Облыс әкімі жарты жыл бұрын ұлттық деңгейдегі мұндай ауқымды жобаның мәнін қазақстандықтардың бәрі бірдей түсіне бермегенін, алайда аз уақыттың ішінде ол кең қолдауға ие болғанын алға тартты.
«Бүгінгі күні Қарағанды облысында бағдарламада бекітілген барлық алты арнайы жоба бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, өңірде әртүрлі 456 жоба жасалған, олардың жартысы қазіргі уақытта іске асырылып та қойған. Мәлімделген жобалардың жалпы құны 13 миллиард теңгенден астам соманы құрайды, оның ішінде шамамен 5 млрд теңге демеушілер мен меценаттар есебінен. Бағдарлама шеңберінде Қарағанды облысында Азаматтық бастамалар күні ұйымдастырылды, ол өңіріміздің кез келген тұрғынына өмірдің белгілі бір саласын қалай жақсартуға болатыны туралы нақты ұсыныстармен келуге мүмкіндік береді. Бұл акция қарағандылықтардың үлкен қызығушылығына ие болғанын айта кеткен жөн. Оған қоса, тағы бір қызықты жоба әзірленіп жатыр. Ол: игі істер корпорациясы мобильді қосымшасы, оның көмегімен кез келген адам қалауы бойынша телефоннан нақты қайырымдылық жобаларына аздаған сома жібере алады», деді ол.
Ерлан Қошанов өңір тұрғындары Президенттің «Туған жер» бастамасын да нық сеніммен қабылдағанын айтты.
«Ең бірінші «Туған жер» бағдарламасына тоқталғым келеді. Әрине кімге болса да туған жер ол қасиетті де ардақты ұғым. Сондықтан туған жерді көркейту мен дамытуға қолдан келгенше лайықты үлес қосу әрбір азаматтың парызы деп түсінемін. Біздің халқымызда «Туған жерге туыңды тік» деген қанатты сөз бар. Қазақстандық патриотизм, отаншылдық дегеннің өзі осы туған жерді сүюден басталады. Біздің өңірден шыққан белгілі кәсіпкерлер мен меценаттар туған жерін дамытуға өздерінің үлкен қолдауын көрсетіп келе жатыр. Олардың қатысуымен қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда тек бір жылдың ішінде 76 әлеуметтік нысан салынып, жөндеуден өтті», деді облыс әкімі.
Аймақ басшысының айтуынша, бүгінгі таңда Ұлытаудағы сакралды нысандарға кірме жолдар салу жұмысы жүріп жатыр.
«Ұлытау – бұл ұлылар жолы, хандар жолы, ол біздің тағдыр жолымыз. Елбасы біраз жыл бұрын Ұлытау баурайында берген сұхбатында «Ұлытау қазақ елінің көне заманнан бері тарихи саяси кіндігі» деп атап өткен болатын. Біз Ұлытауды елімізге ғана емес, әлемге де танытуды жоспарлап отырмыз. Себебі Ұлытау әлемдік деңгейде өзінің биік орнын алуға лайықты қазақтың інжу-маржаны. Оны тек қарағандылықтарға ғана емес, барша қазақстандықтармен әлемге танытуымыз қажет. Өйткені Ұлытау бәріне көрсетуге лайықты тарихи мұралар өте көп өңір. Ол үшін не қажет? Ең бірінші өңірге дамыған инфрақұрылым керек. Себебі Ұлытаудың басты мәселесі – Ұлытаудағы жолдың қашықтығы және сол баратын жолдың қиындығы. Сондықтан біз әуелі автожолдарды жөндеуден бастадық. Осы мақсатпен 5 млрд теңгеге жуық қаржыға былтыр басталған Қарағанды – Жезқазған автожолын жөндеуді биыл толық аяқтаймыз. Егер былтырлары бұл жолмен жүріп өтудің уақыты 7-8 сағатты құраса, қазір 4-5 сағатта жүріп өтуге болады. Сол сияқты биыл Алаша хан, Жошы хан кесенелері мен «Хан ордасы», «Алтын шоқы» сияқты тарихи орындарға апаратын жалпы ұзындығы 100 шақырым жолдарды жөндеу жұмысы басталды. Оған бөлінген қаржының көлемі 2,7 млрд теңгені құрайды», деді Е.Қошанов.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»