Қазақстан • 20 Маусым, 2018

Астанада робот техникасы бойынша ұлттық біріншілік басталды

654 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы халықаралық мектепте World Robot Olympiad атауымен робот техникасы бойынша ұлттық біріншілік басталды. Биыл бұл бәйгеге еліміздің әр түкпірінен келген 250-ден астам оқушы қатысуда. Олар төрт санат бойынша, атап айтқанда «Негізгі», «Шығармашылық», «Робот футболы» және «Smart City» санаттары бойынша бақ сынайды.

Астанада робот техникасы бойынша ұлттық біріншілік басталды

Жарыстың ашылу салтанатында Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі және орта білім беру департаментінің директоры Шолпан Каринова мен «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша ақпараттық технологияларды дамытудың негізі мектепте қаланатынын атап өтіп, робот техникасы саласында республикада көзге түсіп жүрген оқушыларға сәттілік тіледі.

Биыл жарысқа 7-8 жастағы бүлдіршіндер де қатысып жатыр. Мәселен, Павлодар қаласындағы №25 орта мектептің 1 сыныбын үздік тәмамдаған Зарина Тұрғанбекова, Қонақбай Асаин, Алдияр Айтекеновтерді еліміздегі ең жас инженер-робототехниктер деуге болады.

Халықаралық мектептің үш залына орналасқан оқушылардың робот техникасы бойынша жұмыстары өте мазмұнды. Айталық, Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушылары Назым Жазылбекова мен Айғаным Сағидоллинаның жобасы тағам өнеркәсібін дамыту және жасылдандыру саясатын іске асыру үшін ғимараттардың сыртқы қабырғасын тиімді пайдалануды көздейді. «Бұл жобаның көмегімен жасылдандыру саясатын жүзеге асыра аламыз. Қазіргі таңда гендік модификацияға ұшыраған өнімнің саны артуда. Сондай-ақ үлкен қалалардың экологиясы бұзылды. Сондықтан ғимараттардың қолданыссыз тұрған сыртқы қабатын өсімдік өсіретін орын ретінде тиімді қолдануға болады. Яғни қабырғаға текшеленген ұяшықтар орнатып, оның ішіне гүл өсіретін қыш құмыраны қою арқылы оған жеміс-жидек егуге болады. Арнайы робот рельстермен жүру арқылы әр ұяшыққа барып, жеміс-жидекті қарап, күтіп, жинауға мүмкіндік бар», дейді Назым.

Оқушылардың зерттеуінше, егер құлпынай ексе, бұл өсімдік күніне 12 сағат жарық пен аптасына 2 рет 15-20 литр суды қажет етеді. Есептеулер арқылы 9 қабатты үйдегі 14400 құлпынай түбі күніне 1 кило көмірқышқыл газын жұта алатыны анықталды. Осы арқылы қаланың экологиясы жақсарады. Сондай-ақ 14400 түп құлпынайдан 5 күнде орта есеппен 2,5 млн теңге пайда табуға болады. Оқушылардың ойлап тапқан жобасы қазіргі таңда өте өзекті. Өйткені осы іспетті оңтайлы жобалар іке асар болса, бұл экологияға, экономикаға және тағам өнеркәсібіне айтарлықтай өзгерістер әкеледі. Аталған жоба аясында пайдалы таза өнім алуға болады. Сонымен бірге «Бизнес-2020» стратегиясына сай шағын және орта бизнесті дамытуға көмектеседі. Жұмыстардың 90 пайызын робот орындайтындықтан «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы міндеттерін де орындауға септеседі.

Міне, робот техникасы бойынша чемпионатқа қатысып жатқан оқушылардың әрқайсысының жобасы осы сияқты әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан маңызы бар, жаңа технологиялардың көмегімен жүзеге асыруға болатын озық ойларды ортаға салуда. 20-21 маусым аралығында өтетін біріншіліктің жеңімпазы қараша айында Тайландта өтетін WRO-2018 халықаралық олимпиадасына жолдама алып, Қазақстанның намысын қорғайтын болады.

Думан АНАШ,

«Егемен Қазақстан»