Заңнама институты мен Республикалық құқықтық ақпарат орталығын құрудың бастауында көрнекті ғалым, мемлекет қайраткері, бұрынғы Әділет министрі Нағашыбай Аманғалиұлы Шәйкенов тұрды. Оқырманға ұғынықты болуы үшін осы екі мекемеге жеке-жеке тоқтаған орынды болар деп есептеймін.
Қазақстан Республикасы Заңнама институтының құрылуы мен қалыптасуының тарихы Қазақстан заңнамасын реформалаудың, сондай-ақ еліміздің аса маңызды құқықтық құжаттарын пысықтаудың және заң шығармашылық қызметті ғылыми қамтамасыз етудің айтулы кезеңдерімен байланысты болды.
Институттың қалыптасу және өзгеру кезеңі мемлекетті, қоғамды және заңнаманы дамытудың сұранысына қарай жетіліп отырды. Осылайша, 1993 жылы құрылған Заңнама ғылыми-зерттеу институты 1998 жылы Әділет министрлігі жанындағы Заңнама институты болып қайта құрылды. Содан кейін институт 2000 жылы жабық акционерлік қоғам нысанында, ал 2006 жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестік нысанында қайта ұйымдастырылды. Ал Үкіметтің 2010 жылғы 22 қаңтардағы қаулысымен біздің Институт мемлекеттік мекеме мәртебесіне ие болды.
Институт тарихы Қазақстанның жетекші құқықтанушы ғалымдарының атымен тығыз байланысты. Әр жылдарда Институтта ғалымдар: С.Зиманов, Ю.Басин, Ғ.Сапарғалиев, М.Баймаханов, А.Худяков, М.Сүлейменов, А.Диденко, Р.Подопригора, Д.Чукмаитов, С.Климкин, Т.Қаудыров, М.Сәрсембаев, Е.Абайділдинов және басқалар қызмет істеп, ғылым мен заңнаманы дамытуға елеулі үлес қосты. Бұл орайда мекемеміздің мақтанышы болған ғалымдардың тізімін жалғастыра беруге болады.
Институт өзінің 25 жылдық тарихында норма шығарушылық қызметті ғылыми тұрғыдан ілгерілетуді қамтамасыз еткен жетекші ғылыми мекемелердің бірі болғанын атап көрсеткен жөн.
Ғылыми қызметкерлер заң шығармашылық, заңнаманы талдау және құқық қолдану практикасы саласында, заң жобаларын, сондай-ақ тұжырымдамаларын әзірлеуге қатысып, құқық саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми-зерттеулер нәтижелерін заңнаманы жетілдіруде, заң жобалары мәтіндерінің теңтүпнұсқалылығын қамтамасыз ету және олардың баяндалу стилін жетілдіру мақсатында заң мен халықаралық шарт жобаларына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысушысы болуға ниеттенетін халықаралық шарттарға ғылыми лингвистикалық сараптама жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік органдарға әдістемелік және сараптамалық көмек көрсету арқылы қолданыстағы заңнаманы талдауға, құқықтық мониторинг жүйесін дамытуға жәрдемдесу ісінде жоғары деңгейде сараптамалық-талдау жұмыстарын жүргізумен айналысып келеді.
Институт жүргізіп жатқан ғылыми лингвистикалық сараптама ерекше назар аударуға тұрарлық, өйткені заңнамалық актілердің қазақ және орыс тілдеріндегі теңтүпнұсқалалығына қатысты өткір мәселе оңтайлы шешімін тапты. Бұл орайда Институт бұрын қабылданған заңнамаға қатысты жұмыстарды мұқият жүргізуді назарында ұстайды.
Институт еліміз үшін маңызды құжаттарды, кодекстер мен заңдарды әзірлеуге қатысқанын айта кеткен жөн. Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасын, Кәсіпкерлік кодекстің және жаңа редакциядағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің жобасын, сондай-ақ әзірлеуші орган Әділет министрлігі болып табылатын басқа да заң жобаларын әзірлеу барысына Институт үлкен еңбек сіңірді.
Бұдан басқа, Институт заң шығармашылық процесі барысында ескерілетін және пайдаланылатын заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсынымдар жасай отырып, барлық мемлекеттік органдарға тұрақты негізде жәрдем көрсетіп отырады. Қылмыстық-процестік, Қылмыстық, Қылмыстық-атқару кодекстеріне және басқа да заңдарға қатысты қылмыстық-құқықтық бағытты және пенитенциарлық жүйені жаңғырту шеңберінде берілген Институттың ұсыныстары мен ұсынымдары осыны растайтын мысалдардың бірі болып табылады.
Сонымен қатар Институт қазақстандық үкіметтік органдармен, сараптама қоғамдастығымен ғана емес, шетелдік ғылыми мекемелермен де өзара тығыз іс-қимыл жасайтынын айта кету қажет. Олардың қатарында Ресей Федерациясы Үкіметінің жанындағы Заңнама және салыстырмалы құқықтану институты, Украина Жоғарғы радасының Заңнама институты, Беларусь Республикасының Ұлттық заңнама және құқықтық зерттеулер орталығы, Моңғолияның Ұлттық заң институты, Ноғай Университеті жанындағы Азиялық құқық алмасу орталығы (Жапония), Оңтүстік Кореяның Заңнама институты және т.б. бар.
Сонымен бірге 2012 жылдан РҚАО барлық кең таралған веб-браузерлерінде жұмыс істейтін, қажетті іздеу функционалы және өзге де сервистік мүмкіндіктері бар «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесін құрды.
Жүйе Интернет желісінде жалпыға қолжетімді және өте танымал. Ресурс-
қа қол жеткізудегі көрсеткіштер басынан-ақ оған деген қызығушылықтың артып отырғанын көрсеткен. Егер 2013 жылы пайдаланушылар саны 2 802 499 болса, осы жылғы толық емес бес ай ішінде олардың саны 2 204 369 болды, орташа есеппен ай сайынғы өсім соңғы алты жылда 13% құрап отыр.
Сайтқа кіру статистикасы да аталған ресурстың қажетті екенін көрсетіп отыр. Пайдаланушылардың саны 2013 жылы 6 872 367-ден өткен жылы 16 542 779-ға дейін артты, жыл сайынғы өсу 19% құрайды. Беттерді қарау бойынша да ұқсас жағдай, яғни жыл сайынғы арту 21% құрап отыр. Және оны пайдаланушылар қатарында отандастарымыз ғана емес шетелдіктер санының жылдан жылға артып отырған жайы бар.
Белгіленген беталыстың дұрыс жалғасы Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін электронды түрде құру туралы мәселесі болды. 2009 жылы Президент Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында «электронды үкімет» инфрақұрылымы мен ұлттық құқықты ақпараттандырудағы күрделі қадамның базалық құрамбөліктерінің бірі ретінде осы институтты енгізу негізделген.
Электронды түрдегі ҚР НҚА эталондық бақылау банкі 2015 жылы іске қосылды және 2015 жылға дейін қабылданған актілер бөлігінде оның толықтырылуы жүзеге асырылады. Эталондық банк ашық қолжетімділікпен бүкіл әлемдік ғаламторда орналастырылған, 102 000 аса НҚА қамтиды, олардың жартысынан көбі, шамамамен 66 000 – өңірлік маңыздағы актілер.
Жалпы алғанда, РҚАО-да халықты құқықтық ақпараттандыру ісіне елеулі үлес қосып, қолданыстағы заңнаманың түсіндірмесін берумен қатар, құқықтық мәселелер бойынша халыққа тегін консультация беретін Құқықтық ақпараттық қызмет жұмыс істейді.
Бұл қызмет Республиканың бүкіл өңірлері үшін қоңырау шалудың 119 бірыңғай нөміріне не 8 (7172) 58-00-58 нөмірі бойынша телефон арқылы, сондай-ақ Әділет министрлігінің сайты арқылы, оның ішінде 2017 жылы тұтынушылардың ыңғайлылығы үшін қосылған WhatsApp онлайн-мессенд-
жерінің сервисі арқылы қызмет көрсетеді.
2011 жылы Қызмет құрылған кезден бастап барлығы 900 мыңнан аса консультация берілді, олардың ішінде соңғы үш жыл ішінде 391 062 қызмет көрсетілді: 2015 жылы – 118 108, 2016 жылы 133 748 және 2017 жылы 139 206 қызмет көрсетілді.
РҚАО өз ұстанымын дәлелдей отырып, әрдайым жаңа белестерді бағындырғысы келеді. Мысалы, биыл РҚАО жасап, пайдаланушыларға ұсынған соңғы жобалардың бірі «Заң» деректер базасының онлайн нұсқасы болды.
Былтырғы жылдан бері РҚАО Әділет министрлігі жариялаған конкурс шеңберінде жеңімпаз атанып, заңнаманы ағылшын тіліне аударуға қатысып, өзін жаңа қырынан көрсетуде.
Бүгінгі таңда жаһандану процесінде құқықтық ақпаратқа деген қажеттілік халықаралық деңгейде сұранысқа ие болып отыр. Бұған посткеңестік кеңістікте Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа (ЕурАзЭҚ) қатысушы мемлекеттер заңнамасының ықпалдастырылған базасы мысалы бола алады, бұл базаның құрылуына РҚАО өзіндік үлесін қосты; ал қазіргі кезде РҚАО Шанхай ынтымақтастығы ұйымына (ШЫҰ) қатысушы елдердің ұқсас жобаларын құруға қатысуда.
Қазіргі заманғы өмірде цифрлы инфрақұрылым ерекше рөл атқарып, бүгінгі күннің тренді болып отыр. Мұны Елбасы Астанада өткен Global Challenges Summit экономикалық форумында мегатрендтердің бірі ретінде атап өтті. Цифрлы технологиялар Президентіміздің соңғы жолдауларының, бағдарламалық құжаттарының негізгі түйіні болды.
Ширек ғасырда абыройлы жолдардан өтіп, табысты жетістіктерге қол жеткізген мекемелердегі ұжымның күш жігері мол, әлеуеті жоғары және келешекке кемел жоспарлары көп. РҚАО-ның одан әрі дамуы үшін Әділет министрлігінің сенімі мен қолдауы, пайдаланушылардың ризашылығы мен тұрақтылығы қажет. Мұндай талаптар РҚАО-ның ақпараттық-құқықтық көрсетілетін қызмет нарығында озық ұстанымда болуына мүмкіндік береді.
Рамазан СӘРПЕКОВ,
«Қазақстан Республикасының
Заңнама институты»
ММ директор