Қазақстан • 18 Маусым, 2018

Астана-20: Бас қала осылай басталған

877 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін

Бұл мақалада осыдан 20 жыл бұрынғы Астананың халықаралық тұсаукесер рәсіміне дайындалып жатқан кездегі оқиғалар баяндалады. Бұған осы іс-шараның қарсаңында Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен жұмыс кеңесінің бұрын еш жерде жарияланбаған стенограммасы арқау болды.

Астана-20: Бас қала осылай басталған

1997 жылдың 10 желтоқ­санын­да Ақмола ресми түрде тәуелсіз Қазақ­стан­ның жаңа астанасы болып жарияланды. Сол жылы көшіп келгендердің төзімділігін сынағысы келгендей, бұл өңірде қыс та ерекше суық болып еді. Қар толастамайтын аспаннан күннің әлсіз сәулесі анда-санда жылт етіп көрінген сәттерде, қатты аяз ұзаққа созылатын боранға ұласатын.

Алайда ауа райына қарай­лай­тындай уақыт та жоқ еді. Барлық жерде жұмыс қайнап жатты, себебі мемлекеттік аппа­ра­т­тың алдында жергілікті жағ­дайларға тез бейімделіп, жаңа астананың тіршілігін жолға қою міндеті тұрған еді. Оның үстіне, жаңа елорданың халықаралық тұсаукесер рәсімін өткізу жазға белгіленген болатын. Көшіп келген соң, Нұрсұлтан Әбішұлы ештеңені кейінге қалдырмайтын өзіне тән дағдысымен бұл жөнінде көпке созбай-ақ мәлімдеді.

Мен бүгін осы тұсаукесер рәсіміне әзірлік мәселелерін қызу талқылаған мәжілістердің бірі туралы әңгімелеп бермекпін. Арада 20 жыл өткен соң, сол кеңестің стенограммасын қайта оқи отырып, оның осы уақыт ішінде ақпа­рат­­тық құндылығын жоғалт­паға­­ны­на, керісінше, маңызды құжатта­ма­лық куәлік ретінде тарихи салмағын арттыра түскеніне тағы да көз жеткіздім.

Оның үстіне, Президентіміз өткізе­тін кеңес дегеніміз, бұл – әрдайым мүдделі әрі бейресми әңгіме, кәсіби­лік байқауы, іскерлік идеялар мен шешім­дер конкурсы, біліктілік турнирі, жедел үн қосу аренасы.

Іс мүддесін басты орынға қоя білу, әңгімелесушілерге құрметпен қа­­рау, сөз тізгінін шеберлікпен өз қо­лы­­­на алу, келіп түскен ақпа­рат­­­тың дәл­дігін, жаңалығын, праг­­ма­ти­к­а­­лық құндылығы мен келешек­те пай­­дал­ану жайын нақты баға­лау – міне, Ел­ба­сымыз белгілі бір про­б­ле­ма­ны тал­қылаған кезде ұстана­тын бас­­ты қағ­и­далар осылар дер едім.

«Н.Ә.Назарбаев: Қатысу­шы­лар­дың бәрі осында. Шетелдік ком­паниялардағы достарымызға, әріптестерімізге қош келдіңіздер дейміз және қатысқандары үшін алғы­сы­мызды білдіреміз. Астана­ның тұ­саукесер рәсімі 10 маусымда бола­ды. Бүгін 21 сәуір, 50 күн қалды.

Ахметжан Смағұлұлы (А.Есімов – ҚР Президенті Әкім­ші­лі­гінің Басшысы, Ақмола қаласы­ның ҚР ас­та­насы ретіндегі тұсау­кесер рә­сі­мін өткізу жөнін­дегі Үкімет комис­сиясының төрағасы), сіз жал­пы проблемалар туралы кейін баян­дап бересіз, ал мен әңгімені ірі құ­ры­лыс шараларынан бастағым келеді.

Қонақтар келген кезде қаланың ең бас­­ты нысаны әрі бет-бейнесі әуе­­жай бол­­мақ. Кім баяндайды? Па­колли Беджет мырза, сіз сөйлеңіз.

Б.Паколли («Мабетекс» фир­масының президенті): Ірге­тасы қаланып болды, темір конс­трук­ция 24-іне дейін дайын болады. 10 маусымға қарай алдыңғы жағын аяқтап, тамыз айында әуежайды толықтай тапсырамыз.

