Қазақстан • 20 Маусым, 2018

Архивтер қызметі ақылы болады

842 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда Парламент Мәжілісі­нің жалпы отырысында «Архив ісі» туралы заң жобасы талқыланды. Мемлекет басшысының «Қазақ­ста­н-­ның үшінші жаң­ғыруы: жаһандық бәсекеге қабі­леттілік» атты Қазақ­стан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында әзірленген «Қазақ­стан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заң жобасы архив саласының заңнамалық базасын жетілдіруге, архив ісінің жекелеген бағыттарының тиімділігін арттыруға, қызметін кеңейтуге бағытталған.

Архивтер қызметі ақылы болады

Аталған заңда ұғым­дық аппарат кеңейтілді, мем­лекеттік архивтер ақылы негізде көрсететін қызметтер тізбесі нақты көрсетілген. Ақылы қызметтердің қатарына атап айтар болсақ, тақырыптық, генеалогиялық сұраулар, архив құжаттарының депозитарлық сақталуы және де тағы басқа көптеген қызмет түрлері жатады. Ақылы қызметтен түскен қаражат архивтердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға әрі осы салада қыз­мет атқарып келе жатқан ма­ман­­дардың жалақысын көтеруге жұмсалады. Бұл өз кезегінде осы салаға қызығушылығы бар мамандарды ынталандырады әрі олардың жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасайды. 

Мәжілістің жалпы отырысында заң жобасын бірінші оқы­лымда мақұлдаған депутаттар да сала мамандарының жала­қысын арттыру мәселесін көтер­ген болатын. Әлеуметтік сала қызметкерлері арасында ең төменгі жалақы алатын – архив саласының қызметкерлері екенін айта кетейік. Бірақ жалақы аз деп сала мамандары ешқашан қол қусырып отырған жоқ. Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архивінде қазіргі таңда 27 маман қызмет атқарады. Оның 20-сы жоғары білімді, білікті мамандар. Олар кино тарихын, ән өнерін, мәдениет пен салт-дәстүрлерді зерттеу үшін қазақстандықтарға құнды құжат­тардың қолжетімді болуына жағдай жасап келеді. Архивіміздің қорында қазіргі уақытта жалпы саны 300 мыңға жуық үлкен ма­ңызға ие кинофотоқұжат пен дыбыс жазбалары сақталған. Жыл сайын архив мамандарының қарауына 3 мыңнан астам құжат келіп түседі. Ақылы қызметтен түсетін қаржының тағы бір бөлігі осы фото-фоноқұжаттарды заманауи техникалық жабдықталған жағдайда аударуға жұмсалатын болады. Яғни көгерген, бүлінген зақымданулармен күресуге, материалдардың техникалық жай-күйін үнемі бақылауға бағыт­талады. Сонымен қатар уль­традыбыстық тәсілмен кино­құ­жаттарды тазалайтын, оларды сканермен көшіретін, электронды құжаттарды қуатты серверлерге сақтайтын, архив қорындағы киноқұжаттардың көшірмелерін қажетті үлгіде дайындайтын, қо­сымша жаңа жабдықтар алу­ға да мүмкіндік туады. Қазіргі уақытта архив қорының 70% фо­но­құжаттары қайта қалпына кел­ті­ріліп, сақталып, заманауи та­сығыштарға ауыстырылды. Қол­жетімділікті арттыру мақса­тын­да сандық жүйеге көшу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. 

Жыл сайын 5 мыңға жуық кино­фотоқұжат пен дыбыс жазбасы цифрлы форматқа көшіріледі. Бұл өте үлкен, ауқымды жұмыс. Біз қолымыздағы барлық тарихи жәдігерлерді Қазақстанымыздың болашағы өскелең ұрпақтың назарына ұсынып, санасына сіңдіру арқылы оларды отансүйгіштікке, өзінің тарихына құрметпен қарау­ға тәрбиелей аламыз. Алдағы уа­қытта ұлттық құндылықтар қазы­насын сандық технологиялар же­тістіктерін пайдалана отырып, оларды ғасырдан-ғасырға, ұрпақ­тан-ұрпаққа жеткізу жолында қарқынды жұмыс жасай береміз. 

Тасқын Тойбаев,

«Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалар архиві» РММ директоры