Тарих • 20 Маусым, 2018

Мырза Хайдар Дулати тағылымы

2633 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

«Тарих-и-Рашидиді» оқи отырып ойға түйгендерім

Мырза Хайдар Дулати тағылымы

Мырза Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» атты жауһар ең­бегі туралы бұған дейін де бір­неше мақала жазып, конференция­ларда баяндамалар жасаған болсам да, оны қайта парақтап зерделей оқуыма себеп болған Елбасының «Бо­ла­шаққа бағдар: рухани жаң­ғы­ру» атты бағдарламалық ең­бе­гін­де көтерілген көкейкесті ой-пі­кір­лер еді.

Тарихи сана дегеніміз ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткен тарихи әдебиеттер арқылы ұрпақтан-ұр­паққа бағдаршам болып алды-ар­ты­мызды жарқыратып тұратын мәң­гілік құбылыс. Тарих тек тарих үшін жазылмайды. Оның түпкі әрі бел­сенді қызметі ұрпақтың тарихи са­насын қалыптастыруға ықпал етіп, болашаққа бағдар сілтеу болса ке­рек. Ендеше, «Тарих-и-Рашиди» – мән-мағынасы мәңгі өлмейтін, бү­гінгі жас тәуелсіз мемлекетіміздің көсегесін қайтсек көгертеміз деп тол­ғанатын барлық қазақтар үшін тағы­лымдық-тәрбиелік маңызы ора­сан зор жәдігерлердің бірі. Руха­ни жаңғырудың тарихи қайнар кө­зін осы асыл мұрадан тапқандай бол­дым. 

Мырза Хайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» атты еңбегінде жа­зы­луынша, «1514 жылы ережеп (раджип) айында Сұлтан Саид хан Қаш­қарда таққа отырған». Ол өзін Моғол­станның ұлы ханы деп жариялады, астанасы Қашқар қаласы болды. Көп өтпей астанасын Жаркент қаласына ауыстырды. Осыған орай бұл хандық «Жаркент хандығы» деп те, «Саидия хандығы» деп те аталатын болған.

Сұлтан Саид хан шағатайлық Моғолстан ханы Тұғлық Темірдің 8-ұрпағы еді. Саид хан Қашқар­дың билігін М.Х.Дулатидің немере аға­сы Әбубәкір сұлтаннан тартып алған болатын.

Жаркент хандығының алғашқы кезіндегі аумағы «Тарих-и-Рашиди-де» Шығыста Қытай (Қытайды билеген Чың, Миң династиясы) шекарасынан, Оңтүстігі Қотанға дейінгі ұлан даланы қамтитындығы, ал хан­дық дәуірлеген тұста Тәңірі тауы­ның түстігі мен терістігінен асып, Ыстықкөлді Балқаш көлінің оң­түс­тігінен Ферғана ойпаты мен Бадахшана және Уаханды көк­тей өтіп, Тибет пен Кашмирге дей­ін-

гі кең-байтақ өңірге билік жүр­гізгендігі белгілі. «Жаркент хан­дығы» дәуірлеген заман Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған Қа­зақ хандығының да барынша күшейіп, Орталық Азиядағы әс­ке­ри-саяси, экономикалық және мә­де­ни оқиғаларға тікелей ықпал етіп отыр­ғаны «Тарих-и-Рашидиде» ұдайы сөз болып отырады.

Тарихтан белгілі болғандай, «Жаркент хандығы» құрылудың алды-артындағы Орталық Азия­дағы Шайбан мен Шағатай сұл­тан­дарының арасындағы тақ таласы қоздырған қанды қырғын тұтастай 3 ғасырға созылып, қалалар қаңырап, далалар аңырап, халық барынша күйзелді.

Моғолстан аумағының терістігі мен батысында күшейе бастаған Қазақ хандығы мен оның шығыс-оң­түстігінде бой көтерген «Жаркент хандығының» тарих сахнасына шығуы Орталық Азияны жайлаған осын­­дай күйзелісті жағдайды тоқ­та­туға тікелей әсер етті. 

164 жылға созылған (1514-1678 жылы) Жаркент хандығы тұсын­да жағдай түбірінен өзгерді. Ең ма­ң­ыздысы, хандық аумағында ты­ныштық орнады, шаруашылық жол­ға қойылып, халық тұрмысы жақ­сарды. Оқу-ағарту, мәдениет қар­қындап өсті, дамыды. Осындай игі­лікті істердің басы-қасында өз за­ма­нының аса білімдар, көреген әрі иманды көсемі, әкелі-балалы Сұл­тан Саид хан мен Әбдрашид хан­дар болғанын, сол бір игілікті бас­таманы жүзеге асыруға өзі де ба­рынша ат салысқанын Мырза Хай­дар Дулати тебірене жазған бо­латын.

М.Х.Дулати тарихи оқиға­лар­ды, тарихи тұлғалардың бет-бей­несін қалай ашып, қалай бер­ген­дігі жөнінде былай дейді: «...Біз­дің шежірешілердің салты – ұрпақ­тар­дың шежіресін қалай болса дәл сол қалпында баяндап беру ке­рек. Өйткені біз патшалардың тек жақсы әдеттерін ғана жазып, жөн­сіз қылықтарын бүгіп қалмай, әлем жұрты туралы тарих сақталып қа­лу үшін, барлық оқиғаны түгел баян­дап қалдыруға тиіспіз. Кейінгі ұр­пақ өз ата-бабасын әріден (қайдан таралатынын) біліп қана коймай, сонымен қатар жақсы мінез бен ұнамсыз қылықтың қандай пайда-зиян әкелерін бағамдап отыратын болуы керек. Бәлкім, бұл насихатты қабылдап, ізгі істерге кірісер, әрі кей­ін өзін құран оқып, еске алуы үшін тентек қылықтардан бойын ау­лақ ұстар».

Мырза Хайдар Дулати тарих жа­зу­да өзі ұстанған осы қағидаға ба­рынша адал болды. Өзінің немере ағасы болса да, зұлымдығымен аты шыққан Сұлтан Әбубәкір (48 жыл Қашқарды билеген) қатарлы қа­тыгез хандарды аяусыз әш­ке­релеп отырады. Басқаларға қыл­ған жа­мандық өзін таппай қой­май­ты­нын сан тағдырлармен дә­лел­дейді.

М.Х. Дулати патшалар жөнінде бы­лай ой толғайды:

«Шын мәнінде опасыз дүние бай­лыққа сүйенбеген патша нағыз пат­ша, өйткені опасыз дүние өт­пелі, тұрақсыз. Байлық дегеніміз – әді­лет­тілік пен игіліктің салтанат құ­руы, әрі имандылық бақыты – жұ­мақ бағына осы әлемнен жетеді».

«Жаркент хандығын» құрып, оны гүлдендірген Сұлтан Саид хан мен оның тақ мұрагері Рашид Сұл­тан (1533-1569 ж.) жөнінде сөз болғанда тарихшы Мыр­за Хай­дар ерекше құрмет, ма­дақ-ма­рапаттармен аспандата әс­пет­тейді.

«Тарих-и-Рашидидің» 68-тарауында: «Сұлтан Саид хан қадірлі, бақытты және қуатты патша еді. Әртүрлі қасиет дарыған, мақтан етерлік мінез-құлық бойына біткен. ...Әңгімесі өте айшықты, түрікше де, парсыша да сөзге шешен болатын. ...Оның жомарттығында шек жоқ еді. Мен 24 жыл оның қызметінде болдым. Ол ержүректігімен де өз қатарластары арасында ерек­ше­ленетін. ...Мен өз басым Моғол ұлы­сында да, өзбектер мен шаға­тай­лар­дан да, сол сияқты құралайды көз­ге ататын мерген жанды көрген емес­пін. ...Мен мұндай жаратылысы мәрт жанды сирек кездестірдім. ...Ал білімдарлығына келгенде мен оған тең келер кісі көрмедім. ... Пар­сыша, түрікше, арабша өте сауатты, дұрыс, мінсіз жазатын.

Түркі тілінде мінсіз, әдемі инша-шығарма жазғанда оған бас­қа­­лар­дың теңесуі мүмкін емес еді. Өлең шы­ғарғанда оның күш-қуаты мен да­рынына тең келер адам өте си­рек кез­десетін», деп ағынан ақтарыла сыр ашады.

Біз көркем әдебиетті 70 жыл бойы Қазан төңкерісінің тетігі мен те­­гер­­шігіне байлап берген социали­зм догмасы бойынша бағалап кел­дік.

Мырза Хайдар Дулати тамсана ұлықтаған Саид хан, Рашид хандар деңгейіне жеткен сегіз қырлы, бір сырлы ұлы патшалар әлем тарихында өте сирек кездесетінін бүгінгі ұрпақ енді біле бастады. Тарихшы мен сыншылар, әдетте, өз замандастары жөнінде онша әділ бола бермейтіні белгілі. Ал М.Х.Дулати керісінше, оның Сұл­тан Саид ханның бойындағы ерекше қасиеттерін санап тауыса алмай қи­нал­ғандай болады. 

Осындай ерекше қабілет пен кісі­лік нұрына бөленген Саид хан «Жаркент хандығын» аз ғана жыл­дар ішінде өркендеудің ше­гіне жеткізе алды. Хандық аума­ғында диханшылық пен мал шаруа­шы­лығы барынша дамыды. Қалалар көркейтіліп, жолдар, көпірлер, бе­кіністер қайта жасалып, бау-бақ­шалы салтанат сарайлары бой кө­тер­ді. Мектеп-медреселер көптеп ашыл­ды. Олар негізінен мемлекет пен уәхіпәлердің қаражатына сүйе­нді.

Саид хан өзі оқымысты, жан-жақты жетілген өнер иесі бол­ған­­дықтан, Жаркент хандығы аума­ғын­да тұратын әйгілі ақын-жазу­шы­ларды, өнерпаз музыканттарды, хаттаттар мен сәулетшілерді хан ордасына алдырып, олардың шы­ғар­машылықпен еркін, алаңсыз ай­на­лысуына барлық жағдайды жа­сап береді. Сондықтан ол заман­да хандық шегінен шалғайда жат­қан Бұхара, Самарқанд, Каш­мир, Үндістан қалаларынан оқымыс­ты­лар мен өнерпаздар және білім, өнер жолын қуған жас таланттар Қаш­қар мен Жаркентке ағылып жата­тын болған. 

Орталық Азияға даңқы кеткен Қашқардағы «Хандық медресе» мен Жаркент қаласындағы «Хандық медресе» және сондағы «Диуанхана» (мем­лекеттік кітапхана) дәл осы Жар­кент хандығы тұсында бой кө­тер­ген білім, ғылым ордалары еді. Бұл білім ордаларында өз за­ма­нының әйгілі ғұламалары Қы­ды­р­­хан Яркенди қатарлы ғалым­дар сабақ беретін. Олар араб тілі, парсы тілі, ұрду тілі, есеп, тарих, әдебиет, мәдениет, медицина, астро­номия, ауыл шаруашылығы сала­сы білімдерін кеңінен оқытып, ма­мандар дайындайтын.

Дін ғұламалары Ислам негіз­дері мен Құран кәрім, хадис, шә­ріп­терден жан-жақты хабардар Ислам фи­лософтары мен білгір теологтар­ды тәрбиелеп шығарды. Саид хан­ның мұрагер баласы Рашид хан тұ­сында бұл үрдістер барынша көр­кейіп, кемелдене түсті.

М.Х.Дулати ол жөнінде былай деп жазды: «Бүгінде, 453 (1546-1547 ж.) жылы, мәртебелі Саид ханның орнына хан тағына мұра­гері Әбдірашид хан отырып, билік етуде. Бұл «тарихты» мен, Мұ­хам­мед Хайдар пақыр, оған ар­нап мұ­хабасында қадірлі есімін әспет­теп жаздым». 

Әбдірашид ханның сөзге ергіш­ті­гінен мемлекеттің талай көрнекті тұлғалары зардап шеккенін, өзінің де Кабул мен Кашмирге кетуіне себепші болғанын өкіне еске алса да, Мырза Хайдар тарихи шындық алдында адал, әділ, шыншыл, иманды қайраткер ретінде өзін көрсете біледі. Ол бұл туралы былай дейді:

«Хан істерді талдап шешуде, кісі таңдауда осалдық көрсеткенімен, денсаулығы мықты, сөз орайын тауып сөйлеуден қатарларынан алда бо­латын.

...Оның мәрт қолдары алуан түр­лі саз аспаптарын шебер жан­дан­­дырып орындайтыны сон­ша­лық, оның жанында Шолпан Ечангі әуендері солғынданып (Шолпан – бақыт жұлдызы, автор оны ән­ші-сазгер деп алған, ауд.) һәм саз бағында сайраған бұлбұлдар әуе­ні көмескі тартып қалатын. Шара­пат­ты шабыты қарасөздің өзін жа­құт жыр­ға айналдыратын. Оның қабі­лет дарыны нәзік те талғампаз сипат байқататын». 

Әр ел тарихшылары «Қашқар хандығы», «Жаркент хандығы», «Саидия хандығы», «Саидия Моғол мем­лекеті» деп атаған елдің мем­ле­кет­тік құрылымы мен саяси, мәдени ахуалы және халқының этникалық құ­рамы жөнінде бір-біріне мүлдем ке­реғар пайымдаулар мен топшылаулар айтып келеді. Әсіресе шығыстүркістандық тарихшы, әде­биетші ғалымдардың пікірлері тым оқшау әрі барынша оғаштау қа­лып­тасқанын байқаймыз. Енді сон­дай пікірлердің бір-екеуіне тоқ­тала кеткенді жөн көріп отырмыз.

Біріншісі – Мырза Хайдардың өзіне ататек ретінде қолданған Дулати – Доғлат атауы жөнінде Үрім­жіде 1993 жылы жарық көрген «Ұйғыр әдебиеті тарихының» II то­мын­да былай деп жазылған: Хиж­раның 615 жылы (1218 ж.) Шыңғыс хан Алтыншаһар районына ұйғырлардан Маңлай Сувие деген бір адамды уәли етті. Маңлай Сувиенің бір аяғы ақсақ (кемтар) бол­ғандықтан, Шыңғыс хан оны «Доғлат» дейтін. (Доғлат – моңғол тілінде «ақсақ» деген сөз – Ә.Р.). Осыған орай 1224 жылға дейін алты шаһарды билеген Маңлай Сувие әулеті тарихта Доғлат әулеті (династиясы) деп аталады. Демек, Доғлат әулетінің 1-билеушісі – Маңлай Сувие. Маңлай Сувие Доғлат болады. Ол адам ұйғыр болып Шыңғыс ханның жақын адамы еді».

Бұл жазбалар тарихи шындыққа сай келмейтінін басқа емес «Та­рих-и-Рашидидің» авторы М.Х.Дула­ти­дің өзі былайша жоққа шығарған бо­латын.

Шыңғыс хан төрт баласына үлес бергенде: «Моғолстанды то­лық, қара қытайды, Түркістан мен Мәуренахрды Шағатай хан­ға берді... Сол бөлінген үлесте Дулат­тар­дың үлесі Шағатай ханға тиді. Шағатай хан Дулаттарға Маңлай Сүбені тапсырды. «Маңлай Сүбе» – «Күнгей жақ» деген мағынаны біл­діреді». Маңлай Сүбе бір жағы Шаш­пен, екінші жағы Шалыш, Ыстықкөл және бір тарапы Сары ұйғырлармен шекараласып жатыр. Осы төрт тараптың шегінде Қашқар мен Қотан орналасқан. Дулаттардың осы өлкесіне алғаш билік еткен Әмір Байдахан (Бай­до­ған) еді. Әмір Байдоханнан (бұл жер) ру­дан-руға, ғасырдан-ға­сырға, перзент­тен-перзентке мұ­ра­ға қалып, жоғарыда баян­далған Мырза Әбу Бәкірге өткен».

Тасқа басылған осы жазбаларға қар­сы қандай уәж айтуға болады? Осын­шама бұра тарту кімге, неге керек болды екен? Кезіндегі және бүгінгі таңдағы империялардың «бұ­ратаналарды бұратаналарға қар­сы айдап салу арқылы бөліп ал да билей бер» саясаты біздің түркі ха­лық­тарына әбден сіңіп кеткені өкі­нішті-ақ. 

Тарих ғылымында қалыптасқан осын­дай ұсақ, қисық, сондықтан да аса залалды пікір ағымы тәуел­сіз­дікке қолы әрең жеткен бүгінгі түбі бір туысқан делінетін түркі халықтары ғалымдары арасында да жиі бой көрсетіп келе жатқаны өкінішті-ақ.

2002 жылы Түркістан қаласында өткен «Бірінші халықаралық түр­кология конгресі» қабылдаған қау­лыда түркі халықтарын бір-бірі­не жақындастырып, ортақ та­рих жасауға шақырған салдар­лы ұсыныстардың кейбірін есте­рі­ңіз­ге салайық. Онда: «бір жүйеге кел­ті­ріл­ген ежелгі түркі халықтары та­ри­хы мен көне әдебиеті оқу бағ­дар­ламаларында көрініс тапсын. Ежелгі түркілердің тарихы мен әдебиеті бойынша тарих, философия, филология факультеттерінде ар­найы курстан дәріс берілсін. Орта ғасырлардағы ортақ әдебиет ту­ралы әртүрлі зерттеулерді орта­лықт­андыруға, зерттеу жемістерін бір­лесіп пайдалануға назар аударыл­сын».

Ғылыми конференциялар мен дабыралы конгрестер өткі­зу­дегі мақсат – туысқан түркі халық­та­ры­ның басын қайтсек қосамыз, ортақ ғы­лыми міндеттерімізді қалай жұ­мы­ла атқара аламыз деген ізгі ни­еттен бастау алса, басқосулар ара­сындағы сабақтастық пен дәстүр жал­ғастығы айқындалуы керек болмай ма? Әр жылдары өтіп жататын М.Х.Дулати оқулары арасында сондай дәстүрлі сабақтастық бар ма? Болса қайсылар? Келешек Дулати оқуларында қандай жаңалық болады деп күтеміз? М.Х.Дулатидей ор­тақ мақтанышымызды өз дең­гей-дәрежесінде танып білдік пе? М.Х.Дулатидің «Тарих-и-Ра­шиди» атты ұлы еңбегін зерттеп-зер­делеу арқылы жас тәуелсіз түркі рес­публикалары бүгінгі өмірімізге қан­дай тағылым-тәрбие ала алады? Орта ғасырда Еуро-Азия мен Үн­ді-Қытайды дүр сілкіндірген ұлы түркі қағанаттары қайда кетті? 

«Кеден кеден болды, кедергі неден болды» дейтін аталы сөзге бү­гінгі түркі тумалары байсалды анық­тама таба алса ғана «Дулати оқу­лары» өз мақсатына жеткен бо­лар еді. 

Ұлы ойшыл Мырза Хайдар тарих жазуда болсын, басқа істерде бол­сын ұстанар қағидасын былай тү­йін­дейді: «...Шындықтан шегіну қа­телік болмақ. [әңгімені баяндауда] артық нәрселерге ұстамдылық жа­сау, сонымен қатар [оқиғаны] жа­зуда үнсіз қалмау – шындықты ай­тудағы парыз».

Тарих тек тарих үшін емес, біз­дің бүгініміз бен ертеңіміз үшін қыз­мет еткенде ғана құнды әрі мән­ді болмақ.

Бір ғанибеті, «Тарих-и-Раши­диді» оқып-зерделеу, танымдық-та­ғы­лымдық үлгі-өнеге алу жо­лын­­­дағы «Дулати оқулары» текке кет­пегені, өз жемісін бере бас­та­ғаны еді.

Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Астанада шаңырақ көтерген Халық­ара­лық түркі академиясы қолға алған игі істер оған дәлел бола алады. «Түркі халықтары тарихы» оқу­лығының дүниеге келуі, ортақ «Түркі халықтары әдебиеті» атты оқу­лық пен хрестоматиясының жарық­қа шығуы, М.Х.Дулатидің қай­та басылған «Тарих-и-Рашиди­дің» көп таралыммен шығуы, Түркі акаде­миясы басшылығының жіге­рлі жастар қатарынан толығуы, т.б. игі істер қуантады.

Ұлы бабамыз бүгінгі ғылым жолына түскен ұрпақтарына былайша тіл қатып: «Сондықтан ғылымды күнкөрістің құралы ретінде пайдаланып, оны жоғары дәрежеге же­туге қолданатын ғалымдардан ау­лақ болу керек. ...Ал зікір салып, билейтін, қолына түскен кез кел­ген нәрсенің бәрін алып, тал­ғаусыз жейтін дәруіштерден сақ бол­ған жөн. Суннит сеніміне нұқ­сан келтіретін Мағрифат пен тау­хид­ті тыңдаудан қашық болған лә­зім. Ақиқатты тану нұрының пай­да болуы үшін Алланың елшісі Мұ­хам­­медтің [Алланың оған сәлемі бол­­сын] ұстанған жолымен жүру ке­рек».

Бұл үндеу сөзді барлық уа­қыт­­­тағы барша ғалымдар мен мү­мін­­дерге айтылған ғибрат деп қа­былдаған жөн болар.

Әлімғазы ДӘУЛЕТХАН,

тарих ғылымдарының кандидаты