Қазақстан • 19 Маусым, 2018

Білім гранттарының бөлінісі: талапкерлердің тілдік пропорциясын таразылай ала ма?

928 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ертең елімізде жоғары оқу орнына құжат тапсырушы талапкерлер үшін жауапты сәт – Ұлттық бірыңғай тестілеу науқаны бас­талады. Биыл он бесінші мәрте өтетін осы жауапты кезеңнің нәти­желеріне зер салсақ, жыл сайын қайталанатын үрдіс бар. 

Білім гранттарының бөлінісі: талапкерлердің тілдік пропорциясын таразылай ала ма?

Бұл білім гранты бөлінісі бо­йынша мемлекеттік тілде білім алуды таңдаған талапкерлердің арасындағы байқаудың өте тартыс­ты өтетіні, ал ресми тілде білім алуды қалаған талапкерлердің білім грантын иеленуі көп жағ­дайда жеңілге түсетіні туралы мәселе дер едік. Яғни қазақша оқығыңыз келсе қажырлы еңбек қажет, ал орыс бөліміне құжат тапсырсаңыз оқуға түсу біршама оңайлау болмақ. Еліміздегі зият­керлік мектептердің түлектері Кем­бридж жүйесі бойынша сынақ тапсырып, қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орнына еркін түсе алатындықтан, атал­ған мәселемен негізінен ҰБТ сына­ғына қатысатын қарапайым орта мектептер мен гимназия және лицей бітірушілері бетпе-бет келеді.

Осы мәселеге орай Ұлттық тестілеу орталығының testcenter.kz сайтына үңілгенімізде, бұл мәселеге байланысты статис­тикалық мәліметтерді кезіктіре алмадық. Дегенмен бас басылым жыл сайын білім гранты иегерлерінің толық тізімін жария­лайтындықтан, газет тігін­ді­лерінен былтырғы байқау қоры­­тын­дысына назар аударған едік. Мәселен, былтыр 5В010100 – Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу мамандығы бойынша қазақ бөліміне 110 грант, орыс бөліміне 29 грант бөлінген. Жалпы конкурстың нәтижесіне қарар болсақ, ауыл квотасымен қоса есептегенде қазақ бөлімі­не грант­қа түсушілер үшін ең төмен­гі балл 88 болса, орыс бөлі­мін­де 84 балды құрайды. Яғни қазақ бөліміне түсушілер үшін 4 балл жоғары жинау керек. Сол сияқты 5B010900 – Мате­матика мамандығы бойынша қазақ бөліміне 150 грант, орыс бөлі­міне 31 грант бөлінсе-дағы, жалпы конкурстың қазақ бөлі­міндегі ең төменгі балл 101, ал орыс бөлімінде 92 балды құрай­ды. Әрине мұндай мысалдарды жіпке тізе беруге болады.

Жуырда Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев биыл 102 442 мектеп бітіруші (70 пайыз) ҰБТ тапсыруға өтінім бергенін, олардың ішінде 77 мың түлек немесе 76 пайызы қазақ тілінде тап­сы­­ратынын жеткізді. Яғни биыл ҰБТ тапсыруға өтінім бер­ген­дер былтырға қарағанда 10 мыңға көбейді, сәйкесінше мемлекеттік тілде тапсырушылар саны да 5 пайызға артып отыр. Ал орыс тілінде тестілеуге қаты­­са­­тын­дардың үлесі – 24 пайыз. Үкі­­мет басшысы Бақытжан Сағын­­­таев ҰБТ науқанының әрда­йым әлеуметтік әсері жоғары бол­ған­­дықтан барлық қажетті шара­­лар­­дың назарға алынуын қада­­ға­­лауды тапсырған болатын. Осы орайда министрлік тара­­пы­­нан білім гранттарының тілдік бөлінісі қадағалануы тиіс сияқты...

Таяуда 2018-2019 оқу жылына күндізгі оқу нысаны бо­йынша мамандықтар бөлінісінде жоғары білімі бар мамандарды, магистрлерді, PhD докторларын даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырыстары бөлінді.

Білім және ғылым министр­лігінің интернет-ресурсында мем­­лекеттік білім беру тапсырысы бойынша бұйрық жарияланды.  

Министрліктің бұйрығына қоса берілген қосымшада мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын жоғары оқу орындарында жоғары білімі бар мамандарды, магистрлерді, PhD докторларын даярлауға арналған квоталар көрсетілді. Яғни 2018-2019 оқу жылына жоғары білімі бар мамандарды даярлауға – 53 594 грант, магистрлерді даярлауға – 12 504 грант,  PhD докторларын даярлауға 2 240 грант бөлінген.

Биыл Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру мақсатында қосымша бөлінген 20 мың грант аясында техникалық мамандықтарға көп грант бөлінгендігі белгілі. Оның ішінде 16 мың бакалаврдың 11 мыңы техникалық және 5 мыңы басқа да мамандықтарға арналса, 3 мың орын магистрлік білімге, 1 мың орын докторантураға бөлінді. Жалпы, мемлекеттік тапсырыстың 49 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді. Оның басым бөлігі ақпараттық технологиялар, робот техникасы және нанотехнологияларға арналады. Бұл – әрине, мемлекет тарапынан үлкен қолдау. Талапкерлерге мемлекеттік білім беру тапсырыстары бойынша толық ақпаратты Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсынан алуға болады. Білім гранттары бөлінісіне байланысты аталған ресурстағы ақпаратқа зер салсаңыз, мемлекеттік тапсырыстардың барлығы дерлік 75/25 ұстанымымен бөлінгенін байқау қиын емес. Яғни қазақ тілінде тапсырушыларға гранттардың 75 пайызы, орыс тілінде тапсырушыларға 25 пайызы арналған.

Бұл мәселеге байланысты Білім және ғылым министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің бас сарапшысы Наужан Дидарбековамен сөйлескенімізде, ол құрамында Парламент депутаттары, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы және мемлекеттік органдар мен жоғары оқу орындары қауымдастығының өкілдері бар мемлекеттік білім тапсырыстарын мамандықтар бойынша бөлу жөніндегі комиссияның мемлекеттік білім тапсырыстарын тілдік тұрғыдан 75 пайыз қазақ тілінде, 25 пайыз орыс тілінде оқуға бөлу туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Сонымен бірге мемлекеттік тапсырысты қалыптастыру тіл бойынша емес, мамандықтар бойынша жүзеге асырылатынын атап айтты.

«Мәселен, аударма ісіне тілдік ерек­шелік қажет емес. Мұндай ерек­шелік­тер педагогика мамандықтарында болуы мүмкін. Ал дизайн, құқық маман­дықтары бойынша кейін жұмыс істе­генде тілдік ерекшелік ескерілмейтіні белгілі. Өйткені ол қоғам алдына, еңбек нарығына шыққанда өзін маман ретінде көрсете білуі керек. Сондықтан негізінен мектеп бітірушілердің санына басымдық береміз», деді Н.Дидарбекова.

Осыған орай былтырғы жоғары оқу орны гранттарының конкурсы бойынша қандай мониторинг жүргізілгенін, қазақ және орыс тіліндегі оқу гранттарының үйлесімі мен мөлшерін (пропорциясын) реттеу шаралары жөнінде еліміздің Білім және ғылым министрлігіне сұрау салған едік. Министрліктің ресми жауабына сәйкес, редакциямызға нормативтік-құқықтық актілер монито­ри­нгінің нәтижелері бойынша тиісті қорытындылар шығарылып, жоғары оқу орнына оқуға қабылдау бойынша бар­лық нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілгені турасында қысқа ға­на жауап келіп түсті. Сондай-ақ мем­­ле­кеттік білім тапсы­рысының Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау ми­нис­трлігі ұсынған 2022 жылға дейін­гі ел экономикасының барлық сала­сын­­дағы мамандар қажетті­лігіне жас­алған болжамға арқа сүйейтіндігі айтылған.

Біз осы тарапта елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­­ситетінің студенттерімен сөйлес­кен едік. Мәселен, 2016 жылы мектеп бітірген Жанерке Кабитанова орыс филологиясы бойынша білім алып жүр. Ол орыс бөліміне 115 балл жинап түскен екен. Өз тобында оқитын 7 студенттің алтауы грант иегері. Ал Жанеркемен қазақ бөлімінде қатар оқитын грант иегерлерінің ең төменгі балы 126 балдан басталады. Қазақ тобындағы грант байқауы өте жоғары деңгейде өтетіндіктен Жанерке өзінің таңдауы дұрыс болғанын, орыс тобындағы оқуға түсу балының төмендігі өзіне жол ашқанын айтады. Дәл осы факультеттің І курс студенті Мансұр Бөкенбаев та былтыр қазақ орта мектебін тәмамдағанына қарамастан орыс тобына түсу оңайға түскенін айтады. Ал дефектолог мамандығы бойынша білім алып жүрген ІІ курс студенті Жанел Нұрқышева қазақ бөліміне грант көп бөлінгенімен, грантқа түсу балының көрсеткіші өте жоғары болатынын байқап, орыс тобында оқуға құжат тапсырыпты.

Р.S. Бір ғасыр бұрын «Қазақ» газетінде сөз қозғаған Міржақып Дулатов «әр халық өз тілінде оқуға, өз тілінде жазуға, өз тілінде тергеуге тиіс» деген еді. Осы мәселе орнынан қозғалу үшін де жоға­ры­дағы жайтты майшаммен тағы бір қараған дұрыс шығар...

Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»