Фото: liter.kz
Кездесу кезінде Г.Әбдіқалықова еліміздің ішкі саясатындағы маңызды бағыттарға назар аударды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен экономика, саясат және қоғамның жаңғыруын қамтитын жүйелік жаңғыру жүргізіліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының жаңа әлем көшбасшыларының қатарына қосылуға негізделген «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы іске асырылып жатқанын жеткізді.
Мемлекеттік хатшы кең ауқымды бағыттардағы жоғары деңгейлі саяси сенімді және құрылымды келіссөздің арқасында екіжақты қарым-қатынас нығайып, ынтымақтастық стратегиялық мәртебеге ие болғанын айтты.
«Түрікменстан Қазақстан үшін Орталық Азиядағы тату көрші мен сенімді серіктес қана емес, бауырлас мемлекет. Біздің елдерді мәдени ортақтық, шынайы достық пен өзара іс-қимыл байланыстырады», деді Г.Әбдіқалықова.
Сонымен қатар кездесу барысында Қазақстан мен Түрікменстанның түрлі көпжақты алаңдарда белсенді серіктес екені сөз болды. Парламентаралық және ведомствоаралық байланыстар нығайып келеді. Өңіраралық байланыстар кеңейіп, экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия жұмысы жолға қойылған.
«Аралды қорғау халықаралық қоры өңірлік өзара қарым-қатынастың маңызды алаңы болып қала береді», деді Мемлекеттік хатшы.
Жалпы, Қазақстан мен Түрікменстанда көмірсутек ресурстарының қоры мол. Сондай-ақ транзиттік-көліктік әлеуеті зор. Екіжақты сауда-экономикалық байланыс дамып келеді. Мәселен, 2017 жылы тауар айналымы 99,3 миллион долларды құрады.
Кездесу соңында Г.Әбдіқалықова елшіге бұдан әрі тату көрші ретінде өзара қарым-қатынаста және стратегиялық серіктестікте мол табыс тіледі.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»