Қазақстан • 18 Маусым, 2018

ҚР КК-нің «ҚР конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауы

1249 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін

2018 жылғы 15 маусымда Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында жария етілді.

ҚР КК-нің «ҚР конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» жолдауы

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі Қазақстан Республикасы Конституциясы 53-бабының 6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Пар­ламентіне «Қазақстан Республикасындағы консти­ту­­циялық заңдылықтың жай-күйі туралы» Жолдауын ұсы­нады.

I.

Өткен жылғы Жолдау жарияланғаннан бергі бір жыл ішінде елімізді қоғамдық-саяси жаңғырту бойынша ауқымды іс-шаралар атқарылып, конституциялық құндылықтарды одан әрі байытуға және Қазақстан Республикасы Конституциясының тиімділігін арттыруға ықпалын тигізген айтулы оқиғалар орын алды.

Бұл уақыт Қазақстанның мемлекеттілігі және оның дамуы үшін Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 10 наурыздағы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы арқылы жүргізілген конституциялық реформаны іске асыруды жалғастырумен есте қалды.

Содан бастап еліміз жаңа конституциялық шынайылық жағдайында өмір сүріп келеді. Үшінші жаңғыру және ғаламдық бәсекеге қабілеттілікте еліміздің берік ұстанымын қамтамасыз ету шеңберінде Қазақстанның сапалы өсіп-өркендеуі үшін саяси-құқықтық алғышарттар жасалды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүм­кіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында Қазақ­станның жаңа әлемде жетістікке жету жолын табуы және бейімделуі үшін бірінші кезекте қолға алынуы тиіс істердің кешені айқындалған. Жолдаудың көптеген идеялары аталған конституциялық реформаның ережелерімен сәйкес келеді және оларды әрі қарай жүзеге асыру бір-бірін өзара толықтыра түседі. Жолдауда азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігі туралы айтылған.

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын бекітті. Оның тұғырын «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асырудың жүйелі жеті реформасы мен жеті басым саясатының үйлесімі құрайды.

Елбасы 2018 жылғы 5 наурызда Парламент Палатала­рының бірлескен отырысында жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі Қазақстан Республикасының әлеуметтік сипатын пәрменді түрде байыта түсті.

Қазақстан Республикасы 2017-2018 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі, ал 2018 жылдың қаңтар айында оған төрағалық етті.

Қазақстанның әлемдік аренадағы жетістіктері еліміздің халықаралық беделінің және Республика Конституциясында бекітілген бейбітшіл сыртқы саясатының көрінісі.

Конституциялық новеллаларды өмірге енгізу үдерісі үш бағытта тоғыстырылды. Бұл заңдарды және басқа да құқықтық актілерді қабылдау, яғни жаңартылған Конституцияға қолданыстағы заңнаманы сәйкестендіру; жаңа құқық қолдану практикасын қалыптастыру; қоғамдық сананы, соның ішінде азаматтар мен мемлекеттік қызметкерлердің құқықтық мәдениетін, жаңғырту.

Конституциялық реформаны іске асыру барысында Республика Президенті бірқатар Жарлықтарды түзетті, Парламент конституциялық және ағымдағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізді, Конституциялық Кеңес бұрын қабылданған кейбір нормативтік қаулыларының заңды күшін толық немесе ішінара жойды.

Осылайша конституциялық реформа тек Негізгі Заңның мәтінімен ғана шектелмей, бүгінде ол заңнамадағы, оның заңға тәуелді реттеу деңгейін қоса, елеулі өзгерістермен қуатталып отыр.

Құқық шығармашылық практикасында Конституцияда бекітілген маңызды қағидаттар мен мақсаттарға қол жеткізу тұрғысынан салалық нормалардың тиімділігін бағалау туралы ұстаным жыл сайын күшейтіліп келеді.

Елімізде конституциялық заңдылық режимін нығайтуға қызмет ететін Конституциялық Кеңестің халықаралық байланыстары көпвекторлы сыртқы саясат шеңберінде дамып келеді. Қазақстанның Конституциялық Кеңесінің Төрағасы 112 елдің конституциялық әділет органдары мүше Конституциялық сот төрелігі бойынша дүниежүзілік конференция Бюросының құрамына кірді. Сондай-ақ 2018 жылы Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы Жаңа демократия елдері конституциялық бақылау органдары конференциясының төрағасы болып сайланды.

Конституциялық Кеңес 2019-2021 жылдары Азия елдерінің конституциялық соттары мен баламалы институттары қауымдастығына төрағалық ететін болады.

II.

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Конституциялық Кеңестің басты тағайыны – Қазақстанда Негізгі Заңның жоғары тұруы принципін орнықтыру.

Осы уақытқа дейін Қазақстанда Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін орындауға бағытталған бірқатар заңнамалық және өзге де актілер қабылданды.

«Мемлекет мұқтажы», «ерекше жағдайлар», «құны тең бағамен өтелген кезде» деген ұғымдардың мазмұнын заңда ашып көрсету мақсатында (Конституциялық Кеңестің 2000 жылғы 20 желтоқсандағы № 21/2 нормативтік қаулысы, 2013 жылғы 12 маусымдағы жолдауы және басқалар) Әділет министрлігі меншік құқығын қорғауды күшейтуге қатысты заңнамаға ревизия жүргізді. Оның қорытындысы бойынша «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту және төрелік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленді.

Конституциялық Кеңестің қорында құқық қорғау жүйесінің мәселелеріне қатысты бірқатар құқықтық ұстанымдар мен ұсыныстар бар.

Олар «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне құқық қорғау қызметінің процестік негіздерін жаңғырту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 21 желтоқсандағы Заңында ескерілген.

Тұтастай алғанда, түзетулер қылмыстық процесте азаматтарды қорғау деңгейін арттыруға және оның репрессивтілігін төмендетуге; ең алдымен адвокаттардың процестік мүмкіндіктерін кеңейту есебінен қылмыстық процестің жарыспалылығын арттыруға; қылмыстық істерді тергеу рәсімдерін оңтайландыруға және қылмыстық процестің үнемділігін қамтамасыз етуге; сотқа дейінгі сатыда сот бақылауын одан әрі күшейтуге; сотқа дейінгі тергеу органдары, прокуратура және сот арасындағы өкілеттіктердің қосарлануын болдырмауға және оларды нақты бөлуге бағытталған.

Қылмыстардан жәбірленген азаматтардың мүліктік зиянын өтеуге мемлекеттің қаржылық қатысуының қажеттігі туралы Конституциялық Кеңестің құқықтық ұстанымдарын іске асыру үшін (2005 жылғы 27 маусымдағы және 2006 жылғы 20 маусымдағы жолдаулары) Мемлекет басшысы ағымдағы жылдың басында «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жәбірленушілерге өтемақы қоры мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңдарына қол қойды.

Конституциялық Кеңестің 2001 жылғы 7 мамырдағы № 6/2 нормативтік қаулысын орындау мақсатында «Байқоңыр» кешенінің аумағында Қазақстан Республикасы азаматтарын әкімшілік жауапкершілікке тарту тәртібін өзгерту бойынша шаралар қабылдануда.

Ішкі істер министрлігінің мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жасау барысында «Байқоңыр» кешенінің аумағында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде юрисдикциялар белгілеу және құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылдары туралы Қазақстан мен Ресей арасындағы үкіметаралық келісімнің жаңа жобасын әзірлеудің орындылығы жайлы ұстаным қалыптастырылды.

Конституциялық Кеңестің құқықтық ұстанымдары мен ұсыныстарын орындау жұмысы жалғасуда.

III.

Қазақстан Республикасы Конституциясының ереже­лері мен нормаларын өмірге енгізу, конституциялық заң­дылықты орнықтыру адам құқықтары саласында жал­пыға танылған принциптер мен стандарттарды сақтай отырып, заңдарды және өзге де құқықтық актілерді Негізгі Заңға қатаң сәйкестікте қабылдау, сонымен қоса, конституциялық мәдениет деңгейін көтеру қажеттігін білдіреді.

