Қазақстан • 19 Маусым, 2018

Әлемде аутоиммунды аурулар көбейіп барады

3636 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Аутоиммунды аурулар­дың 100-ден астам түрі бар. Әлемде аталған сыр­қатқа шалдыққандар саны жыл өткен сайын ар­тып келеді. Бұл адам өмі­рін орта есеппен 15 жасқа қысқартатынын еске ал­сақ, аутоиммунды ауру­лармен күрестің қан­ша­лықты маңызды екенін аң­дауға болады.

Әлемде аутоиммунды аурулар көбейіп барады

Аутоиммунды аурулар де­геніміз – иммунитет әсері­нен туатын сырқаттар. Адам ағза­сындағы қорғаныш қызметін атқа­ратын ақ түйіршіктер бел­гісіз себептермен қажетті жасу­ша­лардың өзін қатерлі және қажет емес деп «таниды» және оны жоюға тырысады. Соның кесірінен белгілі бір орган тіпті кейде органдар жүйесі ауруға ұшырайды. Осылайша, ағза әлдеқандай беймәлім себептермен жүрісінен жаңылады. Қорғаныш жүйесінің шаршауы­нан туған дерттің түрі де көп. «Қазақстанның ревматолог-дәрігерлері» қоғамдық бірлес­ті­гінің директоры Ғалымжан Тоғызбаевтың айтуынша, әлем­де кең таралған аутоиммунды аурулардың арасында көбірек кездесетін 14 аурудың ішіндегі 6 ауруды ревмотология мамандары емдейді. Оның қатарында жүйелі қызыл жегі, жүйелі склероз, склеродермия, ревмотойдты артрит, васкулит тәрізді сырқат түрлері бар. Мұның ең ауыр салдары – адам өмірін 15 жылға кемітуінде деуге болады. Бұрын бұл аурумен әйелдер, жас келіншектер ауыратын болса, қазір жасы ұлғайған кісілер де шалдығады. Сондықтан Қазақ­станда бұл тарапта қандай жұ­мы­стар атқарылуы керек деген сауалдың төтесінен қойылуы заң­ды. 

Соңғы кезде Украина және Ресей ғалымдарымен бір­лесе жүргізілген зерттеулермен са­­лыстыра қарағанда, қазақ­стандықтардың арасында атал­ған ауру түрлерінің көр­­сеткіштері жоғары екені анық­талды. Мамандар зерттей келе бұл дерттің құрығына түсу жағдайы еуропалықтардан гөрі азиялықтарға тән бе деген тоқтамға келіп отыр. Әрине бұл мәселе әлі де кеңінен зерттеуді талап етеді.

Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі аутоиммундық сыр­қатты әлеуметтік ауру ретінде қа­растырып, осы бағытта жол кар­тасын жасау арқылы аталған аурумен күресте халықаралық жетіс­тіктерді Қазақстанда кеңі­нен қолдануды қарастырып жа­тыр.

Халықаралық зерттеулерде де еуропалықтарға қара­ған­да азиялықтардың аутоиммун­ды ауруларға шалдығу коэффи­циен­тінің жоғарылығы байқа­латыны рас. Ал қатерлі дерттің шеңгеліне шырмалған жас әйел­дердің өмір жасының 15 жыл­ға кемуі, мүгедектікке ұшы­ра­уымен бірге эстетикалық тұр­ғы­дағы қиындықтарға кезігуі мораль­дық-психологиялық әрі­­ әлеуметтік-экономикалық проб­лемаларды да туғызады. Дәрі­герлер елімізде сүйек бұлшық ет және дәнекер тіндері ауруы­мен 1 млн 189 мыңға жуық адам науқастанса, соның ішін­де 433 607 адам алғаш рет атал­ған ауруға ұшырағандар еке­ні анықталғанын айтады. Ал Қазақстан халқының саны 18 млн екенін ескергенде, 1 млн 189 мыңға жуық аза­маттың аутоиммунды ауруға шалдығуы мәселенің қан­шалықты маңыздылығын көр­сетпей ме?! Бір өкінерлігі, қа­зақстандық пациенттер дер кезінде қаралмай уақытты өт­кізіп алады. Бұған аурудың созылмалы сырқат түріне жататындығы да ықпал етеді. Сондықтан тұрғындардың скринингтен өтуге құлықсыздығы немесе мән бермей жүре беруі түптеп келгенде өздерінің ден­сау­лығына зиянын тигізуде.

Аутоиммунды аурулардың әртүрлілігіне байланысты емдеуге жұмсалатын қаражат ауқымы да сан алуан. Әрине со­зыл­малы сырқатқа ұшыраған отандастарымызға дәрілер кепілді медициналық көмек аясында тегін беріледі. Алайда халықаралық хаттамаларда көрсетілген ауруларды емдей­тін дәрі-дәрмектердің бәрі елі­міздегі тегін берілетін кепілді пре­параттардың қатарына енген жоқ. Яғни емге қажетті тарифтің анық­талуы аурумен күрестегі аса маңызды мәселенің бірі. Сол себепті әр ауруды емдеуге жұмсалатын қаражат көлемін белгілеу келер күннің еншісіне қалып отыр. Мысалы, кей пациент аутоиммунды дерттің жеңіл түрімен ауырса, енді бірі орташа, ал келесісіндегі өту ағымы көп қаржы мен еңбекті қажет етеді.

«Аутоиммунды аурулардың ішінде тұтас жүйені қамтитыны бар. Мұндай кезде науқасқа өте қиын. Өйткені ауыр диагноз қойылған, жанға батқан дерті бар, органдары деформацияға ұшырап, мүгедектікке душар болатын адамдардың қоғамда жолығатын қиындықтары өте көп. Сол себептен осы қоғамдық ұйымды құру қажет деп шештік. Жеке адамнан гөрі қоғамдық негізде пробле­маны министрліктің, дәрі­герлер қауымы мен қоғам ал­дына шығарудың маңызы үлкен. Нәтижесінде әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық уни­вер­ситетінің медицина факуль­тетіне ұсыныс жасадық. Мұны министрлік те қолдап, аутоиммунды ауруларға қатысты арнайы халықаралық конференция өтті. Бұрынғыдай мұңымызбен жеке қалмай, про­блемаларымыз тыңдалды. Нақты жұмыстар турасында жоспар қабылданып, жол картасы қолға алынды», дейді осы бағытта белсенді жұмыс жүргізе бастаған «Аутоиммунды аурулар» қо­ғам­­дық ұйымының жетекшісі Раушан Молдабекова.

Р.Молдабекованың айтуынша, бұл дертті емдеуде жаңа технологиялар мен инно­вациялық әдістерді енгізу, дә­рі-дәрмектер қатарында био­логиялық препараттарды қол­дану, ауруды сауықтыру, алдын алу мәселелері және диагноз қою қиындықтары бойын­ша көптеген мәселе сарапқа салынды. «Диагноз қоюдың қиындығына қарамастан, ауру уақтылы анықталып, дұрыс емдеу әдісі таңдап алынса, адамды мүгедектікке жеткізбеуге болады. Сондықтан аурудың алдын алу мен оңалту мәселесіне қатысты көптеген проблема бар. Мәселен, кейбір аутоиммунды ауру ушыққан сәтте қол немесе аяқты кесуге тура келеді. Ауру салдарынан мамандық ауыстыру және басқа да түрлі әлеуметтендіру қиындықтары алдыдан шыққанда тосылып қалатын жайттар көп дейді ол.

Аутоиммунды аурулардың туу себептері нақты анықтала қойған жоқ. Зерттеушілер әртүрлі күйзеліс жағдайында адам ағзасының әлсіреуінен, жүрісінен жаңылуынан пайда болады десе, кейбір жағдай­да қоршаған ортаның зиянынан болуы мүмкін деген болжам айтылады. Қалай бол­ғанда да, бұл сырқатпен кү­рес­те дәрігерлермен қатар адам­­­дардың да жауапкершілігі қажет. Дәрігердің алдын көрмей, тек жан мұрын ұшына таяғанда бару көбірек күшті талап ететіні ай­қын. Сондықтан уақтылы дәрігерге барып, скринингтен өткен абзал.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»