Қазақстан • 15 Маусым, 2018

Кенептегі көрікті Алтай

714 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көктауға түс ауа жеттік. Суретшілер бара сала асай-мүсейлерін арқалап, көрікті табиғатты кенепке түсіруге асық­ты. Айналадағы әр тас­қа, әр талға таңдана-там­сана қарайды. Ал жаз­ған картиналары... Шедевр дер­сің. Бояулары да бір-бі­ріне ұқсамайды, сан түрлі. 

Кенептегі көрікті Алтай

«Рухани жаңғыру» бағдар­ла­ма­сы аясында он күнге созылған «Алтай – Қазақстан жауһары» атты пленэрге Астана, Алматы, Пав­лодар, Қарағанды, Өскемен, Семей қалаларынан белгілі су­рет­шілер келді. Жиырмадан ас­там қылқалам шеберлері Ұлан ауда­ны аумағындағы Көктау, Шы­бын­ды көл, Тайынты сынды табиғаты сұлу жерлерде жата-жастана этюд жазды. Фо­то­аппаратымды асып алып, су­ретшілерді суретке түсіріп жүрмін. Шығармашылықтың адамдары ғой. Ойларын бөлмейін деп көп сұрақ қоймауға тырысамын. Сөйтіп Сембіғали Смағұлдың қасына жақындадым. Жазып отырған этюдіне ойлы көздерін ұзақ қадап отырды. Картинасында қаңырап тұрған ғимарат. Тау бөктері. Бергі планда жер қазып жатқан ит. Есте қалатындай ерекше картина. 

«Аға, ит жоқ қой анау жерде», – дедім бәсең дауыспен.

«Итті мен де суретке салайын дегем жоқ. Бірақ бір ит дәл осы жерді келіп қазып кетті. Сол кезде мен де сызып ала қойдым.  Бұл жер қазба байлыққа бай болуы керек. Жалпы қасиетті жер. Қарсы беттегі төбенің арғы жағы Қасым Қайсеновтің ауылы екен. Осындай батыр туған өңірде этюд жазу – бір бақыт», дейді суретші. 

Суретші, мүсінші Сембіғали Смағұл – Астананың сәулетіне зор үлес қосқандардың бірі. «Қазақ елі» монументі сияқты бірнеше мүсіндердің авторы. 

 Табиғат аясындағы тағы­лым­ды шараға мүйізі қара­ғайдай қылқалам шеберлерімен бірге жас суретшілер де қатысты. Олар үшін бір аптаға созылған пле­нэр үлкен тәжірибе болғаны сөз­сіз. Соңдарынан өкшелеп келе жатқан іні-қарындастарына аға буын білмеген тұстарын үйретіп, ақыл-кеңестерін айтып жатты. «Үлкен суретшілермен пленэрге бірінші рет шықтым. Үйренгенім көп. Тіпті университет бітіріп шыққандай сезімде жүрмін», дейді жас суретші Фарида Есқазы.

Жастар демекші, Қазақ­стан­ның төрт бұрышынан кел­ген кіл мықты суретшілер Бақыт­нұр Бүр­деспеков, Мәжит Бәй­­теновтер өске­мендік жас су­рет­шілерге «Палитра әле­мі» тақырыбында ше­бер­лік са­ғат­тарын жүргізді. Бі­лік­ті­лік­терін арт­тыруға келген Ольга Чав­кина, Наталья Зино­вь­ева, Елена Брагина, Наталья Яров­скаялар екі-үш сағаттың ішін­де бір-бір этюд жазып үл­герді. Бірі пей­заж, бірі портрет салды. Кә­сі­би суретшілердің айту­ынша, ше­­берлік сыныбына қатыс­қан­­дар­дың барлығы дер­лік – бола­шақ­тарынан үміт күт­ті­ретін жастар. 

Екі-үш күннен кейін қыл­­қалам шеберлері ат басын Тай­ын­­тыға бұрды. Ауылды жанай ағып жатқан өзеннің жаға­сына жайғасқан олар керілген кенептеріне кереметтей көрі­ніс­ті бейнелеуге кіріскен. «Тайын­ты­ның таңғажайып табиғаты-ай» деп таңданыстарын жасырмады. Тай-құлындай жарысып жүр­­ген ауыл балалары болса сурет­ші­лердің маңайынан шық­қан жоқ. Ауылдарын суреттен көру олар үшін аса қызық. Фотодан көр­ген бір басқа, майлы бояумен са­лын­ған суреттер мүлдем басқа. Құн­ды көрінеді.    

Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, су­ретші Мұрат Қалқабаевтың ойын­ша, көргеніңді айна-қатесіз көшірудің қажеті жоқ. «Суретші көргенін жүрегінен өткізіп барып халық назарына ұсынғаны жөн. Ал көшірме жасау – бос әурешілік. Қылқаламсыз-ақ сырт ет­кізіп фотоға түсіре салсаңыз, әлдеқайда артық», дейді ол.    

Облыстық Өнер мұражайы­ның ұйымдастыруымен өткен «Алтай – Қазақстан жауһары» атты пленэр жұмысы 13 маусымда аяқ­та­лып, суретшілердің жазған карти­налары көрмеге қойылды.   

Пленэрге қатысқан сурет­ші­лерге облыс әкімі Даниал Ах­ме­тов алғысын білдіріп, 100 мың теңгенің сертификаттарын та­быстады. «Суретшілер – ерекше адамдар. Сіздердің елі­міз­ді әлем­ге танытатындай зор мүм­кін­діктеріңіз бар. Биылғы пленэр он күнге созылса, келесі жылы уақытын бұдан да созамыз. Сіздерге денсаулық, баянды бақыт тілеймін», деді аймақ бас­шысы. 

Бұдан кейін облыс әкімі көрмені аралап көрді. Көптеген суреттердің ішінде Азат Тәбиев пен Құралай Аманжолованың жұмыстарына тоқталып өтті. «Азаттың әкесі Бахтияр Тәбиевті жақсы білемін. Еңбектерін ерекше бағалаймын. Айналайын Азат, әкеңнің жолын жалғастыр. Қолыңнан қылқаламыңды тастама», деп тілегін білдірді. 

Сонымен қатар жерлесіміз Әлібек Шоқановтың да жұмыс­та­рына жоғары бағасын берді. Ал Суретшілер академиясының вице-президенті Ерлан Айтуаров пленэрге қатысқан суретшілердің аты­нан облыс әкімдігіне, ұйым­дас­тырушыларға ризашылығын жеткізді. 

Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,

Шығыс Қазақстан облысы, 

Ұлан ауданы 

Суреттерді түсірген автор