Қазақстан • 20 Маусым, 2018

Қазақ актері Қытайда жүлдегер атанды

525 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кино – шығарма, шығарма желісі сәтті өріле алса, өз алдына бір әлем, өмір. Қазіргі таңда отандық кино өндірісі дамып, қоржынды бірнеше жаңа кинолармен толтырды. Әрине, оларға айтылатын сын да, тағылатын мін де жоқ емес... 

Қазақ актері Қытайда жүлдегер атанды

Жуырда қазақ актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Төлеубек Аралбай Қытайда өткен кинофестивальде жүлдеге ие болды. Циндао қаласында маусым­ның 13-і мен 17-і аралығында өткен фестивальге Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер кинотуындылары қатысты. Қазақстандық актерлер еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Адигул продакшн» кинокомпаниясының қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген режиссер Т.Теменовтің «Біздің қаланың ханзадасы» фильмін апарған болатын. Бибол есімді қамкөңіл ұл – балалар үйінің алты жасар тәрбиеленушісі мен Қасымхан есімді музыкант қарияның кездейсоқ кездесуінен өрбитін киноның драмалық желісі одан әрі мүлдем бөтен екі кейіпкердің өзара етене жақын болып, бір-біріне әке мен баладай бауыр басып кетуіне ұласады. Адамгершілік қасиетті басты орынға қойып, осы ізгі қасиет арқылы бақытқа бөлену мүмкіндігін алға тартқан мелодрама Астанада және Ақмола облысының Бурабай ауылында түсіріліп, 2017 жылы 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күнінде тұсауы кесілді. Сол жылы қазан айынан бастап еліміздің кинотеатрлары­нан көрсетіліп, қыркүйек айында Ресейде өткен II халықаралық «Еуразиялық көпір» кино­фестивалінің негізгі бағдарламасы аясында көрсетілді. 

ҚХР мемлекеттік кинематография басқар­масы мен Шаньдун провинциясының әкімшілігі ұйым­дастырған ШЫҰ аясындағы кинофестивальде көрер­мендер назарына 60 картина ұсынылған болатын. «Біздің қаланың ханзадасы» фильмінде басты рөлдерді Әнуар Төлеуғажы мен бұрын «Жаужүрек мың бала», «Жоюшы», «Тығырықтан жол тапқан» фильм­дерінде ойна­ған Төлеубек Аралбай сомдады және фильмге Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музы­калық драма театрының актерлері қатысты. Өз рөлін шебер, тартымды сомдаған Төлеубек Арал­бай кино­фестивальде «Үздік ер адам» рөлі жүлдесін жеңіп алды. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы