Әдебиет • 15 Маусым, 2018

Дүйсенәлі Әлімақын. Өз отанын муза еткен

582 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ақындықта, өлеңде ешбір шет-шекара, қатып-семген қағи­даттар жоқ екені осыған дейін дәлел­деніп келеді. Табиғат­тың берген теңдессіз шынайы дары­нын қай ақын ұтымды пайдаланса, сол ақындық өнердің шыр­қау биігіне шыққан.

Дүйсенәлі Әлімақын. Өз отанын муза еткен

Қай заманда да, қай елде де ақынның қаруы оның құдіретті поэзия­сы болыпты. Қылышынан қан тамған қиын-қыстау дәуір­лер­­де, «Ер етігімен су кешіп, ат ауыз­дығымен су кешкен» қия­мет-қайым күндерде де ақын­­дардың жүрегі ештеңеден қаймық­пай, керісінше алға атойлапты. Олар­­ға сенімді серік ре­тін­де от­­ты өлең­­­дері жебе болып жа­уы­­на аты­лыпты. Жер бетін­дегі әр­бір ақынның мұңы мен ті­легі, мақ­­саты мен мұраты елін жау­дан, даудан, сыртқы күш­тер­ден сақтау болғаны даусыз. Мүбәдә, бір елге сырттан зә­редей зақым келсе алдымен сол елдің ақындары алға шық­ты, сол елдің ақындарының ғазиз жүректері алдымен ауырды. Гете: «Дүниенің өзегіне түскен жарықшақ ең алдымен ақынның жүрегінен өтеді» депті. Ақындардың бейғам болған сәттері аздау. Егер бар болса,­ ол Отанының өз қалпында, хал­­­қының бай-қуатты, туған дала­­сының топырағы орнында бол­ған шағы деп елестеткеніміз абзал болар?! Осы құбылыстар ғана ақындардың көңілін бүтіндей алды. Өз заманынан ойы озып туғандар деуге татырлық ақын­дар тобы алағай да бұлағай шақ­тарда өз халқының басында­ғы мұ­ңын сыршыл поэзиясына айт­ты. Олар поэзия арқылы тек өз Отанының ғана емес, тұ­­тас әлемнің тыныш болуын тіле­ді. Бұл тілекке поэ­зия ғана дә­не­керлік рөл атқара алды. Се­бебі, поэзияның көздеген мақ­саты – тыныштық. Сол үшін де даңқты ақын Пабло Неруда: «Поэ­зия дегеніміз – тыныштық үшін жасалатын әрекет» деп жа­зады. Ендеше, біз поэзияны тек ақындардың мезеттік көңіл күйі ғана емес, ғаламның ты­ныш­тығын көксеген шынайы сезімнің жемісі, тыныштық үшін болған күрестің жүрек лүпілі деп түсінсек болатындай. Біздің тілімізге тиек болатын ақын Маһмұд Дәруіш өз Отаны алдында, туған халқы алдында өз міндетін, поэзия алдына өз уәдесін толық орындап кеткен ақындардың бірі. 

Маһмұд Дәруіш – Палес­тинаның ақыны, ұлт жазушысы, көзі тірісінде халық ақы­ны ретінде мойындалған ұлт қайраткері. Шығармалары үшін бірнеше ірі сыйлықтарды иеленген. Өмірге жаңашыл туын­дылар әкелуден сырт ол Из­раильдегі бірнеше әдеби журналдың редакторы болып жұмыс атқарған. Ол оңтүстік Израильдегі Әл-Біруа ауылында өмірге келген, отбасындағы екінші бала. 1948 жылы туған ауылына Израиль күштері басып кірген соң, олар­дың отбасы Ливанға қоныс ауда­рады. Туған ауылын, жерін жау басып алғанын, даласын ойрандағанын бала жүрегімен сезіп өседі. Оның тұңғыш жыр топтамасы он тоғыз жасында «Қанатсыз құс» деген атпен ба­сылып шығады. Әуелде ол өлең­дерін «Әл-Жалид» деп аталатын Израиль коммунистік партиясының әдеби басылымында жариялайды, кейін осы басылымның әдеби редакторлық қызметін атқарады. 1970 жылы Израильден кетіп, бұрынғы Кеңес Одағына оқуға барады. Ол араға барып Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік уни­вер­ситетінде бір жыл білім алады. Ол 1973 жылы Палес­тинаны азат ету ұйымына қатынасқандығы себепті, Из­раиль шекарасын аттап басуға қа­таң тыйым салынады. 

30 том поэзия, 8 том проза жазған қаламгер ең алғаш жұрт­­шылыққа «Менің төл­құжатым» атты өлеңімен танылады, бұл өлеңі кейін күллі араб мемлекеттері арасына­ кеңі­нен тара­лады. Осыдан соң ол «Зәйтүн жапырақтары» (1964 жылы, Хайфа) атты топтама­сын баспадан шығарады. Маһ­мұдтың шығармалары осы күнге дейін әлемдегі 20-дан аса тілге аударылып басылған. Оның шығармаларының көтерген бас­ты тақырыбы – Отан және туған топырақ. Тегі палестиналық, азаматтығы америкалық ақын Науми Шһаб Ние жерлесі Маһмұд Дәруіш туралы: «Ол – Палестина халқының жүрек бұлқынысы, зор тынысы әрі қуғын-сүргін мен бодандықтың шынайы куәгері» деп жазады. Ол әуелде араб поэзиясының клас­сикалық үлгісімен бірқы­дыру шығармалар жазды.­ 1970-жылдардан бастап бұл дәс­түршілдіктен бойын аулаққа салып, еркін стильде, өзі ойла­ғандай классикалық үлгіге тә­уел­ді емес шығармалар жаза бас­таған. Оның бұрынғы сыршыл поэзиясы кейіннен Отанын аңсаған жанның жүрек қылын шертіп, туған даласына деген риясыз сағынышын маздататын ойлы жырларға, әр пенденің өз кіндік қаны тамған мекенде өмір сүруге қақылы екенін, оны көздің қарашығындай қорғау, оған арнап жыр жазу Отанын сүйетін жанның ең ұлы міндеті екенін сезіндіретін парасатты жырлар жазды. 

Маһмұд Дәруіш Палес­ти­на­ның символы ретінде әрі Израильге қарсы оппозициялық ірі тұлға ретінде жұрт жадында қалды. 2008 жылы 9 тамызда жүрек дертінен Американың Техас қаласында көз жұмды. Туған топырағын жан-тәнімен сүйген ақын өлер алдында өзінің денесін туған Отаны Палестинаға жерлеуді өсиет еткенін араб баспасөзі растайды. Әуелі ол өсиетінде өзінің туған ауылы Әл-Біруә, көрші ауы­лы Жадейда және отбасылары тұрған Рамал­лаһ ауылы қатарлы үш жердің біреуіне сүйегін қоюды табыс­тап кеткен екен. Рамаллаһ басшысының айтуынша, Маһ­мұд Дәруіш Рамаллаһ мә­де­ниет сарайына қарасты Иеру­салимдегі төбешікке жер­леніпті. Ақын Маһмұд бір сө­зінде: «Мен тек отбасым мен туған жеріме ғана тәуелді емес­пін мен күллі Палестинаға тие­сілімін, сол үшін мені күллі Па­лестина халқы келіп көре алатын ыңғайлы жерге жерлеңдер» деген екен. Ақынның өсиеті орын­далды. Ақынның қазасына қай­ғырған ел басшысы  Маһмұд Аббас Маһмұд Дәруішке арнап үш күн аза тұту күнін жариялады әрі бұл күнге мемлекеттік мәртебе береді. Ақынды еске тү­сіру үшін 2008 жылғы пошта маркасы Маһмұд Дәруішке арнап шығарылды. 2008 жылы 5 қазанда Берлинде өткен әлемдік әдебиет фестивалі Маһмұд Дә­руіш­ті зор құрметпен еске алып, оның шығармаларын оқыр­мандарға таныстырды. Артына өлең дейтін таусылмас байлық қалдырып, туған халқының жүрегінен терең орын алған ұлы ақынды бұл күні Палестинаның еңбектеген баласынан еңкейген кәрісіне дейін ерекше бір шексіз құр­метпен еске алады. Оның өнегелі өмірі алмағайып жылдар белесінде өлең деп, туған да­лам­ның бостандығы деп, қандас ағайынға араша түсем деп, тіпті қарудың орнына қалам кезеніп, жүрегінің бір бөлшегі болған Отанын азат ету жолында өтті. 

Оған ақын болуға шабыт беріп, биік-биік мінбелерден, күл­лі жұрттың алдында, баба­сының ізі қалған, анасының исі сіңген мекеннен босып бара жат­қан жұрттың арасында, туған даласынан алыста жүрген қуғын-сүргін қайраткерлерінің басқосуларында рухты жырлар оқу­ға демеу болған да сол Ота­нына деген оттан ыстық махаббат еді. Тіпті ол өмірмен қош­тасып бара жатқан сол соңғы сәтінде де: «Мені өз далама жер­леңдер» деп ақтық демін үзіпті.

Енді ол күллі Палестинаның аспа­нында, туған халқының жүре­гінде, өлеңге ынтық көңіл­дерде, ең кереметі өр рух қайда болса, сонда жасай бермек. Себе­бі, ол өткір өлеңнің, даңқ пен дақпырттан аулақ өмір сүр­ген ізгі жүректің, уағдасына адал көңілдің, бір арманды өмір бойы аңсап өткен сенімнің, жер бе­тінде кем дегенде неше мил­лионнан астам оқырмандары бар өміршең өлеңдердің иесі. 

 Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми қызметкері, ақын