Спорт • 18 Маусым, 2018

Атақты баскетболшы Увайс Ахтаев туралы сыр

1789 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Осыдан дәл 40 жыл бұрын, яғни 1978 жылдың 12 маусымында ұзаққа созылған науқастан соң өз заманында КСРО мен Қазақстанның ең атақты баскетболшыларының бірі саналған Увайс Ахтаев жарық дүниемен қош айтысты. Ол небәрі 47 жыл ғұмыр кешті. Бір айта кетерлігі, бұл азаматтың есімі әлемдегі ең бойшаң спортшылардың бірі ретінде тарихта қалды. Увайс Мажидұлының бойы – 2 метр 36 сантиметр еді.

Болашақ баскетбол жұлдызы Че­шен­станда туып-өскенімен, оның жалындап тұрған жастық шағы қазақтың кең даласында өтті. Қылышынан қан тамған қызыл­дар империясының жез мұрт көсемі Йосиф Сталиннің өктем бұйрығымен Қап тауы халықтары жаппай Орталық Азия аумағына қуылғанда, Увайс небәрі 14 жаста еді. Бейнеттен қатты қажып, аштықтан әбден әлсіреп, ұзақ жолдан шаршап-шалдығып, ақыры азып-тозуға шақ қалған Ахтаевтар отбасы 1944 жылдың қақаған аязында Қарағандыға келіп қоныстанды. Ұлы Отан соғысы кезінде қазақ халқының өзі де «шықпа жаным, шықпа» деп, қалт-құлт күй кешіп жүргеніне қарамастан, өзге ұлт өкілдерінің ешқайсысын өзекке теппеді. Керісінше, жер аударылып келгендердің барлығын құшағына қысып, қамқорлығына алды. Үйлерін паналатып, бір жапырақ нанды ауыздарынан жырып берді.

Увайстың спортқа келуі де қызық бір оқиға. Қыстың қақаған аязында тозығы жеткен үйді жылыту үшін ол бірде өзі құрыптас балалармен рельс астындағы көл­денең төсемені ұрлауға бекінеді. Бірақ бұл жоспары жүзеге аспады. Темір жол бойында топырлап жүр­ген жеткіншектер тәртіп сақ­шы­ларының құрығына ілінеді. Алайда Ахтаевтың бағына орай, олар­ды тұтқындаған милиция қыз­меткерлерінің бірі мық­ты спорт­шы екен. Өзгелер бір төсе­мені әзер көтергенде, зілдей ағаш­тың үш-төртеуін «қолтығына қы­сып» алып, еш алаңсыз кетіп бара жат­қан бойы екі метрден асатын боз­балаға офицерлердің таң­дана қара­ғаны бар. Содан тәртіп сақ­шысы Увайсқа ағалық ақылын айтып, «ұрлық жасағанша, спортпен ай­на­лысқаның жөн» деген кеңес береді.

Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталған­нан кейін өмірін спортқа арнау­ды жөн көрген Увайс Ах­таев Қарағанды қаласындағы Де­не­ шынықтыру технику­мына оқу­­ға түседі. Алғашында ядро мен­ диск лақтыру, бокс және кү­­рес түрлерімен шұғылданды. Бұл­ ретте де несібесіз болған жоқ.­ Бір­қатар бәсе­ке­лерге қаты­сып, өз коман­дасының намысын­ қор­ғайды. Содан кейін алма­ты­­лық бап­кер Исаак Копе­леевич­тің ақылын тың­дап, баскетбол үйірмесіне ауысады. Көп кешік­пей қырағы мамандардың назарына ілігеді. Журналистер қауы­мы­ оны жиі жағалай бастайды. Жан­күйерлер де қасынан бір елі­ қалмауға тырысады. Әрине бойы 2 метр 36 сантиметр­ге жететін 17 жастағы жігітке қалың жұрт­т­ың қызықпауы мүмкін емес қой! Ол кездері Қарағанды мен Қазақстан тұрмақ, Кеңес Ода­ғындағы ең бойшаң деген баскет­болшылардың өздері біз­дің кейіпкеріміздің иығы­на да жетпейтін.

Ахтаевтың бағы Алматыда ашылды. Жергілікті «Буревес­тниктің» сапын­да өнер көрсеткен 1947-1957 жылдары аралығында ол КСРО-дағы ең таны­­мал бас­кетболшылардың біріне айналды. Осындай бойшаң ойыншыны бұрын-соңды көрмеген қар­сыластары оған қарсы қандай тактика қолдануды білмей әбігерге түсіп, арамтерге әб­ден түсетін. Ах­таев және оның жан досы Ар­менак Алачачянның арқа­сын­да Қазақстан баскетболы жаңа биік­терге көтерілді. Біздің жігіттер Одақ кө­леміндегі жарыстарда жақ­сы нәти­же көрсетіп, мүйіздері қара­ғайдай коман­далардың өздері сана­сатын деңгейге жетеді. Алып ойын­шының өнерін тама­шалау үшін спорт кешендеріне көрер­мендер көптеп жиналатын. Жан­күйерлер оны еркелетіп, «чешен Вася» деп атай­ды. Тағы бір ай­та кетерлігі, Увайс Ахтаев­тың есі­мі екі қолымен допты ұс­тап, шы­ғыр­шыққа үстінен салатын және алаңның бір шетінен екінші шетіне оп-оңай пас бере алатын тұңғыш бас­кетболшы ретінде ел есінде қалды.

