Аймақтар • 20 Маусым, 2018

Теміржолшылар кенті - Сексеуілдегі өркениет игіліктері

402 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Атақты Сексеуіл стансасына іссапармен келдік. Арал қаласынан батысқа қарай жетпіс шақырым жерде орналасқан стансаның тұрғындары сонау жетпісінші жылдары кеңес империясының жосықсыз саясатына қарсы болып, пойыз жолын кеуделерімен жапқанын естіген едік. Ал бүгінде осы теміржолшылар кентіне өркениет игіліктері тартылып, жаңа құрылыстар салынбақ. Соның бірегейі таяуда ашылған спорт сарайы.

Теміржолшылар кенті - Сексеуілдегі өркениет игіліктері

Ақсақалдар шағым айтпады

Стансаның экологиялық ахуалы мәз емес. Біраз көшені шолып қайт­тық. Ылғи суырып жел соғып тұратын аймақтың кей көшелерінен тіс шұқитын қылтанақ таба алмайсың. Ал біз түскен үйдің иесі Алпысбай Қорғанбаев ақсақал есік алдына ай бұрын еккен гүлінің әлі бүр аша алмай тұрғанын қинала айтты. Оның әкесі кезінде осы Сексеуіл – Орынбор аралығында отарбаның машинисі болыпты. Өзі де темір жолдан зейнетке шыққан көрінеді.

Әлеуметтік мәселелер жөнінде әңгімелестік. Кентте қолы ұзын бірлі- жарым адам болмаса, көпшілігі мал ұстамайды екен. Ауыл маңында от жоқ. Сиыр су, шөбі мол жайылым іздеп шығандап, бұзауына қарамай кеткен соң Алпысбай ақсақал кенттен жүз шақырымға жуық Тәуіп деген жердегі жайылымда малдарын ұстап отыр. Ірі қара, түйе. Жазда әр басына 2000, қыста 2500 теңге төлейді. Соғым жығып алатындығы болмаса, сүт, шұбат сатып алынады. Қолыңда малың тұрып, ағарғанға көз сатқан, әрине, қиын.

Әңгімемізге кент мектебінің директоры араласты. Алпысбай ақсақал «Қазір әкім келгенде он шақты шал арыз айтамыз деп дайындалып жатыр» деп оның дегбірін алды. Ауылдағы әкімқаралардың бірі емес пе, «олардікі не арман?» дейді. Жыламаған балаға емшек бермейді дегендей, жоғарыға жазбасаң, әкімге шағым түсірмесең, көп шаруа орындалмайды, деп төндіре түседі Алпекең.

Ауыз су ауыл іргесіне әкелінген. Бірақ үй-үйге құбыр тартылған жоқ. Бейнеу – Бозой – Шымкент газ магистралі Сексеуілден 15 шақырым жерде болса да кент тұрғындары ұмыт қалған. Басқалар көгілдір отынның рахатын көріп отырғанда, бұлардың келіндері пешке тамызық тұтатып күйелеш-күйелеш болып жүр. Ақсақалдар соны айтпақ. Алпекең бізге көз қысып қойып төндірген сайын ауылдағы аз ғана атқамінерлердің бірі қарына шоқ қарығандай ыршып түседі. 

Екі қалтасына журналистерде жоқ екі диктофонды салып алып, әкімдердің әр сөзінен ілік іздейтін шал-шауқандарды көрген басымыз «арты қандай болады екен?» деп іштей қылпылдап қалдық. Жоқ, Қырымбек Көшербаев ешқайсысына айтар сөз, өкпеге орын қалдырмады. Облыс әкімі жаңа спорт сарайының ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Сексеуіл стансасына көгілдір отын желісі тартылатынын, қазір мем­лекеттік сараптамадан өтіп жат­­қан­ын, жыл аяғына дейін қосы­латынын айтты.

