Өнер • 20 Маусым, 2018

Мәдениет мамандарын кім дайындайды?

551 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев еліміздің болашағы жөнінде нақты міндеттерді алға қойып отыр. Солардың ең бастыларының бірі – Қазақстанды ең дамыған отыз елдің қатарына қосу. Мұндай биік белеске көтерілуге Қазақстанның толық мүмкіндігі бар. Бұл үшін еліміз әлеуметтік-экономикалық жетістіктермен қатар мәдени-рухани саладан да жоғары деңгейден көрінуге тиіс. Міне, осы тұрғыдан келгенде, бұл саладағы жақсы жаңалықтарымыз, негізінен, Астана, Алматы сияқты үлкен қалалардан бастау алып отыр. Ал ұлан-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінде бұл жөнінде біраз күрделі мәселелердің бар екендігі байқалады.  

Мәдениет мамандарын кім дайындайды?

Осыған орай мына мәсе­лені де ескерген жөн. Кез кел­ген елдің мәдениеті мен өнері орталықтағы үлкен қала­ларда жарқырап көрініп, жұрт­қа танымал болғанымен, ол жетістіктердің қайнар көзі, бастау бұлағы қарапайым халық­тың ортасынан, алыс-жа­қындағы өңірлерден шы­ғады. Бұл, әсіресе біздің қазақ халқына ерекше тән жағдай. Яғни біздегі мәдениет пен өнердің халыққа танылған белгілі тұлғалары түгелдей дерлік орталықтан шалғайдағы әртүрлі өңірлерден шыққан. Тіпті соңғы уақытта өнер жұл­дыздары ретінде бүкіл әлемге танылған Димаш Құдай­берген, Самал Есля­мова сияқты жастарды да осылардың қатарына жат­қы­зуға болады. Дер кезінде бағыт-бағдар беріп, қолдау көр­сетіп, қанаттандыра білсек, мұн­дай дарынды жастар еліміз­дің барлық өңірінен де табылады. 

Бүгінгі таңда мұндай жетіс­тіктерге жетуге бізде толық жол ашық. Ауылдық жерлерде де, үлкенді-кішілі қалаларда да жас ұрпақты кішкене күнінен өнердің түрлі саласына бейім­деп, тәрбиелейтін орта және арнаулы орта оқу орындары баршылық. Бұл саладағы жоғары білімді мамандарды Алматыдағы Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Астанадағы Өнер университеті дайын­дайды. Сондай-ақ біраз педа­гогикалық жоғары оқу орындарында мәдениет пен өнерге қатысты факультеттер жұмыс істейді. Дегенмен осы тұста ой­ландыратын бір мәселе бар. Жоғарыда айтылған оқу орындарының бәрі өнердің түрлі саласындағы кәсіби орын­­даушылар мен ұстаздар дайын­дайды. Ал мәдениетті дамыту тек мұнымен ғана шек­теліп қалмайды. Нақтылап айтқанда, көп мәселе басқару, ұйымдастыру жұмыстарына да тікелей байланысты. Яғни, бұл саланы өз ісін жетік бі­летін, арнайы білімі бар, іс­кер мамандар басқарса, мә­дениет пен өнер барынша қар­қынды, тез өркендейді. Со­ған орай өркениетті елдерде мә­дениет пен өнердің тізгінін осы саладан арнайы білімі бар, білікті мамандар ұстайды. Біздегі Мәдениет және спорт министрлігінің де мәдениет пен өнерге қа­тыс­ты ұйымдастыру мен бас­шылық жасау жұмыстарын осы саланың жоғары білімді мамандары жүзеге асырып отыр. Әйтсе де қазіргі заманда мәдениет пен өнерді дамыту бір министрліктің ауқымында ғана шектеліп қалмайтыны да белгілі. Бұл, әсіресе жер ауқымы ұшан-теңіз Қазақстан үшін айрықша маңызды. Яғни кең байтақ еліміздің әр қиырындағы атқарушы орындар өздеріндегі жаңадан қылтиып көрінген жас дарындарды бірден танып, дұрыс жолға салып, биікке көтерілуіне бағыт-бағдар беріп, шынайы қамқорлық жасауды жүйелі түрде жүзеге асырып отыруы керек. Бұл үшін облыстық, қалалық, аудандық әкімшіліктер мен олар­ға қарасты мәдениет бас­қармаларына мәдениет пен өнердің қыр-сырын же­тік бі­ле­тін, бұл саладан арнайы бі­лімі бар, қажетті іс-ша­ра­лар­ды дұрыс ұйымдастыра ала­тын білгір мамандар өте қажет.

Ал сонда осындай мәдениет мамандары жеткілікті ме? Міне, осы мәселені арнайы зерт­теп, сараптаудан өткізіп көр­сек, біраз олқылықтардың беті ашылар еді. Яғни облыс­тық, қалалық, аудандық мә­де­ниет басқармаларында қыз­мет істейтіндердің басым көп­шілігінің мәдениетке тіке­лей қатысы жоқ, өзге ма­ман­дық иелері екендігіне оп-оңай көз жеткізуге болады. Неге бұлай? Жалпы, біздегі мемлекеттік басқару жүйесінің әр саласында негізінен өз маман­дары қызмет етеді. Мысалы, білім беруде педагогтар, ден­саулық сақтауда дәрігер­лер жұмыс істейді. Сол сияқ­ты мәдениетке де осы сала­дағы мамандарды көптеп тартқанымыз тиімді емес пе?

