Футболдан Нигерия құрамасы өткен ғасырдың екінші жартысына дейін әлем былай тұрсын, Африкада жетекші команда саналмайтын. Тіпті Африка Ұлттар кубогының алғашқы сегіз турнирінің тек біреуінде ғана негізгі кезеңге жолдама алған. 1980 жылы Нигерия құрамасы өз елінде өткен құрлық біріншілігінде тұңғыш рет Африка чемпионы атанды. Соңғы 25 жылда «африкалық бразилиялықтар» футбол әлемінде тың серпіліс жасап, барлығын таңғалдыра бастады. Яғни нигериялықтар соңғы алты әлем чемпионатының бесеуіне қатысқан. Бұл тәжірибелі команда ғана жететін нәтиже еді.
Нигерия тұңғыш рет әлем чемпионатына 1994 жылы қатысып, біріншіліктің 1/8 финалына дейін жетті. Топтық кезеңде «жасыл бүркіттер» Грекия мен Болгария құрамасын сенімді түрде жеңсе, соңғы турда аргентиналықтардан жеңіліп қалды. 1/8 финалда нигериялықтар Италия құрамасын «нокаутқа» түсіре жаздады. Матчтың 88-минутына дейін жеңіліп жатқан Италия құрамасы Роберто Баджоның голы арқасында есепті теңестірсе, экстра-таймда дәл сол Баджо өз құрамасына жеңіс сыйлады. Осындай керемет нәтижеден соң (әлем чемпионатына тұңғыш рет қатысқан құрама үшін 1/8 финалға дейін жету жақсы көрсеткіш) нигериялық футболшылар Еуропаның ТОП клубтарында ойнай бастады.
Араға 24 жыл салып Нигерия құрамасы АҚШ-та өткен чемпионаттың нәтижесін қайталау үшін Ресейдегі әлем чемпионатына қайта келді. «Жасыл бүркіттер» төрт жылдың ішінде тәжірибелері толысып, бұл жолы мықты құраммен келіп отыр. Егер африкалықтардың құжаттарына сенетін болсақ, онда Нигерия құрамасы биылғы чемпионаттағы ең жас құрама саналады. Соңғы матчта 30 жастан асқан бірде-бір футболшы алаңға шыққан жоқ.
Нигерия құрамасы басқа африкалық командалар сияқты екі кезеңнен тұратын іріктеу кезеңнен өтті. Бастапқыда Свазиленд құрамасымен жолығып, өз алаңында өткен кездесуде жеңіске жетіп, сырт алаңда тең түсті (2:0, 0:0). Ал топтық кезеңде Замбия, Алжир және Камерун секілді азулы командалармен жолдаманы сарапқа салды. Мысалы, Камерун – Африка құрлығының соңғы чемпионы, Алжир – Марез, Браими, Слимани және бірнеше «жұлдыз» ойыншылары бар, Замбия – жергілікті футболшылардан құралған мықты ұжым болатын. Дегенмен «жасыл бүркіттер» тек екі ойында ғана тең ойнап, қалған матчтың бәрінде жеңіске жетті. Осылайша,14 ұпай жинап, топтан бірінші орынмен шықты.
Жоғарыда айтқанымыздай, Нигерия футболшылары тұңғыш әлем чемпионатында Аргентинамен бір топқа түсіп, екі құрама да келесі кезеңге өткен болатын. Бір қызығы, кейінгі чемпионаттарда да Нигерияның жолы Аргентинамен түйісе берді. 2002 жылы өткен біріншілікте нигериялықтар Аргентина, Швеция және Англиямен бірге «ажал» тобында ойнап, еуропалықтар келесі кезеңге өткен-ді. 2010 жылы Африкада ұйымдастырылған доп додасында ескі қарсыластар тағы бір топқа түсті. Бұл жолы да «жасыл бүркіттер» топтық кезеңнен өте алмады. 2014 жылы Нигерияға тағы да Аргентина қарсылас атанды. Бұл жолы Нигерия Аргентинадан соң екінші орын алып, 1/8 финалға дейін жетті. Енді міне, Ресейдегі әлем чемпионатында да Нигерия мен Аргентина бір топқа түсіп отыр.
Нигерия құрамасының тізімі:
• қақпашылар: Энзенва Икечукву («Эньимба»), Фрэнсис Узохо («Депортиво», Испания), Даниэль Акпейи («Чиппа Юнайтед», ОАР);
• қорғаушылар: Абдуллахи Шеку («Бурсаспор», Түркия), Тайрон Эбьюэхи («Ден Хааг», Нидерланды), Элдерсон Эчиджиле («Серкль Брюгге», Бельгия), Брайн Идову («Амкар», Ресей), Чидозье Авазьем («Нант», Франция), Уильям Троост-Эконг («Бурсаспор», Түркия), Леон Балогун («Майнц», Германия), Кеннет Омеруо («Касымпаша», Түркия);
• жартылай қорғаушылар: Джон Оби Микел («Тяньцзинь Тэда», Қытай), Огенйи Онази («Трабзонспор», Түркия), Уилфрид Ндиди («Лестер», Англия), Огхенекаро Этебо («Лас-Пальмас», Испания), Джон Огу («Хапоэль», Израиль), Джоэл Оби («Торино», Италия);
• шабуылшылар: Ахмед Муса, Келечи Ихеначо (екеуі де – «Лестер», Англия), Одион Игало («Чанчунь Ятай», Қытай), Алекс Айуоби («Арсенал», Англия), Виктор Мозес («Челси» Англия), Симеон Нванкво («Кротоне», Италия).
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»