Қазақстан • 18 Маусым, 2018

Парламентте бюджеттің атқарылу есебі қабылданды

358 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өткен жұма күні Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысының халықаралық шарттарға байланысты Қарулы Күштердің офицерлерін БҰҰ бітімгерлік миссиясын орындауға жіберу туралы үндеулері мен Конституциялық Кеңес төрағасы Қайрат Мәмидің конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдауы жарияланды. Депутаттар, сондай-ақ Үкімет пен Есеп комитетінің 2017 жылғы республикалық бюджеттің орындалуына байланысты есептерін тыңдап, қолдау білдірді.

Парламентте бюджеттің атқарылу есебі қабылданды

Бітімгерлік миссияға аттанады

Аталған жиында алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарулы Күш­тердің әскери қызметшілерін БҰҰ мис­сия­­ларына қатысу үшін жіберу туралы ұсы­ныстары тыңдалды. Еліміздің Конс­титу­циясына сәйкес, ел Пре­зидентінің ұсынысы бойын­ша Парламент халықаралық мін­дет­темелерді орындау үшін рес­пуб­ликаның Қарулы Күш­терін пайдалану туралы шешім қабылдайды.

Сондықтан да Мемлекет бас­шы­сының Үндеуін депутат­тарға жеткізу үшін Қорғаныс министрі Сәкен Жасұзақовқа сөз берілді.

Мемлекет басшысының Үн­деуінде 2014 жылдан бастап ел­і­­міз­дің 11 офицері­нің 12 ай бо­йы Батыс Сахарада және Кот-д’Ивуар Рес­публикасында БҰҰ мис­­сия­ларына қатысқандығы жазылған. Сондай-ақ Гаити мен Либерияға да бітім­герлік әскер жіберу туралы Парламент шешімі болғаны­мен, бұл жорыққа БҰҰ тарапынан сұраныс болмаған. Уақыт өте Кот-д’Ивуар Республикасындағы жағдай тұрақталып, әскери кеңесшілерге мұқтаждық жо­йыл­ған. Ал Батыс Сахарада БҰҰ мис­сиясының сапында әлі еліміздің 5 офицері қызмет атқаруда. Осы сапарлар аясында көптеген офи­цер­леріміз бітімгершілікке қос­қан үлесі үшін медальдармен наград­талған. Тіпті олардың араларында шет жерде басшылық лауазымдық қызметтерге таға­йын­далғандары да бар екен.

«БҰҰ-ның басшылығы әс­кери қызмет­шілердің даярлық дең­гейіне жоғары баға берді және олардың санын арттыруға мүдделілік танытуда. Осыған байланысты бітімгершілік қыз­метке қатысуды кеңей­ту мақ­сатында әскери байқаушылар мен штаб­тық офицерлерді, Қазақ­­стан Қарулы Күштерінің офи­­ц­ерлерін БҰҰ-ның миссия­лары­на қатысу географиясын кеңей­ту ұсынылады.

Бұл БҰҰ-ның бітімгершілік операция­сын жүр­гізу аумағындағы қауіпсіз­дік пен ағымдағы ахуал туралы ауқым­­ды ақпарат алуға және осы а­қпаратты контингент құра­мын­да миссияға одан әрі қатысу жөнін­дегі ұстанымды пысықтау үшін пайдалануға мүмкіндік береді. Одан басқа миссияда болу нәтижесінде алын­ған халық­аралық стандарттар жөнін­­де­гі тәжірибе мен жұмыс дағ­ды­­­лары Қарулы Күштер­дің ел­і­міз­­дегі оқу-жаттығу талап­тары өткізетін оқу, білім беру процесінде қолданылады. Кома­ндалық және штабтық лауа­зым­дарға тағайындау кезін­де ескеріледі. Осы контекс­те Қор­ғаныс министрлігі Сырт­қы істер министрлігімен бірле­сіп, Қазақстанның қауіпсіздік сала­сындағы әскери-саяси ынтымақ­тастығын, саяси ынтымақтасты­ғы және басқа мемлекеттермен қарым-қатынастарын ескере отырып, басымдық берілген бітім­гершілік миссияларының тізі­мін әзірледі», – делінген Қазақ­стан Президентінің Үндеуінде.

Мемлекет басшысының па­йым­­­дауын­ша, БҰҰ-ның ми­с­сия­­ларын­дағы еліміздің әскери бай­қау­шылары мен штабтық офи­цер­лерінің санын арттыру халықаралық қауіпсіз­дік­­ті нығайтуға елеулі үлес қосу болып табылады. Бұл өз кезегін­де Қазақ­станның беделін БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақ­ты емес мүшесі ретіндегі қыз­меті аясында халықаралық қауіп­сіз­діктің жауапты мүшесі ретінде нығайта түспек.

Сондай-ақ Елбасы өз Үн­деуінде «Осы айтылған мін­дет­­терді шешу үшін Қазақстан Конституциясының 53-бабына сәйкес мыналардың құрамында әскери байқаушылар мен штаб­тық офицерлер ретінде БҰҰ-ның миссияларына қаты­сатын Қазақстан Қарулы Күштерінің офицерлерін 40 адамға дейін жіберу туралы ұсыныс енгіземін. Олар: «бірінші – БҰҰ-ның Таяу Шығыстағы миссиясы. Екін­ші – БҰҰ-ның Кипрдағы бейбіт­шілікті қолдау жөніндегі қарулы күштері. Үшінші – БҰҰ-ның Үндістандағы және Пәкістандағы әскери байқаушылар тобы. Төртінші – БҰҰ-ның Ливандағы уақытша күштері. Бесінші – БҰҰ-ның Батыс Сахарада референдум жүргізу жөніндегі миссия­сы», – делінген.

Елбасының екінші Үндеуін­де: «БҰҰ-ның миссиясына кон­тингентті жіберу тек халықара­лық қауіпсіздікті нығайту ісіне сал­мақты үлес қосып қана қой­май, Қазақстанның әлем­дік қауіп­сіздіктің жауапты мүшесі ретінде, оның ішінде Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақ­ты емес мүше болуының қоры­тын­­дысын шығаруы аясында беделін нығайтады. Осы тұр­ғы­да Қазақстан Қарулы Күш­терінің бітімгершілік бөлімшесін Ливандағы БҰҰ миссиясына жіберу мәселесі зерделеніп, пы­сық­талды. Аталған операцияға қа­тысу Қазақстан Қарулы Күш­теріне коалициялық топтар шең­берінде әскерлерді қолдануға, өзара іс-қимыл және жоспарлау мәселелерін пысықтауға, бітім­гершілік пен гуманитарлық операция­ларда кең жауынгерлік дағ­дылануға, Таяу Шығыстың табиғи-климаттық жағдайында Қазақстан бөлімшесінің жауын­ге­рлік қабілетін тексеруге мүм­кіндік туғызады. Баяндал­ғанның негізінде Қазақстан Конс­­ти­туциясының 53-бабына сәйкес, Қазақстан Қарулы Күштерінің бітімгершілік контин­гентін 120 әскери қызметшіге дейін Үндістан Республикасы Қарулы Күштері бөлімшесі құрамында Ливандағы БҰҰ-ның уақытша күштері миссиясына қатысу үшін жіберу туралы ұсыныс енгі­земін», – делінген.

Парламент депутаттары Мем­лекет басшы­сының бұл ұсы­ныс­тарына толықтай қолдау білдіріп, арнайы қаулы қабылдады.

Бюджетті шашау шығармау керек

Жиында Үкіметтің және Есеп комитеті­нің 2017 жылғы респуб­ликалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері жөнінде Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов пен Есеп комитетінің төрағасы На­талья Годунова баян­дама жасады.

Қаржы министрі атап өткен­дей, 2017 жылға арналған рес­­публикалық бюджетті іске асыру­­дың негізгі міндеттері – экономи­калық өсу мен әлеуметтік әл-ауқат­­тың оң дина­микасын сақ­тау­ға, дағдарыстан кейінгі даму үшін жағдай жасауға бағыт­тал­ған. Бар­лық әлеуметтік міндет­те­мелер мен бюджет­тің шығыс бөлігі 99,8 пайызға орындалып, 11 трлн 156 млрд теңге игерілген.

– Ана мен балаға жәрдем көрсету – әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі. Бала тууына байланысты берілетін жәрдемақыға 35,2 млрд теңге қаражат бөлініп, 392 мыңнан аса адамға төленді. Ал табысы аз отбасылардың 18 жасқа дейінгі балаларына берілетін жәрдемақымен 539 мыңнан аса бала қамтылды. Есепті талдау кезінде бюджет қаражатын игеруде жіберілген кемшіліктер жылдан жылға қайталануы айтылды. Алдымызда тұрған басты мақсат – ол мемлекеттік органдармен бірлесіп осы кемшіліктерді азайту үшін жұмыс атқару. Бірқатар шараларды біз есепті жылы бастадық. Мәселен, мемлекеттік сатып алу мен оның рәсімдерін камералды бақылау толығымен автоматтандырылды. Бірақ бұл салада әлі де болса көкейкесті мәселелер бар. Оларды шешу үшін тиісті заң жобасы әзірленіп, Парламент қарауына енгізілді, – деді Қаржы министрі.

Бақыт Сұлтановтың айтуынша, өткен жылы қабылданған жаңа Салық кодексі салықтық әкімшілендіруді жетілдіру жолы мен бизнестің тұрақты дамуына, инвести­ция­ларды ынталандыруға және елдің бәсе­­кеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Биылғы жылы осы өзгерістерді іске асыру арқылы кәсіпкерлердің қыз­меттеріне аралас­пау және бизнес процестерді цифрландыру есебінен салықтарды жинауды ұлғайту жос­парлануда.

Нәтижесінде, бір жағынан салықтар­дың ішіндегі шағын және орта бизнес­тен түсетін кірістердің үлесі ұлғайтылады, екінші жағы­нан бюджеттің мұнай және басқа да шикізат секторларына тәуелділігі төмендейді.

– Бюджет кірістерінің әлі де болса Ұлттық Қордан тартылатын трансферттер мен шикізат секторынан тәуелділігі, салық­тық әкімшілендірудегі біраз кемшіліктер туралы сіздердің айтқан ескертулеріңіз орынды, – деді Б.Сұлтанов депутаттарға.

 Өз кезегінде Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова бұған дейінгі ескертулерге назар аударды. Оның пікірінше, Үкімет бюджеттің шығыс бөлігінің жүз пайыздық өсімін қамтамасыз етті. Бірақ оның сапасы мен тиімділігі әлі де көптеген мәселелерді тудырады. Сонымен қатар бюджет Парламентте екі рет нақтыланып, Үкіметте бірнеше рет түзетілді.

– Проблемалық мәселелерді атап айтқанда, сапалы салықтық басқару және жоспарлау, соның ішінде кіші бизнесті қолдау бағ­дар­л­амаларын іске асыру, бух­галтерлік есеп жүргізу, квази­мем­­лекеттік секторға бөлі­нетін қаражаттардың тиімсіздігі анық­талып отыр, – деді Н.Годунова.

Есеп комитеті төрағасының айтуын­ша, салықтық әкімші­лен­діру сапасын арттыру үшін салықтық әлеует пен нақты алын­ған салықтардың арасын­да­ғы айырмашылықты білдіретін «салықтық айырмашылық» ұғымымен бюджеттік заңнаманы толықтыру қажет.

Бірлескен отырыста депутаттар талқы­лауларға белсене қатысып, Үкімет мүшелеріне сауалдарын берді.

Ал отырыс қорытындысы бойынша, Парламент Үкімет пен Есеп комитетінің кірістері – 9 691 789 143 мың теңге, шығыс­тары – 10 677 506 431 мың теңгені құрай­тын 2017 жылға арналған респуб­ликалық бюд­жеттің атқарылуы туралы есептерін бекітті.

 Палаталардың бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев депутаттарға бірлескен жұмыс үшін алғысын білдірді.

Сондай-ақ палаталардың бірлескен отырысында Конституциялық Кеңес Төрағасы Қайрат Мәми «Қазақстан Республикасын­дағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі» туралы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің жыл сайынғы жолдауын жариялады.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»