Қазақстан • 19 Маусым, 2018

Энергетика министрі халық алдында есеп берді

323 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Энергетика министрі Қанат Бозымбаев халық алдында есеп беру кездесуін өткізді. Өзінің баяндамасында ведомство басшысы энергетика саласында атқарылған жұмыстар, жетістіктер және болашақ жоспарлар, сонымен қатар өткен жылда іске асырылған жұмыстардың нәтижесіне тоқталып өтті.

Энергетика министрі халық алдында есеп берді

Министр министрліктің қызметі 3 стратегиялық бағытқа негізделгенін алға тартып, бірінші, мұнай-газ және мұнайгаз-химия салалары, екіншісі, электр энергетика, көмір және атом энергиясын пайдалану салаларын дамыту, үшіншісі, қоршаған ортаны қорғауды жақсарту екенін жеткізді.

Сонымен қатар ол Газ өнеркәсібін дамыту және газдандыру мәселесі министрліктің күн тәртібіндегі маңызды саланың бірі екенін атап өтті.

«Елді газдандыру деңгейі шамамен 47,4 пайызды құрайды. 1300-ден астам елді мекен газға қол жеткізді. Республикалық бюджеттен газдандыруға жыл сайын шамамен 13 млрд. теңге бөлінуде. Бүгінде, 16 өңірдің ішінде орталық және солтүстік өңірлері ғана газдандыру схемасынан техникалық шектеулерге байланысты тыс қалып отыр. Елбасының Бес әлеуметтік бастамасының арқасында Астана, Қарағанды және Ақмола облыстарын газдандыру мәселесі шешілуде. Биыл шілде айының басында «Сарыарқа» магистральдық газ құбырын салтанатты ашу жоспарлануда. «Қызылорда-Жезқазған-Қарағанды-Теміртау-Астана» бағыты бойынша бірінші кезең 2019 жылдың желтоқсан айына дейін аяқталады. Бірінші кезеңінің шамамен құны 267  млрд-тан астам теңгені құрады. Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана қаласы әкімдіктері магистралды газ құбыры мен аймақтық желілер құрылысының мерзімін ескере отырып, инфрақұрылым құрылысы үшін Жол картасын әзірледі. Бірініші кезеңде газ құбыры бойынша 171 елді мекен қамтылып, 2,7 миллион адам газбен қамтамасыз етіледі. Елорда тұрғындары үшін, ең алдымен, газды «Көктал-1,2», «Железнодорожный», «Юго-Восток» аудандарына, және бірінші, екінші, үшінші Жылу электростанцияларына жеткізу жоспарлануда. Сұйытылған мұнай газын бағалау және бөлу тетігін жетілдіру үшін электронды сауда алаңын енгізу жоспарланды. Қазір заңнамалық нормалар әзірленді. Заң жобасы Парламент Сенатында қаралуда», деді Қ.Бозымбаев.

Министрліктің тағы бір назарын аударударатын маңызды бағыты мұнай-газ химия өнеркәсібі екені белгілі.

«Жылдан жылға битум өндірісінің көлемі артып, ішкі сұранысты толық қамтамасыз етуде. 2017 жылы 731 мың тонна битум өндірілді, бұл 2016 жылмен салыстырғанда екі есеге көп. 2018 жылға 750 мың тонна битум шығару жоспарлануда. 500 мың тонна полипропилен және 1 250 000 тонна полиэтилен өндіретін ірі жобаларды жүзеге асыру жалғасуда. Полипропилен жобасының құрылыс кезеңі іске асырылуда. Ал,полиэтилен жобасы бойынша стратегиялық әріптесі - австриялық Borealis компаниясымен техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Екі жобаға инвестиция көлемі 9 миллиард доллардан асады. Құрылыс кезеңінде шамамен 10 мың жұмыс орны және жұмыс берілген кезде 1000-нан астам жұмыс орындар пайда болады. Статистикаға сәйкес, біздің полипропилен импортымыз  22,4 мың тонна, полиэтилен - 122 мың тоннаны құрайды. Бүгінде елімізде полимерден өнім шығаратын шамамен 44 ірі және орта кәсіпорын бар. Олар жалпы алғанда 176 млрд. теңгені құрайды. Бұл кәсіпорындарда 5000-нан астам адам жұмыс істейді», деді ол.

Сонымен қатар, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Бірыңғай электр энергетикасы жүйесіндегі жағдай тұрақты, бүгінде тұтыну көлемінің ұлғаюынан өндірілетін электр энергиясының көлемі артып келе жатқанын жеткізді.

«Электр энергияны өндіру көлемі 46,4 млрд. кВт.сағ құрады. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда 7,7 пайыздық  өсім көрсетті. Энергия өндіруші компаниялардың сыйымдылық резервінің болуы 2025 жылға дейін экономиканың болашақ сұранысын электр энергиямен  қамтуға мүмкіндік береді. Айта кету керек, біз энергия өндіруші компаниялардың шекті тарифтерін қайта қарау бойынша жұмыстар жүргізудеміз. Бүгінгі таңда, шекті тарифтерді төмендету бойынша ұсыныстар Үкімет қарауында. 2018 жылдың соңына қарай «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша, Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік жоғары вольтты электр беру желісі құрылыс жобасының екінші кезеңі аяқталады. Аталған жоба елдің оңтүстік өңірлерінің электр сапасын жақсартады. Көмір өнеркәсібінде де өсім байқалады. Осы жылдың 5 айында 44,5 млн. тонна көмір өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен  салыстырғанда 4,5 пайыздан жоғары.2017 жылы жоспар көрсеткішінен 5,7 пайызға артық яғни 23,4 мың тонна уран өндірілді. Уран өндірудің осы жылғы жоспары 21,6 мың тонна көлемінде», деді ведомство басшысы.

Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»