14 Желтоқсан, 2011

№11 сын-қатер

275 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Каспий теңізі мәртебесінің құқықтық реттелмеуі, мұнай-газ кен орындарының игерілмеуі КСРО ыдырағаннан кейін Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі Каспий қайраңы ресурстарын бөлумен байланысты реттелмеген пікір қайшылығының тақырыбы болды. Физикалық-географиялық жағдай­дың шешуші факторы Каспийдің Әлемдік мұхитпен табиғи байланысы жоқ жабық ішкіқұрлықтық теңіз болып табылатындығында жатыр. Осыған сәйкес теңізге халықаралық теңіз құқығы (атап айтқанда, БҰҰ-ның 1982 жылғы Теңіз құқығы жөніндегі конвенция ережесі) нормалары мен түсініктерін қолдануға мүмкіндік жоқ. Оның үстіне Каспий қайраңы Қазақстанның көмірсутегі секторындағы басты стратегиялық ресурсы болып табылып, еліміздің әлемдегі мұнай-газ мемлекеттерінің жоғары лигасына енуіне мүмкіндік береді. Каспий өңірі, басқа аймақтармен салыстырғанда, кең және күшті өңірлік ынтымақтастықты қажетсінеді. Мұнда егес деген атымен болмауы тиіс, ал талас туғызатын мәселелерді келіссөздер мен өзара қабылдауға лайықты шарттарды іздестіру жолымен шешу қажет. Және ортақ мүдде тұрғысынан келгенде, осы өңір стратегиялық ынтымақтастық өңіріне айналып, қуат көздерін әлемдік рынокқа шығарудың тұрақтылығын қамтамасыз етуі тиіс.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Бүкіләлемдік экономикалық форумның Каспий өңірінен көмірсутегі шикізатын өндіру мен тасымалдау мәселелері жөніндегі арнайы сессияда сөйлеген сөзінен.

Давос қаласы, 1998 жылғы 30 қаңтар. Каспийдің қазір қолданы­лып жүрген құ­қықтық режімі 1921 және 1940 жылдардағы ке­ңес-иран келісімімен қа­лып­тасқан. Каспийдің құқықтық мәртебесін айқындау жөніндегі ке­ліссөздер бес Каспий жа­ға­лауы мемлекет­тері­нің теңіздегі ынтымақтастық мәселелерін реттеу мақсатында 1992 жылы бас­талған еді. Әзербайжан, Қа­зақстан және Түркіменстан Кас­­пийді орташа желі бой­ын­ша бөлген жөн деп санаса, Иран барлық Каспий жағалауы елдері арасында беске тең бөлуді ұсынады.   1996 жылдың қарашасында Ашғабад қаласында өткен Жағалау елдері сыртқы істер министрлері кеңесінің қорытындысы бойынша Каспий жағалауы мемлекеттері (КЖМ) сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейін­де Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі ту­ралы конвенция жасау жөнінде Арнайы жұмыс тобы құрылған еді. Аталған институттың мәжілістері тұрақты түрде әрбір Каспий жағалауы мемлекеттерінің аумақтарында кезекпен өткізіліп келеді. Бүгінге дейін КЖМ-нің 29 мәжілісі өткізілді (соңғы кездесу 2011 жылдың 19-20 шілдесінде Мәскеуде өтті). Кезекті мәжілісті үстіміздегі жылдың соңына дейін Астанада өткізу жоспарланған. Каспий жағалауы мемлекеттері президент­терінің үш саммиті (2002 жылдың 23-24 сәуірі, 2007 жылдың 16 қазаны және 2010 жылдың 18 қарашасы) мен сыртқы істер министрлерінің үш кеңесі (1996 жылдың 11-12 қарашасы, 2004 жылдың 6 сәуірі және 2007 жылдың 20 маусымы) ұйымдастырылды. 3-ші Каспий саммиті шеңберінде Каспий теңізіндегі қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, бес мемлекет президенттерінің бір­лескен мәлімдемесі қабылданды. Қауіп­сіз­дік саласындағы ынтымақтастық туралы келісім рамалық құжат болып табыла отырып, жағалаудағы мемлекеттердің Каспийдегі қауіп­сіздікті және құқыққа қарсы қызметпен күресті қамтамасыз ету үшін өзара іс-қимылдың құқықтық негізін қалады. Қазіргі кезде Каспийдің келіссөз үдерістерінің негізгі міндеті Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенция жобасының ережелеріндегі келісілмеген тұстар бойынша тараптардың ұстанымдарын барынша жақындату және 3-ші Каспий саммиті қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру болып табылады.