Қазақстан • 19 Маусым, 2018

«Әдебиет бульвары» мен «Ғарыш саябағы»

582 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Көзіқарақты қала тұрғындары жаз шыққаннан бері Есілдің оң жағалауындағы көшелердің бойында абаттандыру жұмыстары қызу қарқын алғанына тәнті болуда. Бұл бос алаңқайлардағы қызу еңбек таңмен таласа басталып, көз байлана толас табады. Жұмысшылардың Қала күні мерекесіне дейін тапсырылған міндетті еңсеріп тастауға деген құлшынысы көңіл марқайтады.

«Әдебиет бульвары» мен «Ғарыш саябағы»

Сәні мен салтанаты жарасқан ару Астананың 20 жылдық мерей­­тойы қарсаңында белең алған бұл кешенді абаттандыру жұ­мыс­­тарының бұрынғыларға қара­­ғанда қайталанбас өзіндік ерек­шелігі бар. Біріншіден, бұл бас қаламыздағы апатты көп қабатты тұрғын үйлерді бұзып, оның тұрғындарын жаңа пәтер­лермен қамтамасыз ету мақ­сатындағы әлеуметтік жобаны іс жүзіне асыру барысында босаған жерлерді тиімді игеру шараларын қамтиды. Екіншіден, бұзылған үйлердің орнына қайтадан нысандар салып, онсыз да тынысы тар қала көшелерін толтыра бермей, бұл жерлерге саябақ пен гүлзар, спорт алаңдары мен ойын аулаларын жасақтап, қала тұрғындарының демалатын кешенді орындарын көбейту жолындағы игі бастама. 

Астана қаласы әкімдігі тұр­ғын үй басқармасының бас­шы­сы Руслан Ахметовтің айтуын­ша, 2013 жылы елімізде «Қол­жетімді тұрғын үй-2020» бағдар­ламасы қабылданып, кейіннен ол Өңірлерді дамыту бағдарламасына ауысып, бүгінде «Нұрлы жер» бағдар­ламасына жалғасты. Міне, осы бағдарлама шеңберінде бас қаламыздағы апатты көп пәтерлі тұрғын үйлерді бұзып, оның тұрғындарын бүгінгі заманның қолайлы да жайлы пәтерлерімен қамтамасыз ету мақсатындағы әлеуметтік жобаны жүзеге асыру туралы бастама қолға алын­ған болатын. Осы жоба негізін­де бас қаламыздың тұрғын үй қорына жан-жақты талдау жүргізіліп, арнайы құрылған ведомствоаралық комиссия­­ның шешімімен негізгі құры­лыс құрылғылары мен инженерлік желілері әбден тозған көп пәтерлі тұрғын үйлердің тізімі жасалды. Тізімге 1940-1970 жылдары салынған 228 көп пәтерлі тұрғын үй енгізіліп, бұл үйлер 2018 жылға дейін бұзылуға тиіс болатын. Сөйтіп 2013-2016 жылдар аралығында 117 көп пәтерлі үй бұзылып, осында тұрған 1,5 мыңнан астам отбасы жаңа да жайлы пәтерлерге көшірілді.

2017 жылы осы әлеуметтік жоба аясында 111 көп пәтерлі үй сырылып, оның 1,8 мыңнан астам тұрғындары жаңа пәтерлерге көшірілді.

Ескірген апатты жағдайдағы көп қабатты үйлерді бұзып, тұр­ғындарды жаңа да жайлы пәтер­лерге көшіру мақсатындағы әлеуметтік жобаның шежіресі 2013 жылдан бері ғана жалғасын тапты десек, шындыққа сәл қия­нат жасағанымыз болмақ. Бас қала­мыздың 20 жылдық жаңа тарихын­да бұл игі үрдіс ғасырлар тоғы­сында қолға алынған. Мәсе­лен, 1999 жылдан 2001 жылға дейін елордада ондаған ескі үй бұзылып, одан босаған 64,5 гектар қала аумағына әкімшілік ғимараттары, жол айрықтары мен басқа инфрақұрылым­дық нысандар салынған болатын. 2001 жылғы 19 наурыз­да Елбасы­ның «Астананың өркен­деуі – Қазақ­с­тан­ның өр­кен­деуі» атты Астана қаласы­­ның 2005 жыл­ға дейінгі кезеңдегі әлеу­меттік-эконо­микалық да­муы­ның мем­ле­кеттік бағдарла­масы туралы» Жарлығы шықты. Осы Жар­лықтың негізінде Үкі­мет «2003-2005 жылдар ара­лы­ғындағы кезеңде Астана қала­сында апатты және жекелеген жекеменшік тұрғын үйлерді жеделдете бұзу бағдарламасы» атты арнайы қаулы қабылдады. Бұл мақ­сатқа бөлінген қаржы 8,5 миллиард теңгені құрады. Салыс­тыру үшін айта кететін болсақ, апатты үйлерді бұзу жөніндегі соңғы әлеуметтік жобаға 2017 жылдың соңында 48 миллиард теңге бөлінген екен. Сөйтіп «Астананың өркендеуі – Қазақ­станның өркендеуі» бағдарла­масы­ның шеңберінде бас қала­мызда 1 миллион 803 мың шаршы метр аумақты алып жатқан ескірген апатты тұрғын үйлер бұзылып, бұл жерде 903,1 мың шаршы метр жаңа заманауи тұр­ғын үйлер бой көтерді. 

Осы ретте тағы бір ерекше ай­тып өтетін мәселе, Астана қала­сының тәжірибесі негізінде 2017 жылдың 1 тамызында Мәскеуде апат­ты көп пәтерлі тұрғын үй­лерді бұзып, тұрғындарын жаңа пә­тер­лермен қамтамасыз ету жө­ніндегі арнайы бағдарлама қабылданды.

Сонымен 2013-2017 жылдар аралығында бұзылған апатты көп қабатты үйлердің орнынан босаған жерлерді абаттандыру жұмысы қызу қарқынмен бас­тал­ды. «Бұзылған ескі көп пәтерлі үйлерден босаған жер телімдерін біз коммерциялық құрылымдарға берместен бұрын, тұрғындардың тілегі бойынша бұл жерлерге балалар мен ересектерге арналған спорт алаңдары бар саябақтар мен бульварлар жасақтаймыз», – деді қала әкімі Әсет Исекешев қала аумағын аралаған жұмыс сапары барысында. Биылғы жылы бас қаланың оң жағалауында 13 саябақ, келесі жылы тағы 5 саябақ салынады. Мереке қарсаңында Ботаникалық бақ, «Линейный» паркі салтанатты жағдайда ашы­лып, «Арай» саябағын қайта жаңғырту жұмыстары аяқтала­ды. Жалпы алғанда, осы 18 әлеу­мет­тік демалыс нысандарында балалардың 85 ойын аттракционы, 115 спорт тренажері, 18 футбол, баскетбол және теннис алаңы ашылады. Қашықтығы 17 шақырымды құрайтын велосипед жолы, 12 шақырым жүгіру жолы жабдықталып, 30 субұрқақ кешені бой көтереді.

Жаңадан салынатын саябақ­тар, гүлзарлар мен бульварлар бел­­гілі бір дәстүрмен безен­дірі­­ліп, арнайы тақырыпқа сай өр­нектеледі. 

Мәселен, Біржан сал көшесі­нің бо­йындағы №5-үйдің маңа­йын­да салынып жатқан паркке «Чемодан паркі» деген атау берілсе, Республика даңғы­лы мен Дүкенұлы көшесінің қиылы­сын­да бой көтеретін демалыс орны «Астрономия және ғарыш сая­бағы» деп аталмақ. Абай даң­ғылының бойында Сембинов атын­­дағы көшеден «Егемен Қазақ­­стан» газеті» көшесіне де­йін жалғасатын демалыс орта­лығы «Театр бульвары» ата­нып, мұнда жаңа амфитеатр бой көтеретін болады. Сонымен бірге «Егемен Қазақстан» газеті» көшесінен басталып, Бейсек­баев атындағы көшеге дейін жалға­сатын демалыс орны «Әдебиет бульвары» атанбақ. Бұл буль­вар­дың сыртқы көрінісі кітап сияқты болып келеді де оның аумағы кітап сөрелерімен және оқыр­мандарға арналған орын­дық­тармен жабдықталады.

Сөз орайы келгенде қала әкімдігінің назарына сала кететін тағы бір маңызды мәселе бар. Ол – «Егемен Қазақстан» газеті» көшесінің бойындағы, тура «Егемен Қазақстан» газеті редакциясы ғимаратының алдындағы саябақтың сорлы халі. Бұл саябақ осыдан тура он жыл бұрын, яғни Астана қаласының 10 жылдық тойы тойланған жылы сол кездегі қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің тікелей бастамасымен ашылған болатын. Ұлттық құндылықтардың қадірін жете түсінетін әкім қалалық мәс­ли­хаттың шешімімен дәл сол жылы еліміздің бас басылымы орналасқан осы тұйық көшеге «Егеменнің» атын бергізген еді. Сол кезеңде ағаш көмкерген бұл алаңқайға демалыс орындықтары қойылып, жаяу жүргінші жолдары салынып, самаладай жарық беретін шамдар орнатылып, жап-жақсы абаттандырылған болатын. Одан кейінгі өткен он жыл ішінде бұл саябақтың жағд­айын күйттеп, «шыбық басын сын­дырған» адам болған жоқ. Соның салдарынан уақыт салма­ғы­мен бұл саябақ мүлде жү­деп кетті. Бас қаламыздың 20 жыл­дық дүбірлі мерекесіне орай қала әкім­дігі осы бір шежірелі саябаққа тағы бір назар аударса деген тілегіміз бар.

«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйі­ніне» келетін болсақ, бас қала­мызда ескірген апатты көп пәтер­лі тұрғын үйлерді бұзып, оның тұр­ғындарын жаңа да жайлы пәтер­лерге көшіру жөніндегі әлеу­меттік жоба ел игілігі үшін бас­тау алған еді. Енді бұзылған сол ескі үйлерден босаған жер те­лім­­­деріне халықтың денсаулы­ғына пай­­далы демалыс сәттері үшін сая­­бақ­тар мен гүлзарлар, спорт алаң­­дары мен демалыс о­рта­лық­тарын ашу жөніндегі тағы бір игілікті шара бастау алды. Іске сәт! 

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»