Қазақстан • 19 Маусым, 2018

Онкологиялық ем-дом алып жатқан балалар сабақтарын «ақылды сыныпта» оқиды

481 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми ор­та­лығында онкологиялық ем-дом алып жатқан балалар озық қон­дырғылармен жабдықталған «SmartSchool» оқу сыныбында сабақтарын жалғастыра алады. 


Онкологиялық ем-дом алып жатқан балалар сабақтарын «ақылды сыныпта» оқиды

 – Бүгін біз үшін айтулы күн. Бұған дейін кішкентай науқас­тарымыз барлық пән бойынша палаталарында білім алып келсе, енді осы сыныпта білімдерін жал­ғас­тырып қана қоймай, бос уақыт­тарын мәнді өткізе алады. Сурет салу, конструктор құрау, ағыл­шын тілін үйрену, дойбы, шах­мат үйірмелері жұмысын бас­тайды. Бұл балалардың тезірек жа­зылып, сауығып кетуіне оң әсерін тигізеді деп сенеміз, – деді инновациялық сыныптың тұсау­кесерінде орталық директоры Риза Боранбаева. 

Инновациялық оқу бөлмесі онко­логиялық дертке шалдыққан балаларға арналған. Орталықта бү­гінгі күні жүзден астам бала ем қа­былдап жатыр. 

Ғылыми орталықтың мұндай игілікке қол жеткізуіне Samsung Electronics Central Eurasia ком­па­ниясы қолдау көрсетті. Бү­гінге дейін компания еліміздің мек­теп­терінде осы іспетті 13 смарт сынып ашқан. 

– Біз осындай оқу сынып­тарының онкологиялық аурулар­ға шалдыққан балаларға оң әсе­рі тиетінін Ресейдегі Рогачев атын­дағы онкология және ге­мато­логия орталығынан білдік. Ба­лалардың сауығып кетуіне сеп­тігі­мізді тигізу үшін ем алатын ба­­лаларға сыйға тартуды жөн көр­­дік, – деді Samsung Electronics Central Eurasia компания өкілі Берік Омаров. 

Осы арада бұл кәсіпорын өт­кен жылы Ана мен бала ұлттық ғы­лыми орталығына дәл осындай смарт сыныпты сыйға тартқанын ай­та кету керек. 

Заманауи құралдармен жаб­дық­талған оқу сыныбында балалар математика, тарих, ағылшын тілі сияқты жалпы пәндермен қа­тар, шығармашылықпен де­ ай­­налыса алады. Сондай-ақ музыка мен ертегілердің көмегі­мен терапия сеанстары өткізі­леді. Орталыққа келіп дәріс бе­ретін мұғалімдер сабақтарды тиімді және қызықты етіп онлайн режімде де жүргізе алады. Онлайн түрінде өтетін са­бақ­тарға енді төсекке таңылған ба­­ла­­лар да қатыса алады. Сынып үл­кен интерактивті тақтамен, эко­ло­гиялық таза жиһаздармен қам­тамасыз етілген. Іші заман талабына сай әрленіп, безендірілген. Орталықта емделуші балалар са­­бақтарды жаңа оқу жылынан жа­ңа форматта оқитын болады. Су­рет салу, конструктор құрау, ағыл­шын тілін үйрену, дойбы, шах­мат үйірмелерін «HelpToday» қо­ғамдық ұйымының 10-ға жуық ерік­ті өкілдері тегін жүргізетін болады. 

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