Қазақстан • 20 Маусым, 2018

Оңтүстік Қазақстан облысында түсірілген анимациялық және көркем фильмдердің көрсетілімі өтті

696 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Астанада Оңтүстік Қазақстан облысының мәдени күндері бас­талды. Үш күнге жалғасатын айтулы шара өзінің мазмұндық мән, тақырыптық ауқымымен елорданың 20 жылдық мерейтойына үлкен тарту болды. Аталған жоба аясында Оқушылар сарайын­да Оңтүстік Қазақстан облысында түсірілген анимациялық және көркем фильмдердің көрсетілімі өтті. 

Оңтүстік Қазақстан облысында түсірілген анимациялық және көркем фильмдердің көрсетілімі өтті

Балалар мен жасөспірімдерді патриоттық рухта тәрбиелейтін тарихи-танымдық «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмдері және «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериядан тұратын телехикая астаналық балғындар назарына үш күн бойы үздіксіз ұсынылатын болады. Аталған туындылар Оңтүстік Қазақстан өңірлік «САҚ» киностудиясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде жүзеге асып жатқан ауқымды жұмыс – «Кино – руханияттың жаңғыру көзі» жобасы аясында облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен түсірілді. «Күнгей өлкедегі тарихи киелі жерлерді балалар тілімен насихаттауға бағытталған анимациялық фильмдерге деген бетбұрыс ұрпақ тәрбиесіне оң әсер етуде», деп Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Темірхан Асылхан жоба маңыздылығын айрықша атап өтті. 

«...Туған жерге, оның мәде­ниеті мен салт-дәстүрлеріне ай­рықша іңкәрлікпен атсалысу – шы­найы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі», – деп Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ерекше көңіл аудартқан бұл фактор, яғни Отанды сүю – туып-өскен жерге, оның тарихы мен салт-дәстүрін білуге деген сүйіспеншіліктен бастау алуы тиіс. «САҚ» киностудиясы қазақ­тың келешегіне қатысты Мем­лекет басшысы меңзеген «Отан – отбасынан бас­талады» деген қағидатты бүгінде өз жұмысында белсенді ұстанып, әр өнімін ұлт­тық бояуда бедерлеуге үздіксіз үлес қосып келеді. Күні кеше қазақ көрерменінің санасында үлкен сілкініс тудырған 75 минуттық «Қазақ елі» толық- метражды анимациялық фильмі балдырғандардың ғана емес, күл­лі ұлттың қазынасына қо­сылған олжа болса, аталмыш киностудияның одан кейінгі ізденістері де өзінің тақырып пен мазмұн, тағылым ауқымдылығы жөнінен көрерменін рухани қуанышқа кенелтуде. 

Атап айтсақ, өткен жылы Мемлекет басшысының бағдар­ламалық мақаласы аясында «Күш атасы – Қажымұқан», «Оты­рарды қорғау», «Киелі Қазы­ғұрт» атты 25 минуттық 3 анимациялық фильм және «Көне жетігеннің сыры» атты 10 сериядан тұратын телехикая мен «Ұлы Жібек жолындағы ескерткіштер» атты деректі фильм түсіріліп, көрермен назарына ұсынылды. 

«САҚ» киностудиясының директоры Нұриддин Пәттеевтің айтуынша, 15 жылдық тарихы бар киностудия осы уақытқа дейін 60-қа жуық танымдық, деректі һәм көркем анимациялық туындыларды кішкентай көрер­мендермен қауыштырыпты. Аталған туындылар Оңтүстік Қазақ­стан облысының барлық аудан, қалаларындағы 1 миллион­нан астам мектеп оқушылары мен тұрғындарына «Кино – руха­нияттың жаңғыру көзі» жобасы аясында көрсетіліп, жергілікті телеарналарда да тұрақты түрде насихатталып келеді. Сондай-ақ өңірдің аудан, қалаларында да жер­гілікті әкімдіктердің қол­дауымен туған жер қасиетін та­нытатын «Отырар дастаны»,­ «Көне құмыраның сыры», «Бәй­дібек би» фильмдері жасалса, осы жылдың соңына дейін «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Төле би» телесериялы мен «Оқсыз», «Ордабасы», «Түркістан» анимациялық фильм­­дерінің тұсауын кесу жос­парланып отыр. Сонымен қатар алдағы уақытта «Қазақ елі» то­лықметражды анимациялық фильмін бірнеше сериялы цикл­ді дүниеге айналдыру да кино­сту­дияның алға қойып отырған ауқым­ды жобаларының маңызды бөлігі санатында.

– «САҚ» киностудиясы түсіріп жатқан фильмдердің дені тарихи тақырыптарды қамтитындықтан, әрбір түсірілім жұмысы үлкен пікірталастарға арқау болып келеді. Сондықтан да біз үнемі тарихшылардың кеңесіне жүгініп, кәсіби мамандармен бірлесе жұмыс істейміз. Бұл тұрғыда, әсіресе тарихшы Жамбыл Артықбаев ағамыздың еңбегі зор. Мәселен, бүгінгі тамашалаған «Отырарды қорғау» анимациялық фильмін түсіру кезінде түрлі тарихи деректермен бетпе-бет келдік. Отырарды Шыңғыс хан талқандады деп кесіп айтпастан бұрын, біз әуелі Қайыр ханның таққа келу кезеңін оқиға өзегіне арқау еттік. Әйтсе де бұл жерде Шыңғыс хан мен Қайыр ханды даттап немесе жақтауды, олардың әрекетіне тарихи баға беруді көздеген жоқпыз. Көне Отырар қаласының тарихы арқылы кішкентай көрермендерді туған жер тарихымен таныстыруды және сол көне шаһардағы жергілікті екі баланың батыл да ақылды әрекеті арқылы балдырғандардың Отан­ға, еліне деген сүйіспеншілік сезімін оятқымыз келеді. Ани­мациялық фильм дегенмен, бұл туындылардың аудитория­сы шектеулі емес. Балалар да, ересектер де қызығып тамашалайды», дейді «САҚ» киностудиясының директоры Нұриддин Пәттеев.

Иә, жоғарыда жан-жақты тоқталып өткендей, тарихи-таным­дық деректерді анимация тілінде жеткізуді бірне­ше жылдық кино түсіру тәжі­ри­бесінде сәтті пайдаланып келе жатқан киностудия директоры жұмыстарына тіл тазалығы мен драматургиялық қызықты, шиеленісті оқиғаларды арқау етумен қатар, сондай-ақ фильмдеріне барынша тех­никаның озық үлгілерін пайдаланып, болашақта америкалық «The Walt Disney Company» киностудиясы өнімдерінің көркемдік деңгейімен тең түсетін туындыларды өмірге әкелуді армандайды. Сол арқылы қазақтың тарихын жаһанға мәшһүр еткісі келетінін де жасырмады. 

Киностудия басшысының ол арманына барынша адал еке­нін түсірген жұмыстарынан айқын аңғарып, сезінуге болады. Қазіргі интернеттік жүйе ғалам­дық ақпаратты аядай ала­қанға әкеліп үйіріп берген жаһандану заманында алғыр да талғампаз балдырғандарды сапасыз жұмыспен таңғалдырып, олардың назарын өзіңе бұрғыза қою мүмкін емес. Сол себепті де әлемдік киноөндіріс бәсе­кесіне лайықты болу киностудия қызметкерлерінен аз еңбек талап етпейтіні сөзсіз. Бұл жауапкершілікті жете сезін­ген «САҚ» киностудия­сы әр жұмысын балаларға қы­зық­ты да ойнақы сюжетпен, түсінікті де көркем тілмен жет­кізуге күш салыпты. Тарихи де­рек­тер барынша дәлдік пен ұтым­ды тәсілде жеткізіліпті. Мәселен, «Отырарды қорғау» анимациялық фильмінде негі­зінен адамдар, оның ішінде балалар танымы арқылы көне қала тарихы нанымды суреттелсе, «Киелі Қазығұрт» фильмінің көркемдік деңгейі жан-жануарлар мен аңдардың қарым-қатынасы, табиғаты арқылы ұтымды ашылған. Әрқайсысы 25 минуттан тұратын триптих деректерді сауатты сараптауының, сюжетті қызықты етіп сөйлете білуінің нәтижесінде, бала тұрмақ, ересек көрерменді де жалықтырмайды. Осы тұста кейіпкерлерді бала танымына сай шынайы бейнелей білген аниматор мамандардың да еңбегін айрықша атап өту орынды. 

Жарты ғасыр бұрын қазақ топырағында өмірге келген Әмен Қайдаров есімімен тікелей байланысты ұлттық анимация өнері бүгінде заманауи техника мен тарихи тақырыптарға тың көзқарас негізінде бейнелі көз тігуінің нәтижесінде өзгеше өрнек түзіп, жаңаша бағыттағы көркемдік биік­ке қол жеткізгендігіне «САҚ» киностудиясының көне қа­ла­лар тарихынан сыр шертер циклді триптихын тамаша­лап, елордалық кішкентай көрер­мендермен бірге қуана қол соқ­тық. Астананың 20 жылдық мерейлі тойына жасалған бұл тарту бас шаһар балдырғандарына тарихи-танымдық тағылымымен қатар естен кетпес рухани қуа-нышын да қоса сыйлағаны сөзсіз. 

Назерке ЖҰМАБАЙ, 
«Егемен Қазақстан»