Үкімет • 18 Маусым, 2018

Ауыл шаруашылығы министрі халыққа есеп берді

435 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қазмедиа» орталығында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің халыққа есеп беру кездесуі өтті.   

Ауыл шаруашылығы министрі халыққа есеп берді

«Осы кезең ішінде шығарыл­ған жалпы ауылшаруашылық өнімдері 3,9 пайызды, яғни 745 млрд теңгені құрады. Өндірілген тамақ өнімдері 6,3 пайызға артты. Қазақстанның қол жеткізген бәсекеге қабілеттілік деңгейін қолдау және оның одан әрі кеңеюі үшін агроөнеркәсіптік кеше­нді мемлекеттік реттеудің тәсіл­дері қайта қаралып, ішкі нарық­тың қорғалуына, сырт­қы сауда нарығын кеңейтуге, сауда-логистикалық инфра­құры­лымды дамытуға және агро­өнер­кәсіптік кешен субъек­тілерін қаржыландырудың қолжетім­ділігін арттыруға баса назар аударылды.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 3 айда 47 пайызға, оның ішінде өңделген өнімдер экспорты 26 пайызға ұлғайды. Ауыл шаруашылығына салынған инвес­тициялар көлемі 1,4 пайызға өсіп, 88 млрд теңге болды. 2018 жылы егістік жерлер көлемін 50,2 пайызға (11,4 млн га) қысқарту жоспарланып отыр. Мал шаруашылығында өткен кезеңде мал мен құс саны орта есеппен 4,1 пайызға ұлғайды», деді Ө.Шөкеев.

Ол сондай-ақ өндірілген ет көлемі 4,8 пайызға (345,1 мың тоннадан 361,6 мың тоннаға дейін), сүт 2,5 пайызға (1942,9 мың тоннадан 1992,5 мың тоннаға), жұмыртқа 15,7 пайызға (1896,1 млн данадан 2194,4 млн данаға дейін) артқанын атап көрсетті. Елбасы халыққа Жолдауында агроөнеркәсіптік кешен алдында еңбек өнімділігін түбегейлі ұлғайту және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортының өсімін 5 жыл ішінде кемінде 2,5 есеге арттыру міндетін қойғаны белгілі.

Бұл міндетті шешу саланы дамытуда мүлде жаңа көзқарасты талап етеді. Қазіргі уақытта азық-түліктің негізгі 30 түрінің 25-і бойынша қамтамасыз етілуі 80 пайыз, ал кейбір түрлері бо­йынша 100 пайызды құрап отыр. Ішкі нарық осы өнім түрлерімен қамтамасыз етілуде. Импортқа тәуелді құс еті, алма, ірімшік және сүзбе, шұжық, қант, балық бұл тізімге кірмейді. Жоғарыда аталған міндеттерді ескере отырып, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министр­лігі агро­бизнес және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін тарта отырып, 2017-2021 жыл­дарға арналған Қазақстан Рес­пуб­ликасы агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына түзетулер енгізу бойынша жұмыс жүргізген.

Ө.Шөкеевтің сөзінше, бағдар­ламаның түйінді көрсеткіштері мен іс-шаралары негізінде, жобалық басқару стандарттарына сәйкес агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі бағыттары бойынша ұзақ мерзімді салалық бағдарлама­лар әзірленіп, оларды іске асыру мер­зімі 10 және одан да көп жыл­ды құ­райды екен. Бұлар – ет және сүтті мал шаруашылығын, құс шаруашылығын, суарма­лы жерлерді дамыту бағдарлама­лары. Сонымен қатар Мемле­кеттік бағ­дарлама аясында саланы цифр­ландыруға, техникалық рет­теуге, ауылдық аумақтарды дамы­ту және салық салу мәсе­ле­лері қарастырылатын болады.

Жалпы, Мемлекеттік бағдар­ламада 10 міндетті орындау көз­деліпті. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаржыландырудың қолжетім­ділігі, тиімді салық салу, жер және су ресурстарын тиімді пайдалану, нарықтарға қол жеткізу және экспортты дамыту, аграрлы ғылым, техникалық жабдықтау мен өндірісті жандандыру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен цифрландыру, ауылдық жерлерді дамыту. Осылайша, мемлекеттік бағдарлама агроөнеркәсіптік кешен салаларын дамытудың негізгі шарттарын қамтамасыз етеді.

Айта кететін тағы бір жайт, Мем­лекет басшысының Қытай Халық Республикасына жаса­ған мем­лекеттік сапары аясында Бей­жің қаласында Қазақ­стан Рес­пуб­ликасы Ауыл шаруа­шы­лы­ғы министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасында Қазақ­станнан Қытайға экспортталатын сиыр етіне арналған инспекция, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар туралы хаттамаға қол қойылған болатын. Бұл хаттама мұздатылған сүйексіз сиыр етін Қытайға экспорттауға мүмкіндік береді.

Жиын соңында Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев жиынға қатысушылардың және аймақтардан келген жұрт­шылықтың сан түрлі сұрақтарына жан-жақты жауап берді.

Рауан ҚАЙДАР,

«Егемен Қазақстан»