Н.Ә.Назарбаев: Қонақтарға арнал­ған орталық бөлігі дайын бола ма? Перрон жағындағы беті, қалаға шығатын тұсы, залы, қабырғалары, төбесі, шатыры – бәрі ойдағыдай болады ғой?

Б.Паколли: Дайын болады. Қазір нысанда 240 адам жұмыс істеп жатыр, 1 мамырдан бастап тағы 150 адамға көбейтеміз.

Н.Ә.Назарбаев: Рахмет, отыры­ңыз. Одан әрі қарай жол арқылы жылжиық. Шамиль Хайрулұлы.

 Ш.Х.Бекболатов («Қазақстан жол­дары» АҚ президенті): 25 сәуір­ден бас-
тап үш ауысымдық ре­жім­ге көшеміз. Асфальт-бетон зауыттары жұмысқа әзір. 5 мау­сымға қарай бітіреміз деп ойлаймын.

Н.Ә.Назарбаев: 1 маусымға дейін бітіріңіздер. Әуежайдан қалаға дейін көше бойына жолақтар жүргізіліп, жиектеріне жарық беріліп, көшеттер отырғызылсын, бәрі ойдағыдай болуға тиіс. Жазып алдыңыздар ғой. Енді көпірге жақындаймыз.

Ә.Р.Жақсыбеков (Ақмола қа­ласы­­ның әкімі): 1 маусымға дейін аяқ­тау міндеті қойылды. Бар­лық жаб­дықтарға, барыстардың мүсін­­деріне, бәріне де тапсырыс бе­рі­л­­ген. Жұмыс тәулік бойы жүргізілуде.

Н.Ә.Назарбаев: Көпірден өтіп бара жатып сол жаққа қарасақ – жағалауды көреміз, оң жаққа қарасақ – қамыс басып кеткен арна мен масаның ұясы көзге түседі.

Ә.Р.Жақсыбеков: Жағалауды 6 метр­­­ге дейін кеңейтеміз. Ол жерге 15 мың шаршы метр плита төселіп, ротон­да­­лар орна­тылады. Қарсы бетінде – сол жаға­лау бекітіледі, бетон плиталармен безен­діріліп, жүргіншілер үшін жол төселеді. Өзенде түнде түрлі-түсті сәуле шашатын субұрқақтар пайда болады. Бүкіл жағалау соңғы техноло­гияларды қолдану арқылы жарықтандырылады. Ол қаланың ажарын аша түседі.

Н.Ә.Назарбаев: Енді даңғыл бойынша кеттік.

Ә.Р.Жақсыбеков: Бірыңғай ко­ло­ритті сақтау үшін Респуб­ли­ка даңғылындағы әрбір кәсіп­орын­­ның,  сауда орнының иесіне ғи­м­а­раттардың сыртын безендіру және дизайнын қолға алу жөнінде талаптар қойылды. Қаланың орта­лық бөлігін безендіру бағдар­ла­масы қабылданған, ол мамыр­да-ақ нә­тижесін береді. Шетелдік ма­ман­дарды шақыру арқылы, кеш­кі жарықтандыру жүргізіледі, Рес­пуб­лика даңғылындағы ғана емес, Абай мен Әуезов көшелерінің қиы­лысындағы, сондай-ақ Абылай хан мен Гумилев көшелеріндегі иллю­м­ина­циялық-декоративтік то­раптар толықтай жабдықталады. Ди­намикалық жарнама, ЗD-вижн, түрлі виньеткалар іске қосылатын болады.

Н.Ә.Назарбаев: Алаңға келдік.

Ә.Р.Жақсыбеков: Алаңда және оған іргелес орталық көше­лер­­де ауқым­ды жұмыс бар. 120 мың тонна асфальт, 54 мың шаршы метр кесік тас төселіп, 24 шақы­рым көлеміндегі жиек­тастар алмастырылуы керек. 2 шақы­рым кәріз құбыры мен 1 шақырым су құ­бырының құрылысы аяқталып келе­ді. Сонымен қатар қаланың же­лі­лік инфрақұрылы­мын жақ­сар­­ту жөніндегі жұмыстар жүр­гізілуде.

Биыл бұл нысандар бойынша қаржы­ландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәсе­лелері біршама жақсы шешіл­ді. Құрылысшылар тарапынан сұрақ жоқ. Сондықтан 1-іне немесе 5-іне қарай үлгеруге тиіспіз.

