Қазақстан • 15 Маусым, 2018

Қазақ тілі тұңғыш рет араб университетінде мамандық ретінде оқытылмақ

526 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл жөнінде 12 маусымда Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Арман Исағалиевтың Каир университетінің ректоры профессор Мұхаммед әл-Хоштпен кездесуі барысында расталды. Ректор 2018-2019 оқу жылынан бастап Каир университетінің Әдебиет факультетінде алғаш рет «қазақ тілі» мамандығының оқытылатынын атап өтіп, бұл бағытта көрсеткен қолдауы үшін Қазақстан Елшілігіне алғысын білдірді, деп хабарлайды СІМ баспасөз қызметі. 

Қазақ тілі тұңғыш рет араб университетінде мамандық ретінде оқытылмақ

Қазақстан Республикасы

Сыртқы істер министрлігінің

баспасөз хабарлама

Өз кезегінде  Қазақстан 2018-2019 оқу жылынан бастап мысырлық студенттерге еліміздің жоғары оқу орындарында білім алу үшін 18 шәкіртақы бөледі.

1908 жылы құрылған Каир университеті Таяу Шығыста «әл-Азһар» университетінен кейін ең ірі жоғары оқу орны болып табылады. Қазіргі уақытта университетте барлық салаларды қамтитын 20 факультет, 10 ғылыми зерттеу институты, 1 обсерватория, 2 аурухана, 10 медициналық орталық қызмет көрсетеді. Каир университеті Таяу Шығыста орналасқанымен кейбір мамандықтар бойынша әлемдік рейтингтерде алдыңғы орындарды алады. Атап айтқанда, фармацевтика саласында топ-100, медицинада топ 250, инженерияда топ-200, химияда топ-300 қатарына кіреді. Каир университетінің түлектерінің ішінде Нобель сыйлығының лауреаттары жазушы Н.Махфуз, саяси қайраткерлер Я.Арафат, М.Барадеи, сондай-ақ белгілі саясаткерлер мен ғалымдар бар. Университет Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойған.