Қазақстан • 19 Маусым, 2018

Алматы саяхат орталығына айналады

742 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы шаһарына туристер тарапынан қызығушылық жыл сайын артып келеді. Соңғы үш жылда оңтүстік астанаға келген шетелдік туристер саны 14%-ға өссе, биылғы жылдың алғашқы тоқсанында Оңтүстік Корея, Үндістан, Ресей, Қытай, Түркия, АҚШ және Германиядан келген туристер саны жүз отыз мыңнан асқан.  

Алматы саяхат орталығына айналады

Мұндай көрсеткіштер «Туризм­ді дамытудың 100 қа­да­мы» қалалық бағдарла­масын жүзеге асыру бойын­ша Алматы қаласының әкі­мі Бауыржан Байбектің қа­ла туроператорларының қаты­суымен өткізген кеңесте мәлім болды.

Қала әкімінің орынбасары Әсел Жүнісованың айтуынша, халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесінің, Бүкіләлемдік Уни­версиаданың, сонымен қатар «Star of Asia», «Ұлы Дала ойындары», «Tour of Almaty» т.б. музы­калық, спорттық шара­лардың өтуі туристер легіне оң ықпал еткен.

«Бүгінде қала экономи­ка­сының 87%-і қызмет көрсету саласына қатысты болса, жалпы өңірлік табыстағы туризмнің үлесі небәрі 1,5% құрайды екен. Мегаполистің туристік әлеуе­тін арттыру мақсатында Алматы агломерациясының тау туризмі бойынша жоспары жасалып, оның құрамына Медеу, Шымбұлақ, Алматау және Бутаковка енген. Биылғы жылы әлемдік деңгейдегі Kempinski және Novotel отельдерінің, түр­лі бутик-отельдер мен хос­­­тел­дердің құрылыстарын аяқ­тау жоспарланған. Жыл аяғына дейін 14 халықаралық агенттік үшін БҰҰ-ның өңірлік ХАБ-ы ашылатын болады»,  деді Әсел Жүнісова. Сонымен қатар қазіргі кезде туристердің көпшілігі арнайы веб-тұғырлар арқылы жекелеген демалыстарын жоспарлайтынын айтты. 

Көбіне АҚШ, Ресей, Ұлы­бри­тания, Үндістан және Гер­ма­нияның азаматтары пайдаланатын әлемдік TripAdvisor тұғырнамасынан турис­тердің Алматыға деген қызығу­шы­лығын нақты көруге болады. Мұнда қалаға деген сұраныс 465-тен 66 824-ке ұлғайған.

Ал қала әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаев көлік тораптарының жетілдіріліп жат­қанын айтты. Келесі айдан бастап барлық қалааралық және халықаралық жолаушы тасымалы «Сайран» автобекеті арқылы іске асатын болады. Қазіргі кезде ғимарат қайта жасалуда, көлік-логистикалық инфрақұрылымы жетілдіріліп, жеңіл көлік тұрақтары мен халықаралық қатынас аймағы кеңейтілмек. Нысан ішінде локальді туристік орталық жұ­мысы жолға қойылып, онда туроператорлар алыс-жақын шетелдермен байланыста болады. Қоғамдық тамақтану орындары да заманға сай қызмет етеді. Сонымен бірге «Алматы-1» және «Алматы-2» темір жол вок­залдарын қайта жаңғырту жұмыс­тары қолға алын­ған. Екі жүз автокөлікті қысқа мерзімге жалға беру қызметі жол­ға қойы­латын болады. Өткен жы­лы 479 қоғамдық көлік қала тұр­ғындарына қыз­­мет еткен болса, биылғы жылы 569 жаңа автобус жол­ға шығады. Осы отырыста магис­тральді көшелердің бойын­дағы пәтерлерді жалға беру мәсе­лесінің де заң шеңбе­рінде жұмыс істеуі тиіс екендігі айтылды.

Қазақстан туристік ассоциа­циясының директоры Рашида Шайкенова Іле Алатауы сая­бағында туристердің фото және бейнекамера пайдалануы қаншалықты ақылы бо­ла­тындығы туралы мәсе­ле көтерсе, Іле Алатауы саяба­ғының бас директоры Дамир Мал­гел­диев тек коммерциялық түсі­рілімдерге ғана ақы алына­тын­дығынан хабардар етті. Бас­шының айтуынша, қазіргі кезде Іле Алатауы паркін дамыту туралы тұжырымдама жасалған.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