Қазақстан • 19 Маусым, 2018

Темекі тартуды қоюға не кедергі?

1818 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақта «Бірінші байлық – денсаулық» деген сөз бар. Алайда қазіргі таңда осы баға жетпес байлығымызды будақ-будақ темекі түтініне тұншықтырып отырған жайымыз бар. Бұл қазіргі ғана емес, болашақ ұрпақ­тың да денсаулығына ерекше қауіп төндіретін қатер. Сонымен қатар темекі адам денсаулығынан бөлек, ел экономикасына, әлеумет әлеуетінің де күрт әлсіреуіне бірден-бір көлденең кесел. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне қарағанда, бүгінде Еуразия құрлығының жарты миллион тұрғыны жылына осы темекіден көз жұмады.

Темекі тартуды қоюға не кедергі?

Суретті салған Айдарбек ҒАЗИЗҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Қазақстанда 4 миллион шылымқор бар

Кейінгі он жылда жақсы көрсет­кіштерге қол жеткіздік дегенмен, мұндай қайғылы статистика Қазақ­станды да айналып өтпей отыр. Халықтың біршама бөлігі әлі күнге никотинге тәуелділіктен зардап шегуде. Қазақстанда орта есеппен 4 миллион адам темекі шегеді деген дерек бар.

Жалпы, бұл қатердің алдын қалай алмақ керек? Түтінге тәуелділіктің түбіне балтаны қалай шапқан дұрыс? Мүмкін темекі бағасын қымбаттатып, салықтың салмағын тағы да арттыру керек шығар?

Бұл ретте Денсаулық сақтау вице-министрі Алексей Цой «темекі шегу ін­детінің қарқынын азайтудың ең тиім­ді құралы акциздік саясат» деп атап өткен болатын. «Темекі өнімдеріне акциздерді әрбір 10 пайызға көтеру дамушы елдерде балалар мен жасөспірімдер арасында тұтынуды 8 %-ға және дамыған елдерде 4 %-ға азайтады. Елімізде шылымға акциздерді жоғарылату тиімділігін растау және осы саяси шараның денсаулықты сақтауға үлесі­нің тәжірибесі бар», дейді вице-министр. Оның келтірген деректеріне сүйенсек, фильтрлі темекіге 2013 жылы бір қорапқа 31 теңгеден 60 теңгеге дейін акциз мөлшерлемесін бір рет көтеру ересектер арасында шылым шегу деңгейін төмендеткен және елдің мемлекеттік бюджетіне кірістің түсуін 3 есеге айтарлық­тай арттырған. Мысалы, Ресей Федерациясы және ҚХР үкіметтері темекі өнімдеріне акциздердің ағымдағы мөлшерлемелерін үнемі көтеріп отырады. Темекі өнімдеріне акциздерді көтеру үлгісі мемлекеттік бюджетке кіріс және темекі өнімдерін тұтынуды азайту, сондай-ақ ең бірінші кезекте қан айналымы жүйесі, тыныс алу ағзалары және онкологиялық аурулар секілді инфекциялық емес аурулардан өлім көрсеткішінің азаю болжамын береді. 

Акциз құнын арттыру керек пе?

Темекіге қарсы коалицияның мүшесі Жәмиля Садықованың айтуынша, бүгінде темекі өнімдерін сөреге шығаруға тыйым салу туралы ұсыныс бар. Ондайда темекіні мүлдем алып тастайды, болмаса пердемен жауып қояды. «Мәселен, қазір дүкен кассасына келгенде жоғары жақта темекінің түр-түрі ілініп тұрады. Жаңағы шара заңды түрде енгізілсе, барлық темекі өнімдері пердемен жабылады. Себебі адам темекіні көргенде тартуға деген ынтасы артады. Ресей аталған шараны енгізді. Ол жақта барлық темекіні пердемен жауып отырады. Сатып алушыға темекінің тізімі беріледі. Сол жерде бағасы да, маркасы да жазылған. Осылайша, таңдау құқығы сақталған. Бізде осы іспетті шараны қолдану үшін қазіргі заңнамаға түзетулер енгізу керек. Жылдың соңына дейін Денсаулық сақтау министрлігі темекі өнімдерін жауып отыруға қатысты өзгерістерді дайындап шығаруы тиіс», дейді Ж.Садықова. Оның сөзіне қарағанда, бүгінде темекімен күрес саласындағы ең тиімді шара акциздерді көтеру. Соның арқасында темекіні тұтыну көлемін 50 пайызға азайтуға болады. 

Бұл мәселеге қатысты Дүние­жүзілік банктің сарапшысы Полина Куз­нецова да Қазақстанда темекі акциз­­дерінің құнын көрші Ресейдің деңгейіне дейін көтеру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар салықтың мөлшерін арттыратын болса, сол арқылы темекі өнімдерінің бағасын Ресейдің, тіпті Еуропаның деңгейіне көтеру мәселесі өз шешімін табатын сияқты. «Ең бастысы, осы әре­кет арқылы бюджетке біраз ақша түседі. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Қазақ­стан­да акциздік түсімді 310 млрд теңге­ге дейін арттыруға мүмкіндік бар. Ал xалықтың денсаулығы жақ­са­ра­ды, темекі шегетіндер азаяды», дейді экономист-сарапшы П.Кузнецова.

Мәселен, 2021 жылға дейін Қазақ­стан өз акциздерін Ресейдің деңгейіне көтерсе, онда бір қорап темекінің баға­сы 530 теңгеге дейін артады. «Еуро­па­­­ның талаптары бойынша 650 теңге бола­ды. Ал жыл сайын акцизді тек 10 про­­­цен­тке ғана көтеріп отырса, үш жыл­­дан кейін бір қорап темекінің баға­сы қат­­ты қымбаттамайды. Демек, олай жұ­­мыс істеген тиімсіз», дейді шетелдік сарапшы.

Жуырда Денсаулық сақтау ми­нистр­­лігінде өткен денсаулық үшін зиян­­ды өнімдер мәселелері жө­нін­дегі сектораралық кеңесте айтыл­ған­­дай, Ресейдің деңгейіне жету үшін темекінің 1000 данасына салына­тын акциздің мөлшері 12 500 теңге болуы қажет. «Мәселен, 1000 дана темекіні 20-ға бөлсек, 50 қорап шығады. Енді, 12 500 теңгені 50-ге бөлсе, бір қорап теме­кінің салығы болады. Бұл шамамен 250 теңге. Темекі өндірушілер оған өз бағасын қосады. Сонда Ресейдің баға­сы шығады», дейді сарапшылардың көбі. Коалиция мүшелерінің сөзінше, бүгін­де Қазақстанда темекі акциздері 7 500 тең­гені құрайды. Демек, бір қорап теме­кі­нің салығы 150 теңгенің үстіне шыға­ды. Темекі өндірушілер оған өз баға­сын қосқаннан кейін аталған өнім­дер­дің құны 320 теңгеден жоғары бола­ды. «Негізі, темекінің бағасы 700 тең­геден жоғары болуы тиіс. Тіпті 1000 теңгеге дейін қою қажет. Бірақ бізде акциздік өсімнің орташа дең­гейі 30 пайызды құрайды. Аталған көрсет­кішті әлі арттыру қажет», дейді Ж.Садықова.

Темекіге жұмсалатын теңге қанша?

Қазақстанда темекінің бағасы өте арзан екенін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық сарапшысы Патрисио Маркес те растайды. Оның айтуынша, Қазақстандағы орта жастан асқан ер-азаматтардың 40 пайызы шылым шегеді. Ал темекінің түбінде ауру, өлім жатыр. Мәселен, Қазақстанда 1 қорап шылымның орташа құны – 1 доллар. Ал Ресейде 2 доллардан асады. Еуропа елдерінде – 7, Нью-Йоркте – 13 доллар. Халықаралық сарапшы да елімізде шылымға акцизді қазіргіден де бірнеше есеге өсіру керек деген пікірге тоқтайды. Сонда темекі құны қымбаттайды да, тұтынушы саны төмендейді. Нәтижесінде түрлі дерт пен өлім азаяды. Бұл – әсіресе әлеуметтік жағдайы төмен адамдар үшін тиімді болмақ. 

Жалпы, қазірге дейінгі бізге жеткен мәліметтерге көз жүгіртетін болсақ, Қазақ­станда темекі шегетіндердің саны 8 пайызға төмендеп, соған байланыс­ты осы саладағы өндірістің көлемі 20 пайызға қысқарған. Ең басты­сы, оң үрдіс байқалып отыр. Негізі, мұның бар­лығы акциздің ғана әсері емес еке­нін айта кеткен жөн. Бұған дейінгі қоғам­дық жерлерде темекі шегуге ты­йым салу, темекі қораптарына үрей­лі суреттерді салу және тағы басқа шара­лар да оң нәтижесін берді. Деген­мен, акцизді арттыру, яғни салы­қты кө­бейтудің әсері зор болмақ. Теме­кі бағасының күннен-күнге көтері­ліп келе жатқанын көрген, темекіге жұм­салатын теңге қалтасын қаға бастаған әр азамат бір сәтке темекіні тастауды ой­лай­тыны рас. Айта кетейік, өткен жылы Қазақ­станда темекі акциздері 1000 да­наға 6,2 мың теңгеге дейін көтеріл­ген болатын. Биыл тағы 7,5 мың теңгеге дейін өсті. Келесі жылы атал­ған салық 8,7 мың теңгеге жетуі тиіс. 

Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»