Қазақстан • 19 Маусым, 2018

Ұлттық экономика министрі халыққа есеп берді

396 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің халыққа есеп беру кездесуі өтті. Жиында ол Ұлттық экономика министрлігі қызметінің 2017 жылдың негізгі қорытындылары және үстіміздегі жылдың міндеттері туралы баяндады.

Ұлттық экономика министрі халыққа есеп берді

«Біздің министрлік әлеу­меттік-экономикалық сая­саттың үйлестірушісі ретінде халықтың әл-ауқатын және өмір сапасын көтеру үшін ұлттық экономиканың тұтас­тығы мен тиімділігін қамтамасыз етуде. Өткен жылы Министрлік эко­номиканың тұрақты өсуін қам­тамасыз етуде «2050» Стра­тегиясын, 5 институттық реформаны және Мемлекет бас­шысының тапсырмаларын іске асыру­ды жалғастырды. Еліміздің экономикалық дамуы жаңа жағ­дайға бейімделу кезеңінен өтті және өсудің орташа әлем­дік қарқынын анықтап, 4 пайызды құрады», деді министр. 

Экономикадағы құрылым­дық өзгерістерге тоқталған Т.Сүлей­менов өсудің 2/3 бөлігі шикізаттық емес саламен қамта­масыз етілгенін атады. «Инфляция деңгейінің 2015 жылғы 13,6 пайыздан 7,1 пайызға дейінгі бәсеңдеуіне байланыс­ты қолайлы макроэкономика­лық жағдай өсуде негізгі рөл а­тқар­ды. Сонымен қатар, стратегия­лық құжаттар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру оң әсерін тигізді. Мемлекеттік бағ­дар­ламаларға жан-жақты тоқталсақ, Индустрияландыру картасы бойынша 2017 жылы 1,5 трлн теңгеге 120 жоба іске қосылды. Тұрақты 10 мың жұмыс орны құрылды. «Нұрлы жол» шеңберінде 4 мың километрден астам автомобиль жолы реконструкцияланды, транзиттік контейнерлік тасымалдаулар 30 пайызға ұлғайды. Былтырғы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы басталды. Жалпы алғанда, рекордтық 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, 100 мыңнан астам отбасы жаңа тұрғын үй алды», деп атап өтті Ұлттық экономика министрі.

Баяндама барысында Тимур Сүлейменов агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемле­кет­тік бағдарламасы бойынша өткен жылы 851 коопера­тив құрылғанын және 132 мың тоннаға жуық сүт және 33 мың тонна жеміс-көкөніс өнім­дері дайындалғанын тілге тиек етті. «Бизнестің жол картасы шеңберінде 286 млрд теңгеге кредиттер арзандатылып, кепілдендірілді, 23 мың кәсіпкер оқытылды. Барлығы 192 мың немесе 2016 жылмен салыстырғанда 10,3 пайызға көп бизнес субъектісіне қолдау көрсетілді. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдар­ламасының бағыты бойынша 500 мың азаматқа қолдау көр­сетілді, олардың ішінде 315 мың адам тұрақты жұмыс орын­дарына жұмысқа тұрды. 2017 жылы 50 млрд теңгеге 400 өн­діруші-экспорттаушыны қол­дау шараларымен қамтыған Ұлт­тық экспорттық страте­гия іске асы­рыла бастады. 2017 жылы халық­аралық рей­тинг­тік агенттіктердің Қазақ­стан­ның инвестициялық сенім­ділік деңгейін растауы және бол­жам­ның «Терістен» «Тұрақ­тыға» жақ­саруы оң өзге­ріс­тердің куәсі бол­ды», деді ведомство басшысы.

Сонымен қатар ол 2018 жылғы зерттеу қорытындылары бойынша Әлемдік бәсекеге қабілеттілік рейтингінде Қазақстан 38-орынға ие болғанын, ал Жаһандық бәсе­кеге қабілеттілік индексінің рей­тингінде 137 елдің ішінде 57-орын­ға орналасқанын жеткізді. 

Ұлттық экономика министрі есеп беру кездесуінің соңында министрліктің алдағы жоспарларына да тоқталып, халықтан келіп түскен сұрақтарға жауап берді.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»