, сондай-ақ академик Сейіт Қасқабасов, қыр­­­ғызстандық белгілі түрколог Қа­дырәлі Қоңқабаев, Рухани жаң­ғыру мәдени орталығының директоры Гүлтас Құрманбай сынды көрнекті ғалымдар мен журналистер қатысты.

Жиынды ашқан «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ басқарма төр­ағасы Дархан Қыдырәлі аталған кітап­тың жаһанданған әлемнің гео­саяси келбетін айшықтайтын жас­тарға бағыт берер шамшырақ іспетті тағылымды еңбек екенін атап өтті. «Ел ағасы Әділ Ахметовтің «Ғасыр ғибраты» атты еңбегіндегі мақалалардың басым көпшілігі ең алдымен бас басылым «Егемен Қазақстан» арқылы жұртшылыққа жол тартқан, оқырманмен қауышқан. Бүгінгі кітап тұсаукесерінің қазақ баспасөзінің ұстаханасы, ел газеті «Егеменде» өтуінің осындай мәні бар. Кітаптың көпшілікке кеңінен насихатталуы жас дипломаттар мен саясаттанушылар, ғалымдар үшін орта толтырар олжа болды», деді Дархан Қыдырәлі.

Кітапта Батыстың Шығысты мой­ын­дауы, Сингапур елін биік белес­ке көтерген Ли Куан Ю тағы­лымы, Том Батлер-Боудонның «Ғұ­мы­­рыңызды өзгертуге серпінді шабыт сыйлайтын классикалық 50 кітап» атты кітабы кең қамтылғанын айтқан Әділ Құрманжанұлы әлемдік дипломатия мен халықаралық қатынастардың бүгінгі жайы терең сарапталған туындыны ел игілігіне арнап отырғанын тілге тиек етті. 

«Жаһандық геосаясаттың бүгінгі болмыс бітімі, ондағы Қазақстанның дара жолы және мұсылман әлемі деген үш негізгі тараудан тұратын кітапта қазіргі құбылмалы геосаясат, көш басында тұрған Американың жағдайы, Қытай мен Еуропа, Сингапурды басқарудың тиімді үлгісін іздеу жолындағы құрылымы жөнінде пайымдамалар бар. Әлемдік саясаттың сұңғылалары – Збигнев Бжезинский, Генри Киссинджер, Джозеф Стиглиц, Джереми Рифкин сынды саңлақтардың кітаптарын сүзіп шығып, соның синтезін өз елімізге пайдасы тиер-ау деген мақсатпен топтастырдым», деді Әділ Ахметов. Өз кезегінде сөз алған Өмірбек Байгелди жалпыадамзаттық ойларды ортаға салған іргелі еңбектің зәру тақырыптарды қозғауымен дәуірлер мүмкіндігін салыстырған жаһандық ахуал жайынан сыр шертер құнды, туынды екенін алға тартты.

Жалпы, саны 43 мақаладан тұ­ра­тын бұл кітапта еліміздің жаңа та­рихы мен оның ертеңіне деген автордың салиқалы, терең көз­қа­расы айқын көрінеді. Жаһандық тәртіптің дүр­белеңінде кез келген тығырықтан жол тауып, кедергіні мүмкіндікке, тәу­екелді табысқа айналдырып, же­ңіс пен жетістікке жасқанбай ұм­тыл­ған ұлттық мемлекеттер мен эко­номиканың табысты тә­жі­рибе­сі­нің артықшылығын оқыр­манға елеп, ек­шеп ұсынған еңбек. 500 данамен жарық көрген кітаптың электронды нұсқасы «Егемен Қазақстан» газетінің сайтына орналастырылған. 

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше