14 Желтоқсан, 2011

Жұлдызды жиырма күн. Он тоғызыншы күн (14 желтоқсан): МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ

1005 рет
көрсетілді
41 мин
оқу үшін
Кез келген ұлттың баға жеткісіз қазынасы – тіл. Ол ұлтпен бірге жасап, заманмен бірге дамып отыратын құбылыс. Ана тіліміздің бар байлығын көздің қарашығындай сақтап қана қоймай оны жинақтап, жүйелеп жас ұрпаққа табыстау – әр буынның абзал борышы. Ұлтымыздың ұлы қазынасы – ана тіліміздің сөздік қорын түгендеп, ондағы әр сөздің мағынасын ашып, мәнін анықтап көптомдық сөздік ретінде шығару өте игілікті іс. Осыдан ширек ғасыр бұрын шығарылған он томдық «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» 91,5 мың атау сөз бен тіркес қамтылған екен. Ал ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерекесіне орай шығарылып отырған он бес томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» барлығы 150 мыңнан астам атау сөз бен сөз тіркесі қам­тылып отыр. Бұл ата-бабаларымыздан үзілмей жеткен ұлт­тың ұлы байлығы – қазақ тілінің заманға сай жаңарып, тәуел­сіздік тұсында орныққан жаңа ұғым, термин, атаулармен мейлінше толысқан­ды­ғы­ның, барынша өсіп-өркендегенінің белгісі. «Қазақ әдеби тілі сөздігінің» жарық көруін еліміздің рухани-мәдени өміріндегі ең елеулі оқиғалардың бірі ретінде бағалап, оның барша халықтың игілігіне айналатын бірегей мұра болуы­на тілектестігімді білдіремін.

 Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

  Ұлттың ұлы қазынасы Кез келген тілдің өсуі де, өшуі де оны дүниеге әкелген халық тарихымен та­ғ­дыр­лас. Ұлт өссе, тіл де бірге өсіп, ұлт жо­йыл­ғанда, тіл де өшіп отырған. Тіл біліміндегі «өлі тілдер» деп аталатын қа­тар­ға кіретін үлкен топ осының айқын дәлелі. Олардың ішінде адамзат тари­хын­да мәңгі өлмес әдеби, тарихи мұра қалдырған санс­крит, копт, авеста, тіпті латын мен ғұн тілдері де бар. Олардың көпшілігі бүгінде қолда­ныс­тан қалға­ны­мен, көптеген жаңа тілдердің өркен­деуіне жол ашты. Мың жылдан астам билік құрып, әлем тарихының дамуына өшпестей із қалдырған ежелгі Римнің ресми тілі болған латын тілі бүгінде алақандай Ва­ти­канның ғана мемлекеттік тілі қызметін атқарғанымен, дәл осы тіл бүгінде Батыс өркениетінің басым көпшілігі сөйлейтін испан, француз, португал және итальян тілдеріне ғұмыр сыйлады. Қытайдың бес мыңжылдық тарихы алуан тілде сөйлейтін, сансыз көп тайпалардан тұратын халықтардың бірте-бірте бірігу тарихынан тұрады. Қазірге дейін қытай тіліндегі он түрлі диалекті мен қытай әдеби тілінің (путунхуа) арасын­дағы айырманың жер мен көктей екендігін ескерер болсақ, қытай диалекті­лері­нің басын біріктіру XXI ғасырда да жалғасу үстінде екендігін көреміз. Түрік қағанаты дәуірлеген кезде түрік тілінің де мейманасы тасыды. Кирилл мен Мефодийдің дүниеге келуінен мың жыл бұрын түркілер өз заманының ең озық жазуын ойлап тауып, ата тарихын өшп­ес­тей етіп тасқа қашап кетті. Бүгінде түрік, қазақ, өзбек, әзербайжан, қырғыз, түркімен сияқты алты тәуелсіз, отыздан астам ірілі-уақты ұлыстар ұстанып отыр­ған, жалпы саны 200 миллионға жуық адам сөйлейтін түркі тілдерінің түп ата­сы – осы көне түрік тілі. КСРО Ғылым академиясының Тіл білімі институты 1969 жылы «Древнетюркский словарь­ды» шығарды. Негізінен VII-ХІІ ғасыр­дағы тек көне түркі жазба ескерткіштерінен алынған осы сөздікте 20 мың­нан астам сөз бен сөз тіркестері қамтылған бо­латын. Егер ХVІІ ғасырда дүние сал­ған, шығармалары күні бүгінге дейін сахнадан шығып, баспадан түспей келе жатқан әлем әдебиетінің ұлы классигі У.Шекспирдің барлық шығармаларында 15 мың ғана сөз пайдаланылғанын ескерер болсақ, көне түркі тілінің өз зама­нын­дағы ең бай тілдердің бірі болғанын аңғару қиын емес. Жетінші ғасырдан бастап жер жаһан­да Мұхаммед пайғамбардың жасыл туын көтер­ген мұсылмандар шеру тартқан кезде әлем­нің әр түкпірінде араб тілінің дәуір­леу ке­зеңі басталды. Бүгінде 300 миллионға жуық адамның ана тілі саналып, мұсылман дінін ұстанатын 1,5 миллиардтан астам халықтың тілдерінен берік орын алған араб тілінің де қазақ тілінің дамуына қосқан үлесі аз емес. Тарихын біздің заманымызға дейінгі ІІ мыңжылдықтан бастау алатын парсы тілі де қазақ тілі дамуына игі әсерін тигізді. Тіл тарихына қысқаша экскурс жасап отыруымыздың басты себебі, тіл оны дүниеге әкелген халық тарапынан қолдау, қорғау көрген кезде ғана дамиды. Тіпті 18 ғасыр бойына өлі тілдер қатарынан берік орын алған иврит тілі осындай қамқорлықтың арқасында феникс құстай қайта жаңғырып, ХХ ғасырда Израильдің мемлекеттік тіліне айналды. Сондықтан өз тілін ата-бабадан қалған ең асыл жәдігердей сақтап, оның өзге тілдермен бірдей өсіп-өркендеуі мен үздіксіз дамып отыруына қамқорлық жасау әрбір ұлттың ең абзал борышы болуы тиіс. Қазақ тілінің он томдық түсіндірме сөз­ді­гінің жарық көргеніне аз-кемі жоқ тұп-ту­ра 25 жыл уақыт өтіпті. Сонымен, ширек ға­сыр ішінде ана тіліміз қандай асулардан асып, қай белеске шықты? Оның бүгінгі хал-күйі нешік және болашағы қандай? Өзге жұрттың тілдерімен салыстырғанда, қай дең­гейде? Енді осы сұрақтарға да жауап бере кетелік. Дәл бүгінгі кезеңде қытай тілінен кейінгі әлемдегі ең көп тараған тіл – ағыл­шын тілі. Бұл тілді дүниедегі 500 мил­лионға жуық адам өзінің ана тілі деп қа­был­даса, 1 миллиардтан астам адам үшін өздері еркін сөй­лей­тін екінші тіл болып есептеледі. Ағылшын тілі бойын­ша ең беделді сөздіктердің бірі 1989 жы­лы жарық көрген әйгілі 20 томдық «Оксфорд сөз­ді­гінде» 600 000 сөз қамтыл­ған. Ағыл­шын­дар кейінгі 20 жыл бойы осы сөз­дікті ба­рынша толықтырып, жаңа нұс­қа­сын да­йындау үстінде. 2017 жылы аяқ­та­лады деп отырған бұл басылымда мил­лионға жуық сөз бен сөз тіркесі қам­ты­лады деп күтілуде. Бір ғажабы, ағылшын тіліндегі сөздердің 70 пайызы кірме сөздер. ХХ ғасырдың басына дейін «әлемдік тіл» функциясын атқарып келген француз тілі­нің «Үлкен сөздігінде» 86 мың сөз бен оның 800 мыңға жуық мағынасы берілген. Дүниеде кең тараған ұлы тілдер қатарын­да­ғы неміс тілінің жағдайы да ешкімнен осал емес. Неміс ғалымдары шығарған он том­дық «Неміс тілінің үлкен сөздігінде» 200 000 сөз бен оның 300 мыңдай мағынасы қамтылыпты. Жоғарыда келтірілген үш тілдің даму деңгейінен шығар қорытынды: әдебиеті мен өнері, ғылымы мен білімі озған жұрттың тілі де озық. Басқаша айтсақ, елі байдың тілі де бай. Әлемдегі ұлы тілдер қатарында орыс тілі де бар. Орыс тілінің барынша толық кү­йін­де жарық көрген алғашқы түсіндір­ме сөз­­дігі 1789-94 жылдар арасында ба­сы­лып шық­­қан «Словарь Академии Российской» сөз­­дігінде небәрі 40 мың сөз қамтылған екен. Ал араға екі ғасырдай уақыт салып, 1948-65 жылдарда жарық көрген 17 томдық «Словарь современного русского языка» деген сөздігінде 120 мың сөз қам­ты­лыпты. Ал 2009 жылы жарық көрген «Большой толковый словарь современного русского языка» сөздігіне 180 000 сөз бен сөз тіркесі енгізілген. Бір сөзбен айт­қан­­да, орыс тілі екі ға­сыр­дан астам уа­қыт ішін­де 4,5 есеге өс­кен. Бұл өсу – өзге тілдерден енген сөздерді жат­сынбай орыс тіліне ба­­тыл енгізуден туын­даған. Орыс тілінің дамуына түрік тілдері де өз әсерін тигізді. Ол кейбір орыс ға­лым­да­ры айтып жүргендей, «ватага», «атаман», «ку­мыс» сөздерімен ғана шектелмей, екі мың­нан астам сөзден еркін асады екен. Мы­салы, Е.Н.Шипованың «Словарь тюркизмов в русском языке» атты сөздігінде (1976) түркі тілдерінен орыс тіліне енген 2000-нан астам сөздердің тізбесі келтірілген. Енді қазақ тілінің жаңа ғасырда бағындырған межесі қай дәрежеде? Осы сұраққа жауап іздеп көрелік. Ана тіліміздегі ең соңғы толық нұсқа­да­ғы түсіндірме сөздік 1974-1986 жылдар аралығында 10 томдық іргелі еңбек ретінде жарық көрді. Онда 66 994 атау сөз бен 24 508 тіркес, барлығы 91 502 лексикалық бірлік қамтылып, олардың 103 мыңнан астам мағыналық сипаттама­сы берілді. Сөздікте мыңнан астам автор­дың 2,5 мыңнан астам кітаптарынан жал­пы саны 250 мыңға жуық мысалдар мен дәйектемелер келтірілді. Бү­гін­де әлде­қа­шан сирек кездесетін басы­лым­дар қа­тары­нан орын алған түсіндірме сөздік қазақ қоғамы алдындағы өзінің тарихи миссиясын толық орындап шықты. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін еліміздің саяси-экономикалық, әдеби-рухани, ғылыми өмірінде елеулі өзгеріс­тер орын алды. Қоғамдық өмірдің сан алуан саласында түрлі ұғымдар мен терминдер қалыптасты. Ақпараттық технология өмірімізге мықтап енді. Жаһандану толқыны тіл мұхитын да сапырып, тілдер арасында алмасуды бұрын-соңды болма­ған деңгейге жеткізді. Мұның бәрі қазақ тілін байытып, оның сөздік қорын ке­ңей­те түсті. Осы кезде қазақ тілінің жаңа әдеби сөздігін даярлау мақсаты алға қойылды. Сол кездегі Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі Тіл білімі институтымен бірлесіп 2002 жылы қолға алған осы бір игілікті іс ел Тәуел­сіздігінің 20 жылдық торқалы тойы қар­саңында сәтімен аяқталып, қазақ халқы­ның ғасырлар бойы жасаған ең ұлы қазы­насы 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөз­ді­гі» түрінде жарық көріп отыр. Арысы Күлтегін мен Тоныкөктен тар­та­тын, берісі Бұқар жырау мен Махамбетпен жалғасатын, кешегі Абай мен Мұхтар Әуезов шығармалары арқылы әлемдік аре­на­ға шыққан қазақ тілі азат заманда жаңа биік­ке көтерілді. Өнер, білімі өсіп-өркен­де­ген жұртпен бірге қа­натын кеңге жайып, құ­ла­шын көкке сермеді. Салыстыру үшін айта кетейік, осы­дан бірер жыл бұрын, дәлірек айт­қанда, 2008 жылы 80 мың сөз бен сөз тір­­кесін қамтыған 5 томдық «Өзбек тілінің түсіндірме сөздігі» шыққанда, іргедегі көр­ші­леріміз ала тақиясын аспанға атқан. Биыл қырғыз ағайындардың 50 мың сөз бен сөз айқышын қамтыған екі томдық «Қырғыз тілі­нің сөздігі» жарық көргенде, айыр қал­пақ­ты көршілеріміз алақайлап қуанған. Өткен жылы Түркияда 92 292 сөзді қамтып, 122 423 сөз мағынасы келтірілген «Түрікше сөздіктің» 11 басылы­мы қайта басылғанда, Анадолыдағы ағайындармен бірге біз де бек қуанышта болғанбыз. 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөз­ді­гінде» 92 201 сөз бен 57 856 сөз тіркесі бар­лығы 150 057 лексикалық бірлік қам­тыл­ды. Сөздікте 166 612 сөздің мағы­на­сы ашып көр­сетілген. Ел тәуелсіздігінің, ұлт тұтастығының бірден бір тірегі тіл десек, осы баға жеткісіз асыл қазынаның басты көрсеткіші – сөздік қор, ал алдарыңыздағы сөздік – сол асыл қазынаның жиынтығы. Сөздіктің құндылығы – оның қажет­тілігінде. Дүниеде жанды, жансыз атау­лы­ның барлығы тілмен таңбаланып, сөз­бен анықталатыны сияқты мемлекет пен адам өмірінің бар саласы, бүкіл қызметі сөзбен сипатталады. Демек, ана тіліміз­дің сөз байлығы – әр қазаққа ортақ құндылық. Халық өмірімен тығыз байланысты медицина, қаржы, нарық экономикасы, саясат пен құқықтану сияқты салалардың терминдеріне сөзтізбеде біршама орын берілген. Олардың ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жиі қолданылатын түрлері сөздікте көбірек қамтылған. Этномәдени мәнділіктерді аңғарта­тын, эмоциялық мағынаны білдіретін, белгілі бір аймақтың шаруашылық жүр­гізу, жер бедері, өсімдігі және т.б. тәрізді ерекшелігі, халық ауыз әдебиетінде, көр­кем әде­биетте жиі кездесетіндігі негізге алына оты­рып, жергілікті сөздердің (диа­лек­тизм­дердің), байырғы қарапайым сөй­леу тілі лексикасының едәуір бөлігі іріктеп алынған, фразеологизмдер де сөздікті пай­даланушыларға қолайлы етіп берілген. Сөздік мақаланың ең түйінді де күр­делі бөлігі – сөз мағынасының түсін­дір­месі. Сөздікте 20 мыңға жуық әртүрлі типтегі анықтама (белгі) беріліп, 250 мың­ға жуық дәйексөзден тұратын дәйек­темелік қор жинақталған. Сөздіктің әлеуметтік маңызды­лы­ғы­ның келесі бір көрінісі – өсімдік, жан-жануар мен қоғамдық-саяси атаулардың жалпыхалықтық қолданыстағы лексика­лық мағынасымен қатар, ғылым-білім са­ласында қолданылатын ғылыми атау­ларының берілуі. Бұл сөздіктің ғылыми құндылығын да арттыра түседі. Сөз­дікті да­йын­даған институт ұжымы тілдік ма­те­риал­дар­ды жинақтап қана қой­май, олардың мән-мағыналарын жүйелеу арқылы, әдеби тілдің нормалық сипатын, мәдениетін тағы бір сатыға көтерді деуімізге болады. Бұл лексикографиялық басылым ұлт тілі дамуының бірнеше кезеңдерін қам­тыған, өзі­нің ауқымы, мазмұны, пайда­ла­нылған иллюстративті материалдары жа­ғы­нан да қазақ тілінің бүгінгі таңдағы ең толық, кө­лемді түсіндірме сөздігі болып та­была­ды. Орыс тілінің үлкен түсін­дірме сөздігін жа­сау­ға ғалымдар отыз бес жыл еңбек еткен жә­не бұл сөздік 180 мың сөзді, оның ішінде диалектілерді қоса қамтыған болса, 150 мың­нан аса сөзден тұратын қазақ тілі­нің әде­би сөздігінде негізінен әдеби тіл­дің ая­сын­дағы сөздер қам­тылғанын ескерер бол­сақ, сөздікті әлі де толық­тыра түсіп, сөз­дік қорды кеңейтуге мол мүмкіндік барын айқын аңғаруға болады. Сөздікті дайындаған авторлар ұжымы қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде мәр­т­е­бесін көтеру, қоғамның әлеуметтік тілдік сұранысын өтеу, қазақ тілінің тілдік қорын байыту, тілге қатысты зерттеулерге негіз болатын мол материалды жүйелеу, т.