Н.Ә.Назарбаев: «5» деген санды барлық кестеден алып тастаңдар. Енді Конгрестер сарайы. Сіз сөйлеңіз, «ТехноАрт», Иржи Зралы мырза.

И.Зралы («ТехноАрт» фирма­сы­ның президенті): Тапсырыс берушінің қалауы бойынша бұл театр­дың, конгрес­тің, кино­театр­дың қызметтерін атқара беретін әмбебап ғимарат болуы тиіс. Құ­ры­лыс барысында салмақ түсе­тін конструкцияларға қатысты жаңа проблемалар пайда болуда, бірақ біз оларды бірте-бірте шешіп жатырмыз. Мен басшы ретінде негізгі құрылыс пен әрлеу жұмыстарын 30 мамырға қарай аяқтау үшін шаралар қабылдадым.

Н.Ә. Назарбаев: Бұл өте маңыз­ды нысан, басты іс-шара сонда өтеді. Оннан астам мемлекет­тің бас­шы­лары, көптеген делегация қатысады. Көрермендер залы­ның, сахнасының, фойесінің, қонақтарға арналған бөлігінің жұмыстарын белгіленген мерзімге дейін бітіріп үлгеруді сұраймын.

Мен онда болдым, бәрі жақсы жүріп жатыр. Сіздерден, өз қолда­ры­ңыздан келетінін көрсетіп, бәрін әдемілеп жасап шығуды өтінемін.

Енді «Интерконтиненталь» қонақүйі. Онда тұсаукесер рәсі­мі болмайды, бірақ барлық басты қонақтар – президенттер мен маңызды тұлғалар сонда тұ­р­а­тын болады. Кешкі қонақа­сын да сонда береміз. Бәрі де шақыр­туларын алды және қазір­дің өзінде келісімдерін беріп отыр. Сондықтан мінсіз қызмет көрсету­ді қамтамасыз ету керек.

Бекир бей, сөйлеңіз.

Б. Окан (Окан-Исот-Холдинг фирмасы­ның президенті): Прези­дент мырза, жиынға қатысу­шы мырзалар! Біз жұмысты аяқтап, 10 маусымға қарай қонақүйді «Интерконтиненталь» компания-
сын басқарушыға тапсырамыз. Ол тексеріп, бүкіл қонақүйді пайдалануға беру үшін белгілі бір уақыт сұрап отыр.

Н.Ә. Назарбаев: Қашан?

Б. Окан: Сірә, ашылу рәсіміне біз Ан­та­лиядағы «Марко Поло­дан» өз адамдарымызды жұмыл­дыратын болармыз. Бір ғана айтарым, қызмет көрсету саласында проблемалар болуы мүмкін екенін ескерткім келеді. Бірақ мерзімінде үлгеру үшін біз бар күшімізді саламыз.

Н.Ә. Назарбаев: Стадион туралы кім айтады?

Т.М. Досмұхамбетов (Білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің Туризм және спорт комитетінің төрағасы): Қазір онда 240 адам 3 ауысыммен жұмыс істеуде. Барлық материалдар, алаңның синтетикалық төсеніші, жиһаздар, есік-терезелер, бояу мәселелері бүгінгі күні шешімін тауып отыр. 1-не қарай аяқтауға тиіс.

Н.Ә.Назарбаев: Нысандар­дан тағы не қалды, Еркін Жекенұлы?

Е.Ж. Қалиев (ҚР Көлік және коммуникациялар министрі): Вокзал алдындағы алаңның жұ­мыс ауқымы жөнінде келісілген, жоба­лау ісі аяқталды, алдыңғы жағын жаңарту жұмыстары бас­талды. Аяқталуы – 1 маусым».

Кеңесте көтерілген келесі үлкен мәселе қала мен төңі­ректі көгал­дандыру болды. Күр­­делі табиғи-климат жағ­дай­­ларын, топырақтағы ылғал­дың жетіспеушілігін, сулан­ды­ру желілерінің дамымаған­дығын, өсімдіктердің ауданд­ас­тырылған сорттары жиынты­ғы­ның шектеулілігін, питомниктер санының аздығын, қаржы­лан­дырудың проблемаларын және т.б. ескерсек, бұл мәселе­лердің бір­ден шешілуі мүмкін емес екені түсінікті еді. Бүгінде Астананың қолдан жасалған «жасыл белдеумен» көмкеріліп, гүлденген оазиске айналуы осы мәселені өзінің жеке бақылауына алған Пре­зиденттің тұрақты назар ауда­руының арқасында ғана жүзеге асқанын білеміз.

Ауыл шаруашылығы министрі С.В.Кулагиннің және орманшы мамандардың ақпаратын (соның ішінде 50 гектарға отырғы­зыл­ған ағаштардың 95 пайызы қурап қалғаны туралы мәліметті де) назарға алған Нұрсұлтан Әбішұлы былай деді: «Сергей Витальевич, Сізді де үйрету керек пе? Осыны қалай жасау керектігін ойланыңыз. Содан кейін айтарсыз. Барлық ағаш суарылуға және біреуі де қурап қалмауға тиіс. Міндет – осы. Түсіндіңіз бе? Отырыңыз».

Жаңа астананың басымдыққа ие нысандарының қатарында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия универ­ситеті, Әл-Фараби шағын ауданы, Ішкі істер министр­лігі мен «Қазақойл» компания­сы­ның ғимараттары да қарасты­рылды. Бұл жөніндегі ақпарат­тар­ды Қ.Е.Көшербаев, В.В.Ни, Қ.Ш.Сү­лейменов, Ә.Р.Жақ­сы­беков егжей-тегжейлі баяндап берді.

Астананың гүлденуі – бүкіл Қазақ­станның гүлденуі. Мемле­кет басшысы дәл осы жұмылдыру­шы идеяға баса назар аударып, Қазақстан өңірлерінің басшыларын елорданы абаттандыру мен дамытуға белсенді атсалы­суға шақырды. Нақ сол кезде Елба­сының бастамасы бойынша об­лыстардың жекелеген даңғыл­дар мен көшелер­ді «шептік қамқор­лыққа алу», әлеуметтік маңызы бар нысандар тұрғызу, елордаға мону­мен­тальдық өнер туындысын сыйға тарту, жергілікті мәдениет шеберлерінің мәдени «десанттарын» жеткізу, азық-түлік сату жәрмеңкелерін ұйымдастыру сияқты жан-жақты көмегі кең қанат жайды.

Оның қалай басталғаны туралы мына қысқаша үзіндіде баяндалған.

«Н.Ә.Назарбаев: ...Қызыл­ор­да ет пен күріш әкелді. Шағын ау­дан­дарда спорт алаңдарын жаб­дықтауда.

Б.М. Сапарбаев (Қызылорда облысының әкімі): Футбол, баскетбол алаңдары және теннис корты бар.

Н.Ә. Назарбаев: Міне, Берді­бек Мәшбекұлы жақсы іс бастады. Алматы қаласы мен облыс­тардың әрқайсысы шағын көшені өз міндетіне алып, ең болмаса, төрт метрден абаттандырсын. Үлкен делегациялар келген кезде, міне мынаны біз елордамыз үшін істедік деп айтатын боламыз.

Облыстардың тұсаукесер рә­сім­­деріне байланысты іс-шара­лар өткізуі де өте маңызды. Бүкіл Қазақ­станды танытатын өнімдер, базар, таңдаулы шығармашылық ұжымдар, көркем шығармалар мен экспонаттар және тағы да басқа үлгілер... – Бұл баршаға пайдалы нәрселер ғой. Демек, 25 мамырдан 10 маусымға дейін 15 күн бойы қаланы өзге іс-шаралардан арылт­қ­ан жөн».

Президент кәсіби режиссер сияқты ой толғап, алдағы телевизиялық трансляцияның сапасына қатысты мәселені де бүге-шігесіне дейін талқылады. «Бұл іс-шаралардың бәрінен жақсы түсірілім әзірленуге тиіс, – деді ол. – Мен барлық ғимараттарды алдын ала қарап шығып, мынаны байқадым: барлық көріністер қалай болса, солай түсірілген. Алдын ала барып, қолайлы күндері жайнап тұрған өсімдіктерді, су бұ­р-
қақтарды, түнгі отшашула­р­ды және тағы басқа керемет көрі­ніст­ерді түсіріп алу сонша­лықты қиын ба?..».

Белгіленген салтанатты іс-шара­лардың мәдени бағдарла­ма­сын жоспарлау барысында Нұрсұлтан Әбішұлы бәрін де өз орнымен шешу қағидатын ұстан­ды: «мейлі, іс-шаралар тым көп болмай-ақ қойсын, бірақ сапалы болсын».

