Атыраудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Астананың 20 жылдығына арналған мерекелік онкүндікте елорда төрінде тұрған зәулім ғимараттарды қолдан жасап шықты.
«Макеттерді дайындауға қалқан мен желім ғана қажет болды, - дейді өнер пәнінің мұғалімі Данияр Олжағалиев. – Алдымен әр нысанның сызбасын жасап алдық. Содан соң керек материалдардың көлемін анықтадық. Топтық жұмыстың нәтижесінде осындай бұйымдар шықты. Бұл туындылар балаларды қолөнерге машықтандырумен қатар математика мен бейнелеу пәндерінде алған білімдерін тәжірибеде пысықтауға мүмкіндік береді».
Ғимараттардың ішінде ерекше көзге түсетіні – «Ақорда» резиденциясы. Ақорданы «тұрғызуға» оқушылардың он күндей уақыты кеткен. Көшірменің түпнұсқаға ұқсауы үшін түрлі түсті бояулар мен 12 вольттық диод шамдар қолданылыпты. Макеттің салмағы 5 келі. Ұзындығы 1,5 метр, ал ені 1 метр.
Зияткерлік мектепте Астананың 20 жылдығына орай көрме ашылды, ол жыл аяғына дейін балалар жасаған бұйымдармен толығады.
Бақытгүл БАБАШ,
«Егемен Қазақстан»