14 Желтоқсан, 2011

Дегдар

648 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Біздің сөз еткелі отырған азаматымыз да қарлығаштың қанатымен су сепкендей шығармашылық иелері мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек қолын созып жүрген, кейінгі буынға үлгі болардай жандардың бірі. Сонымен бірге ол мәдени мұраларымыздың да жанашыр қамқор­шы­сы болып табылады. Сапар Ысқақовтың негізгі мамандығы құрылыс саласының жоғарғы білікті ма­маны десек, аталған салада кеңестік ке­зеңде ұзақ жылдар бойы басшылық қыз­меттер атқарады. Өмірдерегі осылай дейді. Ал 1991 жылдан бастап, жеке кәсіп­керлігімен айналысуды бастайды. «Омар» атты шағын құрылыс кәсіпорнын құрып, 1991-97 жылдар аралығында бұл мекеме Арқалық қаласы мен сол кездегі Торғай облысының халықтық-шаруашылық ны­сан­дарын салу мен қайта жөндеуде ха­лыққа қалтқысыз қызмет көрсетеді. 1998 жылы отбасымен бірге еліміздің жүрегі Астанаға қоныс аударып, жас қаланың өркендеп-өсуіне өз үлесін қосуды мақсат тұтады. Мұнда да сүйікті кәсібіне белсене кіріскен ол «Тілеп» атты жеке серіктестігін құрып, елордадағы тұрғындар игілігіне бірнеше үйлерді тарту етеді. Әрине, өз кәсібіне адал жанның еңбегі қашанда еленбей қалмақ емес. 2003 жылы Женевада (Швейцария) өткен байқауда Халық­аралық «Алтын медальмен» марапатта­ла­ды. Бұл Астанадағы «Арасан» сауықтыру орталығының құрылысына берілген ба­ға­тын. Сапар Ысқақұлы «Жыл адамы, жыл меценаты» сияқты түрлі респуб­ли­ка­лық және халықаралық атаққа ие болған. Қайырымы мол жанның қай кезде де бүйрегі сауапты істерге бұратыны айтпаса да түсінікті. 2003 жылы «Тілеп» қайы­рым­дылық қорын құрып, қарттар мен мү­гедектерге көмек қолын созуы азаматты­ғының тағы бір қырын аша түскендей. Сонымен қатар ол құрған «Әл-Фараби және Сұлтан Бейбарыс» қайырымдылық қоры да қайта қалпына келтіру құрылыс жұмыстары мен реставрацияда көп жұ­мыс­тар тындырды. Солардың бірі Әл- Фа­раби (Дамаск қаласы) кесенесі мен мемориалдық кешенін және Сұлтан Бей­барыс (Каир қаласы) мешітін, сондай-ақ кесенесі, медресесі және кітапханасына (Дамаск қаласы) жасаған реставрациясы дер едік. Сапар Ысқақұлы жас дарынды му­зыканттарды қолдап отыруды да назардан тыс қалдырған емес. Оған бірінші кезекте әйгілі қобызшы композитор Тілеп Аспан­тайұлының тікелей ұрпағы екендігі де себеп болған шығар. Қанмен келген өнерге деген шексіз махаббаты оған «бұлақ көр­сең, көзін аш» деген халық нақылын жиі есіне салатындай. Бабасынан қалған «Бақсы», «Аллам жар», «Толғау» күй­леріне авторлық құқық алуында мұрагер­лік парызын танытты. «Бақсы» күйі бү­гінде еліміздің алтын қорына енген. Осы ретте музыка майталманы, Еңбек Ері Ер­кеғали Рахмадиев: «Сапекеңнің өнерсүй­гіш жүрегі қылқобыз өнерін дәріптеуде айтарлықтай ерен еңбектерімен бағалы. Студент балаларға арнайы тағайындаған стипендиялары, қылқобыздан құралған атасы Тілеп атындағы алғашқы квартет, Қуат Шілдебаев, Бейбіт Дәлденбаев, Серік Әбдінұров сияқты талантты-өскелең азаматтарға арнайы жаңа шығармалар жаз­дыртып, қылқобыздың репертуарла­ры­ның өрісін кеңейткені, Астанадан Қо­быз сарайының құрылысын бастауы, шетел композиторларын шақыртып оркестр­дің сүйемелдеуімен қылқобызға арнап шығарма жаздыртуы, оларды Англия, Жапония сияқты өркениетті елдердің атақты концерт залдарында орындатуы, тек қылқобыздың абыройын аспандатып қана қоймай, бүкіл қазақ өнерінің абыройын арттырғаны», – десе, ғалым-жазушы, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Қой­шығара Салғараұлы: «Сапар – мүм­кін­дігінше ұлттық дәстүрдің үдесінен шы­ғу­ға ұмтылып жүрген азамат. Ол өткізілетін белгілі бір іс-шараларға демеушілік жасай ма, болмаса танылмай жүрген талантты жастардың қабілет көзін ашып, өнерінің өріс алуына көмектесе ме, немесе ма­ңа­йындағы жоқ-жітік, кемтарларға қол ұшын соза ма, бәрібір не істесе де соның бәрін өз ықыласымен, ішкі жан дүниесі қалауының қажеттілігін өтеу үшін жа­сайды», – дейді. Өнерге жасаған демушілігінің бірша­масы жоғарыда айтылды. Оның еліміздің атын шығаруда саяхат саласына көрсет­кен демеушілігі ұшан-теңіз. Ол көптеген қазақстандық ғылыми экспедициялардың демеушісі болды. Олар Таяу Шығыс, Кипр, Моңғолия, Солтүстік Африка және Еуропа елдерінде сапарлаған. С.Ысқақұлы отбасымен бірге әлемнің жүзден астам елін аралаған жиһан­кез. Саяхатшының ерен еңбегі деп 2007 жыл­дың 6 желтоқсанында Оңтүстік полюске (Антарктида) көк туымызды желбірете тігуін айтсақ та артық емес. Бұл елімізден тігілген тұңғыш ту болатын. Мұны елдің абыройын әр кез жоғары болсын деп ойлап жүретін тілеулес жанның Отанына деген ерекше сый-құрметі деп білген абзал. Бүгінде отағасы сүйікті жары Күміс Бейсекқызы екеуі ұл-қыздар тәрбиелеп, олардан немерелер сүйіп отырған ба­қыт­ты жандар. Жүрегі жомарт жанның ендігі тілегі ел тыныштығы. Егемендігіміздің тұғыры биік болып, еліміздің абыройы­ның асқақтай беруіне ниеттестігі оның бізбен болған әңгімесінде жиі айтылып отырды. Алдағы келе жатқан айтулы мереке Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық торқа­лы тойы халқымызға құт-берекесін ала келсін деген ағалық тілек те айтылмай қалмады. «Мен қандай да бір игілікті жұ­мыстар жасасам, сол халқымның ыстық ықыласы мен еліміздің тыныштығы ар­қа­сында болып жатқанын сеземін. Сондық­тан да мен Құдай қуат беріп тұрғанда ел үшін жұмыстарымды жалғастыра беремін», – дейді Сапар Ысқақұлы. Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, Астана.