Қазақстан • 19 Маусым, 2018

Диагнозды дұрыс қоятын дәрігер

917 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Медицинаның жетістіктері диагностика мәселелерін жолға қойды. Ел өңірлерінде компьютерлік (КТ) және магнитті-резонанстық томографиялардың (МРТ) көмегімен кез-келген ауруды дәл анықтау деңгейі арта түсті.  

Диагнозды дұрыс қоятын дәрігер

Ақтөбе облыстық клиникалық балалар ауруханасы сәулелік диаг­ностика бөлімінің меңгеру­шісі Мұханбетияр Аманғали жетекшілік жасайтын бөлімшеде жоғарыда айтылған бүгінгі заман­ғы құралдардың көмегімен жаңа туған сәбилер мен балалардың арасында кездесетін барлық ауру­ға диагностикалық шешімдер қа­был­данады. Соңғы жылдары жа­салған медициналық зерттеу­лер арасында жүйке аурулары жиі кездеседі. Оның ішінде іштен туа біткен дерт­тер де бар. Дүниеге келгеннен ин­фекциялық зақымданудың салдарынан миға қан құйылып кету мен ми ісігі әсерінен туындайтын кеселдер көп. Мұның бәрі мидың қалып­ты дамуына кері әсерін ти­гізеді, дейді ол.

Рентгенолог дәрігер томогра­фияның көмегімен жылына үш мыңға жуық баланың бойындағы ауруды анықтайды екен. Жүйке ауруларына қоса көз, без, жүрек дертіне тап болған балдырғандар қаншама. Айтуынша, МРТ-ның мүмкіндігі КТ-ға қарағанда көбі­рек. Сондықтан КТ-да көрінбей қа­ла­тын аурудың ұсақ ошақтары мен түйіндерін томографияның соңғы жетістіктерінің көмегімен анықтауға мүмкіндік кеңейе түс­ті. Әсіресе халықаралық термин­де ани­­врезин делінетін, яғни тамыр­дың кеңейіп кетуінен бо­латын балалар дертін дәл анық­таудағы ақтөбелік дәрігер­дің ізде­ністері облыс және рес­пуб­лика көлемінде лайықты ба­ға­ланып келеді. Кейде ауру­лар­ды МРТ және КТ-ның кө­ме­гімен тексеріп, ұйғарым беру­дің өзі қиынға түсетін кездер де кездеседі. Мұндай сыни сәтте білікті маман омнискан, омнипак делінетін сұйық заттарды та­мы­рға айдау арқылы контрас­ты шешімдер алады. Мұндай кез­де аурудың белгілері бір жер­ге шоғырланатын көрінеді. Ол қыз­мет ететін облыстық кли­ника­лық балалар ауруханасында ауру­дың белгілері мен сипаты бойынша республика көлемінде тұңғыш рет жасалып жүрген оталар да аз емес. 

Мәселен, Тәуекел есімді екі ай­­­лық сәбидің дертін анықтау өте қиын­ға түсті. Оған дәл диаг­ноз қою кезінде Мұханбетиярға да он ойланып, жүз толғануға ту­ра келді. Жүз рет өлшеп, бір рет кес­­кен дәрігер сәбиге туа бітті өт жолы­ның қуысы (кистасы) деген диагноз қояды. Қателеспепті. Осы диагноз бойынша білікті хирург Аслан Ерғалиев жасаған ота сәтті аяқталды. Бұл балалар хирургиясы­ тарихында өте сирек кездесетін дерт екен. Қазір сол сәби алты жас­­қа толып, алаңсыз асыр салып ойнап жүр. Сондай-ақ 2006 жы­­лы дүниеге келген Дмитрий Рудь есімді бала да әлемде өте си­рек кездесетін кеселге кезігіпті. Дұрыс қойылған диагноз оның да өмірін сақтап қалды. Мұны бірін­шіден, диагностик-дәрігер Мұ­ханбетиярдың түйсігінің терең­дігімен байланыстырсақ, екін­шіден, хирург Владимир Кот­ловскийдің де қолы жеңіл бол­ғанынан көреміз. Мұханбетияр Аманғали біліктілігі мен ше­берлігін жетілдіруге ұдайы көңіл бөліп келеді. Ол соңғы жылдары Санкт-Петербург пен Мәскеуде және Аустрия мен Германияда соң­ғы үлгідегі заманауи аппаратуралармен жұмыс істеу дағдысына қаны­ғып қайтты.

– Балалардың бойындағы дерт­ті МРТ-ның көмегімен анық­­тау­дың тиімділігі жо­ға­ры. Өйт­кені мұнда сәуле ауырт­па­лығы кездес­пейді. Керісін­ше­ сы­нық пен өкпе ауру­ла­ры (алтын стандарт) бойын­ша КТ-дан қа­раудан пайдасы мо­лырақ. Тұ­тастай диагностика тиім­ді­лігін көтеру үшін қосымша бағ­дарламаларды меңгерудің бе­рері көп.  Дәрігерлер мен рентген-лаборанттарды шеберлік са­­ғат­тары мен қысқа мерзімді ма­мандық көтеру курстарынан өт­кізіп тұрудың маңызы жоғары. Сонымен бірге қызмет орнында қауіпсіздікті сақтау мәселелері ұдайы назарда болуға тиіс. Әйт­песе, қызметкердің сәуле ауруына ұшырамауына ешкім кепілдік бере алмайды, дейді денсаулық саласының сақшысы. 

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