Форумда заманауи трендтер мен жаңа байланыс құралдарына бағытталған кітап оқуды дамыту бойынша бағдарламалар қарастырылды. Байланыс арналары арасында кітап оқу (баспа нұсқада да,электронды нұсқада да), өте маңызды рөлге ие. Бұл – ұлттық мәдениеттің негізін сақтаудың, ана тілінің байлығын арттырудың, сөйлеу мәдениетін қалыптастырудың ең қуатты механизмі.
Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, жазушы, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақыш, жазушы, Белоруссия Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Елена Стельмах, жазушы, «Қырғызстанның жаңа әдебиеті» электронды кітапханасының бас редакторы Олег Бондаренко, ағылшын зерттеушісі Джил Браун, Вена университетінің аудармашысы, дәріскері Эрич Хавренек, Астана қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің балалармен жұмыс жасау жөніндегі директордың орынбасары Гүлмира Әбілғазина, М.В.Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандағы филиалының профессоры Нұрсұлу Шаймерденова, балалар жазушысы Толымбек Әбдірайым, жазушы Жанат Елшібек, ақын Байбота Қошым-Ноғай, балалар жазушысы Баянғали Әлімжанов, «Детский сайт. Оранжевый верблюд» жобасының жетекшісі Лев Бондарев және т.б. қатысты.
Форумның алғашқы күні балалар әдебиетінің жәй-күйі, еліміз бен әлемдегі әдеби ахуал туралы пленарлық отырыс өтті. Отырыста алғашқы болып сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл: «Мемлекет басшысы «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, бойыңда азаматтық намысың болса, қазақтың жалғыз ұлттық мемлекетінің көркейіп, нығаю жолында жан теріңді сығып жүріп қызмет ет. Елдің де, жердің де иесі өзің екеніңді ұмытпа. Балалар жазушысы – болашақ ұрпақтың ұстазы. Балалар әдебиеті – ұрпақ тәрбиесінің талбесігі, тағылым, тәлім ордасы, сондықтан бұл сала ешқашан қамқорлықтан, жанашырлықтан қағажу болмауы керек», деді өз сөзінде.
Жасөспірімдерге арналған әлеуметтік, сыни бағыттағы әдебиет керек. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар нәрсе. Мұндай туындыларда жас кейіпкердің тұлға ретінде қалыптасу кезіндегі ішкі қақтығысы, жан сарайында сақ-сақ қайнаған проблемалары көрсетіледі. Қазір елімізде балалар басылымдары бар. Бірақ олар шалғай ауылдарға жетіп жатқан жоқ. Сонымен қатар кітаптардың да таралымы мен сапасы мамандардың көңілін көншітпейді. Белгілі ақын Байбота Қошым-Ноғай қазақ балалар әдебиетінің өз антологиясы шығуға тиістігін айтты. Қазақ балалар поэзиясының алғашқы антологиясы 1977 жылы «Жалын» баспасынан, 1992 жылы «Шынашақ» деген атпен «Балауса» баспасынан жарыққа шыққан екен. Одан бері ондай антология шықпаған. Сонымен қоса ақын балабақшадағы балдырғандарға арнап кітап жазылмай жатқандығын да сөзге тиек етті. «Қазақ қазақ болғалы қазақ- тілді балабақшаларға арналған арнайы оқулықтардың жазылмай келе жатқаны жөнінде мерзімді баспасөз бетінде аз айтылған жоқ. Бұл қазіргі таңдағы ең өзекті мәселе деп ойлаймыз. Бірақ біз әлі күнге дейін осы мәселені шеше алмай келеміз. Қазақ балабақшаларында балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып тәрбиешілер пайдаланатын оқулықтар мен хрестоматиялар да шығарылған емес. Осы тұрғыдан келгенде, әуелі балабақша тәрбиешілеріне әдіскерлермен және осы салаға қатысы бар басқа да мамандармен ақылдаса отырып, арнайы әдістемелік жасауымыз қажет. Мысалы, педагог оқу үдерісін жақсы білсе, ал әдебиетші қауым – ақын-жазушылар ондай оқулықтардың тілдік-шығармашылық жағын үйлестірер еді. Осылайша бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесе отырып жүзеге асыратын жұмыс шаш-етектен», деді Байбота Қошым-Ноғай.
Балаларға арналған кітаптарға сұраныс көп екенін баспа өкілдері жиі айтады. Олардың айтуынша авторлар жоқ. Ал қаламгерлерден сұрасаңыз, жазғандары бар, оларды жарыққа шығарып, тиісті қаламақысын төлейтін баспа жоқ. Екі бар бірін-бірі таба алмай жүрген сыңайлы. Ал кітапханашылар тарапы оқырмандар мен қаламгерлердің арасына жылы байланыс орнатып берейік, кездесулер, кештер ұйымдастырайық деп отыр.
Балалар әдебиетінде кітап шығаруда да, жазуда да, оны оқырманға жеткізуде де біршама мәселелер бар. Бұның бәрі осы уақытқа дейін бұл салаға дұрыс көңіл бөлінбей келе жатқанының кесірі. Енді осы уақытқа дейін істемеген жұмысты қайта атқарып, жүйені қалпына келтіру қажет. Баспа ісі, журналдар балаларға арналған материалдарды қызықты етіп жеткізудің жан-жақты жолын қарастырып отыр. Қазір полиграфия дамыған, дизайн мен графиканың уақыты. Бұрынғыдай бір түсті, я жазықтықта салынған суреттермен балаларды қызықтыра алмайсыз. Кеңістікке шығып кеткен кейіпкерлердің түр-әлпеті де балалар үшін тартымды болуы керек.
«Балаларға арналған шығармаларды оқытуда кең қолданылған әдіс – шығармаға лайық сурет салдыру. Бұл – «Балдырғанның» ежелден бергі әдісі. Бұл әдіс күн өткен сайын жаңа технологиямен, жаңа бағытпен журналға өң беру үстінде. «Балдырғанның» әр беті суретшілердің де еңбегі екенін қайталап айтқан жөн. Міне, балалар әдебиетін оқыту арқылы өнерге баулу дегеніңіз осы.
Балалар арасында шығармашылық байқаулар өткізу де әдебиетті оқытуда өте керек тәсіл. Осы ретте дәл қазіргі сәтте «Балдырған» 60 жылдық мерейтойға орай үш бәйге жариялап үлгерді. Бұл байқаулардың балалардың шығармашылық тұрғыда өсуіне, қалыптасуына зор ықпалы болмақ. Сол сияқты мұндай байқаулар «Ұлан» газетінде көп ұйымдастырылады. «Жас тілші LIVE», «Журналист болғың келе ме?», «Менің сүйікті мультфильмім», «Шықшы тауға, қарашы кең далаға», «Қауіпсіз әлем» сияқты байқаулар балаларды жарыс түрінде газет-журналмен байланысқа үндесе, сол арқылы балалар әдебиетін оқытуда да көмегі зор», деді «Ақжелкен» журналы бас редакторының орынбасары Асылан Тілеген.
Үлкен әдебиетке қадам жасайтын болашақ ақын, я жазушының алғашқы әдеби әсері өзі оқыған өлең, хикая, ертегіден туады. Баланың қиялы оқыған кітабына қарап шыңдалады. Демек қандай болсын мамандықтың түп басында балалар әдебиеті жатады. Балалар әдебиеті – бала тәрбиесінің бесігі. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе...» деп ұлы жазушы Мұхтар Әуезов айтқан сияқты, болашағын ойлаған халық балалар әдебиетіне басымдық беруі тиіс.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»