Аймақтар • 19 Маусым, 2018

Батыс Қазақстанда өлкетанушылар форумы басталды

623 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Орал қаласында «Жайық­тың қасиетті орындары» атты республикалық өл­кетанушылар форумы бас­талды. Шара бір аптаға созылады. Форум аясында қатысушылар өңірдегі жалпыұлттық киелі жерлер тізіміне енген 7 нысанмен танысып, пленарлық, секциялық жұмыстар, шебер­лік сабақтары ұйым­дастырылады. Сондай-ақ облыстық музейде сурет­ші-иллюстратор Аңсаған Мұстафаның сурет көрме­сі өтеді. 

Батыс Қазақстанда өлкетанушылар форумы басталды

Форум жұмысын құттықтау сөзбен ашқан Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өңір­де «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында атқарылған жұмыстар туралы айтып өтті. 

Соңғы айдың жаңалық­тарын ғана айтар болсақ, ұлы күйші Құрманғазы Сағыр­байұлының туғанына 200 жыл толуына ар­налған «Ғасырлар қойна­уы­нан жеткен бабалар үні» жо­ба­сы аясында құра­мында өлке­танушылар, музей қызмет­керлері, баспасөз өкіл­дерінің қатысуымен өт­кен халықаралық экспеди­ция­ Қаратөбе мен Астра­хань арасын жүріп өт­ті. «Қа­сиетті Қазақстан» ғы­лы­ми-зерттеу орталығының ұйытқы болуымен Қазақстан Рес­пуб­ликасы Ұлттық музейінде «Батыстың жауһарлары» көр­­месі ұйымдастырылды. «Ру­хани қазына» фестивалінің республикалық кезеңінде «Үз­дік аудандық маңызы бар мем­лекеттік музей» аталымын Жымпитыдағы Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі иеленді. Мамыр айында Астанада өткен «Рухани қазына-2018» фестивалі аясында «Қазақстанның облыстық өлкетану музейлері одағы» құрылып, оның төрағалығына бірауыздан Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев сайланды. Осының бәрі өңірдегі өлкетанушылық, музей ісі еліміз бойынша көшбасшы орында тұрғандығын көрсетеді.

Форумға арнайы келген Мәдениет және спорт минис­трлігі Музей және кітапхана басқармасының бас сарапшысы Назгүл Қадрымбетова өңірдегі үздік музей қызметкерлерін ми­нис­трліктің Алғыс хатымен марапаттады. Еңбегі еле­ніп, мақтау қағазына ие болған­дардың арасында саналы ғұмырын музей ісіне арнаған ардагер Сара Танабаева, Сы­рым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің басшысы Айнагүл Ойшыбаева бар.

Осы форум аясында Пав­лодар және Ақтөбе об­лыс­­тық тарихи-өлкетану музей­лерінің көрмесін өткізу жос­парланған. Жалпы, Батыс Қазақстан облы­сында музей тарихы екі ғасырға созылады. Өйткені Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің негізі 1832 жылы қаланған. 

– Біз тәуелсіз, дербес ел атанып, қа­зақ халқының тарихы­на жа­ңаша көзқараспен қарай­тын болдық. Бірақ музей жұмы­сының басты бағыты мен үлкен мәні өзгермейді. Оның басты мақсаты – ата-бабамыздың көзіндей асыл мұраны, баға жетпес қазынаны жинау, сақ­тау, тарихи құндылықтарды жеткізу, қазіргі өскелең жас­тарды қоғам және мемлекет қайраткерлерінің тағылымы, өмір жолдары негізінде тәр­биелеу, – дейді музей басшысы Мирболат Ерсаев.

Қазіргі таңда БҚО тарихи-өлкетану музейі қоры жағы­нан Қазақстандағы ең бай, жәдігерлері мол музейлер қата­рында. Музей қорында 140 мыңнан астам жәдігер бар. Онда археологиялық, зергерлік, этнографиялық бұйымдардың мол коллекциясы жинақталған. Сегіз залдан тұратын музей ата-бабамыздың тарихи ше­жі­ресі толық қамтылған тақы­рыптық экспозициясы бар бір­ден-бір маңызды мәдени орталық. Экспозицияның ауқым­дылығы мен ондағы тарихи деректердің құндылығы жағы­нан ол еліміздегі алдың­ғы музейлер қатарында. Архео­логия залындағы сонау көне дәуір­ден басталған тарих бүгін­гі Тәуелсіздік кезеңіне дейін жал­ғасады. 

Музей құрамында 11 филиал халыққа қызмет көр­сетеді. Олар: облыс орталығы Орал қаласындағы Жәңгір хан атындағы тарихи-этногра­фиялық музейі, Ресейдегі ша­руалар қозғалысы көсемі Емельян Пугачев музейі, ақын Александр Пушкин музейі, суретші Сәкен Ғұмаров музей-үйі, Табиғат және экология музейі, «Рухани жаңғыру» музейі мен облыс аудандарын­да орналасқан Сырым атын­дағы тарихи-өлкетану музейі, Жаңақала ауданындағы Ди­на Нұрпейісова атындағы Өнер музейі, Мұхит Мерәлі­ұлы атындағы тарихи-өл­ке­тану музейі, Қазталов ауда­­нын­дағы Көктерек тарихи-этнографиялық музейі, Ақ­пәтер тарихи-өлкетану му­зейі, Жәнібек аудандық тарихи-өлкетану музейлері.

Музей қызметкерлерінің күші­мен соңғы жылдары қол­өнер шеберлерінің «Кө­кейім­де бар әлем» көрмесі, Ақ­жайық өңірінен табылған Ал­тын ханшайымды облыс жұрт­шылығына танысты­руды мақсат еткен «Ұлы да­ла құндылықтары» жобасы, «Алаш жолымен» атты Жым­питы-Семей бағытындағы та­рихи-танымдық экспедиция, Сырым Датұлының 275 жылдығына арналған рес­публикалық ғылыми-тәжі­рибелік конференция, Көк­терек тарихи-өлкетану му­зейінде өткен «Алашым – арысым» атты шара, Алашорда қоз­ғалысының 100 жылдығына орай «Рухани жаңғыру» музейінде өткізілген «Алашым – айбыным» атты облыстық музей қызметкерлерінің семинар-кеңесі, ақын, әдебиетші, филология ғылымдарының кандидаты Сағынғали Сейітовтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Нұрлы ғұмыр тағылымы» атты көрме, тағы басқа шаралар көпшіліктің ризашылығына бөленді.

– Президентіміз Н.Ә.Назарбаев­ «Болашаққа бағ­­дар: рухани жаңғыру» ат­ты бағдар­ла­масы аясында «Ту­ған жер» бағыты бойынша­ тапсыр­ма беріп, өлкетану мен өлкетанушылар мәселесін тегіннен-тегін көтеріп отыр­ған жоқ. «Қазақстанның кие­лі жерлерінің географиясы» тізімі жасалған кезде де өлке­та­нушылар бұл іске үлкен үлес қосты. Республикалық дәре­жедегі нысандардың жалпы саны жүз болса, соның жетеуі – біз­дің Батыс Қазақстан облысынан, – дейді Мирболат Ерсаев. 

Бұл қандай нысандар? Киелі жерлер тізіміне ең алдымен ортағасырлық Жайық қаласы мен «Бөкей Ордасы» тарихи музей-кешені енген еді. Кейін арнайы іссапармен Ақжайық өңіріне келген «Қа­сиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығы мамандары облыс аудандарын аралап, тарихи орындарын көрді. Ба­тыс Қазақстан облыстық та­рихи-өлкетану музейі және тарихи ескерткіштерді қорғау­мен айналысатын облыстық мем­лекеттік инспекция ұсын­ған тізімге сәйкес тари­хи ескерткіштермен, өңір­дің­ кие­­лі жерлерімен таныс­ты. «Қа­зақстанның киелі жер­лері­нің географиясы» жобасы бо­йынша құрылған жұмыс тобы құрамындағы тарихшылар мен өлкетанушылар облыс бойынша енгізілетін ны­сандар туралы ой-пікірді ортаға салған «Қасиетті Ақ­жайық» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Осы сапар мен дөңгелек үстел қо­ры­­тындысы нәтижесінде Қа­зақстанның жалпыұлттық киелі орындары тізіміне Ақ­жайық өңірінен тағы 5 нысан қосылды. Сөйтіп Батыс Қазақстан облысы бойынша алты алаш ардақтайтын киелі орынның саны жетіге жетті. Олар – б.д.д. VІ-V ғғ. Тақсай оба­лар кешені, ХІІІ-ХV ғғ. ортағасырлық Жайық қаласы, «Бөкей Ордасы» тарихи-музей кешені, Жұмағазы хазірет қорымы, ақын, Алаш қайраткері Ғұмар Қараш жерленген жер, Күнбатыс Алашорда астанасы Жымпиты, күйші Дәулеткерей кесенесі. Айта кету керек, бүгінгі форумға қатысушылар осы нысандардың бәрін аралап көретін болады.

Форум барысында еліміз­дегі музейлердің проблемасы кеңінен талқыланды. Мә­селен, көптеген музей ғима­рат­тары жәдігерлерді сақтау мен көрерменге ұсынуға ар­нал­маған. Саланың басты проб­лемасының бірі – кадр. Бүгінде музей көбейіп келеді. Ал арнайы маман әзірлеу әлі де жеткіліксіз. Мықты тарихшы мамандардың салаға тартылмау себебі – жалақының басқа салалардан төмендігі. Бұл салада жүргендер – му­зейді сүйетіндер, қаржысына қызығып жүрген ешкім жоқ. Музей саласындағы проб­леманың бірі – музейлердің ортақ кеңістігінің жоқтығы. Әр өңірдің музейлері өз алдына бір арал сияқты. Тәжірибе бөлісу, алмасып көрме өткізу аздау. Аймақаралық жобалар, тәжірибе алмасу, семинар, конференциялар керек-ақ. Орал қаласында ашылып отырған республикалық форумның бір мақсаты – осы олқылықтың орнын толтыру.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы