Қазақстан • 20 Маусым, 2018

25-інші Дүниежүзілік тау-кен конгресі жұмысын бастады

348 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Кеше Астанадағы ЭКСПО-2017 көрме кешеніндегі Конгресс орталығында 25-інші Дүниежүзілік тау-кен конгресі жұмысын бастады. Оған қатысуға әлемнің 50 елінен 1200-ден астам делегат келді.

25-інші Дүниежүзілік тау-кен конгресі жұмысын бастады

Конгрестің салтанатты ашылуына арналған жиынға Дүниежүзілік тау-кен конг­ресінің төрағасы Марек Цала жетекшілік жасады. Ол бұл халықаралық басқосудың Дүниежүзілік тау-кен конгре­сінің құрылуына 60 жыл, Қазақстанның астанасына 20 жыл толуы секілді маңызды мерейтойлар қарсаңында өтіп отырғандығын атап көрсете келе, бас-аяғы үш күнге созылатын бұл жиынның саладағы инновациялар, төртінші ин­дустриялық кезең, цифр­ландыру мәселелерінен бас­тап, өндіріс пен нарықтың көп­теген мәселелерін қамти­тындығын баяндады.

Конгрестің салтанатты ашылуына Премьер-Ми­нистрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин қатысып, сөз сөйледі. Ол қонақтарға ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың конгреске арнал­ған құттықтау хатын оқып берді. Біздің елі­мізде тау-кен металлургия сала­сының өте маңызды рөлге ие екендігін, тәуелсіздік жылдары Қазақстанның осы саласына 42 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылғандығын, саланы сенімді дамыту үшін Жер қойнауын пайдалану туралы арнайы кодекстің қабылданғандығын жеткізді. Сондай-ақ конгресс қонақ­тарын Қазақстан Үкіметі атынан да құттықтады.

Еліміздің тау-кен металлургия кешенінде қазіргі күні 800-ге тарта кәсіпорын, 185 мың адам жұмыс істеу­де. Тәуелсіздік жылдарында тиісті жұмыстың жолға қо­йылуы нәтижесінде Қазақ­с­тан бүгінде әлем бойынша осы саланың алдыңғы қатарлы елдерінің біріне айналып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тау-кен металлургия саласын реформалауды Үкімет алдына міндет етіп қойған болатын. Қолға алынған шаралар сала компанияларының ашық­тығы мен әлемдік стандарттарды игеруін дамыта түсті. Енді «Астана» халықаралық қаржы орталығының құрылуы бұл сектордың қаржылық жағдайын нығайтуға, жаңа техно­ло­гияларды игеруге сеп­тес­тігін тигізуі тиіс. Осы­ған сәйкес ел Үкіметі тарапы­нан ин­весторларға, сала жұ­мы­сы­на қатысушыларға қолд­ау шаралары қолға алынып отыр.

Жиын модераторы, Дү­ние­жүзілік тау-кен конгресі­нің жетекшісі Марек Цала Қазақстанда жасалып жатқан жұмыстардың болашағы зор екендігін айтты. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес 2030 жылға қарай әлем халқының саны 8,5 миллиард адамды құрамақ. Мұндай жағдайда металға, тау-кен саласы өнді­ретін материалдарға деген сұраныс елеулі артатын­дығы белгілі болып отыр. М­әселен адамдардың күн­де­лікті қажетіне айналған смартфондардың жұмыс істеуі үшін 70-ке жуық элемент керек екен. Бұлардың барлығын тау-кен саласы береді. Осы ретте Қазақ­стандағы қойнауы қазынаға бай саланың дамуынан үлкен үміт күтуге болады. Мәселен еліміз соңғы жылдардың өзін­де жоғары сұрыпты алюминий шығаруды жолға қойды. Сондай-ақ әлемде қажет­тілігі арта түскен ферро­қорт­паларды беруде. Басқа да түсті металлургия өнімдерін шығарып, әлемдік нарыққа саудалауда Қазақстан маңызы арта түсуде.

Дүниежүзілік тау-кен конгресі

Мұнан кейін сөз кезегі ERG S.a.r.l. Директорлар ке­ңе­сінің төрағасы Александр Маш­кевичке берілді. Ол өз сөзінде тау-кен саласында­ғы компаниялардың ендігі болашағы олар игеретін жаңа технологияларға байланысты екендігін айтып өтті. Осыған орай Давостағы дүниежүзілік экономикалық форум жетек­шісі, белгілі экономист Клаус Швабтың «Өндірістегі ендігі ең үлкен қозғаушы күш жаңа технологиялардың жаңалы­ғы мен олардың жылдам игерілуі болады» деген болжа­мын аузына алды. Сондықтан ERG S.a.r.l. жанынан осыдан алты жыл бұрын ғылыми орталық құрылған болатын. Ол жұмысын өрістете түсуде. Соның нәтижесінде Қазақстанда қалдықтардың өзін қайта игеру ісі қолға алынды. Өндірістік шығары­лымдар мен қалдықтарды тиімді басқару жобасы іске қосылды. Бұл іс 2022 жылдан әрі қарай өзін тиімді ете түсетін болады. Міне, осы қанатқақты жоба Қазақстан­да іске асырылды. Енді оны басқа елдерге де таратуға болады.

Польшаның Кәсіпкерлік және технологиялар вице-ми­нистрі Тадеуш Кощчиньский тау-кен саласының мерей­тойлық конгресінің Астанада өтуі екі жақ үшін де зор мәртебе екендігін еске салып өтті. Осыған орай Польша үкіметінің жедел дамып келе жатқан әрі тау-кен саласында әлемдік деңгейде өзіндік орны бар салмақты елмен әріптестік қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екендігін жеткізді. Оның айтуынша, бұл барлық тараптарға да тиімді болар еді. Мәселен, Польша үкіметі тау-кен саласының тек табысты дамуы ғана емес, сонымен қатар оның адамдар, қоршаған орта үшін қауіпсіз болуына да барынша мән береді. Түптеп келгенде мұның бәрі өндіріс қарқынын арттыруға алып келеді. Осы бағытта Польша Қазақстанмен өз тәжірибесін бөлісуге әзір. Бизнес жобаларға мониторинг жүргізу, бақылау мәсе­лесін жолға қою жөнінде жақ­сы консультативтік кеңес­тер бере алар еді. Сондай-ақ бұл елдің қаржы институттары да Қазақстанмен әріп­тестік қатынас орнатуға қызығу­шылық танытуда.

Торонтодағы (Канада) Тау-кен қор биржасының басшысы Дин МакПерсон өз­дерінің әлемдегі ең ашық ком­паниялардың бірі екен­дігін жеткізді. – Сондықтан әлем бойынша тау-кен сала­сындағы акциялардың 25 пайызы осы қор арқылы сатып алынуда. Міне, сала бойынша сегіз жылға созылған құлдыраудан кейін ақыры іс алға басып отыр. Енді шикі­затқа деген сұраныс қай­та артатын түрі бар. Мұн­дайда корпоративтік жауап­кер­шілікті бұрынғыдан нығайта түсу қажет болады, осылай деп сөз қозғаған алыстан келген мейман «Астана» қаржы орталығының құрылған­дығына қуанатындығын білдірді. Әрине, бұл жағдай Қазақстанның өңір елдері арасында экономикалық көшбасшы екендігін білдіреді. Сондай-ақ ол «Астана» қаржы орталығымен әріптестік қатынас орнатуға ынталы екендігін жеткізді.

ISSA Mining өнеркә­сіптік қауіпсіздік жөнін­дегі халықаралық ассоциация­сының президенті Ульрих Мизман (Германия) тау-кен саласы бойынша әлемде жыл сайын 25 мың өндірістік жарақат алу оқиғасының орын алатындығын айтты. Бұл саладағы жұмыстан ауруға шалдығушылар аз емес. Бүкіләлемдік кіріс­тің 4 пайызының өзі осы сала­дағы жарақаттар мен ауру­ларды емдеуге жұмсала­тындығының өзі көп жайттан сыр аңғартса керек. Демек өндірістегі қауіпсіздік пен экологиялық шаралар – адамзат үшін ерекше маңызды мәселелер. Ульрих Мизман қауіпсіздіктің 7 алтын ережесінің бірінші болып тау-кен саласында қабылданғанынан үлкен үміт күтетіндігін жеткізді.

Дүниежүзілік тау-кен кон­гресінің салтанат­ты ашы­луынан кейін «Тау-кен өнеркәсібіндегі техно­логиялық инновациялар мен үздік тәжірибелер – болашақ бүгіннен басталды» деген тақырыпта пленарлық отырыс болып өтті. Онда алғашқы болып сөйлеген Қазақстанның Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек бұл конгрестің отандық кен-металлургия кешенін дамыту мен елдің халықаралық қатынастарын дамыту үшін маңыздылы­ғын атап өтті. Аталған кешен еліміздің дамуына үлкен үлес қосып отыр. Өйткені бұл сектор эко­но­микалық құр­ылымда мұ­най-газ саласынан кейін екін­ші орынды еншілеп келеді.

Еліміздегі кен-металлур­гия кешенін дамытудың не­гізі бай минералды-шикізат базасы болып табылады. Қазақстан әлемде табиғи қорлар бойынша 6-шы орын алады, минералды шикізатты өндірудің жалпы көлемі бойынша (мұнай-газсыз) 10-шы орынды, жан басына шаққанда пайдалы қазбаларды өндіру бойынша үшінші орынды иеленеді. Сала мыс, уран, титан, ферроқорытпа және полиметалдардың әлемдік нарығында ұсынылған және аймақтық темір, көмір және алюминий нарығына айтар­лықтай әсер етеді. 

– Сонымен қатар бүгінгі күнде негізгі стратегиялық міндет – елдегі шикізатты барынша өңдеу, сондай-ақ жоғары қайта қорытуға көшу. Бұл міндеттер Мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылады, онда өңдеу өнеркәсібінің басқа да салаларымен бірге қара және түсті металлургия эконо­миканың басым секторы болып айқындалды. Бүгінгі таңда біз 2010 жылдан бастап экспортқа базалық металдарды өндіруді арттыра алдық, сондай-ақ жаңа өнім түрлерін шығаруды бастадық деп айта аламыз, – деді министр.

Ж.Қасымбек мырзаның айтуынша, елдегі ТКМК дамуына қолайлы инвести­циялық ахуал ықпал етеді. Осы сөздердің дәлелі – ішкі нарықтағы ойыншылар Glencore, ArcelorMittal, Posco, Tenaris, ЕвразХолдинг, Polymetal және басқалардың белгілі салаларда әлемдік көшбасшылармен ынты­мақтас­тығы. 

– Өткен жылдың аяғында батыс аустралиялық үлгіге көшу мақсатында Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы жаңа кодекстің енгізілуі маңызды бастама болды. Жаңа кодексте саланы мемлекеттік реттеудің ашық және айқын әдістерімен, геологиялық ақпаратқа қолжетімділікті, ұлттық стандарттарды жаһандық деңгейде үйлес­тіруді қамтамасыз етуде үздік халықаралық тәжірибелер енгізілді. Бұл құжат әлемдік тәжірибе көрсеткендей, шетелдік инвесторларды, соның ішінде 60 пайыздан астам жаңа кен орындарын ашып жатқан юниор кәсіпорындарды тартуға бағытталған, – деді министр.

Осы күні конгресс бағдар­ламасы бойынша әлемнің әр шалғайынан келген журналистер мен отандық БАҚ өкілдеріне арналып баспасөз конференциясы өтті. Онда барлық қозғалған мәселелерге спи­керлер тарапынан жан-жақты жауап берілді. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Егемен Қазақстан»