Аймақтар • 19 Маусым, 2018

Жастар Ақбет шыңына шықты

1339 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Баянауыл тауларының ең биігі – Ақбет шыңы. Теңіз деңгейінен есептегенде биіктігі 1026 метрден асады. Тау батыстан шығысқа қарай 17 шақырымға созылып жатыр, ені 7 шақырымдай. Баянауылдықтар өмірінде бір рет болса да, құпиясы мен қасиеті аз емес Ақбеттің шыңына шығып, аспанға қол созуды армандайды. Туристер мен қонақтар да шыңның ұшар басына өрмелейді. 

Жастар Ақбет шыңына шықты

– Ақбет жайлы аңызды көп естіген соң ба, Ақбет шыңына шығуды армандайтынмын. Баянауылға барасыңдар дегенде табиғаты керемет жерді аралайтыныма, Ақбетті көретініме сендім. Шыңға шықтым. Ар­ма­ным орындалды! Тау беткей­лерін жартасты, жақпар тасты, тілімденген жалтыр тастар құ­райды екен. Баурайында Тор­айғыр, Сабындыкөл, Жасы­бай көлдері жарқырайды. Бұлақ­тары қандай көп! Табиғаты керемет! – дейді Ховда мем­лекет­тік университетінің сту­денті баян­өлгейлік Айнұр Ба­қыт­қызы. 

Былтыр «QazaqGeography» географиялық қоғамы ұйым­дас­тырған «Хан қорық» фес­тивалі үш елдің оқу орындары арасындағы келісімге сай өткі­зіліпті. Биыл да жалғасады. Өткен жылы біздің еліміз, Ресей және Моңғолиядан келген 120 студент археологтар, биологтар және аль­пи­нистер деп үш топқа бөлі­ніп, Баянауылға сапарлады. Осы топтың 90 студенті Ақ­бет шыңын бағындыруды таң­дайды. Шың басына шы­ғу сту­денттердің әртүрлі физика­лық дайындықтарына байланыс­ты кейде 6 сағатта, ал на­ғыз төзімділері 3 сағатта-ақ жетеді. Сондықтан спортпен шұғыл­данатын студенттерге шың қол созым жерде тұрғандай қиынға соққан жоқ. Студенттер арасында Айнұр Бақытқызы да бар.

– Жастар үшін тауға шығу, шыңды бағындыру – шы­дам­дылық пен ерік-жігерді тексеру. Биікке көтерілген са­йын өзіңді жеңімпаз сезінесің, – дейді ол.

Иә, биіктігі 1026 метрге же­те­тін тау шыңына шығу, әрине, ерік пен күш-жігердің жеңісі. Ақбетке байланысты аңыз да бар: Бүркітбай қызы Ақбетті кедей жігітіне бер­гісі келмейді. Қалыңмалын төлеген шалға қызын ұзатуға келіседі. Қос ғашық қашуға ниет­тенеді. Бірақ әкесі біліп қойып, жігітті өлтіреді, қызын үйден шығармай қояды. Бір күні Ақбет сүйіктісімен қоштасуға зират басына баруға сұранады. Өздері кездесіп жүргенде ақ таңды қарсы алатын таудың биік шыңына шығып, айналасына соңғы рет көз салады да, құздан төмен құлайды. 

Баянауылдың үлкен-кі­ші­сі бұл аңызды жатқа біле­ді. Ақбет есімді қыздар да аз емес. Баянауылдықтар бұл­ оқи­ға махаббат жайлы қан­­ша­лық­ты аңыз болса да, қан­ша ғасыр өтсе де, Ақбет есімін соншалықты қа­дір­­­леп, аялайды. Бұл ұрпақтан ұрпаққа жал­­ғасып келеді. Ерек­ше сүйіс­пен­­­шілікпен ән-жыр, өлеңдер ар­най­­ды. Облыс орталығында «Ақбеттау» әдеби журналы да жарыққа шығады.

Биыл да жастар шың басына шықты. Аудандық ішкі саясат бөлімінен Ренат Қуатжанұлы, Мереке Төлеубаев бастаған топта джиу-джитсудан спорт шебері Әділ Хабиболла, құрылыс бөлімінен Нұрсұлтан Шайхин, Салық Сұңғатбекұлы, «Баян­тау» газетінің тілшісі Еламан Қабдыләшім, экономика және бюджеттік жос­парлау бөлімінен Қанат Бал­табаев, Ғалымжан Мейрамұлы, дене- шынықтыру пәнінің мұғалімдері Жасыбай Құнан­баев, Сағынтай Төлегенұлы, белсенді Баян Шайхин және басқа да жастар болды. Жыл­жымайтын мүлік бөлімшесінің маманы Айкүміс Мағаз, студенттер Айнұр Мұ­рат­бек, Мәдина Байдүйсен шың басынан елімізге, Баян­ауылға, қа­заққа амандық, жақ­сылық тіледі. Еліміздің Көк туы жел­біреді. Құттықтау видео-сәлем­дерін жолдады. 

– Ақбет шыңына 3 сағатқа жуық уақытта жеттік. Барлық жастарды, қонақтарды Ақ­беттің шыңына шығуға шақы­рамын. Келіңіздер. Ерекше әсер, көк жүзі. Тұнық, саф ауа! Әрине, әртүрлі сезімде бола­сың. Көңілің асқақтайды. Еле­гізіп, сонау бір аңыз да жаң­ғырып, елес береді. Көк биігіне көз тігесің. Бойыңдағы күш-қуат, сенім, ерік-жігер Ақбеттің ерік-жігеріндей мық­ты болуын шың басына жеткенде түсінеді екенсің! – дейді Еламан.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы