Әлем • 18 Маусым, 2018

АҚШ-КХДР саммитінің маңызы қандай?

599 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Таяуда АҚШ Президенті Дональд Трамп пен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын Сингапурде кездесті. Әлем назарын аударған осы саммиттің қорытындысын әркім түрліше талқылап жатыр. Кейбірі келіссөздер табыс­ты өтті десе, келесілері нақ­ты ше­шім қабылданбады деп нара­зы­лықтарын білдірді. Аталған кез­десудің маңызы де? Жиын кімге пайдалы? 

АҚШ-КХДР саммитінің маңызы қандай?

Тарихи кездесу

Әлем назары 12 маусым күні Син­гапурдегі жиынға ауды. Шартарап­тың түкпір-түкпірінен жиналған бұ­қаралық ақпарат құралдары Ақ үй бас­шысы мен КХДР президентінің тоқтаған қонақ үйінен бастап, әрбір басқан қадамы мен жасаған қимылынан ақпарат таратып отырды.

Міне, көптен күткен сәт те келіп жетті. Екі елдің басшылары бес жұл­дызды Capella қонақүйінде қол алыс­ты. Содан кейін Д.Трамп келіс­сөз­дердің сәтті өтетініне, АҚШ пен КХДР арасындағы дипломатиялық байланыс нығаятынына сенім білдірді. Ал Ким Чен Ын кездесу үшін бірқатар қиындықтарды бастан өткеруге тура келгенін тілге тиек етті.

Аздаған мәлімдеме жасаған соң мем­лекеттер басшылары 50 минуттай бетпе-бет әңгімелесті. Кейіннен жиын­ға АҚШ тарапынан мемлекеттік хатшы М.Помпео, ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесші Джон Болтон, Ақ үй аппаратының басшысы Джон Келли, Солтүстік Корея тарапынан Еңбек партиясы басшысының орынбасары Ким Ен Чхоль, Сыртқы істер министрі Ли Ен Хо, Еңбек партиясы орталық комитеті төрағасының орынбасары Ли Су Ен қосылды.

Айтпақшы, АҚШ президентінің шетел басшыларымен қол алысуы – өзінше бір өнер. Бұған дейін әлемдік бұ­қаралық ақпарат құралдары талай мәрте Д.Трамптың әрекетін майын тамыза жазған болатын. Әсіресе, Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен қол алысқан сәті көпке дейін тал­қыланды.

Ким Чен Ынмен кездесуде де Д.Трамп өзінің «ерекше өнеріне» мән бергені анық. Алғашқы қол алысу 12 секундқа созылып, Ақ үй басшысының оғаш әрекеті байқалған жоқ. Алайда жиын аяқталғаннан кейін мемлекеттер басшылары тағы қол алысқан. Бұл жолы Д.Трамп әдеттегідей Ким Чен Ынның қолын өзіне сілкілей тартты. Ақ үй басшысының осы әрекеті келіссөздерде өзінің басым түскеніне сенімді екенін көрсететіндей.

Тарихи жүздесудің қорытындысы бойынша КХДР ядролық бағдарламадан бас тартатынын мәлімдеді. Пхеньян билігі үшін мұндай қадам қиынға түспеуі тиіс. Өйткені бұл бағытта нақты тәжірибені негізге ала алады. Ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан тұңғыш мемлекет Қазақстан екені белгілі. Естеріңізде болса, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық еткен тұста «Жаппай қырып-жоятын қаруды таратпау: сенім шаралары» тақырыбы бойынша жоғары деңгейдегі пікірталас өткен еді. Аталған жиынға төрағалық еткен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің ядролық қарусыз жолы өзге елдерге үлгі әрі тәжірибе тұрғысынан кө­мек болатынын мәлімдеді. Сондай-ақ Солтүстік Корея басшылығын біз­дің жолымызбен жүруге шақырды. Ендеше, КХДР басшысы шынымен ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, ашық саясат ұстануға ниет танытса, Қазақстаннан үлгі алу қажеттігі айтпаса да түсінікті.

Саммит кімге пайдалы болды?

Әлемдік бұқаралық ақпарат құрал­дары жиынның қорытындысын әртүрлі талқылап жатыр. Көпшілігі саммиттен Д.Трамптан гөрі Ким Чен Ынның ұтқаны басым екенін айтады.

Мәселен, Foreign Policy үш мәселені атап көрсетеді. Біріншіден, жиырма жылдан бері КХДР билігі АҚШ президентімен кездесіп, ядролық қару жасаудағы жетістігін мойындатуға тал­пы­нып жүрді. Ким Чен Ын осы мақ­сатқа қол жеткізді деп есептейді Foreign Policy. Екіншіден, осы қадам арқылы КХДР басшысы салынған санкцияларды жеңілдетуге мүмкіндік алды. Қазірдің өзінде Солтүстік Кореяның басты сауда әріптесі Қытай қысымды азайта бастады. Үшіншіден, келіссөздер қорытындысы бойынша АҚШ-тың әскері Оңтүстік Кореядағы жаттығу жиы-
нына қатыспайды. Foreign Policy басылымы мұны да Ким Чен Ынның жеңісі деп есептейді.

Ал The Washington Post газеті АҚШ қарулы күштерінің Корей түбегінен кетуі өңірдегі Қытайдың стратегиялық әлеуеті артуына әкеп соғады деп есеп­тейді. Бұған дейін Қытай мен Сол­түстік Корея арасындағы қарым-қаты­нас нашарлап кеткен еді. Бірақ Си Цзиньпин мен Ким Чен Ын мәселенің оң шешімін таба білді. Сингапурдегі саммиттен кейін Д.Трамптың шешімі, яғни Америка әскерінің Оңтүстік Кореядан шығуы АҚШ-тың Шығыс Азиядағы стратегиялық позициясына нұқсан келтіреді деп есептейді басылым.

The Guardian басылымы да осындай пікірді ұстанады. Газеттің пікірінше, Ким Чен Ын жиынға нақты жоспармен келіп, маңызды келіссөздерге қол жет­кізді. АҚШ қарулы күштерінің Оңтүстік Кореямен бірлескен әскери жиын өткізбеуі туралы келісім Сол­түс­тік Кореяның жоспары сәтті шыққанын көр­сетеді. «Бұл соғыстан гөрі жақсы екені анық. Бірақ АҚШ президенті өз эгосын қанағаттандыру үшін Солтүстік Кореяға көптеген сыйлық жасады», дейді басылым. Оның үстіне The Guardian ортақ келісімде айтылған мә­се­лелердің маңызы жоғары емес еке­нін айтып отыр.

The New York Times газеті Син­гапурдегі саммитті тарихи оқиғаға теңе­ді. Алайда басылымның пайымдауын­ша, жиында Трамп қақпанға түсіп қал­ған. Мәселен, әскер шығарудан бөлек ол КХДР қауіпсіздігіне кепілдік бе­ріп, жоғары деңгейлі кездесулер өткі­зуге келісті. Есесіне, Ким Чен Ын ядролық қарудан бас тартатынын ғана мәлімдеді. The New York Times мұндай келісімнің 1992 жылы да жасалғанын еске салып өтеді. Айта кетерлігі, екіжақты келісімде плутоний мен уранды байыту­ды тоқтату, құр­лықаралық бал­лис­ти­калық зымырандар­ды жою, ядролық полигондарды тексеру мәселелері айтылмаған.

Өзгерістер себебі

Былтыр бірнеше рет құрлықаралық баллистикалық зымырандарын ұшы­рып, ядролық қаруларын сынаған Солтүстік Корея биылдан бастап ұстан­ған саясатын түбегейлі өзгертті. Мұның өзіндік себептері бар.

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі бірауыздан Солтүстік Кореяға санкция салу жөнінде қарар қабылдағаны белгілі. Былтырғы сынақтардан кейін олардың басты әріптесі Қытай да санкцияны күшейтті. Осының салдарынан КХДР тарапы экономикалық қиындыққа тап болды. Тіпті, ел билігінің арнайы хакерлер жалдап, банктік шоттардан ақша ұрлағаны туралы да әңгіме шыққан еді. Әлемді шулатқан WannaCry компьютерлік вирусын жасап шығарғандар да осы солтүстіккореялық хакерлер екені ай­тыл­ған болатын. Мұның бәрі КХДР-дағы қаржылық жағдайдың әлсіздігін көрсетеді.

Осындай қиындықтарға тап болған Ким Чен Ын қандай да бір шара қабылдауға мәжбүр болды. Кейінгі кезде Солтүстік Корея басшысы бір­қатар маңызды кездесулер өткізіп үлге­р­ді. Әуелі ол Оңтүстік Кореяның пре­зи­денті Чжэ Ин Мунмен кездесті. Пхан­мундж шекаралық бекетінде өткен келіссөздерде Пхеньян билігі ядро­лық қаруды қайта сынамауға, баллис­ти­ка­лық зымырандар ұшырмауға уәде бер­ді. Кездесуде екіжақты қарым-қаты­нас­ты жақсарту, бейбітшілік орнату жә­не қайта қосылудың мүмкіндігі тал­қыланды.

Көрші Оңтүстік Кореямен қа­рым-қатынасты жақсартқаннан кейін Сол­түстік Корея басшысы Қытай пре­зиденті Си Цзиньпинмен кез­десті. Бұл жиында да екіжақты дипло­ма­тия­лық байланысты нығайту мәсе­лелері талқыланды. Бұдан соң Ким Чен Ын Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен жолықты. Кездесуде Солтүстік Ко­рея мен Ресей екі ел арасындағы дип­ломатиялық байланыстың орнауына 70 жыл толуына орай екіжақты жи­ын өткізу туралы келісім жасады. Осы­лайша, КХДР тарапы ашық саясат ұс­та­­нуға талпынатынын көрсеткендей бол­ды.

Бірақ Пхеньян билігінің әрекетінен күдіктенетіндер көп. Мәселен, BBC арнасы КХДР-дың ядролық қарудан бас тартып, шетел басшыларымен жиі кездесуінің астары мол екенін айтады. Біріншіден, Солтүстік Корея әлдеқашан қуатты ядролық қару жасап үлгеруі мүмкін. Сондықтан атом бомбасын қайта сынақтан өткізудің қажеттігі жоқ. Екіншіден, ендігі бағыт сынақ жасау емес, құрлықаралық зымырандарды ұшыратын қондырғылар арсеналын кеңейтуге арналуы ықтимал.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»