Бұл орайда Президент мереке күндеріндегі қала тұрғындары мен елорда қонақтарының, жалпы осы мезгілде Астанада болатындардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударды.

«Н.Ә.Назарбаев: Менің ойым­ша, екі күнге созылатын мерекеге, кемінде 100 мың ақмолалық қатысады. Бұл жерде дұрыс орналастыру, жиылған жұртты түрлі алаңдардағы көпшілікке арналған іс-шара­ларға «бөліп тарату» маңызды. Бәрі күні бұрын ойластырылып қойылуға тиіс.

Көпшілік жан-жақтан Гала-концертті көруге ұмтылады. Ал бұл алаңға 5-6 мыңнан артық адам сыймайды. Сондықтан Төлеген Мұхамеджанұлы (Т.Мұхамед­жанов – Ақмола қаласы әкімі­нің орынбасары), басқа алаңдар­да – вокзал­дың алдында, Темір­жол­шылар сарайының алдын­да, жағалауда, тұрғын үй аумақ­тарында қосымша концерттер ұйымдастыруды тапсырамын. Бірақ бұл концерттер орталық алаң­дағыдан бір сағат кеш аяқ­талуға тиіс. Бұл аса маңызды!».

Ақмоланың бұрын халықара­лық форматтағы мұндай ірі фестивальдерді өткізбегенін ескерген Нұрсұлтан Әбішұлы елорда мэриясын тәжірибелі менеджер­лерді тарту арқылы күшейтуді ұсынды: «... Демек, шамамен мамыр­дың 20-на қарай, Ахметжан Смағұлұлы (А.Есімов) мен Дүйсен Қорабай­ұлын (Д.Қасейінов – ҚР Білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің Мәдениет комитетінің төрағасы) немесе Қырымбек Елеуұлын (Қ.Көшербаев – ҚР Білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау министрі) осында әкімнің орынбасарларымен жұмыс істеу үшін мерзімсіз демалысқа жіберер едім. Олар негізгі жұмыстарын аз уақытқа – 10-15 күнге қалдыра тұр­сын. Темірхан Мыңайдарұлын (Т.Дос­мұхамбетов) да Алматы­дан босатып, осында жіберу керек. Әрине мүлдем босатпаймыз».

Оқырмандар стенограмма­ның осы үзіндісінен Президент­тің Аста­надағы мәдени құры­лыс және мәдениет саясатын­­дағы басым­дықтарға елорда­ның негізін қала­ған сәтте-ақ айқын көзқарас танытқанына көз жеткізе алады. Мұндағы басты қағидат жергілікті жерде өнердің ерекше әрі бәсекеге қабілетті инфрақұрылымын түзу болатын. Әрине ол күндері көп адам үшін бұл мүмкін емес әрі күмәнді нәрсе болып көріне­тін. Бірақ уақыт Нұрсұлтан Әбішұлы­ның бұл тұста да өз дегеніне жет­кенін көрсетті.

«Н.Ә.Назарбаев: Мен мынаны айтқым келеді: біз мұнда Алматы операсын көшіріп әкелмей­міз. Біз осы жерде Ақмоланың опера театрын құра­мыз. Яғни Алматы­ның мек­тебі бар, енді Ақмоланың да жаңа мектебі болмақ. Төлеген Мұха­мед­жанұлы, Сізді осы қыз­метке сол үшін қой­дық қой. Осы жердің адамдарын шақы­рыңыз­дар, бүкіл әлем­нің театр институттары мен учи­ли­щелерінің жас түлектерін тар­тыңыздар. Неге солай істемеске?

Ақмоланы әйгілі тұлғалар гастроль­мен келетін, ұдайы ша­қы­­­ры­­латын жерге неге айнал­­­дыр­масқа? Бұл ретте алматы­лықтар келіп, Ақмоланы «жарыл­қап тастайды» деп кадрлардың негізсіз сабылуынан қашқанымыз жөн. Біздің мақсатымыз бұл емес.

Есіңізде болсын. Ертең анау үлкен Сарай іске қосылғанда, ішінде не болады?.. Соны ойлап жүрсіздер ме, жоқ па? Содан кейін мынаны да жасаймыз. Кешегі Теміржолшылар сарайы – ол енді бос, керегі жоқ ол. Кеңес өкіметі кезінде әрбір үлкен ұйымның өз мәде­ниет сарайы болды. Бірақ қазір заман басқа, ал ғимарат бос тұ­рып қалмауы керек. Ол жер­ден, мәселен, филармония ашыңыздар».

Президенттің осындай идеялары мен түсіндірмелері Астананың мәдени дамуына қатысты көп жайтты ұғындыруымен ғана емес, сондай-ақ онда көрініс тап­қан Елбасының такти­ка­лық және стратегиялық тұрғы­дан ойлауының үйлесімді син­тезі ар­қылы да қызғылықты болып отыр. Ол «күнделікті» мін­дет­ті тал­қы­лағандай болып көрі­н­гені­мен, соның шешімін алыс келе­шек­­тегі және көпшілік үшін таза «теория­лық» мәселе болып саналатын істердің мүддесіне орайластыратын (біз «Астана Опера» театрының 2013 жылы, ал «Астана Балеттің» 2016 жылы ашылғанын білеміз).

Жаңа елорданың іргесін қалаған Нұрсұлтан Әбішұлы оның ұлтты жаңғыртудың және бостандық пен тәуелсіздік жолындағы жанкешті күресінің символы, халқымыздың ғасыр­лар бойғы арман-мүд­десі­нің материалдық және рухани тұрғыда жүзеге асқаны­ның көрінісі болып саналатынын ешқашан естен шығарған жоқ. Сол себепті «Отан Ана» мону­ментінің құрылысын салу мәсе­лесінің арнайы қарас­тырылуы кездейсоқ емес.

Мен бұл жерде мына бір жайтты оқырманның есіне салғым келеді. 1990 жылдардың басында зиялы қауым арасында және билік орындарында ел тәуелсіздігі идея­сын ұлттың көпғасырлық тарихы тұрғысынан көрсете алатын Отан қорғаушыларға арналған заманауи ескерткіш құрылысының жобасы белсенді түрде ұсынылып, талқыланып жүрген болатын. «Ескерткіш қандай болуға тиіс? Ол не болады: пантеон ба, кенотаф па немесе басқа бір түрде қойыла ма?». Осы және басқа да сұрақтар көп­­теген адамды толғандырған еді.

Жалпыұлттық маңызы бар қастерлі орталықты орнықтыру – асығыс шешім қабылдай салатын жеңіл-желпі шаруа емес. Нұрсұлтан Әбішұлының кеңесте айтқан ой-толғамдары да осы сөзіміздің дәлелі болмақ.

«Н.Ә.Назарбаев: 9 маусым күні сағат 12-де Отан қорғаушылар монументінің іргетасын қалау жоспарланған.

...Менің ойлап отырғаным, батырларымыздың мүрделерін осы жерге алып келіп қайта жерлеу мұсылмандар үшін қанша­лықты орынды? Олардың сүйегін бір жерден екінші жерге ауыстыру деген мұсылмандардың дәс­түрінде бар ма? Мұны қалайша дұрыс іске асыруға болатынын ойланыңыздар.

Мүмкін батырларымыздың қаны тамған киелі жерлердің топы­­ра­ғын әкелгеніміз жөн шы­ғар?.. Оны біздің ата-бабаларымыз шай­қасқан – Аңырақайдан, Бұлан­­­ты­­дан, Түркістаннан, Қазақ­стан­­ның бар­лық түкпір-түкпірінен әкел­сек... Содан кейін – панфиловшылар жан­дарын қиған Мәскеу түбінен, біздің жерлес­теріміз пар­ти­­зан­дық жорық­тарда болған Ук­раи­на мен Беларусьтен, Волго­град­тан, Гер­маниядан жеткіз­сек... Оның үс­тіне, біз жай қаланы емес, еуразия­лық елорданы салып жа­тыр­мыз. Меніңше, топырақ салын­­ған құт­ы­лар тіпті дұрысырақ болар еді.

Арнайы экспедиция жасақтап, оларға түсірушілер тобын қосып, кейін соның бәрін көрсетсек... Ойланыңыздар».

Халықаралық ынтымақ­тас­тық­ты кеңейту мен нығайту, инвестициялар мен зама­науи технологияларды тарту, шетелдік серіктестер мен инвес-
торларды ынталандыру және қолайлы жағдай қалыптас­тыру – Астананы салу кезінде көптеген оң нәтижеге жеткізген Елбасымыздың стратегиялық бағытының тағы бір серпінді күші. Осы орайда Нұрсұлтан Әбішұлының шетелдік серік­тестерге деген құрмет пен алғыс­қа толы сөздерін мысалға кел­тіргім келеді.

«Н.Ә.Назарбаев: Осында жұмыс істеп жатқан барлық шетел­дік компанияларды – «Финтра­коны», «Окан-Исот-холдинг­ті», «Мабетексті», «Ахсель­ді» жә­не «ТехноАртты» келесі жыл­дан бастап жаңа бастама­ларға тар­татынымызға сенімді­мін. Бәріңіз де жұмыс істейтін бо­ла­сыздар. Бұл жерде әлі шаруа көбейеді.

Мен белгіленген барлық мер­зім­нің сақталуын сұраймын. Шегі­нетін жер қалған жоқ. Комис­сия­ның төрағасы – Президент Әкімшілігінің Басшысы Есімов мырза. Ол күнделікті барлық мәсе­лені апта сайын қарайтын бола­ды. Егер сіздерде, айталық, жұ­мыс күшіне, техникаға, мүлік пен нысандарды күзетуге қатыс­ты проблемалар туындаса, қысыл­ма­ңыздар, айтыңыздар. Біз бәрін өзіміз жасаймыз, сіздердің есептеріңізден емес. Сіздер тек жұмыс істеңіздер».

Мәселенің мәнісін терең білу, аудиторияның өзіндік ерекше­лігін ескеру, сенім ахуалын қалып­тастыру, стратегиялық тұрғыдан ойлай білу және құбылмалы жағдайда жедел жол табу сияқты қасиеттерді иеленген Нұрсұлтан Әбішұлы өзін тек саяси жетекші, дипломат, менеджер ғана емес, сонымен бірге өмірлік тәжірибесі мол адам ретінде танытады.

Елбасымен қызметтес болған немесе араласқандардың көпші­лігі оның болмыс-бітімінің тартым­дылығы мен тұтастығы, сыртқы және ішкі мәдениеті, ойыңдағыны оқып отыратын сұңғылалығы мен ой-өрісінің кеңдігі, өзінің энергиясы және идеялары арқылы қа­наттандыра білетін қабілеті жө­нінде айтып жататыны бекер емес.

Дегенмен, біздің Президенті­міздің тіл табысу дағдысымен таныс адамдардың қай-қайсысы да Нұрсұлтан Әбішұлының ең шынайы кейіп-келбеті оның көздеріндегі от ұшқыны мен жарасымды әзілдерінсіз толыға түспейтінін атап өтетіні анық.

Сол кеңесте де Президенттің әзілі мен әжуасы, уытты сөздері айтылмай қалмады.

Мәселен, пікірталастың бір сәтінде қала әкімі мен Президент­тің Іс басқарушысының арасына Мемлекет басшысының төреші болуына тура келді.

«Ә.Р. Жақсыбеков: Көпте­ген ведомстволар абаттандыру жұмысына әлі кіріскен жоқ. Бірақ кінәнің көбін Іс басқармасына артамыз. Әл-Фараби шағын ауданы бойынша арыз-шағым өте көп түсуде. Мәселе мынада, әл-Фараби шағын ауданын абаттандыруға 327 миллион қажет. Владимир Васильевич осы мақсатпен 76 миллион бөлді, одан басқа бір тиын да бермей отыр. Арыз-шағымның көбісі бізде ғана, ал негізі, тапсырыс беруші бұл істі қаржыландыруы керек қой.

Н.Ә.Назарбаев: Владимир Васи­льевич (В.Ни – ҚР Прези­ден­­ті­нің Іс басқарушысы), Сіз Әді­лбек Рыскелдіұлына жауап бер­медіңіз (Ә.Жақсыбеков – Ақ­мола қаласының әкімі). Бүкіл ша­ғын ауданды ластап біттіңіздер: бал­шық­тан аяқ алып жүре алмайсыз.

В.В.Ни: Иә, мен оған жауап беремін. Бірақ қазір оны бұл жерде сөз етудің керегі не? Біз мұны жеке талқылаймыз. Менде оған ақша жоқ. Қалай табамыз, солай міндетті түрде жасаймыз.

Н.Ә.Назарбаев: Владимир Ва­силье­вич, Сіз, кәне, жасаңыз. Макиев­скийдің «ақшамен ақымақ та жасай алады, ал Сіз ақшасыз жа­сап көріңіз» деген қанатты сөзі бар».