Цифрлық дамудың жоғары қарқыны, мемлекетті басқару жүйесін жаңғырту, жаһандану, экономикада, саясатта, идеологияда, әлеуметтік салада трансформацияға әкеп соғатын қазіргі заманғы сын-қатерлер және басқа да факторлар құқық үстемдігін орнықтыруға мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің күш-жігерін барынша шоғырландыруын талап етеді.

Конституциялық Кеңестің пайымдауынша, Негізгі Заңның жетекшілігімен конституционализмді нығайту құқық үстемдігін қамтамасыз еткен жағдайда ғана толыққанды іске асырылатын болады. Ол адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепілділігін; заңдылық режимінің қамтамасыз етілуін; құқықтық айқындылықты; әділдікті, тепе-теңдікті және заң алдында жұрттың бәрінің теңдігін; кемсітушілікті, кімнің болсын өкілеттігін теріс пайдалануын болдырмау арқылы мемлекеттік биліктің біртұтастығын және бөлінетіндігін бекітуді; сондай-ақ сот төрелігіне барынша қол жеткізуді қамтиды.

Конституциялық Кеңестің төмендегі ұсыныстары қойылған міндеттерді шешуге бағытталған, олардың бір бөлігі Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарынан келіп шығады.

1. Құқық үстемдігін құрметтеуді және жаппай заңға мойынұсынушылықты мақсатты және жүйелі түрде қалыптастыру қажет.

Конституциялық Кеңес «Рухани жаңғыру» ұлттық жобасы шеңберінде қоғамдық сананың құрамдас бөлігі ретінде азаматтардың конституциялық мәдениетін жаңғырту бойынша шаралар қабылдауда.

Конституциялық Кеңес өзінің әлеуетін басқа ұйым­дастырушылық нысандарда барынша толық пайдалану арқылы өзіне жүктелген миссияны іске асыруға кірісіп кетті. Конституцияны түсіну және ғылыми ұғыну деңгейін арттыру, оның ережелері мен нормаларын терең түсіндіру бойынша жұмыстар қарқын алды.

Осы мақсатта өткен жылы енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ескерілген Қазақстан Республикасының Конституциясына түсіндірме шығарылды.

Конституциялық Кеңестің бастамасымен оқушы жастарды құқықтық мәдениетке тәрбиелеу бойынша мақсатты жұмыстар жүргізіліп келеді (конкурстар, іскерлік ойындар, кездесулер, ашық есік күндері, отырыстарға шақыру және басқалар).

Бұл қызмет бүгінде ең қымбат қазынасы адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекеттің қалыптастырылып жатқан ұлттық құқықтық дәстүрлерін өздеріне сіңіре алатын, сондай-ақ өзгермейтін конституциялық құндылықтар арқылы көрініс тапқан қазақстандық конституциялық бірегейлікті сезінетін жаңа буынды тәрбиелеу мақсатында жүргізіледі.

Белгілі бір іс-шаралар мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің конституциялық құқықты түсіну деңгейін арттыруға бағытталған.

Қойылған міндеттің ауқымдылығын ескере отырып, құқықты насихаттау және конституциялық патриотизмге тәрбиелеумен жүйелі тұрақты түрде барлық мемлекеттік органдар айналысуы тиіс.

2. Ғылыми айқындалған индикаторлар негізінде қолданыстағы құқықты және құқық қолдану практикасын конституциялық құндылықтардың жүзеге асырылуы тұрғысынан талдап қорытатын жаппай конституциялық мониторингтің тиімді жүйесін қалыптастыру және енгізу керек (Конституциялық Кеңестің 2016 жылғы 16 маусымдағы және 2017 жылғы 9 маусымдағы жолдаулары). Аталған индикаторлардың тізбесін, сондай-ақ, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуының мақсаттарына қол жеткізуде заңнамалық және өзге де құқықтық актілердің реттеуші ықпалын зерделеу мен бағалау тетігін әзірлеу өзекті болып табылады.

Осы бағыттағы Конституциялық Кеңес қызметімен қатар, мониторингпен тиісті саладағы саясатты әзірлейтін, конституциялық және заңнамалық нормаларды қолдануды және іске асыруды жүзеге асыратын барлық мемлекеттік органдар айналысуы тиіс.

3. Заң шығармашылық жұмысының деңгейін арттыру мақсатында мыналар ұсынылады:

3.1. Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және қабылдау бойынша практикалық қызметте ғылыми зерттеулер нәтижелерін апробациялау; заңнаманы дамытудың жағымды және жағымсыз үрдістеріне ғылыми-практикалық талдау жүргізу; құқық шығармашылық қызметіне «жасанды интеллект» құралдарын енгізу; нормативтік құқықтық актілерде мазмұндалған құқықтық шектеулердің мөлшерлестігі мен тепе-теңдігі принципін қамтамасыз етудің нақты өлшемдерін әзірлеу.

3.2. Құқықтық реттеудің тиімділігін нормативтік құқықтық актілерді әзірлеудің «пакеттік» қағидатын іске асыру жолымен, яғни нақты қоғамдық қатынастарды реттейтін заңдар мен өзге де құқықтық актілердің кешенін (пакетін) бір мезгілде әзірлеу және қабылдау арқылы, қамтамасыз етуге болады.

Бұдан басқа, тікелей қолданылатын нормалардың санын көбейту, сілтемелік нормалар санын азайту орынды болады. Заңнамалық практикаға шоғырландырылған заңдар­ды қабылдауды енгізу керек. Олар «Құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген.

3.3. Қоғам мен мемлекет дамуының серпінді қарқыны, жаһандану процестерінің тереңдеуі және осыдан туындайтын сын-қатерлер дер кезінде, ал кейде озыңқы құқықтық реттеу қажеттігін негіздейді. Осы процесте заңнаманың шынайы өмірден қалып қоймауына жол бермеудің және құқықтық кеңістіктегі кемістіктермен байланысты жағымсыз салдардың туындауын күтпестен, құқықтық шараларға уақтылы ден қоюдың маңызы зор. Аталған мақсатқа қол жеткізу құралдарының бірі құқықтық жүйеде бұрын белгісіз институттарды перспективті заңнамалық реттеу болып табылады.

3.4. Конституциялық Кеңес қолданыстағы заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулардың негізсіз жиі енгізілетініне мемлекеттік органдардың назарын бұрын да аударған болатын (2013 жылғы 12 маусымдағы жолдауы). Бұл туралы Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында да айтылған (4.1-бастама).

Конституциялық заңдылықтың жай-күйі құқықтық нормалардың айқындылығына, субъектілердің заңнама талаптарымен танысуы және саналы түрде бағынуы үшін, уақыт аралығын қоса алғанда, тиісті жағдайлардың болуына байланысты. Бұл, әсіресе тұрғындардың және бизнестің күнделікті қызметін тікелей регламенттейтін құқықтық актілерге қатысты. Құқықтық айқындылық қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеудің тиімділігін қамтамасыз етеді және таңдалған құқықтық үлгінің жарамдылығын толыққанды бағалауға мүмкіндік береді.

Құқықтық айқындылық қағидатын бұлжытпай орындау құқықтық қауіпсіздікке және құқықтық реттеудің бол­жамдылығына ықпал етеді, жеке тұлғаның конс­титу­циялық құқықтары мен бостандықтарын мем­ле­кеттік қорғаудың кепілдерін арттырады, азамат­тардың мемлекеттік билікке және оның институттарына сенімін қолдаудың маңызды құралы қызметін атқарады.

4. Конституцияның үстемдігін қамтамасыз ету оның жасампаз әлеуетін ашуға бағытталған қосымша заңнамалық шаралар қабылдауды талап етеді.

4.1. Үстіміздегі жылы Конституциялық Кеңес Қарағанды облысының Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 47-бабының 5-тармағын конституциялық емес деп тану туралы ұсынысын қарады.

Конституциялық Кеңес өзінің 2018 жылғы 10 сәуірдегі № 3 нормативтік қаулысында әйелдің жүктілігі, босану кезіндегі және одан кейінгі уақытта өзін күтіп-бағуға баланың әкесінен қаражат алу құқығын, олардың арасында некелік қарым-қатынастардың болуына немесе болмауына қарай жіктеу мемлекеттің некеге негізделген отбасы институтын қорғау бойынша өз міндеттемелерін іске асыруына байланысты деп түсінік берді.

Сонымен бірге Конституциялық Кеңес табиғи жаратылыстану заңдарына байланысты жүктілік кезеңінде және бала өмірінің алғашқы жылдарында баланың мүддесін оның анасынан бөліп қарау мүмкін емес деп атап өтті. Осы маңызды кезеңде ананың және баланың құқықтары мен заңды мүдделерін барабар қорғауға кепілдік беру қажет. Ол баланың және оның қамқоры болып отырған анасының да тыныс-тіршілігін қажетті деңгейде барынша сақтауды қамтамасыз ететін тиімді құқықтық тетіктерді белгілеуді білдіреді.

Конституциялық Кеңес Кодекстің 47-бабы 5-тарма­ғын конституциялық деп тани отырып, неке-отбасы заңнамасының жекелеген кемшіліктерін көрсетті. Онда Кодекстің қаралған нормасындағы «босанғанға дейін­­гі кезең» және «босанғаннан кейінгі кезең» деген ұғымдардың мазмұны және олардың уақыт шектері анық­талмаған.

Соттың аталған ұсынысын қарау барысында некеге тұр­маған әйелдердің және олардың асырауындағы мүге­дек-балалардың заңды мүдделерін қорғауға байланыс­ты басқа да сұрақтар туындады.

Осыған байланысты, Конституциялық Кеңес Республика Үкіметіне ана мен баланың құқықтарын және бостандықтарын неғұрлым толық қамтамасыз ету мақсатында «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жыл­ғы 26 жел­тоқсандағы Кодексіне түзетулер енгізуге баста­ма­шы­лық жасау туралы мәселені қарауға ұсыным берді.

4.2. Конституцияның 17-бабының 2-тармағына сәйкес ешкімді азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездік немесе адамдық қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге не жазалауға болмайды.

Адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмаушылық кепілдерін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуын болдырмау мақсатында оларды қорғау тетіктерін халықаралық стандарттарға сай күшейту керек.

4.3. Конституциялық Кеңестің 2007 жылғы 18 сәуірдегі № 4 нормативтік қаулысында және «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» 2015 жылғы 16 маусымдағы Жолдауында қылмыстық істі сот алқабилерінің қатысуымен (Негізгі Заңның 75-бабының 2-тармағы) қарау мүмкіншілігі айыпталушының құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуының Конституцияда баянды етілген процессуалдық кепілдіктері қатарына жатады, оларды жүзеге асыру тетіктері заңмен белгіленеді, деп айтылған.

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында алқабилер соты институтын одан әрі дамыту көзделген (4.12-бастама).

Осыған байланысты, алқабилер соты қызметінің ұйымдастырушылық және процестік негіздерін жетілдіру маңызды болады.

4.4. Конституциялық Кеңестің 2008 жылғы 27 ақпан­дағы № 2 нормативтік қаулысында адамның және аза­маттың конституциялық құқықтары мен бостан­дық­тарын шектейтін заң заңдық тұрғыдан дәлме-дәл және әкеп соқтыратын салдары болжаулы болуға тиіс, яғни оның нормалары жеткілікті дәрежеде анық тұжырымдалып және заң ережелерін өзінше пайымдау мүмкіндігін жоққа шығара отырып, заңға сай мінез-құлықты заңға сай емес-
тен мейлінше айқындықпен ажыратуға мүмкіндік беретін түсінікті өлшемдерге негізделуі керек деп айтылған.

Заңнамалық актілердегі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жол беретін бір-біріне қарама-қайшылықтарды жою жұмысын жалғастыру қажет.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің мемлекеттік қызметшілерге сый тарту мәселелерін реттейтін ережелерін Республика Қылмыстық кодексінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауаптылықтан босату жағдайларын регламенттейтін нормаларымен үйлестірген жөн.

4.5. Конституцияның 39-бабының 1-тармағына сәйкес адамның құқықтары мен бостандықтары тек заңмен шектелуі мүмкін (Конституциялық Кеңестің 2002 жылғы 4 сәуірдегі № 2, 2008 жылғы 27 ақпандағы № 2 нормативтік қаулылары, 2005 жылғы 27 маусымдағы жолдауы және басқалар). Алайда іс жүзінде кейбір заңдар көзделген шектеулерді атап өтеді, ал қатаң құқық шектеу сипатқа ие шаралармен ұштасатын оларды қолдану тетіктері заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілермен регламенттеледі. Бұған жол берілмеуі тиіс.

Мәселен, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес қарауында жатқан әкім­шілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша күш­теп әкелу іс жүргізуді қамтамасыз ету шарасы ретінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Iшкi iстер және Қаржы министрлiктерi белгiлеген тәртiп­пен жүргізіледі (790-баптың екінші бөлігі).

Кодекстің осы ережелерін орындау үшін аталған мемлекеттік органдар күштеп әкелу уақытын, бұл шара қолдануға жатпайтын тұлғалар тізімін, келмеудің себеп­терін дәлелді деп тану мән-жайларын және тағы басқаны белгілейтін ведомстволық нормативтік құқықтық актілер қабылдаған.

«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңында күштеп әкелуді мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы ретінде қолдану көзделген. Ол сот санкциялаған қаулы негізінде сот орындаушысына келуден жалтарып жүрген адамға қолданылады.

Дегенмен, осы заңнамалық актіде күштеп әкелуді қолдану тәртібі айқындалмаған.

Қылмыстық сот ісін жүргізуде процестік мәжбүрлеу шарасы ретінде күштеп әкелуді қолдану тәртібі Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексімен белгіленген (157-бап).

Конституциялық Кеңес аталған мемлекеттік мәжбүрлеу шараларының құқықтық болмысы ортақ және олар бірқатар адам құқықтарының (жеке басының бостандығына, еркін жүріп-тұруға және тұрғылықты мекенді өз қалауынша таңдап алуға және тағы басқа) мәнін қозғайды, деп санайды. Сондықтан оларды қолдану тәртібі заңмен бекітілуі тиіс.

4.6. Елімізде қылмыстық саясатты ізгілендіру кезең- кезеңмен жүргізіліп келеді. Оның шеңберінде елеулі қоғамдық қауіп төндірмейтін жекелеген қылмыстық құқық бұзу­шылықтар әкімшілік құқық бұзушылықтардың қата­рына қосылуда. Өз кезегінде, қылмыстық жазаланатын әре­кеттердің жаңа жіктемесін, атап айтқанда, қылмыстық теріс қылық санатын, енгізуге байланысты соңғылардың қа­тарына кейбір әкімшілік құқық бұзушылықтар жатқы­зылды.

Бұл өтпелі процесте жария-құқықтық жауапкершіліктің бір түрінің басқасына ауыстырылатынын ғана ескере отырып, жаңа заңның кері күші мәселесін реттеп алу қажет. Олар ортақ мақсатты көздейді, бір-бірін өзара толықтырып отырады және адамның құқықтары мен бостандықтарын, қоғамдық тәртіпті және басқа да құндылықтарды қорғауға бағытталған.

4.7. Соттылықтың және ақталмайтын негіздер бойынша қылмыстық қудалауды тоқтатудың жалпықұқықтық салдары туралы мәселе егжей-тегжейлі зерттеуді қажет етеді.

Заң шығарушының да, құқық қолданушының да қылмыстық жауаптылыққа тартылып, жазаға кесілген адамның және азаматтың конституциялық-құқықтық мәртебесін бұлжытпай сақтауы мемлекет пен тұлғаның қылмыстық жауаптылықты белгілеу және жүзеге асыру саласындағы өзара қарым-қатынасының негізі болып табылады (Конституциялық Кеңестің 2001 жылғы 21 желтоқсандағы № 18/2, 2006 жылғы 13 шілдедегі № 4, 2008 жылғы 27 ақпандағы № 2 нормативтік қаулылары және басқалар).

5. Конституциялық Кеңес өзінің қорытынды шешімдерін дер кезінде және толық орындауы қажеттігіне уәкілетті органдардың назарын аударады. Адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостан­дықтарын қозғайтын жекелеген институттарды құқықтық реттеудегі кемшіліктері көрсетілген оның шешімдерін тиісінше орындамау қолданыстағы құқық жүйесінде құқықтық олқылықтардың, қайшылықтардың, құқықтық түсінбестіктердің сақталып қалуына апарып соғады. Бұл жайт конституциялық заңдылық режимінің бұзылуына әкеледі.

Конституциялық Кеңестің 2001 жылғы 13 желтоқ­сан­дағы № 19/2 нормативтік қаулысында Конституциялық Кеңестің қаулыларында баяндалған құқықтық пози­циялардың күшi, Кеңес конституциялық емес деп тапқан заңдық нормаларды қайта қабылдау арқылы еңсерiлмейдi деп көрсетілген.

Дегенмен, талдау көрсеткендей, кейбір қолданыстағы заңнамалық актілерде бұрын Конституцияға сәйкес емес деп танылғандар сияқты немесе оларға ұқсас нормалар мазмұндалған, ал жаңадан қабылданған құқықтық нормаларда Конституциялық Кеңес бұрын анықтаған кемшіліктер кездесіп тұрады.

5.1. Конституциялық Кеңес өзінің 2008 жылғы 27 ақпандағы № 2 нормативтік қаулысында дене мүшелерін зақымдаудың Конституцияда және заңдарда көрсетілген жағдайларда ғана қылмыс деп танылуына жол бере отырып, мұндай әрекеттердің пікір (қарсылық) білдірудің нысаны және бас бостандығынан айырылған адамдардың өз құқықтарын қорғауының тәсілі ретінде қарастырылуы мүмкін екендігін түсіндірді.

Сондықтан қылмыстық заңнамада дене мүшелерін зақымдау актілерін жасаудың мақсаттарын нақтылау және «қоғамнан оқшаулауды қамтамасыз ету мекемесі» ұғымының мазмұнын ашу орынды болар еді. Ол қылмыс құрамының белгілерін бір мағынада анықтауға қол жеткізеді және құқық қолдану практикасында кең ұғынуға жол бермейді.

5.2. Конституциялық Кеңес өзінің 2014 жылғы 19 маусымдағы жолдауында «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңының құқықтық реттеу нысанасын нақтылауға ұсыныс берді. Қазіргі таңда Әділет министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметі заң жобалау жұмыстарының 2018 жылға арналған жоспары шеңберінде Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі жобасын әзірлеуде.

5.3. «Соттың санкциясынсыз адамды жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстауға болады» деген конституциялық ереже, осы көрсетілген уақыттан кешік­тірмей соттың ұсталған адамға қатысты тұтқындау және қамауда ұстау, сондай-ақ заңмен көзделген өзге де шараларды қолдану туралы шешімі қабылдануы қажет немесе ұсталған адам босатылуға тиіс дегенді білдіреді (Конституциялық Кеңестің 2012 жылғы 13 сәуірдегі № 2 нормативтік қаулысы).

Бұл конституциялық ереженің іс жүргізудің кез келген түрлерінде, соның ішінде елден тыс шығарып жіберу бойынша, әркімнің жеке басының бостандығына құқығын шектеу мәселелерін реттейтін заңнамалық актілерде тиісті жүзеге асуын қамтамасыз ету керек.

5.4. Конституциялық Кеңестің «Қарағанды облысы Теміртау қалалық сотының ұсынысы бойынша, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 наурыздағы
№ 361 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидаларының 7-тармағы 3) тармақшасының конституциялылығын тексеру туралы» 2016 жылғы 14 желтоқсандағы № 1 нормативтік қаулысында Үкіметке аталған Қағидаларды Конституциялық Кеңестің құқықтық ұстанымдарына сәйкестендіру, сондай-ақ адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын неғұрлым толық қамтамасыз ету мақсатында халықтың көші-қон саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейтін заңнамалық актілерге түзетулер енгізілуіне бастама жасау туралы мәселені қарауға ұсыным берілді.

Үкіметтің 2017 жылғы 29 қыркүйектегі № 610 қау­лысымен аталған Қағидаларға өзгерістер енгізілді.

Конституциялық Кеңестің пайымдауынша, азамат­тар­дың Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету тәртібін реттейтін заңнамалық актілерді одан әрі жетілдіру мәселесі өзектілігін сақтайды.

6. Конституциялық Кеңес өзіне жүгіну құқығын сот төрағасына ғана емес, жекелеген судьяларға да беру туралы мәселені шешу қажеттігі жайлы бірнеше мәрте көрсетіп кеткен (2001 жылғы 24 наурыздағы және 2002 жылғы 27 маусымдағы жолдаулар және басқалар).

«Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2017 жылғы 15 маусымдағы Конституциялық заңымен «Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы» 1995 жылғы 29 желтоқсандағы Конституциялық заңы 22-бабының 3-тармағынан Конституциялық Кеңеске сот ұсынысына сот төрағасының қол қою қажеттігі туралы талап алынып тасталды. Енді өтінішке тиісті субъект қол қоюы қажет.

Қабылданған шараларды судьялардың тәуелсіздігін күшейту деп қарастырған жөн, бұл үрдісті жалғастыру керек.

Конституциялық Кеңес соттардың өтініштерін конституциялық іс жүргізуге қабылданғаны туралы өзге де соттарды хабардар ету тетігін формальдау және нақтылау арқылы кейінгі конституциялық бақылауға қолжеткізуді құқықтық регламенттеуді одан әрі жетілдіру қажет деп есептейді.

7. Құқық шығармашылық пен құқық қолданудың тиім­ділігі конституциялық құндылықтар мен принц­ип­тердің талаптары тұрғысынан заңдарды дұрыс түсіндіруге неғұрлым байланысты болып барады. Оның нәтижелерін шартты түрде заңдардың «конституциялық-құқықтық мағынасы» деп атайды. Конституциялық Кеңес бірнеше шешімдерінде осы көзқарасты қолданған болатын. Осы практиканы кеңейткен жөн.

8. Еуразиялық экономикалық одақ аясында интег­рациялық процестерді тереңдету қатысушы-мем­ле­кеттердің ұлттық заңнамаларын барынша унификациялау мәселесін қояды.

Одақ актілерінің қолданылу шектері кеңеюіне байланысты ұлттық және ұлттықтан жоғары деңгейде тұратын заңнамалардың арақатынасы мәселелері өзекті болып отыр.

Осы процесте Конституция үстемдігінің сақталуын сөзсіз қамтамасыз ету, отандық және интеграциялық құқықтық реттеуді барынша дәл сәйкестендіру маңызды.

Негізгі Заңның 4-бабы 3-тармағы жаңа редакциясында көзделгендей, Республика бекіткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады. Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Республиканың заңнамасында айқындалады деп көрсетілген.

Конституциялық Кеңес Республиканың халықаралық шарттары туралы заңнамасында толықтырылған конституциялық норманы нығайту қажеттігі туралы Сыртқы істер министрлігінің ұстанымын қолдайды.

Жаңартылған Конституция өркендеп келе жатқан Қазақстанның одан әрі үдемелі эволюциясының драйвері болып табылады. Ата Заң шеңберінде заңнама қабылданатын, қоғам дамитын және мемлекеттік органдар жұмыс істейтін конституциялық координаталар жүйесі ретінде қазіргі кезеңде еліміздің даму мүдделеріне жа-
уап береді және ұстанған бағыт-бағдардың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жеткілікті әлеуетке ие.

Конституциялық Кеңес Қазақстанның конституциялық жаңғыруы баршаға ортақ іс – еліміздің өсіп-өркендеуі мен оның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруі үшін мемлекеттік аппараттың, қоғамның және әрбір қазақстандықтың бар күш жігерін салуды талап етеді, деп санайды. Оны бүгінгі және келешек ұрпақ үшін, Ата Заңның кіріспесінде көрсетілген биік мақсаттарға қол жеткізу үшін жасау қажет.

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі