Астанадағы Еуразиялық балет фестивалі танымал балет жұлдыздары мен жастардың назарын аудартқан әлемдік деңгейдегі бірден-бір дәстүрлі ірі өнер жобасына айналып келеді. Халықаралық жобаға Қытай ұлттық балетінің балет труппасы, Испанияның аңызға айналған «Castro Romero» ұжымы, Голландия ұлттық балеті, Португалия ұлттық балеті, Словения ұлттық балеті, «Астана Опера», Абай атындағы МАОБТ, «Астана Балет» театрының ұжымдары мен Үлкен театр (Ресей) солистері қатысады деп күтілуде.
Сонымен қатар фестиваль аясында «Астана Балет» театрының сахнасында тұңғыш рет әлемдік балет жұлдыздарының Гала-концерті өтпек. Оған осы кешке арнайы шақырылған, әлемнің үздік театрларының әйгілі әртістері, атап айтқанда, Иван Васильев (Михайлов театры, Санкт-Петербург), Анастасия Сташкевич (Үлкен театр, Мәскеу), Фридеман Фогель мен Мария Эйхвальд (Штутгарт мемлекеттік балеті), Майя Махатели (Голландия ұлттық балеті), Филиппа де Кастро мен Карлос Пинильос (Португалия ұлттық балеті), Бақтияр Адамжан, Мәдина Баспаева мен Еркін Рахматуллаев («Aстана Опера»), Фархад Бөриев пен Риза Қанатқызы ( «Астана Балет») қатысатыны мәлім болды.
23 және 24 маусымда көрермен назарына «Жизель» классикалық балетінің премьерасын ұсыну жоспарлануда. Виллистар жайлы көне поэтикалық аңыздың ізімен Генрих Гейне жазған туындының негізінде бразилиялық хореограф Рикардо Амаранте сахналаған екі актілі балет тұрмысқа шықпаған, сүйіктілері теріс айналғандықтан құсадан көз жұмған бойжеткендер хақында баяндайды.
Ал 28 маусымда астаналықтар мен қала қонақтары Испанияның – «Castro Romero», ал 29 маусымда тұңғыш рет Қытайдың Ұлттық балеті (Бейжің) театрларының өнерін тамашаламақ. Отандық театрлармен қатар әлемдік деңгейдегі танымал балет шеберлері қатысуымен өтетін гала-концерт, заманауи хореографтар әзірлеген нөмірлер мен үздік туындылар шоғыры жан баурайды.
– Елорданың 20 жылдық тойын «Астана Балет» театры толайым табыспен қарсы алып отыр. Еуразия халықаралық балет жобасының мұнда екінші рет өткізілуінің өзі балет солистеріне үлкен сенім арқалатады. Осы орайда театрдың шетелдерге гастрольдік сапарлары мен Қазақстан қалаларына турнесі де сәтті өткізіліп, көпшілік сүйіспеншілігіне бөленгенін атай кеткен жөн, – дейді фестивальдің атқарушы директоры Жәнібек Қайыр.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»