Қазақстан • 20 Маусым, 2018

Үміт жібін жалғайтын мамандық

436 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дәрігер мамандығының қыр-сырын біліп, анық сол жолды таңдау үшін  үлкен жүрек керек. Әр дәрігер адам өмірінің арашасы екендігін білуі әрі түйсінуі тиіс. 

Үміт жібін жалғайтын мамандық

Осы іспетті ауыртпалық жүгін қорық­пай арқалаған Қостанай облысындағы Руд­ный қалалық ауруханасының кардиология бөлімшесінің дәрігері Зинат Кенішбекқызы 23 жылдан бері науқастар жанына араша болып келе жатқан тәжірибелі маман.

Зи­нат Кенішбекқызының ай­туынша, ең алдымен ақ же­леңді жандар ақжүрек болуы қажет.  

«Дәрігердің жұмысы нау­­қастың жанын қинаған азапты жеңуден тұрады. Яғни алдында қандай қиын іс күтіп тұрса да, бәріне бірдей төтеп беруге дайын болуы дәрі­гердің қайсарлығы мен күрескерлігінің айнасы», дейді кардиолог-дәрігер. 

Әлбетте қаншама адам­ның жанын сақтап қал­ған мейірімді жан бар­лық құрметке ие. Бас ауы­рып, балтыр сыздап келген мыңдаған адам­дардың көңіліне демеу, жанына сүйеніш бола білген дәрігердің бір ауыз жылы сөзі ауы­рып жатқан адамға дәріден де артық әсер етеді. 

– Жұмыс барысында түрлі жағ­даймен бетпе-бет келуге тура келеді. Сол себепті сабырлы шешім қабылдай білудің маңызы зор. Ең қиын әрі жүре­гіме тигені екі бірдей жанның өмірін арашалап қалуға жанталасқан оқиға дер едім. Жүрек ақауы бар жүкті әйелдің біз­дің ауруханаға келгені әлі есімде. Дәрігерлердің айтқан сөзіне құлақ аспай өз бетінше әрекет жасаған жас ананың өмірі қыл үстінде тұрғанын ол білмеген еді. Жүре­гінің әлсіз екендігіне қара­мастан құрсағындағы нәрес­теге жаңа өмір сыйлау жан­кештілік қой. Алайда мұның бір ғана жолы болды. Не ананың өмірін арашалау, не нәрестеге жаңа өмір сыйлау. Бұл – өте қиын шешім. Мұндай медициналық операцияны жүзеге асыруға біздің аурухана қауқарсыз еді. Сол себепті де ананы тез арада облыстық ауруханаға жеткізу керек болды. Жол үстінде жүкті әйелдің қан қысымы кенеттен төмендеп кетіп, жүрегі бір мезетте тоқтап қалады. Бар жіге­рімді жинап, сол арада ал­ғашқы көмек көрсе­туге асықтым. Дефибрилятордың көме­гімен сөнген жүректі қай­та өмірге әкел­дім. Бірақ бұл уақытша ғана болды. Ауруханаға жеткенше ананың өмірін арашалап қалу мүмкін емес еді. Сол себепті құрсақтағы нәрестеге жаңа өмір сыйлаған дәрігердің қандай ауырт­палықпен бетпе-бет келгеніне көзіміз жетіп отыр, – дейді Зинат Ке­нішбекқызы. 

Лаура ЕШНАЗАРОВА,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 

І курс студенті