Аймақтар • 20 Маусым, 2018

Жамбыл өңіріндегі кей елді мекендерде газ тарту жұмыстары кешеуілдеп отыр

813 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ауылдық аймақтарды абаттандыру, дамыту мәселелері мемлекет тарапынан лайықты жүзеге асып келеді. Мәселен, Жамбыл өңіріндегі кейбір ауылдар мен елді мекендерге табиғи газ тарту жұмыстары ерте бастан жүргізілсе, енді кейбір ауылдарға әлі де болса көгілдір отын кіргізу кешеуілдеп отыр. Нақты мәліметтерге жүгінсек, Жамбыл облысындағы 373 елді мекеннің 171-і ғана бүгінде газ құбырына қосылған. Ал ұзақ мерзімге жасалған жос­пар­лар мен ауыл­ды­ гүлдендіру мәсе­лесіндегі мақсаттардың нәтижесі бүгінгі таңда қандай деңгейде? 

Жамбыл өңіріндегі кей елді мекендерде газ тарту жұмыстары кешеуілдеп отыр

Мысалы, Шу ауданы, Төле би ауы­лының тұрғындары үшін бұл күнде көгілдір отын кір­гі­зу қолжетімді болмай тұр. Осы уақытқа дейін бас басылым бетінде Мәкен Уақтегі бас­­­­­та­ған ауыл адамдарының уәжі де жарияланған болатын. Ай­­та­лық газ кіргізу үшін Шу ауданын­дағы «Париев» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің ұйғарымымен әр тұрғынға 400-500 мың теңгенің көлемінде қаражат керек. Алайда тек жала­қыға қарап отырған кейбір отбасы бір дегенде жарты миллион теңгені қайдан тапсын. Сондықтан да ауыл тұрғындары үйлеріне көгілдір отын кіргізе алмай алаңдап отыр. Сонымен қатар Т.Рысқұлов ауданының Юбилейный елді мекенінде де кезінде көгілдір отын болған. «Елдің бәрі пеш жағып отырғанда бізде газ болған» деп еске алады өткен күнді ауыл тұрғындары. Қайта күн санап дамудың орнына неге бұл ауылда көгілдір отынның күні батты? Дей тұрғанмен, та­биғи газдың тоқтап қалу себебін көпшілік сан-саққа жүгіртеді. Жамбыл өңірінде әлі де 100-ден астам ауылды газбен қамту мә­селесі өзекті болып тұр.

Жамбыл облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, өңір тұрғындары бүгінде Өзбекстан мемлекетінің Бұхара облысынан және жергілікті «Амангелді» газ кешені арқылы өндіріліп жатқан табиғи газды тұтынып келеді екен. Ал соңғы он жылдың көлемінде өңірде 125 елді мекен газдандырылып, 582 мың 420 тұрғын көгілдір отынды пайдалануда. Аталған бас­қарманың басшысы Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, 2019-2025 жылдарға арналған жоспар бойынша Жуалы ауданында – 19, Жамбыл ауданында – 16, Талас ауданында – 9 және Байзақ ауданында 18 елді мекенге газ құбыры тартылып, алдағы уақытта тұрғындар табиғи газдың игілігін көретін болады. 

 «Мұндай игілікке Т.Рысқұлов ауданында – 19, Меркі ауданында – 7, Қордай ауданында – 17, Шу ауданында – 30, Мойын­­құм ауданында – 12 және Сарысу ауданында 14 елді мекен қол жеткізеді. Оның ішінде Жуалы, Байзақ аудандарының тұрғындары мәселесі 2020 жы­лы толық шешімін табады деп күтілуде», дейді бас­қар­ма басшысы. Бұл әрине жақ­сы көрсеткіш болғанымен, мәселе табиғи газды кіргізудің төлемінде болып тұр.

Шу ауданы демекші, аталған ауданның Төле би ауылындағы мәселе өткен жылы көтерілген еді. Расында да осы жерде газ тар­туға қажетті материалдардың өзі қымбат па, әлде бұл мердігер компания­лардың көтерме баға­сынан туындаған салдар ма деген сұрақ туады. Төле би ауылындағы «Париев» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де тұрғындарға бағаның қымбаттауын осылай түсіндіргенін тұрғындар талай рет айтты. «Газ жүргізуге қа­жетті құбырлардың бағасына келе­тін болсақ, Алматы облысы, Жам­был ауданының Үңгіртас ауылы маңындағы зауытта жасалатын полиэтилен құбырларының әр метрінің құны Қарағанды темір зауытында өндірілетін болат құбырлардан екі-үш есе арзан және екі еседей аз көлемде ғана шығындалатын жұмыстары да жеңілге түседі екен. Менменсіген мердігер болса кәсіпкерлерге Үкімет тарапынан қолдау көрсе­тілетінін жеке мүдделеріне пай­далана отырып ойларына кел­генін істеп бағуда», дейді Шу ауданының құрметті азаматы Мә­кен Уақтегі.

Бәлкім өңір тұрғындарын табиғи газбен қамтамасыз етуде жергілікті билік­тің бір бастамасы қажет бо­лар. Бас­тама болғанда да халық­тың пайдасына шешілетін дүние болса, ел үшін де игілікті болар еді. Олай дейтініміз, Жам­был облысының әкімі Асқар Мыр­захметов жуыр­да өткен жиын­дардың бірінде «Шу ауданында тұрғындардың газ құбырын кіргізуі неге тым қымбат? Әр үйге 400 мың теңге – өте жоғары баға», деген болатын. Әкім бұл мәселені айтып қана қоймай, өңірдегі жауапты мекеме басшыларынан талап етті. 

Бұл жерде мердігер компания­л­ар қажетті материалдардың баға­сын тым жоғары есептеген. Ақы­­ры осындай жағдай орын алып, бұқараның бас ауруына ай­налды. Облыстық энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров сонда «Мәселен, кейбір компаниялар 20 метрлік құбырды 206 мың теңгеге бағаласа, біздің есептеуіміз бо­йынша оған 120 мың теңге ғана жұмсалады екен. Бұл ретте «Жам­был – жылу» мекемесінің қыз­метін пайдаланғалы отырмыз» деп жауап берген. Сонымен қатар нәтижесінде газ орнату бағасы екі есеге жуық арзандайды екен.

Дей тұр­ғанмен, әкімнің тарапынан «Жамбыл – жылу» мекемесіне қажетті құжаттарын ертерек әзір­леп, жұмысқа жеделдетіп кірісу керектігі жайлы тапсырма берілді. Егер аталған мекеме жуық арада жұмысына кірісіп, әкімдіктің алға қойған жоспарын орындайтын болса, тұрғындардың табиғи газдың қызығын көре­тін күні алыс емес. Алайда Жам­был өңірінде 173 елді мекен газ­­­­дандырылғанмен, сол ауыл­дардың ішіндегі 88 мың тұрғын көгілдір отынмен қамтылмаған. Расында да мұндай жағдайлар әрбір ауылда кездеседі. Оған әуелі бағаның қолжетімсіздігі әсер етуі мүмкін. Асқар Мырзахметовтің айтуынша, бірінші кезекте осы олқылықтың орны толуы тиіс. «Елді мекендерді газдандыру мәселесінде соңғы меже 2025 жылды күтіп отырмай, жақын жылдарда шешу мәселесін қарас­тыруымыз қажет. Табиғи газды жеткізу барысында құрылысты жүргізетін мекеме мамандарымен кеңесе отырып, жұмыстың арзан болатын жағын іздестіруге тиіспіз», деген еді әкім. 

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы