Тарих • 20 Маусым, 2018

Ономастикадағы оралымсыздықтар ойлантады

458 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Халқының саны көп, эко­номикалық қуаты мығым, әскерлік күші басым дер­жавалардың отарлау жү­йе­­сінің басты құралы – өздерінің қасаң саяса­тын аз ұлттардың санасына сыналап енгізу. Сол арқылы отарлаған ел­дерін оқ шығармай-ақ жау­лап­ алып, өз ырқынан шығар­мау екеніне кешегі кеңестік дәуірде көзіміз жеткен болатын.

Ономастикадағы оралымсыздықтар ойлантады

Ал отарлау саясатының ең тиімді әдісі – алдымен олардың санасынан атамекені, туып-өскен жері, өзен-көлінің атауын өшіру. Бір сөзбен айтқанда, ұлтты мәңгүртке айналдыру. Күні кешеге дейін бір ғана аудан емес тұтас елді жайлап кеткен Ленин, Сталин, Калинин, Молотов, Маленков, тағы басқа кеңестік қайраткерлердің атымен колхоздардың, мектептердің жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткенін қалай ұмыта алар­сың. Ол ол ма, Қазақстанға «Кіші Октябрь орнатамын» – деп тұтас бір ұлтты аштыққа ұшыратып, ха­лықты қынадай қырып тастаған қу жақ Голощекин мен аштан қырылған халықтың бас көтерген азаматтарын жүйелі түрде жойып, Мәскеуден қосымша жоспар сұраған Мирзояндарды да төбемізге көтеріп дәріптегеніміз жалған емес. Отарлау жүйесінің бір мысалы өзіміз мекендеп жатқан өңір – Орал қаласы мен Атыраудың араларындағы кәрі Жайықты бойлай жайлаған ауылдар Круглоозёрный, Серебряково, Шапов, Владимировка, Бударин, Чапаев, Антонов, Индер, Зеленый, Кулагино осылайша жалғасып кете береді. Ұлтты басып-жаншудың, оның тарихи құндылығын, тілін, ділін өшірудің бұдан асқан сорақылығы болар ма?

Өкінішке қарай, осылардың біразы әлі күнге дейін мұрты мұ­қал­мастан, қай ауылға барсаң да қасқайып, байырғы атауымен қарсы алып тұр.
Кеңестік саясаттың миымыздың қатпар-қатпарына еніп, сүйегімізге сіңіп қалғаны соншалық, тіпті қайсыбір кәрі құлақтардың бұл атауларды өзгертуге құлқы жоқ. Ел тәуелсіздігін алып, өз қолымыз өз аузымызға жетті – деп бөркімізді аспанға атып жүрсек, кешегі су тас­қыны кезінде зардап шегіп жатқан Шығыс Қазақстан облысындағы ауылдардың атауы қуанышымызды су сепкендей басып, төбе шашымызды тік тұрғызды. Апыр-ау, сол аймақтың ел басқарып отырған атқамінерлері, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар ай қарап отыр ма? «Ауру батпандап кіріп, мысқалдап шыға­ды» десек те, ел тәуелсіздігін алған жиырма жеті жылда шығып болма­ған, еттен өтіп, сүйекке сіңіп кеткен қандай дерт, ол. Оның қасында жаңа бой түзеген шағын аудандарының көшелеріне Алаш арыстарының атын берген Орал шаһарын басқарып отырған азаматтардың оң істері көңіл көншіткендей екен. Әйтсе де жоғарыда аталған Жайық бойындағы ауыл-кенттердің атауын өзгертетін уақыт жеткені де ескерілуі керек. 

Мұның өзі осы өңірді мекендеген көп ұлтты жұртымыздың ауыз бірлігі мен ынтымағын, бір-біріне деген ізгі қарым-қатынасын, туысқан халықтардың ел мен жер иелеріне деген риясыз құрметін көрсетеді. Біздің қолымызда Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігінен Президент Әкімшілігіне берілген әкімшілік-аумақтық бірліктердің құрамдас бөліктеріне, нысандарға беруге ұсынылатын тарихи тұлғалар мен дәстүрлі атаулар тізімі бар.

Бір қарағанда бәрі де дұрыс, тізімдегі есімдердің қай-қайсысы да қазақ шежіресіндегі тарихи тұлғалар. Әйтсе де тізімнің асығыстау, тек тапсырманы орындай салу үшін жасала салғаны да көзге бірден шалынады. Мысалы, XIV-XVIII ғасырларда өмір сүрген халқымыздың қайраткер батырлары мен ақындары, көсемдері мен шешендері Қарасай, Әйтеке, Бұқар жырау, Райымбек, Сырым, Исатай, Наурызбай сынды қайраткерлеріміздің аттарында аудандар бар. Осы аталған тұлғалар мен Әбілқайыр, Бөгенбай, Қабанбай, Төле би, Қазыбек би сынды сайыпқыран саңлақтарымыздың аттарымен сансыз көшелер аталады. Мұндай қайталаулар XIX-XXI ғасырларда өмір сүрген ұлт, өнер қайраткерлерінің тізімінде де жиі ұшырасады. Егер жауапты орындар осы мәселеге мейлінше зейін қойып зерделей түссе, тарихымызға тереңірек үңілсе елдігіміздің еңсесін көтеріп, жеріміздің тұтастығын сақтауға қанын да, жанын да аямаған қаншама арыс­тарымыз көлеңкеден шығып, төрт құбыламыз түгенделе түскен болар еді.
Ел тәуелсіздігін алғанына ширек ғасырдан астам мерзім болды. Осы жылдарда егемендігімізді нығайтып, мемлекетіміздің қадасын қағысып, Елбасымызға серік болып, қиын-қыстау кезеңдерде ісімен де, сөзімен де елдік қуатымызды арттыруға үлес қосқан тұлғаларды тізімнен көре алмадық.

Мемлекетіміздің құқықтық нормаларын жасауға белсене атсалыс­қан белгілі заңгерлер С.Зиманов, Н.Шайкенов, К.Халиков көрнекті мемлекет қайраткерлері болған Ұ.Қараманов, Е.Асанбаев, О.Мұха­меджанов, Н.Балғымбаев, қазақ өнерін дүние жүзіне танытқан даңқты дирижер Ш.Қажығалиев, атақты композиторлар Б.Жұманиязов Ә.Бейсеуов, М.Маңғытаев аталған тізімде мүлде жоқ. Бұлардың қайсы­біріне дүниеден өткеніне 5 жыл толмаған – деп уәж айтушылар болса, ондай тұлғалар ұсынылған тізімде де жүр. Қазақстанның заңы, ережесі барша қазақстандықтарға ортақ болса керек. 

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттер бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» – деп өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсеткен. Ал ондай өңірлер, ондай тұлғалар елімізде аз ба? Ендеше біз неге бірін-бірі қайталайтын қасаң тізіммен шектелуге тиіспіз.

Өзі туып-өскен өлкесінің таби­ғатын, сол өңірді өркендетуге бар күш-жігерін жұмсаған қайрат­керлерін білмесе болашақ патриоттар қайдан шықпақ?
Республикалық ономастикалық комиссияға ұсынылған дәстүрлі атау­ларға да айтарымыз бар.
Елбасымыз айтқандай әр өңірдің өз ерекшелігі бар. Біздіңше жас ұрпақ өз өлкесінің тарихын мейлінше білуі үшін атауларды әр өлкенің табиғи ерекшеліктеріне сәйкестендіру керек. Мысалы, тізімде айбалта, ақдидар, ақшам, байқоныс, бозғанақ, ашудас, арлан деген жалпы атаулар бар. Ал осы атаулардың айтылуы әдемі болғанмен мәні қандай? Осы атаулар көшелер мен елді мекендерге үйлесе ме? Ақкекіл, бура, ашудас көшелері – деген атаулардың қандай қисыны бар?

Оны күштеп, бишіктің күші­мен қойғанмен көпшілік жұрт қабыл­дай ала ма? Ал Қазақстан Рес­пуб­ликасының «Ономастика туралы» заңының әрбір бабында көше, кент атауларын халықпен ақылдаса отырып атау жө­нінде нақты айтылған.

Жер-су, ауыл-кент, көше атау­лары біздің ұлттық келбетіміз бол­мақ. Біз бүгін уақыт, Елбасы беріп отырған мүмкіндікті тиімді пайдаланбасақ, болашақ ұрпақ алдында кешірілмес күнәға батамыз. Сондықтан да бесігімізді дұрыс түзейік, ағайын!
 
Закария СИСЕНҒАЛИ,
Жаңақала аудандық мәслихат хатшысы

Батыс Қазақстан облысы