Сөз реті келгенде бұл мә­се­­ленің тек мемлекет­тік қыз­метпен ғана шектел­мей­­­тінін де айта кеткен жөн. Мы­салы, еліміздегі көптеген кон­це­рт­тік ұйымдар мен театрлар­да бұрынғы әншілер мен актерлер директор болып жүр. Әрине, бұл дұрыс. Деген­мен сахнадағы әншілік пен актерліктен бірден ди­ректорлық лауазымға ауысу оңай ма? Бүгін заман өзгерді, біз қазір нарықтық кезеңге өттік, соған орай, өнер ұжымдарына басшылық ететін лауазымды қызметкердің жауапкершілігі бұрынғыдан әлдеқайда күр­де­ленді. Ендігі жерде олар тек өнерді ғана емес, есеп-қисапты да, еңбек туралы заң-ережелерді де, менеджментті де жақсы білуге тиіс. Мәдениет саласындағы мұндай бесаспап мамандарды қайдан табамыз? Оларды кім, қандай оқу орындары дайындайды? Жыл сайын жоғары оқу орындарына түрлі мамандықтар бойынша сан мыңдаған білім гранты бөлінеді. Солардың арасында мәдениет саласын басқаратын мамандар тәр­биелеу қарастырылған ба? Біздің білуімізше, бұл назар­дан тыс қалып келген сыңайлы. Болашақта осы мәселе ескерілсе дейміз және бұған қазір толық мүмкіндік бар. Өйткені соңғы уақытта елімізге қажетті жас мамандарды дайындауда көптеген оң өзгерістер қолға алынып, жақ­сы жаңалықтар жүзеге асуда. Солардың бірі – биылғы жылы жоғары оқу орындарына арналған білім грантының 20 мыңға көбеюі. Бұл қосымша гранттардың басым көпшілігі жоғары білімді мамандар же­тіспейтін техникалық және ауыл шаруашылығы саласы бо­йынша білім алатындарға бе­ріледі екен. Демек, алдағы уа­қытта техника мен ауыл шаруа­шылығына білімді де қабілетті жас мамандардың көп­­теп келіп, бұл саланың өсіп-өркендеуіне кең жол ашылады. 

Әйтсе де, мұндай жоғары білімді мамандардың жетіс­пеушілігі мәдениет саласында да бар екендігі естен шық­па­ғаны жөн. Міне, осы жағ­дай ескеріліп, алдағы уақытта жо­ғары оқу орындарында мәде­­ниет пен мемлекеттік бас­қа­ру мамандығын беретін арнайы курстар ашып, оған қо­сым­ша білім гранттарын бө­лу мә­се­лесі қарастырылса дей­міз. Әрине, мұны бірінші кезек­те Т.Жүргенов атындағы Өнер ака­демиясы мен Астана Өнер уни­верситетінде жүзеге асыр­ған тиімді.

Сондай-ақ, мәдениет пен өнерге қатысты оқу орын­дарының бағдарла­масына мә­дениет және мемлекеттік бас­қару жөнінде арнайы пән енгізудің де мүмкіндігін ойлас­тырған жөн. Яғни бұл оқу орындарын бітірген түлек­тер өздерінің кәсіби ма­мандықтарымен қатар мем­лекеттік қызметтен де хабардар болып шығуға тиіс. Бұл да өте маңызды. Өйткені өнер саласындағы оқу орындарын бітіргендердің бәрі бірдей шығармашылық жолға түсіп, өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп кетпейді. Олардың арасынан да түрлі себептермен басқа салаға ауысатындар кездеседі. Осындай жастарды мәдениеттегі ұйым­дастыру мен басшылық жұ­мыстарына тарту тиімді. Бірақ алдын ала дайындығы болмағаннан кейін олардың мұндай жұмысқа, әсіресе мемлекеттік қызметке орналасып, мәдениетті басқаруға араласуы қиын. 

Оның үстіне қазіргі кезде мемлекеттік қызметке орналасу үшін арнайы сынақ тапсырып, сертификат алу керек. Алдын ала дайындығы жоқ жас маманға мұндай сынақты тапсыру оңай емес. Ал жоғары оқу орындарында оқып жүріп мемлекеттік қызметтің шарт-талаптармен танысып, арнайы білім алса, ешкім де кейін мұн­дай кедергіге кездеспейді. Бұл жағдай да өнерге қатысты жоғары оқу орындарында мә­дениет пен мемлекеттік бас­қару жөнінде арнайы білім бе­ру қажеттілігін дәлелдей түседі.

Сөзімізді түйіндей келе айтарымыз, еліміздегі мәдениет саласындағы жұмыстарды ұйымдастырып, басшылық жа­сауға қажетті мамандар дайындау бүгінгі таңдағы еліміз­дегі ең маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Соған орай бұл мәселе алдағы уақытта бір жүйеге түсіп, нақты шешім табады деп ойлаймыз.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, 
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері