Аймақтар • 19 Маусым, 2018

Жамбылда менингококк қатаң бақылауда

316 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей, аты суық, заты қауіпті менингококк дертінің көптің мазасын кетіргеніне де біраз уақыт болды. Ғаламдық дерттің ғайыптан тайып келгендей, ел ішіне енуі шынында да көпті ойландырумен қатар, үрей де тудырды. Күн сайын бұқаралық ақпарат құралдарында, қала берді ғаламторда қауіпті дерттің қасіреті жайлы айтылып келеді. Аталған ауру түрінің алғашқы белгілері, одан кейін тиісті мамандардың ескертулері де қарапайым халықты бей-жай қалдырған жоқ. Қалай болғанда да халықтың денсаулығын нығайту, аурудың алдын алу мәселелері бұл күнде айрықша маңызды болып отыр. 

Жамбылда менингококк қатаң бақылауда

Деректер бойынша, ағымдағы жылы елімізде менингококк инфекциясының белгілері байқалған 213 адам тіркелген болса, оның ішінде 58 дерек расталған. Жұқ­палы дерттің мәселесі бұл күнде Жам­был жұртшылығын да алаңдатып отыр. Өңірде бұл күнде инфекциялық аурулардың алдын алу жөніндегі облыстық штаб құрылып, жұмыс істеуде. Жергілікті денсаулық сақ­тау қызметкерлерінің басты ұстанымы – қоғамда қатерлі дерттің таралуына жол бер­меу, халықты дер кезінде ауруханаға қара­лып тұруға шақыру. Бір миллионнан астам халқы бар Жамбыл облысында әзірге жұқпалы аурудың жайы анықталмағанымен, тұрғындар арасында әлі де алаңдаушылық басым. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов 2014 жылы осындай 5 жағдайдың тіркелгенін, оның 4-еуі Тараз қаласында орын алғанын мәлім­деді. Өңірдің бас дәрігерінің айтуынша, кейінгі жылдары Тараз қаласынан бөлек, облыстың Жамбыл және Сарысу аудандарында инфекциялық ауру анықталыпты. Енді басқарма басшысы Жамбыл жерінде бүгінде 34 инфекцио­нист дәрігер жұмыс істеп жүргенімен, бірқатар емхана мұндай маманға зәру болып отырғанын жеткізді.

– Бұл түйткілді мәселені шешу үшін бір­лесе жұмыс жүргізу керек. Бүгінгі таңда маман тапшылығына қарамастан, облыстық білім басқармасы және қоғамдық денсаулық сақтау департаментімен бірлесіп, алдын алу шараларын күшейту қажет, – дейді М.Жұманқұлов.

Аурудың қалай және қайдан жұғатынын ешкім де білмейді. Алайда дәрігерлер көпшілікке адамдар көп шоғырланатын жерлерге бармау керектігін жиі айтуда. Бұл ретте мамандар еліміз бойынша бұл ауру түрлері Астана және Алматы қалаларында кең таралып отырғандықтан, сол қалаларда білім алып жүрген студенттерді назарда ұстау қажеттігін ескертуде. Сонымен қатар «Апат айтып келмейді» дегендей, аурудың кез келген түрінен сақтану бүгінде халықтың өзіне де байланысты болып отыр. 

Жоғарыда төрт жыл бұрын Тараз қа­ласында менингококк ауруы бойынша 4 деректің тіркелгенін айттық. Облыс орталығында бүгінде 300 мың шамасында тұрғын бар. Ал олардың денсаулық жағдайы, қауіпсіздік мәселесі түгелдей жергілікті биліктің назарында болуы тиіс. Бірақ Тараз қаласында инфекциялық аурулардың алдын алу жөніндегі штаб құрылмапты. Бұл мәселе жуырда өңірде өткен инфекциялық аурулардың алдын алу жөніндегі облыстық штабтың отырысында белгілі болды. Аталған жиында облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабайдан Тараз қаласында ауру белгісі көп анықталғандығын, штабтың неге құрылмай отырғандығын сұраған. Бір қуаныштысы, өңірдің барлық аудандарында дерлік арнайы штабтар құрылып, қатерлі дерттің алдын алуға бағытталған шаралар басталып кеткен екен. Сонымен қатар облыс бойынша мектеп жасындағы барлық балалар да қатаң қадағалауда болып шықты. 

Аталған дерттің қайдан шығып, қалай таралып отырғаны көпшілік үшін әлі де түсініксіз. Бұл күнде шамалы басы ауырып, балтыры сыздай қалса да тұрғындар бойында белгісіз үрей ұялайтын болған. Сондықтан да халықтың аталған аурудан қалай қорғану жөніндегі уайымы да бұл күнде өзекті. Қазірде жайшылықта емханаға бара қоймайтын көпшілік күн сайын денсаулық сақтау нысандарына ағылуда. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» қағидатын берік ұстанушылар көбейген. Ал дәрігерлер ауруды емдегеннен гөрі, оның алдын алудың маңызды екенін ескертеді.

Менингококк ауруы алғаш рет Алматы қаласында тіркелген соң, басымдықтың бәрі сол жаққа қарай ауды. Еліміздің Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың жуырда ғана Алматы өңіріне іссапармен барып, түнгі сағат он екіде жергілікті 50-ге жуық тұрғынның жұқпалы аурулар ауруханасының сыртында кезек күтіп жүргенін көргені телеарналардан көрсетілді. Жамбыл өңірінде мұндай жағдай орын алмағанымен, жуырда ғана Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында министр Елжан Біртанов берген мәліметте Жамбыл және Қарағанды облыстарында бір-бір адамның инфекция жұқтырғаны айтылған еді. Енді еліміздің бас дәрігерінің өзі осындай мәлімдеме жасағанда, мұның рас болғаны да...

Жамбыл облысы бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков менингит ауруы өңірде алғаш рет қаңтар айында тіркелгенін айтады. Яғни аталған инфекция Жамбыл өңірінде де бар деген сөз. Алғашқы кезде өзін тұмауратып жүрмін деп ойлаған 19 жасар студент емханаға барып, дәрігерге қаралыпты. Ақ халатты абзал жандар дер кезінде алғашқы көмек көрсетіп, сараптама жасап, науқасты менингит диагнозымен ауруханаға жатқызған. Абырой болғанда, өңірде ешқандай өлім-жітім оқиғасы тіркелмеген.

Адам өміріне қауіпті саналатын менингококк инфекциясының белең алып тұрғаны бүгінгі қоғамдағы басты тақырыпқа айналды. Бұл тұрғыда облыс бойынша қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Берік Жарқынбеков өңір тұрғындарын жергілікті денсаулық сақтау басқармасы мен қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің ресми мәлімдемесіне ғана сенуге шақырып отыр. «Екпе алуға байланысты әлеуметтік желілерде таралып жатқан ақпараттардың растығына емханаға барып, дәрігерден сұрап қана көз жеткізуге болады», дейді ол.

Бүгінде аты да, заты да белгісіз аурудың түрлері көп. Өкініштісі, қазірде кең таралған беймәлім ауру түрлерінің көпшілігінің адам өміріне қауіпті екендігі. Сол сияқты мамандар менингиттің де түр-түрі бар екенін айтуда. Ал менингококк инфекциясы науқас жөтеліп, түшкіргенде бөлінетін сілекей, шырыш арқылы жұғады екен. Бұл ретте де тиісті мамандар әрбір азаматтың күнделікті өмірде саламатты өмір салтын ұстану керектігін айтады. Сондықтан қазақ жиі айтатын «Сақтансаң – сақтайды» ұстанымы осы күндері аса маңызды болып тұр...

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы