Қазақстан • 19 Маусым, 2018

Елорда меймандарды қарсы алуға дайын ба?

403 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Астананың Арқа төріне қоныс аударғанына да аттай жиырма жыл заулап өте шықты. Елдегі және халықаралық арена­дағы сан салалы мәселелер талқыла­натын басты алаң болған­дықтан, шаһарға әрісі – алыс шетелдерден, берісі – өзіміздің өңірлерден келушілердің қарасы қалың екені түсінікті. Ал қалаға келген әр мейманның ұмытылмас әсер алып, жақсы пікірде қалуы үшін қызмет көрсетудің жоғары деңгейде жүргізілуі аса маңызды.

Елорда меймандарды қарсы алуға дайын ба?

Бұл ретте бас қалада қолға алын­ған бастамалар сәтімен іске асып, ілгерілеушілік байқалады. Астана қаласының 2020 жылға дейінгі туризм­ді дамыту жөніндегі жол картасы бо­йынша инвестиция тарту көлемі артып, бас қала бұл бағытта республика бойынша көшбасшы атанған. Соңғы жылдары қонақүйлер, отельдер мен мейрамханалар санының 16 пайызға көбейіп, қызмет көрсету көлемінің 23 пайызға өскендігі осының бір белгісі.

Осыдан 10 жыл бұрын Мемлекет басшысы Астанадағы қонақүйлер мен мейрамханалар негізінен халықтың тұрмыс деңгейінің орташа тобына яғни елордаға келіп-кетіп жатқан қонақ­тарға қолжетімді болуы тиіс екенін шегелеп айтқан болатын. Содан бері бас қалада халық саны да еселеніп, соған сай тамақтану орындары мен қонақүйлер де көптеп ашыла бастады. Бұл өз кезегінде нарықтағы бағаның қолжетімді болуына тікелей ықпал етіп отыр. Халықаралық сарапшылардың пікірі бойынша, орта топқа арналған қонақүйлердің бағасы 80-100 доллардан қымбат болмауы және оларда минималды қызмет көрсету пакеті болуы тиіс. Астанада 100 доллары бар турист жол құнын есепке алғанда еш қысыл­мастан қонақүй жалдап, үш мезгіл тамақтанып, мұражайлар мен дема­лыс орындарында уақыт өткізе алады. 

Алайда бағасына қарай, сапасы анықталатын қызмет түрлері әлем қалаларының барлығына бірдей тән құбылыс. Сондықтан қонақүйлердің бес жұлдызды, төрт жұлдызды, үш жұл­дызды болып бөлінуі ондағы ұсы­нылатын сервистің сапасына тіке­лей қатысты. Бүгінгі күні Астана қала­сын­дағы 200 қонақүйде 8 мың бөлме, онда бас-аяғы15 мыңға жуық жатын орын бар. Оның ішінде әлемдік стандарттарға сай жұмыс жасайтын «5 жұлдызды» − 7 қонақүй (1315 бөлме), «төрт жұлдызды» − 33 нысан (2811 бөлме), «үш жұлдызды» − 44 қонақүй (1680 бөлме) жұмыс істейді. Ал қаладағы қалған қонақүйлердің ешқандай санатқа кірмейтіндігі анық­талып, нақты статус берілмеген. 

Жаз маусымында туристер легінің көптеп ағылуы, ауқымды іс-шаралар мен форумдар және де көрмелер көптеп өтетін кезеңде статусы белгіленген қонақүйлерден бос орын табу мүмкін емес. Жылдан-жылға келушілер саны артқан сайын бәсекелестік ортада әрбір қонақүй деңгейін жоғарылатуға, білікті мамандар шақыртуға, қызмет­керлерінің кәсібилігін жетілдіруге ден қояды. Осы мақсатта қатарынан үш жыл «Recommended by Astana» бағдарламасы іске асып келеді. Оның мақсаты туристер түсетін нысандарды туристік саладағы қызмет түрлерін көр­сетудің қыр-сырымен таныстырып, сапаға жұмыс жасаудың негізгі тетік­терін игеруге, бәсекелестік ортада өзін­дік ерекшеліктерімен көзге түсуге үй­рету. Қазіргі таңда 49 нысан аталған бағдар­ламаның қатысушысы ретінде өз дең­гейін көтеріп, келушілерге жағымды жағдай жасаудың әдіс-тәсілдерін игерген. Бұған қоса қытайлық туристерді тар­туға бағытталған «Chinese friendly» бағ­дарл­амасы Астанадағы 14 қонақүй­дің деңгейін жоғарылатуға ықпал етті. 

Мерейтой қарсаңында қоғамдық тамақтану орындарына келушілердің саны арта түседі. Осындай қарбалас кезеңде арнайы мамандар көпшілік тұтынатын тағамдардың барлық талаптарға сай болуын қадағалау арқылы, қауіпсіздікті қамтамасыз етпек. Елордадағы мейрамханалар мен барлардың, дәмханалар мен асханалардың қаншалықты талапқа сай жұмыс жасап жатқанын білу мақсатында Астана қаласының сауда-өнеркәсіптік палатасына қарасты «Сауда палатасы фирмасы» ЖШС өнімнің сәйкестігін растау жөніндегі директоры Елена Батракқа хабарластық. Тәжірибелі маман бұл саланың қыр-сырын, қия-қалтарысын былай баян­дап берді: «Біздің мекеме қаладағы мейрамханалар мен барлардан бас­тап, шағын асханалардың тамақтану орындарының стандарттарға сәйкес­тігін тексереді. Оның ішінде тазалық, қызмет көрсету деңгейі, азық-түліктің сапасын растайтын және де басқа да құжаттардың толық болуы сынды көптеген талаптар бар. Осының барлығы толығымен орындалған жағдайда сертификат беріледі. 2000 жылы қоғамдық тамақтану қызметін сертификаттау мемлекет тарапынан міндеттелген. Шамамен 10 жылға жуық қаладағы барлық тамақтану орындары ас дайындау бөлмесінен бас­тап, қол жуатын жерге дейін міндетті тексерістен өтетін. Ол кезде тіпті ортақ талаптарға бағынбаған асхана жоқ еді. Кейін бұл жүйе өзгеріп, жекелей мекемелердің өз еркіне берілді. Өз кәсібінің өрге жүзгенін қалағандар тек­серістен өтіп, сертификат алу үшін барлық талаптарға сай жұмыс істейді. Бұл ең алдымен мейрамханалар дәмханаларға тұтынушылар сенімінен шығуға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні ірілі-ұсақты 100 мекеме біз­дің тексерістен өтіп, сертификат алып отыр. Осы ретте айта кетер­лігі, біз жазалаушы орган емеспіз, тек ор­тақ талап­тарды орындауға, тұтыну­шы­лард­ың қауіпсіздігін қамтама­сыз етуге, қоғамдық тамақтану орындары­ның дамуына, клиенттер тартуына жағдай жасаймыз. Мысалы, тамаққа қосатын еттің қай базардан алынғаны, оның жаңа сойылған малдың еті екенін, санитарлық-эпидемиялық талап­тарға сай екенін анықтайтын құжа­ты болуын талап етеміз. Еттің бұзы­лып кетпейтіндей таза жерде сақталуы­на көз жеткіземіз. Екіншіден, кез кел­ген тұтынушыға қызмет көрсету, дас­тарқанға асты дұрыс қою сын­ды эти­калық нормаларды да қадағалаймыз».

Елена Батрактың айтуынша, Астана­­­дағы мейрамханалардың сер­вис­­тік дамуы алғаш құрылған кезең­мен салыстырғанда қазір әлдеқайда дамып, әлемдік озық аспаздық мектептермен иық тіресе алатындай деңгейге жеткен. Олардың барлығы халықаралық стандарттарға сәйкес жұмыс жасап, ортақ талаптарды орындап отыр­ған­дығын кез келген тұтынушы аңғара алады. Ал орта деңгейдегі асханалар мен кафелердегі талаптардың барлығы бірдей сақтала бермейді. Тамақтанушылардың астан улану фактілерінің тіркелуіне де бекітілген ережелердің жөнді сақталмауы негізгі себеп. Осы ретте тексеріс жүргізуді шартты түрде бекітіп, талаптардың қатаң сақталуын қадағалау қажеттігі туындайды. Бұл орайда атқарылар жұмыс­тар мен саладағы жүйелілікті бірі­з­ділендіру уақытты талап етеді. 

Таяуда Қазақстандағы диплома­тия­лық корпустарға арналған брифингте Астана қаласының әкімі Ә.Исекешев 2018 жылы елордамыз шетелден және өңірлерден келетін 1 миллионнан астам туристі қабылдауға дайын екенін, бұл үшін қалада 200 қонақүй мен 1100 қоғамдық тамақтану орны жұмыс істейтінін айтқан болатын. Бұған қоса жаңа әуежай терминалы мен жаңа темір жол вокзалы қонақтарды қабылдауға сақадай сай екенін да жеткізген-ді. Қала күні Аста­нада жаңа 7 саябақ пен алаң ашылады деген жоспар да бар. Бұл жасалып жатқан жұмыстардың барлығы жас шаһардың көркейіп, елордалықтар санының артуына бағытталып отыр.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»