Ал маусым айында театр әртістері мектептердің бастауыш сынып оқушылары мен балабақша тәрбиеленушілерін «Отпен ойнама!» атты жаңа ертегіні көруге шақырды. Орыс балалар жазушысы Е.Пермяковтың балаларға арналған шығармасы негізінде қойылған «Отпен ойнама!» ертегісінің тақырыбы қай уақытта болсын өзекті.
Театр режиссері Әділет Ақановтың айтуынша, балаларға арналған әр қойылым ерекше. Қазақ ертегілерінің желісі бойынша қойылған қойылымдар балалардың ұлттық-танымдық ерекшеліктеріне, ана тілдерінде жақсы сөйлеулеріне де әсер етері сөзсіз. Осы жолы таңдап алынған «Отпен ойнама» ертегісінің тақырыбы – қауіпсіздік, тосын қауіп-қатердің алдын алу жайларына арналды. Мақсат – от пен судың қаншалықты қауіпті екенін сахнадан көрсетіп, кішкентайларға ой салу.
Ертегі басталмас бұрын балалар театр фойесіндегі облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті арнайы дайындаған көрмемен танысады. Көрмеде өрт сөндіру техникалары, құрал-жабдықтары мен киімдері қойылған. Мамандар әр баланы көрмеге қойылған заттармен таныстырып, оларға өрттен сақтанудың ережелері жазылған парақшаларды үлестіреді.
– Жалпы, жаз мезгілінде өрт қаупі жиі кездеседі. Осыған орай біз облыстық Ж.Аймауытов, А.Чехов атындағы драма театрларымен бірлесіп, балаларға арналған ертегілерді қоюды қолға алдық. Мақсат – өрт қауіпінен сақ болуға, сіріңке тәрізді от тұтандыратын заттарға жоламауға, ата-аналарды балаларын жалғыз қалдырмауға шақыру. Биыл өңірде балалардың қатысуымен өртке қатысты 3 оқиға тіркелді, – дейді өрт қауіпсіздігін бақылау және алдын алу басқармасы бастығының орынбасары Қайыргелді Әлімхан.
«Отпен ойнама!» қойылымындағы рөлдерді Еркежан Төлеубек, Қобыланды Болат, Нұрсерік Кеңесбаев, Әйгерім Сүлейменова сынды әртістері сомдайды. Ертегі маусым айында да жалғасады.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»
ПАВЛОДАР