Көгалдандыру жұмыстарының мүшкіл халі туралы біл­геннен кейін Президент бірнеше «халықтық» ұсыныс айтып, онысын халықтың жалпақ тілімен түсіндірді.

«Н.Ә.Назарбаев: Қурап қалған әрбір ағаштан шыбық жасап алыңыз да, осылай күтім жасаған адамдардың жалаңаш жамбасынан сабалай беріңіз...

С.В.Кулагин (ҚР Ауыл шаруа­шы­лығы министрі): Сірә, сабап қана қоймай, өлтіру де керек шығар. Мен көрдім, онда ештеңе де өспейді.

Н.Ә.Назарбаев: Сіздің адам­дары­ңыз сондай ғой: отырғызды бітті, қайтып оған көз қырын да салмайды.

Сіз цистерналы машиналарды жүргізіп, әрбір ағаш көктегенше су құйып тұруын ұйымдастыратын болыңыз. Ақмола облысының хал­қын жұмыспен қамтамасыз етіңіз, жұмыссыз отырған колхозшыларды жұмылдырыңыз, әрқай­­сы­сының қолына шелек ұстатып, сыра толы бөшкені әкеліп қойыңыз (залда күлкі). Көктеп кет­кенше бәрі суарылатын болсын. Бұл ма­ңыз­ды мәселе, күлетін түгі де жоқ».

Қала тазалығының қамын ой­лаған Мемлекет басшысы жұрт­тың бәрін немқұрайлылықтан аулақ болуға, көзбояушылық үшін жұмыс істемеуге шақырды. Ғима­рат­тардың алдыңғы беттерін де, аулалардың қуыс-қуыстарын да рет­ке келтіру керектігін айтты: «Абатт­андыру мен тазарту жұ­мыс­тары тек бекітіліп беріл­ген «алақандай» жерде ғана емес, бірнеше көшені бойлай жүргізіл­сін. Адам күтіп-бапталған аллея­дан бұрылған бетте... арғы жағын­дағы қоқысқа мұрнымен тірелетіндей болып шықпасын. Үй ие­лері қонақ шақырғанда мойын­дарын да жуады, пәтерлерін де жинас­тырады, солай емес пе?...».

Астананың байырғы тұрғын­дары алғашқы жылдары масалар­дың қала үшін елеулі проблема болғанын ұмыта қоймаған шығар. Олармен күрестің бір шарасы ретінде Президент былайша кеңес берді: «Әділбек Рыскелдіұлы, ескі құрылыстарды бұзғаннан кейін жүздеген текше метр қоқысты қайда шығарып тастайтыныңызды мен білмеймін. Алайда оны қала­ның өндіріс аймағындағы, түрлі зауыттар мен қоймалардың айна­ла­сындағы көптеген шағын көлшіктерді көму үшін пайда­лану­ға болады. Қоқысты сол батпақтың үстіне апарып төгіңіз, маса біткен мыс легеннің астында басылып, тұншығып қалатындай болсын».

Президент бұл кеңесті әдет­тегі­дей іскерлік көңіл-күймен әрі келешекке деген айқын сенімді кейіп­пен аяқтады: «Тұсаукесер рәсі­мі жа­қын­дағанда біз тағы бір рет жина­ла­мыз, бәрін талқы­лаймыз және нақ­тылаймыз. Болдық па? Рахмет!».

Міне, еліміздің әрбір патриоты­ның бостандық пен тәуелсіздікке байланысты ең жарқын идеяларын, сезімдері мен образдарын жүзеге асырған ел ордасы – Астананың бой көтеруі осылай басталды. Уақыт сабақтастығын қалпына келтіріп әрі бабалар дәстүрін жаңғырта отырып, біз жаңа қаһармандық эпосты өмірге әкелдік. Оның ең керемет аңызының бірі Астана болды.

Мен сол кездесудің маз­мұнын толықтай дерлік әңгімелеп бердім. Бірақ дәйексөздерді осын­ша көбірек алғаныма титтей де өкінбеймін. Себебі бүгінде біз Астана рухы, астаналық стандарт және өмір салты, әлемді тану­дың астаналық әдісі деп жүр­ген­деріміздің негізгі архетип­тері мен түпкі бейнелері сол жылдардағы қызу ой-талқы барысында қалыптасқан еді.

Махмұт Қасымбеков,

Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің бастығы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше