Қазақстан • 15 Маусым, 2018

Қазақстанда қылмыс саны азайып келеді

597 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қылмысқа қарсы күрес, тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары туралы жан-жақты ақпаратпен бөлісу үшін Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов халыққа есеп беру кездесуін өткізді. Жиын барысында ол ішкі істер органдары атқарып жатқан ауқымды жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

 

Қазақстанда қылмыс саны азайып келеді

«Биыл қылмыс 12 пайызға азайды. Оның ішінде тонау – 15,2 пайызға, зорлау – 14,4 пайызға, ұрлық – 12,2 пайызға, бұзақылық – 19,6 пайызға кеміді. Дегенмен, бізді жеке басқа қатысты жасалатын ауыр және аса ауыр қылмыстардың азаймауы алаңдатып отыр. Соңғы бір жарым жылды алып қарайтын болсақ, қылмыскерлердің қолынан 3093 адам қаза тауып, 1430 адамның денсаулығына ауыр зиян келген. Әлі де болса басқаның мүлкін ұрлау қылмысының саны азаймай тұр. Оның үлесі 67 пайыздан асады. Мысалы, мына аймақтарда ұрлықтың көлемі одан да көп. Олар, Алматы қаласы – 73,8 пайыз, Алматы, Ақтөбе облыстары – 71,7 пайыз, Ақмола, Батыс Қазақстан облыстары 70 пайыздан. Әрбір бесінші ұрлық азаматтардың пәтеріне, үйіне жасалады. Өткен жылы және биыл 4 мыңнан астам есірткі қылмысы анықталды. Біз үшін ең қауіптісі – ауған героині. Ол көрші елдер арқылы бізге транзитпен келіп, Ресейге, Еуропаға тасымалданады. Сарапшылардың есебі бойынша, героиннің 10 пайызы транзит елде қалып қояды екен. Әрине бұл жағдайдан біз шет қала алмаймыз. Сонымен қатар қазіргі таңда еуропалық синтетикалық ескірткіден де қауіп артып келеді. Делдалдар оларды интернет арқылы таратады және олардың трафигін анықтау оңай емес. Бұл жағдайды өзіміздің шикізаттық база да қиындатып отыр. Ол – Шу алқабындағы қарасора. Ал оңтүстік аумақ­та, әсіресе Қызылорда облысында адамдар «үнді қара сорасын» өсі­румен айналысқан. Осылайша үш жылдың ішінде 154 плантация анық­талып, 215 тоннадан астам қа­расора тәркіленіп алынды. Осы мә­се­леге Мәжіліс депутаттарының назар аударуы тегін емес», деді Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Сонымен қатар ол қазір учаскелік инспекторлардың профилактикалық ба­қылауында 67 мыңнан астам мас­күнем есепте тұрғанын ескертіп өтті. 

Оған есепте тұрған 10 мың қолай­сыз отбасыны, онда өмір сүріп жатқан 15 мыңнан астам баланы қосыңыз. Күн сайын еліміз бойынша мас күйде жасалған 2-3 ауыр қылмыс тіркеледі. Әсіресе олар отбасылық-тұрмыстық жағдайда кездеседі. Елімізде жасалатын барлық қылмыстың 14 пай­ызы­ның себебі – маскүнемдікте жа­тыр. «Еліміз бойынша мас күйде жа­сал­ған қылмыстардың ең жоғарғы көр­сеткіштері Ақтөбе, Қостанай, Павлодар, Маңғыстау және Ақмола облыс­тарында анықталған. Бірін­ші­ден, осы мақсатта еліміздегі мас­күнемдікті жою үшін 22 нар­кологиялық ұйым жұмыс істейді. Оларда 2470 орын бар. Ал өткен жылы еркінен тыс емдеуге 5200 маскүнем жіберілсе, олардың 700-ден астамын жатқызып емдейтін орын болған жоқ. Екіншіден, осы орындарға араққа салынған адамдарды жіберу де оңай емес. Бұл жерде бірқатар қиындықтар бар. Сондықтан біз атал­ған мәселені әкімдіктермен және мүдделі орталық мемлекеттік органдармен бірге шешуіміз керек», деді ведомство басшысы.

Жасөспірімдер арасындағы түрлі мәселеге тоқталған министр қа­зір­гі таңда 8 мыңнан астам бала про­фи­ла­ктикалық есепте тұрғанын алға тартып, олардың шамамен жартысы – мектеп, лицей және гимназия оқу­шылары екенін тілге тиек етіп, сон­дықтан әкімдіктердің қолдауымен «мек­теп инспекторлары» институтын дамытуды жалғастырып жатқанын жеткізді.

Баяндама барысында Қ.Қасымов қазіргі таңда колонияларда соттал­ған­дар орта білім ала алатын 54 мектеп барын атап өтті.

«Сонымен қатар сотталғандар коло­нияларда еңбек нарығында сұра­нысқа ие мамандықтарды оқиды. Мы­салы, ағаш ұсталары, сантехниктер, газ­бен дәнекерлеушілер, тігін­шілер жә­не т.б. Бұл үшін онда 48 кәсіби колледж құрылған. Сон­дай-ақ көптеген мекемеде ауыл шаруа­шылығы өндірісі бар. Де­ген­мен олар жалпы алғанда коло­ния­лардың ауыл шаруашылығы өнім­­деріне деген қажеттілігін қам­тамасыз етеді. Аталған шаралар кешені пенитенциарлық пробация деп аталатын кезеңде іске асырылады. Мұның барлығы сотталғандарды еңбек­пен қамту үшін жасалуда. Қазіргі таңда бізде сотталғандардың 72 пайызы ақылы жұмыспен қамт­а­­ма­сыз етілген. Бұл оларға зардап шек­­кендердің материалдық шығынын өтеу­ге, өз отбасыларына көмек көр­се­туге мүмкіндік береді», деді ол.

Сондай-ақ Қалмұханбет Қасымов қоғам­дық тәртіпті қорғауға, жол қауіп­сіз­дігі жағдайына, көші-қон бақылауына, Ішкі істер министрлігіне қарасты ме­кемелердің мемлекеттік қызмет көр­сету сапасына, азаматтық қорғау жүйе­сіне тоқталып, атқарылып жат­қан жұмыстарға шолу жасап, жи­ын со­ңында халықтың қойған сұрақ­та­ры­на жауап берді.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»