Жақында «Қазақстан темір жо­­лы» басқармасының басшысы Қ.Алпыс­баевпен осында салына­тын 38 үйдің 30-ын пайдалануға бе­ру жөнінде келісімге келгенін жет­кізді. Темір жолдың арғы бетіндегі оқушылар мектептен қиналып жүр. Оның да ыңғайы табылған екен. 300 орындық мектептің құрылысы 2019 жылдың бюджетінде қаралған. Бірақ құрылысы биылғы жылдың аяғында басталмақ. 320 орындық балабақша құрылысы да облыстық бюджетке кіргізілген. Бұған дейін Мәдениет үйі, денсаулық сақтау бөлімшесінің бекеті салынған екен. Енді оған атты кісі түсіп қарайтындай сәулетті спорт сарайы қосылып отыр. Бейнеу – Сексеуіл темір жолы бойында жаңа жобалар қолға алынғандықтан, жұмыс орындары көбейеді.

Байқағанымыз, арыз-шағым ар­қалап келген қариялардың алды «Ой, өркенің өссін. Бұл Елбасымыздың сарабдал саясатының жемісі ғой» деп қауқылдап жатты. Бір қарасаң, қариялардікі де жөн. Айтса өз отбасы, ошақ қасының емес, елдің шаруа­сын айтып жатыр. Ал спорт сарайы кең екен. Күрес залында «Армандар орындалуға тиіс, егер арманды мақсатқа ауыстыра білсеңіз» деп жазып қойыпты. Сыр өңірінен төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильиннен бөлек Дәулет Ниязбаев, Александр Зайчиков, Бауыржан Жауынтаев, Рүстем Сыбай, Қамшыбек Қоңқабаев сияқты сайыпқырандар шыққан. Алды Олимпия ойындары мен әлем чемпио­наттарында олжа салған.

№20 балалар спорт мектебінің директоры Ерболат Қараев спорттың алты түрімен 700-ден астам жас­өспірім айналысып жатқанын айтады. Осы мектеп түлектері ішінде рес­публикалық жарыстарда бас жүл­деге ие болғандары бар. Бұған дейін 1930-жылдары салынған ескі ғи­маратта амалдап келген спортшылар енді жаңа биіктерге шығуды мақсат етіп отыр. Көлемі 1 мың шаршы метр­ден асатын осындай ғимарат басқа аудан, қалаларда да салынады екен.

Жеке кәсіпкер Мейрамбек Таласов Сексеуілге құны 150 млн теңге тұ­ратын «Қарақат» сауда үйін салып беріпті. Бірінші қабаты балалардың ойын-сауық орталығына арналған. Ірі қалалардағы қымбат аттракцион қондырғылары осында да тұр. Бір қарағанда, қала ауылға көшіп келгендей әсер қалдырады екен. Шижаға елді мекенінде құны 400 млн теңгеден асатын ішкі су желілерін қайта жаңғырту республикалық бюджет есебінен жүзеге асты. Ондағы ағайын да қала­мен теңелгеніне, мемлекеттік көмек­тің пәрменіне разы.

Ақша бар, ынта аз

Облыс басшысы 2018 жылды «жап­пай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп жариялаған. Расында, кәсіпкерлік өрістемей іс алға баспайды. Мәселен, бүгінде Польша диқандары еккен алма сұрыптарының бәсі әлемде жоғары. Неге? Мемлекет диқандарды субсидиялау арқылы ғалымдарды ынталандырып, жаңа алма сұрыптарын өсіруге қамқорлық жасаған. Соның нәтижесінде Польша бақша өнімдерін әлемге экспорттаушы мемлекетке айналды.

Осындай мемлекеттік қолдау Қа­зақстанда да жасалып жатыр. Қырым­бек Елеуұлы Арал ауданындағы кәсіп­керлік бағытындағы мәжілісте облыстың 1999 жылғы бюджеті 9,6 млрд теңге болғанын қайта еске салды. Ал бүгінде облыста тек кәсіпкерлікті өрістетуге ғана 32 млрд теңге бөлінген екен. Мемлекеттік қызмет елдің бәріне бірдей жете бермейді. Жұмыссыздықты азайту мен елді қорландырудың тура жолы – кәсіпкерлік. Ақша бар, ынта керек. Аймақ басшысы әр ауыл әкімдіктеріне облыстық басқармалар мен департаменттерден арнайы уәкіл бөлген. Екеуі де жауапты. Аралдағы жиында кәсіпкерлік саласындағы жұмыстар осылайша жүлгеленеді. 

Әуелі Арал ауданының әкімі Мұх­тар Оразбаев баяндама жасаған. Бір «Арал тұз» кәсіпорнының өзі 1 мыңға жуық адамға жұмыс тауып беріп отыр. Екінші жобасы іске асқанда тағы да 700 адамға жұмыс табылады. Аудан әкімі сыдыртып баяндама жасағанда осында барлық мәселе шешілгендей кө­рінгенімен, түк те олай емес екен. Іс жүзінде ауылдағы кәсіпкерлік ақсап тұр. Қағаз жүзінде кәсіпкердің саны көбейген сияқты көрінгенімен, олардың қатарына несие алғанымен жұ­мыс жасамаған жеке адамдар да кіріп кеткен.

Мемлекеттік грантты жақсы жоба ұсынып жеңіп алып, қаржысын басқа мақсатқа жұмсап жібергендер табылып жатыр. Қайтарымсыз, сұрауы жоқ тегін ақша деп қалғандар баршылық екен. Мақсатсыз жұмсалған грант ақшасы қайтарылатынын естігенде санын ұрып қалғандар да аз емес. Кәсіпкерлікке үйретіп, оқытатын және қолдау көрсететін «Бастау-Бизнес» жобасы ауылдағы халыққа дұрыс жеткізілмеген. Облыс әкімінің алдына есеп беруге шыққан ауыл әкімдері мен басқарма өкілдерінің дені осы жағынан ақсап жатты.

Мәселен, ауылдық жерлерде кере­гіне қарай наубайхана, шаштараз, шағын дүкен, май құю бекеті, монша, балабақшадан бөлек жылыжай, бал омартасы, мал сою және мал бор­дақылау алаңдарын жүзеге асыруға болады. Мына көрші Шымкентте түйеқұс өсіріп, «Гелендваген» мінген жігіт бар. Мемлекеттен қаржы алмаған, өз еңбегі. Оның жанында кәсіпкерлікті қолдауға бөлінген, пайызы төмен, жыл сайынғы инфляциямен-ақ жойылып кететін несиені алып, жұмыс жасаған адам пайдаға шығуы керек қой. Олай болмады. Көп әкім мардымсыз жауап берді. Бірде-бір кәсіпкерлікке өтініш білдірмеген ауылдар да бар екен.

Бір мысал айтайық. «Қан мен тер» роман-эпопеясынан бүкіл Қазақстанға аты мағлұм болған «Беларан» ауылын­дағы жағдай мәз емес. Қызық бол­ғанда «Беларанның» әкімі Досжан Қожахметов есепті кездесуге әзірлеп келген баяндамасын ежіктеп оқып, тұсаулы аттай қарадай сүрінді. Жаңа жобалар жоққа тән. Өзге әкімдерді қамшылап отырған аймақ басшысы мынадай жүгенсіздікке қатты кетті. Қазақтың атақты классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің ауылын масқара қылып отырсың. Жауапсызсың деп сөкті. «Қосаман» ауылының әкімі Ермек Сәдуақасовтың атқарып жатқан ісінен үлгі ал деді.

Аймақ басшысы, қысқасы, кәсіп­керлікті қолдаудың науқандық шаруа емес екенін аңғартты. Енді осындай есеп­ті мәжілістер облыстағы барлық аудан, қалаларда өтеді. Тамыздың аяғы, қыркүйектің басында облыс әкімдігінде барлық сала басшыларының қатысуымен жасалған жұмыстардың есебі тыңдалмақ екен. Ел бай-қуатты болу үшін кәсіпкерлікті қолдап, адам­дарға пайдалы жұмыс та­уып беруіміз керек. Басқа жол жоқ. Әкім қорытынды сөзін осылай тұжырды. Енді жағаға шы­ғып қалмас үшін әкімдерге де қам­шы басатындай күн туғаны анық. Ал Елбасы мемлекеттік көмектің түрін кө­бей­тіп отыр. Тәуекелдің қайығына мін­гендердің алды мыңды айдаған бай­ларға айналды. Соңы да несібесіз емес.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы