Қазақстан • 15 Маусым, 2018

Ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу ережесі бекітілді

1080 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан аумағында ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу ережелері бекітілді. Бұл ереже еліміз­дің «Байланыс туралы» заңы негізінде жасал­ған. Оған сәйкес ел аума­­ғында жасалған немесе сырттан әке­лін­­ген ұялы байланыстың абоненттік құ­рыл­ғылары түгел тіркелуі қажет. 

Ұялы байланыс құрылғыларын тіркеу ережесі бекітілді

Байланыс қызметін пайдаланушылар үшін құрылғыны тіркеу қиындық тудырмайды. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің мәліметі бойынша, жеке тұлғалар байланыс құрылғыларын өті­ніш беріл­ген сәттен бастап 4 сағат­та, заңды тұл­ғалар – 8 сағат­та ақысыз негізде тіркей алады. 
Он төрт пен он сегіз жас аралығындағы кәмелетке толмаған азаматтар байланыс құрылғыларын заңды өкілдерінің келісімімен тіркейді, ал 14 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар үшін заңды өкілдері немесе ата-аналары тарапынан жүзеге асырылады. 

Ұялы байланыс құрыл­ғы­ларын тіркеу және қайта тіркеу үшін құрылғының иесі қыз­мет көрсетудің авто­маттандырылған қыз­мет көрсету жүйесі арқылы немесе ұялы бай­ланыс оператор­ларының кеңселеріне тө­мен­дегі тізімдегі құжаттарды ұсынуы тиіс:

1) ЖСН (жеке тұлғалар үшін) немесе БИН (заңды тұлғалар үшін);
2) абоненттік ұялы байланыс құрылғы­сының иден­тификациялық (IMEI) коды;
3) абоненттік ұялы байланыс құрылғы­сында қолданылатын абоненттік нөмірі. 

Ең бастысы тұтынушы­лар ұялы байланыс құрылғы­ларын 2018 жылдың соңына дейін тіркеуден өткізіп үлгеруі тиіс. Өйткені ұялы байланыс құрылғылары тіркелмеген жағдайда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап оларға ұялы байланыс қызметі көрсетілмейді.

Айта кету керек абоненттер ұялы байланыс құрылғы­ларын тіркеу үшін байланыс операторларының абоненттік бөлімдеріне бармаса да болады. Олар құрылғыларын тіркеуді онлайн режімінде немесе SMS арқылы жүзеге асыра алады. 

Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»