14 Желтоқсан, 2011

Әнұран ойналып, ту көтерілген сәт

387 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Тәуелсіздік жылдарында елімізде тұңғыш рет бокс­тан екі дүркін әлем чемпионы атанған Серік СӘПИЕВПЕН шағын сұхбат – Бала кезіңде осындай дә­ре­жеге жетемін деп ойладың ба? – Ешқашан ойламаппын. Ар­ман­даған да емеспін. Бәрі рет-ретімен болды ғой өзі. Бәрі да­йындықтың арқасында келді. Бапкерлер құрамаға алғанда, солар­дың сенімін ақтасам деп ұзақты күн дайындалып  жүрдім. – Екі рет әлем чемпионы атан­ғанда қандай сезімде болдың? – Бұл сезімді енді айтып жеткізу қиын. Алғашқы жеңіс 2005 жы­лы Миньянда өткен әлем чем­пионатында болды ғой. Одан кейін 2007 жылы Чикагода өткен чемпионатта жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілдім. Бұл – менің ең бақытты сәттерімнің бірі. Сол кезде аздап қобалжу бол­ғаны рас. Бірақ, артынан еліміздің Әнұраны ойналып, Туымыз көте­рілгенде бойымды ерекше бір қуаныш сезімі биледі. – Осының бәрі Тәуел­сіз­дік­­тің арқасында келді емес пе? Тәуел­сіздіктің саған жа­саған тағы бір сыйы Бейжің Олим­пиадасының ашылу сал­тана­тында еліміздің Мемлекеттік туын алып шыққа­ның болды ғой. – Иә, осының бәрі Тәуелсіз­діктің арқасында екенін жақсы түсінемін. Тарихта оның қадір-қасиетін білген де бар, білмеген де бар. Бұл туралы көп айта беруге болады. Ал біздің тәуелсіз­дігіміз ата-бабаларымыздың ға­сыр­лар бойғы арманы, мақсаты еді. Ол бізге тарам-тарам ұрпақ арқылы келіп жетті. Сондықтан біздің ұрпақты бақытты ұрпақ деу­ге болады.  Өйткені, қазір біз еліміз тәуелсіздік алғанын көріп, егемен, азат елде өмір сүріп жатырмыз. Өзім боксшы болғаннан кейін спортта тәуелсіздіктің қадір-қа­сиетінің қандай болатынын жақ­сы білемін. Мұны мен ғана емес, басқа спортшылардың да білетініне еш күмәнім жоқ. Жаңа Бейжің Олимпиадасы туралы айтып қалдың ғой. Бұл да менің өмі­рімдегі ең бақытты сәттердің бірі. Ол бір жағынан абырой, екінші жағынан үлкен жауапкершілік болғанын айту керек. Бұл маған еліміздің көрсеткен сенімі екенін де жақсы түсінемін. Сол үшін спорттың басы-қасында жүрген ағаларыма алғысымды айтқым келеді. Мұндай сенім екінің біріне артылмайды ғой. Қазір ұлттық құраманың капи­та­ны болған соң, өкшемнен басып келе жатқан жастарға ел намысын қорғаудың үлгісін көрсетуге ұмтылып жүрмін. Менің ендігі бір армандарым, әуелі Олимпиада чемпионы атану, сосын үш дүркін әлем чемпионы атағын жеңіп алу. Маған сенсеңіздер, түптің-тү­бінде арманыма жетпей қоймай­мын. – Бұрын сен қазақша онша сөйлей бермейтін едің. Қазір басқаша... – Рас, бұрын орысша сөйлей­тінмін. Оған ортам әсер етті. Құрамаға келгелі бері қазақша үйреніп алдым. – Бакудегі әлем чемпионаты қалай болды өзі? – Финалға дейін бәрін таза жеңгенімді көрдіңіздер. Ал финалда Тарас Шелестюкпен кездескенде бәрі басқаша болды. Бұған дейін оны екі рет жеңген едім. Амал не, қолдан келгеннің бәрін жасадым. – Әйелдер боксына қалай қарайсың? – Меніңше, әйелдерге бокс ке­рек емес. Егер менің туған-туыс­тарымның ішінде бокспен айна­лысатын қыздар болса, оған қар­сы болар едім. Ал былайша айт­қанда, әйелдер боксы ел үшін жақсы шығар. Әңгімелескен  Дастан КЕНЖАЛИН.