Аймақтар • 12 Маусым, 2018

Ғалым Татьяна Тугайдың Ахмет Байтұрсынов туралы кітабы таныстырылды

575 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде «Оренбургский путь Ахмета Байтурсунова» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Кітапты тарих ғылымдарының кандидаты, Ресей өлкетанушылар қоғамының мүшесі, көп жылдар бойы ұлттық және орыс зиялылары тағдырын зерттеп жүрген Татьяна Тугай жазды.

Ғалым Татьяна Тугайдың Ахмет Байтұрсынов туралы кітабы таныстырылды

Тұсаукесерде автор кітап мазмұны туралы, яғни Ахмет Байтұрсыновтың Орынбордағы жылдары туралы Алаш қозғалысымен, сол кезең оқиғаларымен, Орынбор және қазақ тарихымен байланстыра отырып, айтып берді.

«Ахмет Байтұрсыновтың ірі қайраткер, кемеңгер ғалым болып қалыптасуына сол кездегі қоғам, қоғамда болып жатқан ірі өзгерістер ықпал етті. Ыбырай Алтынсарин білім берсе, одан кейінгі ортасы, заман өзгерістері оны жан-жақты дамытты» деді Татьяна Ивановна.

Кітап авторына  тұсаукесерге қатысқандар тарапынан көптеген сауалдар қойылды. Олардың барлығына автор жауап  берді, арасында пікірталас та туындап отырды. Кітапты Орынбордағы «Бәйтерек» қайырымдылық қоры  демеушілік жасап, шығарды. Қор төрайымы Сәуле Тәйкешева да тұсаукесерге қатысты.

«Ахмет Байтұрсынов жан-жақты тұлға. Ол Қазақстан Тәуелсіздігінің бас жағында тұрған, ол үшін күрескен адам екенін білеміз. Алайда біз бұл кітапта Ахаңның тек  ағартушылық жағын ғана қарастырдық, оның саяси қайраткерлігін қозғаған жоқпыз. Орыс аудиториясының Байтұрсыновты біле түсуіне бұл кітаптың өзіндік үлесі болады деп білеміз» деді Сәуле Совхозқызы.

Тұсаукесер соңында орынборлық кітап авторы мен оның демеушісіне университет басшылығы тарапынан  құрмет көрсетілді. Тұсаукесерге қостанайлық оқырмандармен қатар Ресейдің іргелес облыстарынан келген  қазақ диаспорасы өкілдері де қатысты.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»