б. міндеттерді тиісті деңгейде орын­дай отырып, алға қойылған мақсаттарға қол жеткізді. Сөз соңында, осындай бірегей сөз­дік­ті құрастыруда үлкен еңбек сіңірген Тіл білімі институтының ұжымына, сөздіктің жал­пы редак­ция­сын басқар­ған филология ғы­лым­­дары­ның док­торы, профессор Нұргел­ді Уә­ли мыр­заға, министр­ліктегі Тіл комитеті ұжы­­мына, оның төрағасы филология ғы­лым­­да­ры­ның докторы, профессор Шерубай Құр­ман­байұлы мырзаға, сөз­дікті ба­сып шы­ғар­ған «Дәуір», «Арыс», «Қазақ энцикло­пе­дия­сы» баспаларына, әсіресе сөз­діктің әсем безендірілген толық нұсқа­сын ба­сып шыға­ру­ға үлкен үлес қосқан Свет­лана Мырзах­мет­қы­зына шын жүрек­тен алғысымды білдіремін. Сөздіктің бүгінгі таңдағы ғы­лыми-теориялық талаптарға жауап беретін құнды лекси­ко­графиялық еңбек екендігін айта отырып, оның халқымыздың игілігіне айналуын тілеймін. Мұхтар Құл-МҰХАММЕД,  Мәдениет министрі,  заң ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.   Рудный ұлт ұйытқысына айналды Осыдан 20 жыл бұрын Рудный қаласында қазақ мектебі, бала бақ­ша­сы атымен жоқ еді. Қазақ тіліндегі газет-журнал деген де болмайтын. Жергілікті халықтың үлес салмағы өзге ұлттарға қарағанда тым аз болса да, олардың өз жерінде балаларын ана тілінде оқытуына құқы бар еді ғой. Бірақ олай болмаған. Рудный қаласында тұ­ра­тын ағайындардың өзі қазақ тілін өгейсіп қалған еді. Қала ішіндегі автобустарда зәуіде бір-екі қазақ өз тілінде шұрқыраса қал­са, айналасындағы­лар­дың бар­лы­ғы да оларға едірейе қара­са­тын. Өйт­кені, уақыттың, заманның желі солай соқты. Еліміз егемендікке қол жеткізген соң-ақ, Рудный қаласында қа­зақ тілінің, ділінің рухы аспандады. Тәуелсіздік келіп, тақыр жерге гүл шық­қандай болды. Омар Төртбаев ақ­са­қал бастаған белсенді топ «Қазақ тілі» қоғамының қалалық филиалын ұйымдастырды. Ана тілінің уызына шөліркеген жұрт мінберден қазақ тілінде сөз сөйлейтін, қазақша концерт тың­дайтын болды. Қазақ мектебінің ір­ге­тасы қаланды. Халқымыз өз тілінен безінбейтінін, оған содыр саясат қана өк­тем­дік жасайтынын тарих үшін қам­шы­ның сабындай жиырма жыл көрсетті. Қазір кеншілер қаласы қалай дейсіз ғой?! Рудныйда 4 қазақ мектебі бар. Оның екеуі соңғы екі жылда ашылды. Себебі, қазақ мектебіне бала сыймаған соң облыс басшы­лы­ғы­ның шешімімен тағы да 900 орындық және 480 орындық екі мектеп салуға тура келді. Жаңадан салынған 900 орындық қазақ мек­тебінің жабдық­талуы мен құрылыс ерекшелігі облыс түгілі республикада жоқ, бар болса бірен-саран шығар. Қазір кеншілер қаласында 2577 бала мемлекеттік тілде білім алады. Бұл Рудный қала­сын­да тұ­ра­т­ын мектеп жасындағы бар­лық қа­зақ балаларының 58,4 пайы­зын құ­рай­ды. Қалада №1 және №20 мектептерде жыл сайын қазақ сы­нып­­тарының саны көбейгендіктен, олар бүгінде «аралас мектеп» мәр­те­бесін алды. Қалалық білім беру бөлімінің мамандары болашақта олар да таза қазақ мектебіне айна­латынын айтып отыр. Мұның сыртында қаладағы №5 балабақша бүлдіршіндерге тек мемлекеттік тілде тәрбие береді. Қа­зақ тілі мұнда балаларға терең­де­тіліп оқыты­ла­ды. Тағы да төрт балабақша «аралас балабақша» мәртебесіне ие. Руд­ный­дағы № 11, 15, 19 және Качар кентіндегі мектептер жанындағы шағын орта­лық­тарда бүлдіршіндерге оқу-тәрбие ісінің барлығы қазақ тілінде жүр­гі­зіледі. Демек, мектепке дейінгі мекемелерге барып жүрген 853 бала ертеңгі қазақ мектебінің оқушылары деген сөз. – Рудныйда осыдан 20 жыл бұ­рын қазақ мектебінің ашылуына мұ­рындық болған марқұм Омар Төрт­баев ақса­қал­ды ұмытпау үшін, оған арнап қалада мемориалдық тақта ілдік. Міне, бұл да Тәуелсіздікке деген құрмет емес пе? –дейді Рудный қалалық білім беру бө­лімінің мең­герушісі Эльдар Ғизатуллин. Қазір кеншілер қаласында айтыс өтіп жатыр десе, ешкім таңғал­май­тын болды. Осы жылдың басында марқұм, ақын Гүлнар Қалқаеваны еске түсіруге арналған айтыс өтті. Оған қатысқан ылғи өрімдей жас ақын­дар­дың кеншілер қаласындағы ұлттық рухты көтеруге атсалысқан және өздерін айтыс өнеріне баулыған ақын апалары Гүлнар туралы жүректі тіліп айтқан сөздері мен өзара әзілмен сөз қағыстырулары жарасымды шықты. Жақында Ы.Алтынсариннің туғаны­на 170 жыл толуына байланысты мек­теп оқушылары арасында өткен об­лыстық айтыста Рудный қала­сын­дағы №7 орта мектептің 9 сынып оқу­шысы бас жүлдені жеңіп алды. Өзбекстаннан көштің басын ата жұртқа бұрған оралман ағайындар ай құрғатпай кеншілер қаласына келіп, қоныс теуіп жатады. Бұл Тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытта үйреншікті көрініске айналды. Ал осыдан жиыр­ма жыл бұрын ғана ол жақтағы аға­йын өзбекше, Рудныйдағы қазақтар орысша амандасып қалған еді-ау... Бүгін олар Тәуелсіздікке тәубе етеді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Рудный.  

Тіл тынысы: Бүгін және ертең

«Әр қазақ­стан­дық­тың қазақ тілінде  сөйлеу ынтасы табиғи болуы үшін біз барлық мүмкіндікті жасауымыз керек. Қазақстанда тұратын барлық этностардың ана тілі, мәдени мұрасы және салт-дәстүрінің   дамуына барлық жағдай жасауды біз әрі қарай да жалғастыра беретін боламыз».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Қазақстанның ұлттық игілігі – оның көптеген ұлттардың мәдениеті мен тілдерін тоғыстыра білуінде. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен мемлекетіміз Қазақстанның бүкіл халқының мүдделеріне сай үйлесімді тіл саясатын жүргізіп келеді. Ол еліміздегі барлық этностардың тілдік құқығын сақтауын, қарым-қатынас, тәрбие, оқыту, шығармашылық тілін еркін таңдауын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, мемлекеттік тіл – рухани және ұлттық бірлігіміздің басты факторы болып табылады. Оны меңгеру әрбір Қазақстан азаматының міндеті мен парызы, ол әрбір жеке тұлғаның қоғамдық өмірге белсенділігі мен бәсекеге қабілеттілігін анықтайды. Ел Президенті Н.Ә. Назарбаев «Болашақты бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстандықтар өзіміз өмір сүріп, елімізді жақсылықтарға бастап бара жатқан туған жерге атауын берген мемлекеттік қазақ тілін құрметпен және лайықты оқып-үйрене бастады» деп атап көрсетті. Бүгінде мемлекеттік тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесі басым көпшілікті құрайды (2009 жылғы халық санағы мәліметі бойынша 74%). Бұл Тәуелсіздіктің зор жетістігі болып табылады. 1997 жылдан бастап «Тілдер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануы және 1998-2000 жылдары Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының бекітілуі қоғамдық өмірдің негізгі салаларында тіл құрылысының құқықтық негізін қалыптастырды. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысында тіл құры­лысы стратегиясы мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейту мен нығайтуға, орыс тілінің мәдени қызметін сақтауға, Қазақстан халқының тілдерін дамытуға бағытталды. Үстіміздегі жылы бекітілген Тілдерді дамыту мен қолданудың 2010-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асырылуы­ның басты мақсаты – Қазақстанда тұратын барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ететін үйлесімді тіл саясатын жүргізу. Елбасы айтқандай: «Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 %-ға дейін жеткізу. Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 %-ды құрауы тиіс. Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 %-ы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады».   Мемлекеттік тілде оқыту инфрақұрылымы Соңғы 10 жылда айтарлықтай кеңіді: қазақ тілінде білім беретін балабақша саны – 1178-ге (2001 жылдан бастап 876 бірлікке), мектептер саны – 3821 немесе жалпы білім беретін мектептердің 50%-дан астамы (2001 жылдан бастап 173 бірлікке) артып, мемлекеттік тілді оқытатын 132 орталықтар құрылған.

Мемлекеттік тілде білім берілетін мектептердің саны

  Ісқағаздарын мемлекеттік тілге көшіру Бұл үдеріс жүйелі жүзеге асырылуда. 2009 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық орталық және жергілікті атқарушы органдарға мемлекеттік тілдегі іс қағаздарының мониторингін жүргізудің автоматтан­дырылған жүйесі енгізілді. Бүгінгі күні орталық және жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік тілдегі іс қағаздарын жүргізу үлес салмағы 85 % -ды құрап отыр.         Мемлекеттік тілді оқытудың әдістемелік базасы қалыптасты Көп деңгейлік оқу-әдістемелік кешендер, жалпы 720 мың таралыммен 10 түрлі сөздіктер, жалпы 260 мың таралыммен 8 саладағы екі және үш тілді сөздіктер шығарылды. Үстіміздегі жылы жаңа бағдарлама аясында тілдік құзырет стандарт­тарын жетілдіру жұмыстары басталды: үздіксіз білім беру жүйесі арқылы мемлекеттік тілдің деңгейін бағалау және стандарт жүйесіне сәйкес жетілдіру жұмыстары жүргізілді (А1-А2 деңгейлері бойынша қарапайым түрде пайдалану, тілді В1-В2 деңгейлері бойынша өз бетінше пайдалану және тілді С1-С2 деңгейлері бойынша біліктілікпен пайдалану), оқу-әдістемелік құралдардың 25 мың данасы басылып шығарылды. 10 түрлі орысша-қазақша көпсалалық тілашарлар миллиондық таралым­мен шығарылды, «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» 15 томдық түсіндірме сөздігі, «Әлем балалар әдебиетінің інжу-маржандары» кітаптар топтамасы (15 том), «Әлемдік классика» (25 том), «Ертегілер елінде» (60 том), «Қазақ балалар әде­биетінің классикалық үлгілері» (5 том), «Мен оқығанды ұнатамын!» балаларға ар­налған ғылыми-танымдық әдебиеттер (64 том), аудиокітаптар, иннова­ция­лық оқу-әдістемелік бағдарламалар, т.б. өнімдерді шығару қамтамасыз етілуде. Мемлекеттік тілдің коммуникативтік қызметі мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары контентінде орныққаны байқалады. Бүгінде электронды БАҚ-тың қазақ тіліндегі таратылу көлемі, сондай-ақ мемлекеттік тілдің баспасөз беттеріндегі үлесі 50%-дан асып отыр. Шет елде тұратын отандастарымызбен мәдени байланыстарды нығайту мен дамыту бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Қазақстанда тұратын этностардың тілдеріне мемлекеттік қолдау көрсетудің тиімді жүйесі қалыптасқан. (7516 жалпы білім беретін мектептің 1524-і орыс, 58-і өзбек, 14-і ұйғыр, 2-уі тәжік тілінде білім беретін мектептер, 2097 мектеп –аралас; 2261 мектепке дейінгі мекемелердің 272-сі орыс, 3-еуі басқа тілдерде оқытылады; екі тілде оқытатын 808 балаларға арналған оқу орындары; этномәдени орталықтардың жанынан ашылған 190 жексенбілік мектепте 30-дан аса этностардың ана тілдері оқытылады; 50 театрдың 9-ы аралас,15-і орыс,1 корей,1 неміс,1өзбек және 1 ұйғыр).   Баламыз өз тілінде оқиды Еліміз егеменді ел атанып, билік тізгінін қолға алған сәтінен бастап кең ұғымды Тәуелсіздік құндылықтары алдымыздан шығып жатыр. Соның ең қымбаттысы – ана тіліміздің өз тұғырына қайта қонуы. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстанның бола­ша­ғы қазақ тілінде» деуінде терең мағынасы бар. Өйт­кені, адам баласы дүниеге келген сәттен бастап айнала­сын­дағы жаңа ұғымдарды, табиғат құбылыстарын ана тілінде ұғына бастайды. Ана әлдиіне ұйыған перзент хал­қы­мыздың қоғамдық-саяси, мәдени, рухани мол мұрасын бойына сіңіріп, жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілік алауын жағады. Ұлттық тілді жасаушы – халық. Сон­дық­тан тіл халыққа қызмет ететінін, өзі сол халықтың үміт күтер ұрпағы екенін сезінген адам игі мұрат жолынан адаспайды. Бұл орайда алдымен ата-аналардың, білім ұяларының мойнындағы жүктің жауапкершілігі ауыр. Осы орайда Елбасының: «Кез келген ел өз келешегін болашақ ұрпағымен байланыстырады» деген сөздері ойға оралады. Кеңес кезінде көпшілігіміз, оның ішінде өзіміз де бармыз, балаларымызды орыс мектебіне беру арқылы болашақты қамдаған болдық. Ол кезде Көкше­тау­да жалғыз қазақ мектебі қалқиып тұратын. Екінші болып біздің балалар оқитын №18 қазақ орта мектебі ашылды. Алғашында орыс мектебінің құрамынан бөлінген білім ошағы бүгінде еңсесін нық тіктеді десек, артық айтқандық емес. Мектепте бір мың үш жүздің үстінде оқушы білім алады. Көкшеліктер құрметіне бөленген Манар Рысбаеваның табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында білім ордасының аты республика көлеміне тарап отыр. Әр пәнге арналған жеке бөлме бар. Ғаламтор ғажайыптарына қол жетті. Оның сыртында 8 кабинетке интерактивті тақта орнатылған. Ата-аналар жиналыстарында болып тұрамын. Қазір көзқарас өзгерді. Бүгіндері 9 сыныпта оқитын Гүлденімді алғаш жетелеп келгенімде әрқилы ойда болғанымды жа­сыра алмаймын. Құдайға шүкір, ешқандай өкінішім жоқ. Оқушылар туған халқының өткені мен бүгінгісін өз тілінде оқып, біліп жатыр. Балалармен бірге өзіміз де өскен­дейміз. «Ұлымның немесе қызымның арқасында қазақ тілін үйреніп қалдым» деушілер қатары сиреді. Биылғы күзде Көкшетауда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының құрылтай жиналысы өткізілуі үлкен мағына­лы оқиға болды. Қазақтың әдебиеті мен мәде­ниетінің кәу­сар бұлағы саналатын өлкеміз қуаныш құшағына бөленді. Одан көп тәлім алып, мектебімізде ашық сабақтар өт­кі­зілуде. Бірақ, болдым-толдым деу ертерек. Мемлекетіміз бұл бағытта тия­нақты жұмыс­тар жасап жатыр. Жолымыз айқын­дал­ды. Жемісіміз молынан болатынына сенімдімін. Тілеулес ОСПАНОВА.  Көкшетау.   Осылай басталған еді... 1993 жылғы сәуір айының ба­сы болатын. Алматыда ағаш бүр жарып, жер дүние жасыл желекке енді-енді орана бастаған шақ. Түскі үзіліске шығып, үйге кіргенім сол еді, телефон безек қаға жөнелді. Құлағын көтерісімен ар жағынан таныс дауысты естідім. Премьер-Министрдің орынба­са­ры Қуаныш Сұлтанов екен. – Ал, Сұлтеке, құтты болсын, тілектеспін! – деді ол. – Не үшін құттықтап тұрға­ны­ңызды түсінсем бұйырмасын! – Онда айтайын. Көптен бері сөз болып жүрген Тіл жөніндегі комитет таяу күндерде құрыла­ды. Бүгін Президентте жиын бол­ды. Жаңа комитеттің төраға­лы­ғына сізді лайық деп таптық. – Рахмет! Бірақ осының өзі піскен әңгіме ме... Қуаныш сөзімді бөліп жіберді. – Бұл шешілген мәселе. Өйт­кені, ұсыныс Президенттің өзі­нен болды, – деді ол әдетте­гі­сін­дей нық сөйлеп. – Бүгін жұ­мыс­тың аяғына қарай Пр­езиденттің көмекшісіне баруыңыз керек. Ертең сенбі күні сізді Елбасының өзі қабылдайды. ... Сол күні кешке қарай Пре­зи­денттің көмекшісі Нұртай Әбі­қаевпен кездестім. Бұрыннан та­ныс, сыйлас едік, ол жылы­ұшы­рай қабылдап, тілектестігін білдірді. – Ертең телефоннан көп ұзап кетпеңіз. Үйде, не жұмыста бо­лы­ңыз. Өзім тауып аламын, – деді қош­­тасарда. – Президенттің қай са­ғатта қабылдайтынын сонда айтармын. ...Президент кең кабинетінің орта тұсынан қарсы алып, сәлемдесті. – Ал, енді қайталап жа­т­пайық, әңгіменің мәнісін жігіттер айтқан шығар, осындай бір үлкен істі бас­тайық деп отыр­мыз, – деді Нұре­кең амандық-саулықтан кейін. – Жағдайдың қиындығына қарамас­тан, туған тілімізді сақтап қалу үшін осы ко­митетті құрғалы отыр­м­ыз. Мұн­дай мекеме дүние жүзін­де некен-саяқ. Қытайда тіл жазу комитеті, Францияда Миттеран құр­ған француз тілін дамыту комитеті бар, басқасын білмеймін. Енді осы комитет тілді дамытуға байланыс­ты дүние жүзінің тәжі­ри­бесін жи­нақ­тап, қорытып, қа­жет­тісін пай­да­лануы керек. Тың­ға түрен сал­ға­лы отырмыз, оңай болмайды. Тіл төңі­ре­гінде байбалам салып жүр­ген­дер де жетерлік. Олармен де са­быр­лы жұмыс істеу керек. Тіл бұл күнде үл­кен саясатқа айналды. Дүние­де, оның ішінде бұрынғы одақтас республикаларда не болып жа­т­қанын көріп отырсыз. Сондық­тан батылдықпен қоса байып­ты­лық, өткірлікпен қоса икемділік қа­тар жүруі керек. Осы ауыр жүк­ті тәжірибесі бар, өнер мен әдебиет саласында аты мәлім аза­мат деп сізге сеніп, тапсырғалы отырмын. Қалай қарайсыз? Оның жүзі нұрланып, маған жа­дырай қарады. Президенттің кө­зін­дегі шуақты көрген соң бо­йым жеңілдеп, еркінсіп қалдым. – Рахмет, Нұреке! Сенімнен ар­тық не бар?! Тіл үшін де, ел үшін де бойдағы барымды іркіп қалмаспын. – Олай болса, құттықтаймын! Қазір комитет туралы және сіз туралы құжаттарға қол қоямын. Дүйсенбі күні жарияланады. Президент Жарлығы шығы­сы­мен жаңа комитеттің құры­луы­на қазақ қауымынан қуанба­ған адам кемде-кем шығар. Әсі­ресе, көр­нек­ті қаламгер Тахауи Ахтанов­тың қуанышында шек болмады. – Президентіміздің бұл Жар­лығы өте игілікті іс болды. Ал сені қойғанына, тіпті, ризамын. Елге, тілге жаның ашитын адам­сың. Енді аянба! Қолдау, қорғау керек болса, бармыз ғой. Тіл үшін күрескен бабаларымыздың аман қалғаны жоқ еді, бірақ сенің заманың бас­қа. Досың да, дұшпаның да көбе­йер, тек сақ бол, бауырым! – деді ол. Осындай жанашыр, тілектес сөздерді Ә.Әбішев, Ә.Нұр­пейісов, Қ.Мұхамеджанов, З.Қаб­долов, Ә.Қай­дар, Ж.Абдилдин, С.Қира­баев, М.Қозыбаев, З.Ахметов, та­ғы басқа ағаларым мен замандас достарымнан, қанаттас інілерімнен де көп естідім. Сол тілектестерім айтқандай, жұмысты жолға қою расында да өте қиынға түсті. Кезек күттірмейтін басты мәсе­ле­лер: қаражат, штат, ғимарат, мүлік мәселесін шешу, комитет­тің құ­ры­лымын, ережесін жазып, бекіту де оңай шаруа емес. Міне, осы­ның бәрін реттеп, алпыс адамдық штатқа қол жеткіздік. Енді бар­лық облыстар мен қала­ларда, аудандарда тіл жөніндегі басқар­ма­лар мен бөлімдер құруға кірістік. Иә, біртіндеп қызметке адамдар келе бастады. Бұлардың ішін­де өз ісіне жетік, ел арасында беделі бар, жазушы, ғалымдар мен іскер ұйымдастырушыларға ерекше көңіл бөлдім. Мен іріктеген адамдардың ішінде орынбасарлық қызметте болған А.Волков, И.Саттаров, Қ.Ма­ты­жанов­тармен бірге, белгілі жазу­шы­лар В.Владимиров, Б.Тілегенов, Т.Тобағабылов, журналистер Н.Канафин, М.Нұртазин, т.б. көп­теген талантты адамдар тіл мәр­те­бесін көтеруге жан сала еңбек етті. Облыстағы басқармаларды да сайдың тасындай азаматтар бас­қар­ды. Сөйтіп, алғашқы 3-4 ай­дың ішінде қарамағында жеті жүз­дей қызметкері бар ұжым бо­лып ұйысып, республикамыздың тіл саясатын жүргізетін ықпалды күшке айналдық. 1993 жылдың күзіне дейін ко­митет ұйымдастыру шара­ларын аяқ­тап, жыл соңына қарай жарты жылдың қорытындысын шығара­тын кеңейтілген алқа мә­жілісін ша­қыруды қолға ал­дық. Осы үлкен шараға байланысты облыстық ба­с­қармалар өз аумақ­тарында, орта­лық аппарат министрліктер мен ведомстволарда кең ауқымды тексеру, зерттеу жұмыстарын жүргіз­ді. Тіл заңы мен бағдарламаның орындалу ба­ры­сына есеп беруін өтінген біздің хаттарымыз бен қыз­мет­кер­леріміздің табанды жұ­мы­сы көптеген басшыларды қо­лай­сыз жағдайда қалдырды. Шын мәнін­де құр сөзден басқа, тілді дамы­тарлықтай іс мардымсыз еді. Тіпті, барымыздан айырылуға ай­на­­лып­пыз. Бұрынғы аударма бө­лім­­дерінің, балабақшалар мен мек­­тептердің саны күрт азайып кеткен. Тіл үйренетін топтар қо­жы­­рап, тарай бастапты. Коми­тет­тің дүниеге келуі, оның істі қолға алып, талап етуі біреулердің ұйқы­сын ашса, енді біреулердің жүй­ке­сіне тие бастады. Ал әлі де жы­ға­сы жығылмаған шовинистік топтар бұрынғы шуын үдетіп, бай­ба­ламға көшті. Бірақ бізді қолдау­шы­лар да аз емес еді. Халық тілегі қорғанымыз болды. Міне, осындай жағдайда тұң­ғыш рет кеңейтілген алқа мәжілі­сін Парламент үйінде өткіздік. Оған Үкімет өкілдері, министрлер, қо­ғам­дық ұйымдар мен партия­лар­дың басшылары, облыстық тіл бас­қармаларының жетекшілері, тіл жа­нашырлары қатынасты. Жиын қы­зу пікір сайысымен өтті. Тұң­ғыш рет тілге қатынасты жалпы­ла­ма сөз емес, нақты деректер, ашық сындар айтылды. Бұл жаңа ко­ми­теттің сөз­ден гөрі іске бейім екенін айқын­да­ған еді. Ең бастысы, – осы уақыт­қа дейін қараусыз, қол­дау­сыз, панасыз қалған қазақ тілінің алдағы тағды­рын жас мемлекет өз қолына алып, кімнен болса да ашық сұрайтынын аңғартты. Сон­дық­тан мемлекеттік тілге менсінбей қарайтындар за­ман­­ның, уа­қыт­тың өзгергенін, бұ­рын­ғы дәу­рен­нің қайтып келмейтінін айқын сезінді. Тіліміз батпандап кірген дерттен мысқылдап болса да айыға бастады. Сұлтан ОРАЗАЛЫ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Президент сыйлығының лауреаты.   Қуат береді Жер көлемі жағынан әлемде тоғызыншы орындағы ұлан-бай­тақ дала­ны бүгінге дейін саны 6 миллионнан аспаған қазақ иеленіп отыр. Қазақ­стан­ның қай бұрышына барсаң да қазақ бір-бірімен диалектісіз тілде сөй­лейді. Мұндай ұлы қасиет әлем халықтарының ара­сында өте сирек құбы­лыс деуге болады. Алыс­қа бармай-ақ көр­ші Өзбек­станды алып қараңыз. Терри­то­риясы Қазақ­станның 4/1-дей де болмайды. Соған қарамастан, әр ау­мағы әр түрлі диалектіде сөй­ле­седі. Бұл олар­дың бөлек-бөлек хандық құ­рамында, әрі бір ай­мақтың екінші аймақпен ешқан­дай қаты­нассыз өмір сүргенді­гінен болар. Ал қазақ халқының тіліндегі диалектінің жоқтығы ба­баларымыздың барыс-келісін, алыс-берісін үзбегендіктен екені айдай анық. Осыған орай бір айтарым, кейбір замандастарымның өз қа­ғынан өзі жеріп, ана тілін менсінбей жүргендігі елдігімізге сын, абыройымызға мін десем, ештен кеш жақсы деген ғой. Ұлтын сүйген ұланның өз тілін үйреніп алғанына не жетсін. Мен ауылда жүрген адам­мын. Бірақ тіл десе, бойымды қуат кернейді. Мұндай сезім әр қазақтың бойынан табылуы тиіс. Сонда ұлт тілінің абыройы асады, мерейі өседі. Мекебай ОҢАЙ. Солтүстік Қазақстан облысы, Мағжан Жұмабаев ауданы. Айқарма беттің материалдарын ұйымдастырған  Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».