Өнер • 18 Маусым, 2018

Кәмел Жүністегі. Домбыраның қоңыр үні

1356 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Домбырасыз қазақ ауылын, қазақ үйін көзге елестету мүмкін емес­тей­ көрінуші еді. Домбырада сағым ой­на­ған даланың құпиясы бар. Сол да­ламен біте қайнап, бірге өскен қазақ­тың бар ішкі дүниесі, жан сыры астасып кеткен. Мына айналаны қазақ домбыраның қоңыр үнімен танығандай. Қоңыр үн тербейді, баулиды, кеңдікке, мәрттікке тәрбиелейді. Қазақ осынысымен көр­кем, осымен ерекше.

Кәмел Жүністегі. Домбыраның қоңыр үні

Домбыра тым көне заманнан, со­нау әл-Фарабидің тұсынан бері хал­қының жүрегін тербеп келе жатқан көне аспап. Көне түркінің көне аспабы. Домбыра үндес, жасалуы да сол сияқты аспаптар түрікмен, қырғыз, өзбек, башқұрт сияқты халықтардың бәрінде болған, сақталып та отыр. Ең бір қызығы – Алтын Орданың құ­ра­мында болған орыс елінде де там­бура деген қос шекті аспаптың болғаны. Алтын Орда орыс елінің рухани өміріне қатты әсер еткен. Орыстың князь, боярлары ордалықтар тәрізді киініп, біздіңше ән салған. Орыстар қайта күшейген заманда біздің рухани ықпалымыздан алыс­тау үшін шіркеу поптары тамбура аспабын ұстауға тыйым салған. Шіркеу ғұламалары тамбура (домбыра) қоңыр үні өздері тықпалаған православ дініне көндірмесін, еркіндікті аңсататынын түсіне білген.

Біз көрген кешегі дана ақсақалдар Арқада ән мен күйге арналған дом­быраның жеті түрі болғанын қадап айтып отырушы еді. Өмірім от пен мұздың ортасындағы қатал тағдыр болса да, ең болмаса қазақтың бір дүниесі сақталып қалса екен деп мен соларды іздестірумен болдым. Ең қиыны, 1931 жылы атақты Қыздарбек күйшінің шәкірттері тегіс оққа байланды. Мұндай сұмдықтан шошынған халық үйіндегі көне аспаптарын көңге тастады. Біздің елдегі атақты Ақтенбек серінің қолжазбасын, дом­быра, мылтығын інілері далаға лақ­тырып, сол жерде шіріді.

Кей азамат бірен-саран домбыраны тығып ұстады. Соның бірі, атақты Сембек күйшінің домбырасы еді. Тайбектің Омары деген кісінің үйімен бір жылдары көрші тұрдық. Киіз үйдің ішінен домбыра үнін естіген балаң көңіл елең етеді. Кәрі Ғазиза әжем күрсінеді де, анам Бақтайға «Сем­бектікі» деп сыбырлайды. Иә, бұл ұзақ тарих. Бәрі де менің «Апат» деген романымда жазылған. 80-жылдар еді. Омекең ақсақалды іздеп бардым. Сексеннің жуан ортасына кірген ақсақал кәрілікті мойындап қалыпты. Баласы да жоқ еді. Біраз әңгімеден соң домбыра жайын сұраған едім.

– Әкел домбыраны. Иесі жаңа келді, – деді бәйбішесі Торғайға. Дом­быраны 1923 жылы Әбдірахман деген шебер жасағанын да ескерткен еді.

Қатар тұрған үшкіл домбыра Батыраш-Қотыраш ұрпақтарынан. Тырыш деген қарт ұстап жүр екен. Даң­ғырлатпай шертіп тартса әншіден бұрын өзі сөйлеп кеткендей. Беті әсем оюланған үшінші домбыра – Әбди күйшіден қалған мұра. Бетіне Омар Хаямның бір шумақ өлеңі парсы тілінде жазылған. Әкем Жүніс Әбдиді 1931 жылы осы домбырасымен түрмеден қашырып жіберген адам. Пәленбай жыл өткен соң, домбыраны танып, көзіне жас алды. Ал, Әбдиді белсенділер мен ГПУ Қарқаралыда мойнына тас байлап, суға лақтырып құртты. Домбыраны шерткенде жал­ғыз шектен боздаған боз үн даланы кезіп кетеді. Сонан соң бір алапат үн, ғажайып сезім жүрегіңді баурайды. Домбыраны тыңдай білу керек. Ол да тыңдай білетін адамды аңсап тұрады.

Қақпан ақынның сүйріктей домбырасы 80 жылдай біреулердің қолында болған екен. Райком Файзулин бес ешкісін тартып алып, ақынды қаң­ғытып жіберген. Терістіктегі Қызыл­жарға бет алған ақынға ел: «Бір мұ­раңды тастап кетпейсіз бе?» дегенде зағип ақын әнші Жекен деген жігітті шақыртып, соған табыс­тапты. Домбыраның бүгінгі иесі Серік­бай деген өмірден біраз қағажу көрген, қиындау адам, тілі тиіп жүрер дегенді де ескертті жұрт. Бірер сағат әңгімелесіп, тіл табыстық. Қирауға айналған көне домбыраны үстел үстіне қойып: «Сөз жоқ, домбыра енді сіздікі» деп мәрттігін білдірген еді.

Бесінші домбыраны 1960 жылы Смағұл деген шебер жасап, інім Рашидке берген еді. Күңіреніп тұр. Тәуелсіздіктен кейін консерватория­дан да, басқа да өнерпаздар келіп, өлшеп-пішіп, осындай домбыра жасауға ниеттенген. Қазір сондай туын­дылар әредік көзге түсіп жүр.

Алтыншы домбыраның иесі – Шәңгерей ақсақал. Өзі қолымен тұ­тастай ойып жасаған ерекше туын­ды. Жетінші түрінің енді табылуы неғайбыл-ау. Ең болмаса «осындай еді» деп суреттейтін енді бір көзі тірі пендені көру қайда.

Үйге ентелеп келіп, домбыраларды көріп кетушілерде шек жоқ. Сонау бір жылдары атақты Сәкен сері Жүнісов әр домбыраны жеке-жеке шертіп көріп, таңданысын жасыра алмай:

– Кәмел, мен серімін ғой, мына домбыраның біреуі менікі болар, – деп те қалды.

– Иә, Сәке, сіз серісіз. Оған дау жоқ. Арқада жеті түрлі домбыра бол­ған екен.

 Әзірше тапқаным осы, – дедім.

– Ә, не дейсің? – деп аңырды Сә­кең. – Мынау коллекция екен-ау. Оған тиюге болмайды ғой. Сен қазақтың көне үнін сақтап жүр екенсің ғой. Айып­ етпе, ағат кетіппін.

Бүгінде әр музейден сұраушы жетеді. «Ең болмаса біреуін» – дейтін­дерге айтар сөз жоқ.

Сонау 60-жылдары түрме кезіп, айдауда болғанда да домбыра жасаттырып алған едік. Бір жылы жастарды жеке лагерьге қамады. Украиндық Иосиф Андрушкив деген шебер жігі­тке домбыраны тұтастай ойдырдым. Қазақ, қырғыз, түрікмен, өзбек, татардың жас­тары мәз болдық. Әркім өз елінің бір әнін шертіп, шерін төгетін. Түрікмен Ораз: «Біздің дутар тап осындай» деп балаша қуанған. Қы­рым татары Шаукат: «Бозала торғай, боз торғай» деп басталатын мұңды әнді көзіне жас ала отырып айтатын. Башқұрт жігіті: «Біздің шалдарда осындай музыкалық аспап бар» деп таңданатын. Ақыры... Иә, ақыры бір күні бізді тағы басқа жаққа аударатын болды. Таңнан айқай-шу. Түрме надзирательдерінен басқа солдаттарды да жауып жіберген. Бет қаратпайды. Бірер киіміңді алуға мұрсат жоқ. Бас жағымда ілулі тұрған домбыраға қол создым.

– Отставить! – деп ақырды кәр­төшке мұрын орыс. – Қара бұларды... әндетпек... Хе! Хе! Бұл жерден не өліп, не мүгедек боп шығасыңдар.

Домбыраның шегіне қолым тиген. Боздаған үні шықты. Әлдебіреу желкеден түйген. Өңім де бұзылып кетсе керек, қырымдық Марат ұстай алды. Шаукат «Бозала торғай...» деді мұңды үнмен. Әріптесім Зейнолла жетелей жөнелді. Жалтақтап артыма бір қарадым: «Қош, домбыра!»

Қазір әншілерден осы күнгі концерттерде «бізге домбырамен ән айтуға көп рұқсат бермейді» дегенді жиі естиміз. Қағынан жеріген құлан­дай, бұл не күй?

Кәмел ЖҮНІСТЕГІ,

жазушы,  «Құрмет» орденінің иегері