1952 жылы Ахтаев Хельсинки Олимпиа­дасында өнер көрсетуге тиіс еді. Алайда сол кездегі Кеңес Одағын­дағы ең ықпалды басшылардың бірі Лав­рентий Берия «сенімсіз ұлт өкілінің» Суо­­ми еліне баруына үзілді-кесіл­ді қар­сылық білдірген көрі­неді. Соның нәти­жесінде ол Олим­пиададан шет қалады. 1954 жылы Увайс КСРО құрамасына қабыл­данды. Алайда аталмыш команда сапында ол бір ғана ойын өткізді. Болгарияға қарсы жолдастық кездесуде жер­лестеріміз сүреңсіз өнер көрсетіп, жеңіліс тапты. Соның салдарынан бас­ты себеп­кері ретінде қазақстандық Увайс Ахтаев пен армениялық Арменак Алачачянның есімі аталып, екеуі де командадан қуылды.

Осы орайда мына бір оқиға еріксіз еске оралады: КСРО құрама­сынан кет­кеннен кейін Увайс Арменакты Қазақ­станға қонаққа шақырады. Бірер айдан кейін Ал­ма­тыға жиналған Ала­чачян «До­сым­­ның мекенжайын сұрап алма­ғаным-ай» деп өкініп, біраз ойға шомды. Содан ол жеделхат жолдауға бекінді. Пош­таға келіп, хаттың сыртына «Алма-Ата, Увайс Ахтаевқа» деп жазады да, өзі поезға отырады. Екі ойлы болып, Алматы темір жол беке­тіне жетсе, сол жер­де досы оны күлімсіреп күтіп тұр екен. Яғни мекен­жайы жазылмаса да, жол­дан­ған хат иесін тауыпты. Міне, осы оқи­ғаның өзі-ақ ел арасында «че­шен Вася­ның» беделі қан­дай зор болғанын аңғартып тұр­ған­дай...

1957 жылы қант диабеті ауруына шал­дыққан Увайс үлкен спорт­тан қол үзуге мәжбүр болды. Арада екі жыл өткеннен соң ол Грозныйға оралып, Чешен-Ингу­шетия құрамасының аға жат­­тықтырушысы болды. Түрлі жарыс­­тарда «чешен Васяның» шәкірт­тері біраз олжаға кенеліп, бапкерлік қызметте де өзін жақсы қырынан көрсете біледі. Алайда дендеген дерт оның еркін көсілуіне мүмкіндік бермейді. 1978 жылдың 12 маусымында абзал азамат фәни­ден бақиға аттанады. Өмірінің соң­ғы күндері атақты баскетболшы өз­ туған-туыстарын жиып алып: «Ма­­ған зәулім зират тұрғызудың қаже­ті жоқ. Жер қойнауына табыс еткен­нен соң жай ғана қарапайым қор­шау орнатсаңыздар жеткілікті. Онсыз да жалғанды жалпа­ғынан басып жүрген кезімде жұрт наза­рына көп іліктім. Жасыратыны жоқ, көпшіліктің шектен тыс назары кейде мені шаршататын. Өл­ген­нен соң да сол жағдайдың қай­талан­ғанын қала­маймын», – деген екен.

Қызықты деректер

• Бойы көк тірген Увайстың салмағы әр жылдары 160-200 кило шамасында болған деседі. Аяқ киімі – 58 өлшем. Атақты спортшы көп тамақ ішпегенімен, тәулігіне 15 литрдей суды сіміретін көрінеді.

• Көзінің тірісінде әйгілі баскетбол­шының үш жеке көлігі болған – «Мос­квич-400», «Победа» және «Волга». «Темір тұлпарға» сыю үшін ол көлігінің төбе­сін біраз көтеріп, төменгі аспасын күшей­тіп, алдыңғы орындықтарын жұ­лып алып тастайтын. Соның өзінде Увайс машинаға әзер жайғасатын.

• 23 мыңға жуық көрерменге есептелген Чешенстандағы ең ірі стадионға 1993 жылы Увайс Ахтаевтың есімі беріл­ген еді. Соғыстан кейін ол стадионның қаңқасы да қалған жоқ. Ал 2017 жылы Грозныйда бой көтерген Волейбол сарайы бұл күндері айтулы азаматтың есімімен аталады.

• Увайс Ахтаевпен бірге КСРО құра­ма­сынан қуылып, 1955-1957 жыл­дар аралығында Алматының «Буре­вес­т­нигінде» ойнаған Арменак Алачачян кейін­нен Токио Олимпиадасының күміс жүл­дегері, Еуропаның 4 және КСРО-ның 8 дүркін чемпионы атанды.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»